Тілдің қадірін қашырмайық

Алайда арамызда бұл мәселеге терең мән бермей жеңіл-желпі қарайтын жандар әлі де баршылық. Аудандық мәдениет және тілдері дамыту орталығы мамандарының өз уәжі бар. Олардың сөзінше жыл басында Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі кәсіпкерлік нысандарға жүргізген тексеру барысында олардың атаулары мен жарнамаларынан көптеген заңға қайшылықтар анықтаған.
– Бізде тексеріс жүргізетін арнайы бекітілген құрам бар. Олардың ішінде мемлекеттік тілде оқытушылар мен бөлімнің жауапты қызметкерлері қамтылған. Жыл басындағы тексеріс көптеген кәсіпкерлік нысандардағы атаулар мен жарнамалардың кемшілігін айқындап берді. Көбіне біздегі кәсіпкерлік нысандардың атауы мемлекеттік тілде емес, бірыңғай орыс немесе ағылшын тілінде берілген. Біз бұған бей-жай қарай алмаймыз. Ең алдымен өз тілімізді өзіміз құрметтеуіміз керек. Бірақ кәсіпкерлерге шара қолдануға бізде құзіреттілік жоқ. Сондықтан тек түсіндірме жұмыстарын жүргізумен ғана шектелудеміз. Әрбір қаны қазақ азамат саналы түрде мұндай атаулардың тұрпайы екендігін түсіну керек, – дейді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бекбол.
Маңдайша жазулар мен басқа да көрнекі ақпараттардың жазу және орналасу тәртібі заңға сәйкес келмеген кәсіпкерлік нысан басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту хаттар берілген-ді.
Тіл – ел тірегі. Оның қоғамдағы, сонда өмір сүретін адамдар арасындағы орны бөлек. Осы сала мамандарының зерттеулеріне сүйенсек, қазіргі таңда дүние жүзінде алты мыңға жуық тіл бар екен. Олардың жүзден астамына ғана мемлекеттік мәртебе берілген. Мұндай асыл құндылық тізімінен біздің ана тіліміз – қазақ тілінің де көрінуі көңілге қуаныш, жүрекке нұр құяды. Дегенмен, қазір қоршаған ортада тіліміздің құндылығына немқұрайлылық байқалады. Ауданда кәсіпкерліктің дамығаны көңілге қуаныш ұялатады десек те, сол нысандардың атауы өзге тілде қойылған.
Иә, тіл тағдыры – ел тағдыры. Олай болса бүгінгі сөз етілгендей, көлеңкелі жағдайларға тиісті орындармен бірге баршамыз немқұрайлы қарамағанымыз жөн. Мемлекеттік тілге деген жүрек түкпіріндегі сүйіспеншілік пен құрметті суытып алмауға міндеттіміз.
Н. Маратқызы