Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауызы уәлі, сөзі дуалы Дүйсен қарт

Ауызы уәлі, сөзі дуалы Дүйсен қарт

tolqyn.kz Сонан бері қай заман... Пролетариат көсемінің әйгілі хатының Арал өңірін дүр сілкіндіріп, оған он төрт вагон су маржандарын жөнелткеніне де жүз жыл уақыт өтіпті. Қазір қатпар-қатпар қалың тарихқа айналып, мұрағаттар мен мұражайларда сақталған сол бір хатқа іспен жауап бергендердің қазір арамызда бірі де жоқ. Асылдың тұяғындай, алтынның сынығындай болған ұрпақтары жүр жанымызда.
Солардың бірі – Роза Пірекешова. Ол өз әңгімесін бізбен кездескенде төмендегіше өрбітті:
–Менің атам Дүйсен Пірекешов осыдан жүз жыл бұрын Арал балықшыларына келген әйгілі хатқа іспен жауап бергендердің бірі. Мен атамның есімін әрдайым мақтан етемін және кейінгі буын жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде айтып отырудан жалықпаймын. Қазір атамнан қалған аз-кем мұраны көзімнің қарашығындай сақтап отырған жайым бар, - дейді ол.
Иә,өткен ғасырдың жиырма бірінші жылғы Арал балықшыларының ерлікке тән істері тарих көшіне ілесіп, бірте-бірте ұрпақ жадынан алыстап барады. Сондықтан аға ұрпақ еңбегі жайлы жас ұрпаққа арасында жиі-жиі әңгіме-дүкен өткізіп отырсақ, оның пайдасы ұшан-теңіз болмақ. Қазір еңбектен алыстап бара жатқан жас буынға бұл сабақ болып, оларды жалқаулықтан, масылдықтан арылтқан болар едік.
Әйгілі хатқа әуел бастан үн қосқан, сол мақсатта дүбірлі еңбекке ерте араласқан Дүйсен Пірекешов Қазалы уезі, Шыбынды болысына қарасты №10 ауылдың (қазіргі Бөген ауылдық округі) Қосуақ елді мекенінде 1899 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келіпті. Әкесі, онан арғы аталары да осы арада көл жағалап, теңіз кешіп, нәсібін теріп жеген балықшы қауымынан екен.
Ержетіп, белін буған бозбала кеңестік қоғаммен бірге ел-елде, жер-жерде есік ашқан алғашқы сауаттандыру (ликбез) мектебінде хат танып, айналасына сергек қарап, еңбектен де қол үзбейді. Алғашқы сауаттандыру мектебінен екі сыныптық білім алған жас жігіт Арал балықшыларына әйгілі хат жаңалықтың жаршысындай болып жеткенде жиырма екі жаста болатын.
Дереу ауылдың атқа мінерлері Арал совдепінің төрағасы Төлеген Медетбаевтың пролетариат көсемінен келген хатқа орай шақыруы бойынша жер-жерде жиналыс ашты. Балықшылар тізімі жасақталды. Көсем хатына іспен жауап беруге жұмылған бөгендіктердің қарасы сол тұста қалың болатын.
Соның басында тұрған Дүйсен Пірекешов, Сыдық Жайсаңбаев, Нұралы Баймағамбетов, Әлимағамбет Шерімов, Жүсіп Тәшебаев, Өксікбай Сарбасов, Сәрсен Симағанбетов, Ақмағамбет Зиянсызов, ағайынды Дүйсенбай мен Қалимағамбет Жұбановтар, Шарап Қуанышбаев және басқа Бөгеннің аға буын балықшыларының есімдері аудан тарихында тасқа қашалып жазылған. Ұрпақ соны мақтан тұтады.
Сол бір жиырма бірінші жылдың қызылшұнақ аязды қысында қаһарман Бөген балықшылары нағыз ерліктің, адамға тән жолдастықтың, достықтың шынайы үлгісін көрсеткені қазір аңыз дерліктей деректер болатын. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», үлкен ұйымшылдық танытқан олар қатқан қалың мұзды ойып, жылым тартуға, отыз-қырық тартымдап ау салуға жұмылдырылды. Күн сайын мұз үстінде тау-төбе болып үйілген су маржандарын іші шұңғыл жайдақ шаналарға тиеп, болат жол бойындағы Қамыстыбас бекетіне құрдай шұбырып кіре тартты. Сол кездегі күннің суықтығына, бет үсіткен қызылшұнақ аязға қарамастан «Тұщы» көлінен шыққан кіре Аманөткел, Қосжардан асып, темір жолға бағыт алғанда, екіншісі балығын вагонға тиетіп, көлге құлап жататын көрінеді. Соның бел ортасында балықшы, әрі кіре тартушы жиырма екі жасар Дүйсен атамыз жүреді екен. Кезінде әйгілі хатқа үн қосқан қарт балықшы осыған байланысты ауылға ауданнан Совдеп төрағасы Төлеген Медетбаевтың большевик Григорий Дубовиктің жиі-жиі келіп, балықшыларды ортақ іске жігерлендіргенін жас ұрпаққа айтып отырыпты.
Сөйтіп, бөгендік Дүйсен Пірекешов есімі Еділ мен Волга бойында аштыққа ұшыраған миллиондаған қарттар мен балаларды, жұмысшы шаруаларды құтқарып қалған жүздеген айдынды Арал балықшыларының ортасынан ойып орын алғанын ұрпақтары әлі күнге мақтан етеді.
1930-1932 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) ауыл шаруашылық мамандарын даярлайтын арнаулы курста оқып, елге оралған Дүйен қарт Бөген балық колхозын ұйымдастыруға белсене қатысады. Теңіз қолтығындағы жаңа колхозға бұрынғы балықшы артельдері бірігіп, ол көп ұзамай үлкен күшке айналады. Колхозға өзінің бір жылқы, бір түйесін қосқан Дүйсен осылайша басқа ауылдастарына үлгі көрсетеді.
1932 жылы партия қатарына өткен ол балық аулау бригадирі дәрежесіне көтеріледі. Колхоздың тоқсандық, жылдық жоспарының орындалуына лайықты үлесін қосып қана қоймай, 1939 жылы «Қосуақ» елді мекенінен аудан басшыларының келісімін алып, бастауыш білім ұясын ашуға қол жеткізеді.
Іскер адам қай кезде де ілкімділік танытады. Колхоз басқармасы төрағасының орынбасары, төрағасы, партия ұйымының хатшысы сияқты үлкенді-кішілі қызметтерде Дүйсен қарттың қолтаңбасы қалыпты сол тұстары.1939-1943 жылдары «Қызылжар» колхозы басқарма төрағасының орынбасары тұсында қосалқы шаруашылық көзін тауып, бау-бақша дақылдарын өсіреді. Тынымсыз жан еселі еңбегіне орай КСРО Жоғарғы кеңесі алқасының Жарлығымен 1945 жылғы 6 маусымда «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, республикалық, облыстық, аудандық дәрежедегі мақтау қағаздарымен марапатталады. Бұған қоса Дүйсен Піркешов аудандық, ауылдық кеңестердің бірнеше шақырылымында үздіксіз депутат болып сайланып, сайлаушылар аманатын орындауға атсалысады. Ұлы Отан соғысы жылдары майданды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатындағы қызметі аудан, облыс басшылары тарапынан жоғары бағаланып, халық шаруашылығы көрмесіне қатысу құрметіне ие болады.
Жоғарыдағы Бөген колхозының басқарма төрағасы қызметін атқарған сұм соғыстьң сұрапыл жылдарының алғашқы күндерінен бастап іскер басшы майданға аттанған жігіттердің орындарына қарттар мен әйелдерді, жас балаларды жұмылдырды. Өйткені елде жұмыс қолы жетіспейтін уақыт еді бұл.Төрт жылға созылған соғыс қасіреті жеңіспен аяқталған уақытта да Дүйсекең ұлы еңбектен ешқашан қол үзбеді. Тіпті, 1961 жылы зейнеткерлік жасқа жеткенше бригадир, ферма меңгерушісі ретінде алдыңғы сапта болыпты.
Дүйсен атаның омырауына тағылған Лениннің туғанына 100 жыл мерекелік медалі ұрпақтары төрінде сақтаулы тұр деседі.
Дүйсен атаның қосағы Төлеш әжеміз де заманында қайраткер ана ретінде аға ұрпақтың жадында сақталған біртуар тұлға болған еді. Колхоздың ферма меңгерушісі қызметін қиын-қыстау жылдары адал атқарған ол тіпті СОКП-ның саусақпен санарлықтай серкесінің бірі – В.М.Молотовтың қолынан мақтау қағазын алғанын қазір біреу біліп, біреу білмес. Жақсы сөз жарым ырыс. Әлі күнге оны көргендер «Дүйсен айтыпты, Дүйсен көмектесіпті» деген сөзді ауыздарынан тастамай айтып отыратын көрінеді.
Ол жайында інісі Ұлы Отан соғысының жеңімпаз жауынгері, ардагер ұстаз, марқұм Әби Нұрекешов пен қара шаңырақтың отанасы, 85 жастағы келіні Сара Жиенбайқызы ақ қағазға айшықтаған естелік әңгімелері әлі күнге мазмұнын жоғалтқан жоқ. Сол деректерге сүйенсек, Дүйсен ата көзі тірісінде Арал балықшыларының ерлікке тән еңбектерін. жан жомарттығын жас ұрпаққа ұдайы әңгімелеп отырады екен. Сарғыш тартқан сол бір деректер Сара жеңгеміздің сандығында сақтаулы көрінеді.
Бір заманда Арал балықшыларының әйгілі хатқа орай Еділ мен Волга бойын жайлаған ашаршылық салдарынан бастарына ажал бұлты төнген миллиондаған адамдарға 14 вагон су маржанын жөнелткені қазір аңыз іспеттес. Соның алдыңғы шебінде жүрген Д.Пірекешов дүниеден озғалы қырық жылға таяу уақыт өтіпті. Соңғы демі үзілгенше жас ұрпаққа өнегелі өмір жолдарын баяндаудан жалықпаған ауызы уәлі, сөзі дуалы қарттың есімі бұл өңірде құрметпен аталады.
Сондықтан Арал балықшыларының әйгілі хатының жүз жылдығына сәйкес Дүйсен Пірекешовтың есімін туған қаламыздағы көшелердің біріне еншілесек, бұл өткенімізді құрметтегеніміз, ертеңімізге қаланған ізгілікті іс болар еді.
Т.Нұржан-Балта
22 қараша 2022 ж. 810 0