Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әкем, бауырларым және мен

Әкем, бауырларым және мен

Қандай бір ортаның, ол мейлі үлкен, мейлі кіші болсын, қаймағын ұйытатын, сол елдің татулығы мен бірлігін, ырысы мен берекесін тасытып отыратын қадірлі кісілер болады. Ондай жандар көп ортасында өзін менмұндалап көрсетпейді. Ондай жандар серігін сабыр, туысқанын төзім ғып көп игі іс тындырады, аз сөйлейді, бірақ пайымды, байыпты ой айтады. Ондай жандар бар жан-тәнімен, ыстық ықыласымен елі үшін егіледі, халқы үшін қамығады. Өмірге деген құштарлықты, адами асыл қасиеттерді бойына жинайды.
Сондай жанның бірі – мен үшін болмысымен бағалы, бір әулеттің ғана емес, тұтас ағайын-туғанның, дос-жаранның, аға-інінің, шәкірттерінің үлгісі болған ұстаз, менің әкем Әбжан Сәңкібайұлы. Ол – күрделі де қарапайым, ғибратты да бейнетті ғұмыр иесі. «Ұлық болсаң, кішік болдың» ғажайып үлгісін, кісілік пен кішіліктің адам қызығарлық ажарлы кейіп-келбетін танытады. Әкемнің бойына осынау адами ажар, кемел келбет кімнен, қалай дарыды, ол мен үшін әлі күнге жұмбақ? Туасы, тақуа тазалық, бекзат болмыс ана сүті, әке бейілінен келетін шығар деп топшылаймын.
Бір білетінім, әкемнің тағдыры күрделі болды. Бір кіндіктен 6 ұл тарап, Шарапат ағасы қан майданда хабарсыз кетсе, Сағымбай мен Бақи ағалары жігіт шағында сырқаттан қайтыс болған. Қос інісі Қапи мен Кенжетай үшеуі әке-шешенің пейілімен атар таңның, батар күннің қызығын көріп, бертінге дейін өмір сүрді. Жар сүйіп, ұл-қыз өсірді. Бүгінде үшеуі де келместің кемесіне мініп кетті. Ақиқаты сол, әкемде балалық шақ деген болмады. Еңбектеген кезінен еңбекпен егіз қозыдай жұптасты. Аты өшкір ашаршылық жылдары, яғни 1932 жылы дүние есігін ашқаннан ақ пен қызыл қайшыласқан кер заманның зарын, одан кейінгі сұм соғыстың зардабын тартты. Ұл ұрымға, қыз қырымға кеткен бір кесірлі кезеңді көзімен көрді. Соның бәрінен қағанағы қарық болмаса да, құрқылтайдың ұясындай ұйлығысып отырған Қаратүп, кейіннен Қарашалаң колхозын (Қызылжар, Кішітүбек, Тәуір, Қызылқайыр елді мекендері осы колхозға қарайтын. – авт.) қоныстанған шағын балықшы ауылдың адамдарын жақын маңдағы көлдің балығы аман алып қалды. Еңбекке ерте араласты дегенім де – сол. Одан қалды, әкем өз ата-анасы бола тұра, апа-жездесінің қолында (әкесінің қарындасы бала көтермей, менің әкемді бауырына басады. – авт.) тәрбиеленіп, сағыныштың сарытап шоғы көкірегін қыздырғанын бертін келе айтып отыратын. Түрлі жағдайдан соң, ай алмасып, жыл жылжығаннан кейін әкем өз әке-шешесінің қолына келіп, өмір-өзен өз арнасымен жылжып жатты. Көп қиындық көргенімен, әкемнің білімдарлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті, еңбекқорлығы үшін ғана емес, бауырмалдығы мен қоғамшылдығы үшін де ағайын-бауыр, айналасы құрмет тұтатын. Сол кездің заман ыңғайына қарай ауылда маман жетіспеуі салдарынан әкемді мектеп бітіруі бойына Бөген ауылындағы орта мектепте мұғалімдікке қалдырыпты. Бұл 1951 жыл болатын. Келесі жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, сол жылы азаматтық борышын өтеуге армия қатарына алынады. Екі жылдан кейін әскерден оралып, жұмыстан қол үзбей жүріп оқуын жалғастырып, 1959 жылы аталған институтты математика мамандығы бойынша бітірген. Ал1954 жылдан бастап теңіз қолтығындағы бірнеше ауыл мектебінде шәкірттерге сабақ беріп, ұстаздық қолтаңбасын қалдырған. Сульфат, Қаратерең, Көне Бөген, Бөген мектептеріндегі еңбек жолы 1962 жылдан Қарашалаң елді мекеніндегі №75 орталау мектебінде жалғасты. 1992 жылы зейнет жасына жеткенше 30 жыл табан аудармай сол білім ошағында талай шәкіртті түлетіп, өмірге жолдама берді. Айналасына дос-жаран жинады, әріптестерімен әңгімесі жарасты, ағайынымен етене араласты, балаларымен досындай сырласты. Бала болсам да есімде, мектептегі Өтеген Қарлыбаев, Сағидан Әбсахиев, Ақбайнаш Сейталиев, Сұлтанғали Серікбаев, Тағыберген Алмағанбетов, Зейнет Жұмахметов ағайлар біздің үйдің төрінде жиі болатын, талай таңды атырғанын да көзім көрді. Анам бір қабақ шытпайтын, қонақ келсе дастарқаны жаюлы тұратын. Қапи інісі мен Дариха келінімен бір шаңырақ астында тұрып, бертінге дейін енші алыспағаны да бауырмалдықтың жарқын үлгісі деп пайымдаймын. Одан қалды, әкем ауылдағы жиен інілері Жеткерген, Егізбай және Жаңылған, Бағымкүл келіндерін өз бауырларынан кем көрмеді, олар үнемі ақыл сұрайтын, біздің үйдің бар шаруасында солар жүретін. Бұл да болса, әкемнің адами болмысын биіктетсе керек.
Қайсыбірін айта берейік, әкемнің жұмыстан қолы қалт еткенде, ауыл маңындағы көлдерге ау салып, балық аулау кәсібіне айналған еді. Бір қызығы, олжасын көбіне көршілерімен бөлісетін, «кең болсаң, кем болмайсың» дегенді жиі айтатын. Қолының ісмерлігі де бар-ды, ағаштан түйін түйетін, ерінбейтін еді. Қорада төрт түліктен бөлек, қоян мен құс та асырап, жан-жақтылық танытатын, тыным тауып отырған күні сирек болатын. Әзілқойлығы, бірқақпайлығы, тіпті табанасты бір шумақ өлең шығарып, айналасындағы адамдарға көңіл күй сыйлайтыны бар еді. Кейбір қызықтарын осы күні де көзкөргендер еске түсіріп, мерейін тасытып отырады.
Анам Күнипа Сағындыққызында да балалық шақ деген болмаған, әке-шешесінен ерте айырылып, теперішті көп көріпті. Әкеммен бірге түтін түтетіп, ұл-қыз өсіріп, шаңырақтың шайқалмауын, ер-азаматты қадір тұтып, сыйластықта болуды, өнегелі өмір сүруді оқу оқымаса да, үй шаруасында отырып-ақ бір кісідей біліп өтті. Әкемде балаларына ұрысып-жеку деген болған жоқ, тек қасы мен қабағының арасында ұстайтын. Қарапайым, байсалды, ақылды, біртоға, шаруақор, тоқтамшыл мінезіне қанық болдық. Құйма құлаққа әкенің де, ананың да сөзі – алтын. Әкем көп нәрсені үндемей ұқтырса, анам сөзімен де, ісімен де мынау жарық дүниенің әрі жалған, әрі арман екенін күн сайын алдымызға салумен келді. Шешемнің «Өзгелерге өздігіңнен ұрынба – басынғаның болады. Болмашыға бола ренжіме – ашынғаның болады. Барыңды баршамен бөліс – кедейленіп қалмайсың. Уәде берсең орында, екі сөйлеген ер балаға лайық емес. Қыз етегін қымтап ұстайды, ретсіз далада жүрмейді. Епшіл болма, көпшіл бол. Кекшіл болма, кешірімшіл бол» деген сөзіне тәнті болдық. Үй тірлігінен бір сәт қол босағанда, анамның балаларына айтып отыратын өнегелі сөзі осыған саятын.
Бала ата-ананың аузына қарап өседі. Түздегі түмен елдің тіршілігі былай тұрғанда, үйдегі ауыс-түйіс әңгімеге бала, әдетте құлақ түргіш. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп үлкендер тектен-текке айта салмаған. Осындай ізгі қасиет пен өнегелі іс әке-шешенің бітім-болмысынан бойына дарыған біздер де бөтен болмадық. «Азамат болам десең, оқып, білім ал, ілім үйрен» деген әке пейілімен бауырларымның бәрі бір-бір мамандықтың иесі атанып, адал еңбегімен нәсібін тауып келеді.
Адам ұрпағымен мың жасайды. Дәл солай, ұл-қызың – өрісің, сол өрісің ұлғайып, бір қауым елге айналып, әке-шешенің жақсы атына кір келтірмей, ақадал азамат болып бұл өмірден лайықты орнын тапса, соның өзі – бір бақыт. Алла артық көрмесін, бір кіндіктен 4 ұл, 4 қыз тарадық. Сол сегіз ұл-қыз сегіз рулы ел болып отырған жайымыз бар. Әрине, оқырманның көкейінде осындай қадірлі әке, асыл ана ісін жалғастырып жүрген ұрпағы жөнінде көбірек мағлұмат алсам деген ой жетелеуі мүмкін. Бірден айта кететіні – әке-анадан тараған ұрпақтары да біреуден кем, біреуден ілгері, туған халқына адал еңбек етіп, қарапайым қағидамен азамат атануы.
Тұла бойы тұңғышы Рабиға 1955 жылы дүниеге келді. Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтын химия-биология мамандығы бойынша бітірді. Қазалы ауданында, туған жері Қарашалаң ауылында, кейін Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі мектептерде оқушыларға сабақ берді, талай шәкіртті өмір жолына бағыттады. Бүгінде зейнеткер, Тасбөгет кентінде тұрады. Әрі ұстаз, әрі үйдің үлкені болғандықтан, Рабиға апамыз іні-сіңлілеріне бас-көз болуымен қатар, ақылшымызға айналды. Қай істе де бауырлары ол кісісіз мәселе шешпейтін, қатаң тәртіпке бағындырып, тапсырылған істі тиянақты орындауға жасымыздан қалыптастырды.
1958 жылы туған Ранайкүлдің де мамандығы – мұғалім. Ол да Қызылорда қаласындағы пединститутты бітірді. Бөген ауылындағы балабақшада тәрбиеші болды, зейнет жасына жеткенше сондағы №20 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды. Жұбайы Оразбай Жайманұлы екеуі 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Қазір өздері сол ауылда тұрады.
Ұлдың үлкені Райхан – облысқа танымал дәрігер-хирург. 1960 жылы дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы медициналық училищені, Қарағанды медициналық институтын бітірген, Жамбыл облысында, Тасбөгет кентінде ауруханада жұмыс істеді, бүгінде Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. Бауырмал, ақжарқын, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп өскен ағамыз әке мен шешенің орнын жоқтатпай, отбасының ғана емес, әулетіміздің арқа сүйер тірегімізге айналды. Әйелі Әлима Қадірбайқызымен (ұстаз) бірге 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отыр.
Нұрлан 1963 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Мамандығы – гигиена, санитария, эпидемиология; құқықтану, мамандандыру экономика саласын құқықтық реттеу. Әр жылдары Сырдария ауданы, Қызылорда қалалық, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның дәрігері, директоры қызметтерін атқарды. Бүгінгі күні Қызылорда обаға қарсы күрес станциясының басшысы. Жары Бибігүл Егісқызы (ол да санитарлық дәрігер) екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, немеренің қызығына тоймай отыр.
Ерлен 1965 жылы дүниеге келген. Мамандығы – инженер-металлург, Теміртау қаласындағы «Завод ВТУЗ» институтын бітірген, Ауған соғысының ардагері. 30 жылдан бері сол қаладағы металлургиялық комбинатында еңбек етіп келеді, бүгінгі қызметі – мастер-механик. Жары Гүлнар Төлеубайқызымен бірге 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, немересін еміреніп отыр.
Раушан 1968 жылы туған, Қарағанды қаласындағы кооперативтік техникумын бітірген. Түрлі тамақтану орындарында еңбек етті, қазір Қызылорда қаласындағы №8 мектеп-интернатында тәрбиеші. Күйеуі Бейбітпен екеуі бір ұл, бір қыздан немере сүйіп, өсіп-өніп келеді.
Рахила 1970 жылы дүниеге келген, жеке кәсіпкер. Ол да Қарағанды қаласындағы кооперативтік техникумын бухгалтер мамандығы бойынша бітірген. Көп жыл Сырдария аудандық автокөлік паркінде есепші болды. Инженер-механик Асқар Қуатұлымен бірге 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, немерелерін әлдилеп отыр.
Осындай бауырларымен мақтанатын бұл пақырың 1973 жылы дүниеге келді. Үйдің кенжесімін, әкенің қарашаңырағын сақтап отырған жайым бар. Жасырмаймын, әке-шешем тым еркелетіп өсірді, 10 жасқа дейін әкемнің арқасынан түспедім. Мақтанғаным емес, бірақ «ақылды тентек» болып жетілдім. Қазіргі мамандығыма бала кезімнен әкем баулыды десем де болады. Әріп танығаннан сыртта оқып жүрген бауырларыма арнайы хат жаздырып, ауылдағы, үйдегі жаңалықтардың шып-шырғасын шығармай қағазға түсіртетін. Соның септігі тиді ме қайдам, Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алдым. 20 жылдан астам уақыттан бері журналистика саласында тер төгіп жүрмін, Сырдария аудандық газетінде, тәуелсіз басылымдарда тілші болдым, қазір республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келемін. Тасбөгет кентінде тұрамын. Жұбайым Айгүл Әбілжанқызымен (облыстық сараптама орталығында лаборант) бас құрап, 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырмыз.
Иә, «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген, асқар тауымнан айырылғалы да 25 жылдың, анамның бізден алыстағалы да 20 жылдың жүзі болып барады. Аман болғанда, биыл торқалы 90 жасын тойлап, мәре-сәре болып отырар едік. Алланың ісіне не шара? Бүгінде өзім де әкемін, бірақ әкемнің тұстастарын, аға-інілерін көргенде, олар «Әбекеңнің баласы» деп, әкем туралы бір ауыз лепес айтқанында, көмейіме өксік тығылып, аңсайтынымды жасыра алмаймын. Әкем берген тәрбие өміріме жол сілтер шамшырақ секілді, сол жарықты сөндіріп алмай өз ұрпағыма жол сілтеуге пайдаланып келе жатқанымды мақтан тұтамын.
Өз басым әкемнің, қарапайым еңбек адамының өмір соқпағына үңіле отырып, адамның жақсы, не жаман болуы өзіне бірден-бір байланысты екен, соны ұқтым. Өйткені, Жаратушының сүйікті құлы біреу ғана, ол – Адам. Азаматтың арманы бақыт болса, баланың бағбаны – ата-ана екен, соны байқадым. Ес жиған, етек жапқан әр ұл мен қыздың ендігі өрісі – жер, өресі – ел болмақ екен, соны сезіндім. Байлықтың да, бақыттың да атасы – еңбек екен. Әке-шеше тәрбиесінен өткен өспірімнің өніп-өспегі, өркен жаймағы бұдан былайғы жерде тынымсыз тындырымды тіршілігі мен қарекет-берекетіне қарап қалса керек, соны түйсіндім.
Нұржан  ӘБЖАНҰЛЫ,
Қызылорда  қаласы
01 қазан 2022 ж. 1 081 0