Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұстаздық еткен жалықпай...

Ұстаздық еткен жалықпай...

"Адам – бұл дүниеге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына жақсы ісі мен жақсы сөзін  қалдыру керек" деген тәлімді сөзді Жүсіп Баласағұн осыдан жүздеген жылдар бұрын айтқан. Халқымызда хаты да, аты да өлмейтін игі жақсылар аз емес. Олардың ұлағатты өмірі ұрпақтың бірнеше буынына үлгі-өнеге болып, салт-дәстүр мен мәдениетке, ұлттық тәрбиеге өлшеусіз үлес қосады.Өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін ауылдық жерде, аудан орталығы мен кенттерде ең құрметті адам мұғалім болатын. Сол бір қиын уақытта кешегі кеңес кезеңіндегідей қаптаған жоғарғы білімді зоотехник, ветеринар-дәрігер, инженер-механик, агроном да, күні бүгінгідей самсап тұрған кәсіпкер де жоқ еді. Мұғалімнің беделі білімді адам болуында, ұрпақты тәрбиелеуінде ғана емес, олар шын мәнінде елдің зиялысы еді.
Сондай білім, мәдениет, жалпы руханият саласына еңбегі сіңген адамдардың бірі Арал өңірінде көп жыл ұстаздық еткен Жүсіп Жұмағазиев еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұғалімдік қызметті бастаған бұл кісі 1928 жылы Арал ауданының Сайғонды ауылдық кеңесіне қарасты Шөмішкөл ауылында дүниеге келген. Жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін 1932 жылы ашылған Қызылорда қазақ педагогикалық техникумына түседі. Бұл оқу орны 1932 жылы Алматыдан көшіріліп әкелінген педагогикалық училищемен бірігіп, Қызылорда педагогикалық училищесі болса, бүгінгі күні М.Мәметова атындағы педагогикалық колледж деп аталады.
Жүсіп Жұмағалиев арнаулы оқу орнын бітіргеннен кейін Сайғонды жетіжылдық мектебіне бастауыш класс мұғалімі болып орналасады. 1930 жылы үш жылдық сауат ашу мектебі болып құрылған бұл білім ордасы 1938 жылы төртжылдық мектеп болып, одан кейін соғыстың алдында ғана жетіжылдық болып кеңейтілген еді.
Жас ұстаз балаларға білім мен тәрбие беруге ерекше ынта-ықыласпен кірісті. «Жас келсе – іске» демекші, жаңалығы да мол болды. Бірте-бірте тәжірибе, әдістемелік біліктілік жинақтап, өз білімін үнемі жетілдіру арқасында мықты мұғалімге айналды.
1958 жылы мектеп сегізжылдық болып қайта құрылды. Бұл кездері Жүсіп Жұмағазиев өз әдістемесі бар ұстаз еді. Ізденіс үстінде жүрген ол қалай да жоғары білім алу керек екенін түсінді. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының жаратылыстану факультетіне түсіп, 1971 жылы химия-биология пәнінің мұғалімі дипломын алып шығады.
Көп жыл бастауыш класта сабақ берген тәжірибесі, тәрбие жұмысындағы ізденістері химия мен биология пәнінен сабақ беруде көп көмектескені рас, бірақ бұл жерде білім беруге басқа қырынан келу керек еді. Шәкірттері де кешегі төменгі кластың балалары емес, есейе бастаған бозбала, бой жете бастаған қыз. Оларды игеріп алуың үшін көп білуің, мектеп бағдарламасынан ғана емес, кез келген сұраққа жауап беруің керек. Жасы 40-тан асқан Жүсіп Жұмағазиев жаңа пәнді де тез игеріп алып кетті, оған әсер еткен табиғи тәлімгерлігі еді.
Жақсы ұстаз болу үшін ең алдымен жақсы адам болу керек. «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деген біржақты тұжырым мектепке келмейді. Бала бәрін де көріп отырады, тіпті көрмегенін сезінеді.
Жүсіп Жұмағазиев осы мектепте табаны күректей 42 жыл ұстаздық еңбек етті. Шөмішкөлдегі шағын мектептің әр класында 10-15 бала оқыды.  Бұның бір жағынан әрбір оқушыны назарда ұстауға, бейімділігін білуге, қабілет-қарымын анықтауға септігі тиді. Аға жақсы педагог қана емес, адам жанын танитын психолог бола білді.
Қарап отырсақ алдынан 500-ден аса бала өтіпті. Халық шаруашылығының сан саласында еңбек еткен олардың алды зейнет демалысына шықса, кейінгілері заман, қоғам талабына сай жұмыс жасауда. Шәкірттері Бектібай Бекешов Сыр бойына белгілі онколог-дәрігер, Тілеужан мен Аманбайдың да денсаулық сақтау саласына көп еңбегі сіңді. Сара Оспанова – мұғалім. Жүргізуші Тастемір Мырзағазиев, сауда қызметкері Жиенбай Жұмағазиев те еңбегінің арқасында елге абыройлы болды.
 Оқушының білімді болуы бір ұстаздың ғана арқасы десек қателесеміз, бұл «инемен құдық қазғандай» ұжымдық еңбек. Жүсіп Жұмағазиевпен қатар сол жылдардағы мектеп директорлары Әбдіғаппар Ақшалов, Әбдіжәли Хабересов, Серғали Сәрсембаев, Шәңгерей Қалелеев, Шәкірат Дәрмағамбетов, Асантөре Ибраев, Тілеужан Оспанов, Кенжалы Жанназаров, Жүсіп Ананьяев, Үсен Жүсіпов, физика-математика пәнінің мұғалімі Жолдас Айтуғанов, орыс тілі пәнінің мұғалімі Тойбазар Аймағамбетов, бастауыш класс мұғалімі Сағидулла Сембиев, тарихшы Жолдас Айтуғанов және басқалардың білім-біліктілігі мол болғанын атап айтуымыз керек.
«Жүсіп ағай ұзын бойлы, ақсары келген келбетті кісі еді, – деп еске алады Игілік Өмірзақов, – қашанда ақ көйлек, қара костюм-шалбар киіп жүреді, галстук тағады. Біз алғаш көрген зиялы қауымның өкілі еді. Қыста қара пальто киеді. Киім кию мәдениетін сол кісіден көрдік. Өте байсалды адам еді, көп ашуланбайды. Білімді кісі болатын, сабақты жақсы береді. Үнемі газет-журналға жазылып, соны оқып отырады.
Ағайдың саясаттан хабары мол еді. Мемлекеттің жүргізіп отырған реформаларына, жергілікті жердегі басымдылық беретін жайларға, әрине, білім беру жағдайына қатты мән беретін. Адамгершілігі мол кісі еді, үлкенге  де ізетті, кішіге де құрметпен қарайды. Менің білуімше, мұғалімнің жақсы қасиеттері балаға қатты әсер етеді. Біз ол кезде ұстазды ең мықты адам деп білетінбіз. Шынында да солай болды. Шөмішкөлден ағайдың атына көше берсе, бұл ол кісіні құрметтегеніміз ғана емес, ұстаз атты ұлылыққа бас игеніміз болар еді».
Сейілхан Манасбаев ұстаз жайлы: «Жүсіп Жұмағазиев – ХХ ғасырдың бірінші жартысының аяқ жағынан бастап 90-жылдардың орта тұсына дейінгі интеллигенция өкілі. Ауылдың бетке ұстар адамы еді. Өзінің жүріс-тұрысымен, қасиетімен шәкірттерге ғана емес, қатарластарына да әсері болды. Біріншіден, үлкен жанұяның басшысы болды, 10 бала тәрбиелеп өсірді, екіншіден, күні-түні тыным таппайтын еңбекқор адам еді, үшіншіден, адамгершілігі, ақыл-парасаты мол болатын, төртіншіден, рақымды, жомарт еді, жағдайы төмен отбасыларға үнемі көмектесетін. Осындай ізгілікті жанды қалай дәріптесек те артық емес, Шөмішкөл ауылындағы бір көшеге ағайдың атын қою керек», – дейді.
Жүсіп Жұмағазиев пен зайыбы Ұлдай Әйшова 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары оқуда да, кейін еңбекте де қатарының алды болды. Тұңғышы Айберген әке жолын қуып, мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, ауданда пионер лагерінің директоры қызметін атқарды. Көп жылдан бері «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы. Аймақтың мәдени-әлеуметтік, білім, рухани саласына белсене араласады. Қазалы ауданының құрметті азаматы. Гүлсім өмірден ерте озды, Айдын – Шымкент қаласында кәсіпкер, Алмас  темір жолда еңбек ететін, ол да қайтыс болды. Шәкизада мен Роза үй шаруашылығында, Данасұлу – Байқоңыр қаласында мектеп директорының орынбасары, Марал – Арал ауданының емханасында медбике, Гүлбану – Әйтеке би кентінің аудандық аурухана емханасының бас  медбикесі, ал Нұрғиса – Әйтеке би кентіндегі №234 мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Ұлы Айберген Тамашев әкесі жайлы:
 – Әкем өте еңбекқор кісі еді. 1960 жылы ауылда бірінші болып «Урал» мотоциклін алды. Түске дейін мектепте сабақ береді, үлгерімі нашар балаларды қосымша оқытады, келесі күннің сабағына дайындалады. Күн ауа көлге салған ауын қарайды. Әйдік сары сазандарды қаптап әкелетін. Құс аулайды. Үйде он сауын сиыр ұстайды. Жаз бойы малға пішен орады, қыста дарияның қатпай қалған жеріне «ығызбай ау» салады, бір тартқанда 50-60 балық алатыны есімде. Ау мұз болып қатып қалады. Мен шелектегі  суды қайнатып отырамын, сонымен ауды жібітіп, қайта саламыз. Таңғы сағат 4-те Ақшакөлге ау салады. Жайындарды шешем тұздап қоятын. Әкем жалқаулықты жек көретін жан еді, – дейді.
Жүсіп Жұмағазиев, міне, осындай қадірлі де сыйлы азамат болды. Ол тіршілігінде елге үлгі көрсетіп, жұртшылықты жақсылыққа бастаса, ұстаздықтан бастаған ұлағаты әлі де үлгі-өнеге болуда. Шөмішкөл ауылындағы бір көшені асыл ағаның атымен атасақ, бұл кісінің ұланғайыр еңбегінің кішкене ғана қайтарымы, ол кісінің күн мен жел қақтаған бейітіне қойған бір шоқ гүліміз болар еді.
Жеткербай Махамбетов,
ардагер ұстаз
19 қараша 2022 ж. 789 0