Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Қазан шегелеу» қандай дәстүр?

«Қазан шегелеу» қандай дәстүр?

Қазақ – ғасырлар бойы халық тұрмысымен біте қайнасқан салт-дәстүрімен дараланған ерекше ұлт. Біздің бабалардан мирас болып қалған ұлттық салт санамыз хатқа түспегенімен, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып беріліп заманмен бірге жаңарып жаңа сипат алса, кей тұстары сырттан енген кері әсерлерден көмескі тартқан. Түбінде ізгілік жатқан ол ғұрыптарды танудан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз хақ.
Қазір қарбаласқан тіршілікте адамдар арасындағы туыстық, достық, жақындық қатынас тек әлеуметтік желіден амандық сұрасумен, анда-санда себеппен бас қосатын жиын тойлармен шектеліп жатқан сыңайлы. Содан да болар, балалар кімнің қандай туыс екенін білмей, танымай жатады. Осындайда «Қазан шегелу» салты керек пе? деп қаламын. Ол не? деп отырған боларсыз.
Халқымызда бір-бірімен парыз-қарызсыз араласудың түрі көп. Соның бірі – «қазан шегелеу» дәстүрі. Қазан шегелегенде бірнеше адам қалаған бір үйіне айтпастан барып, сол шаңырақтың сүрленіп сақталған етін астырып, барымен базар жасап, көңілді отырыс өткізеді. Ән айтылып, түрлі әңгіменің басы қайырылып, басқосу болады. Бұл көңілі жақын жандардың араластықты үзбеу амалы, дайындықсыз, айтпастан барып үй иелеріне күш түсірмей араласудың әдемі түрі. Қазан шегелеудің жолының жеңілдігі сондай, барған адам сол үйдің ықыласпен берген қара суы болса да разы болады. Өйткені хабар салмай, өздерінің көңіл қалауларымен барады. Араластықтың осы бір жарастықты түрін қазан шегелеп қайту дейді.
Қазан-аяқ араласуының «бастаңғы», «тоқымқағар», «жіп беріп жіберу», «шыбыққа бүйрек ілу» тағы да сол тәрізді неше түрі бар. Осындай түсіндірме жазбадан соң тағы да сауалдар туындап, оған да жауап беруге тура келді.
Ертеректе соғым сойылардан бір күн бұрын шешелеріміз арнайы бірнеше шыбық алып, оның басын үшкірлеп жонып, даярлаған. Өйткені соғым сою бір үйдің ғана несібесі емес, көрші-көлем, туыс-туғанның аузы тегіс майланатын күн. Сыртта ерлер соғым сойып, әйелдер ішек-қарын аршып жатқанда, үйдің ішіне кіргізілген еттің шетінен кесіліп қуырдақ қуырылып, кешке сол үйде ет асылады. Бұл – үлкендердің сыбағасы. Ал балаларға жоғарыда даярланған шыбықтарға ішінде бүйрегі, жүрегі, тағы да бәйбішенің қалауына қарай өзге де еттер ілінеді де, шыбықты ат қып ойнайтын сол маңайда жүрген ағайынның баласын шақырып, «ат мінгіздім» деп ұстатып жібереді. «Жеңешем бүйрек берді» деп салмақты шыбықты сүйретіп, табыс арқалап үйге жеткен. Соны «шыбыққа бүйрек ілу» дейді. Ал «жіп жіберу» де жақындықтың өте бір жылы белгісі. Қазіргідей төсеніш атаулы дүкеннен сатып алмайтын заманда алаша, кілем, текемет дегеннің бәрі әйел затының қолынан шығатын. Алдымен бір ауылда бірнеше кілем тоқу үшін ағаштан жасалған қалып болады. Оған кезекке тұрып, бір үйдің кілемі тоқылып біткен соң, жаңағы қалыпты әкеліп екінші үйдің кілемі құрылады. Жақын-жуықтың кілемші қыздары сол үйде жатып кілем тоқиды. Сонда үнемі бір үйдің тамағынан жалыға ма, қыздар көңілі жақын үйлерге барғысы келгенін жіп жіберу арқылы жеткізеді. Көбінесе сыйласатын жеңгелердің, құрбылардың, апалардың үйіне бір баладан кішкене жіп беріп жібереді. Ал ол үй, айтпай түсініп, кілемші қыздарды тамаққа, шайға шақырады. Ол үй әдетте ынтымағы жарасқан, шақырусыз келген қонақты күте алатын, қыздардың таңдауы түскен, от берекесі бар үй болады. Бұл кілем тоқушы үйге «жеңілдік беру» сияқты, ал кілем тоқушылардың да көңілдері көтеріліп қалуы үшін жасалатын керемет дәстүр. Бұл дәстүр күні кешеге дейін, қолдан кілем тоқу үзілгенше жалғасып келді.
Міне, қазақ дәстүрлерінің түбіріне үңілсек, барлығында дерлік сыйластықты, қадірлестікті арттыру, туысқандық сезімдерді бекіте түсу сынды аса ізгі, игілікті ниет жатады. Қазақтық қалыптың бітімі ғасырлар көшіне жүрісінен жаңылмады. Кейде заманға лайықталып түрленіп те жатты. Бірақ түпкі негізінде сол парыз-қарызсыз араласу, жақындық көңілмен бір-бірін бағалау жатты.
Н. Маратқызы
15 қазан 2022 ж. 1 573 0