Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдан шыққан Арыстар

Аралдан шыққан Арыстар

Соңғы жылдары шыққан «Қазақстан тарихы» оқулықтарын парақтасақ, еліміздің сол бір елеулі кезеңдері, қайраткерлері туралы кеңінен жаза бастады. Уақытында КСРО құрамында Қазақстан өз алдына жеке мемлекет деп дәріптелгенімен, шындығында, Қазақстан 70 жыл бойы Кеңестер Одағына тәуелді болды. Қазақ халқы осы жылдар ішінде өз тілінен, дінінен, тарихынан, салт-дәстүрінен айырыла жаздады. Тек 1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ елі кеңестік биліктен біржола құтылып, өз алдына тәуелсіз, егеменді мемлекетке айналды.
ХХ ғасырдың басында Қазақстанда құрылған партияның бірі – «Алаш» партиясы болатын. Бұл партия сол кездің өзінде Қазақстанның өз алдына жеке мемлекет болып құрылып, өз тілін, өз жерін сақтап, өркениетке жетуін аңсады. Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауына қарсы болды. Бұл партияның төңірегінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты қазақтың ең таңдаулы зиялы өкілдері топтасты.
1917 жылы 5-12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ құрылтайында «Алашорда» өкіметі құрылғандығын жариялады. «Алашорда» өз бағдарламасын халыққа ұсынды. Бұл бағдар¬ламада мемлекеттік басқару, білім, құқық сияқты мемлекеттің өмір сүруіне қажетті мәселелер қарастырылды. 1918 жылы ұлан-байтақ қазақ даласын өкімет орталығы Семейден басқарудың қиындықтарына байланысты Алашорданың батыс бөлімшесі құрылып, оны белгілі заңгер, ағартушы Жанша Досмұхамедов басқарды. 1918-1920 жылдардағы Азамат соғысынан кейін жеңіске жеткен Кеңес өкіметі «Алаш» үкіметін таратып, оның жетекшілерін қуғынға ұшыратты.
Ақ пен қызыл боп соғысқан қым-қуыт жылдардағы, одан кейінгі уақыттағы алашордашылардың тағдыры да сапырылысып кетті, барлығын дерлік Кеңес өкіметі репрессияға ұшыратып жіберді.
Қазақ жеріндегі осы бір айтулы қозғалыстың – алашордашылардың іздері біздің туған жерімізде де бар ма екен деген сауал көптен бізді толғандырып жүрген. Оның үстіне көрші ауданда «Қазалылық алашордашылар» деген кітаптың жарық көргенін естідік. Содан әлімізше іздене бастадық, тарихтың ақ таңдақ парақтарына үңіле бастадық.
Бастапқы дерек 1918 жылғы «Арал дұғасы» (Арал бекінісі) атанған ақ гвардияшылар мен большевиктердің Арал маңындағы тағдыр шешті шайқасындағы жайларға байланысты кездеседі. Осы шайқаста ақтар жағында Мұзафар Қасымов бастаған алашордашылар отрядының да болғандығы туралы айтылады. Алайда осы дерек туралы анықтап білу, отрядтың құрамы, командирі туралы мәліметтер табу мүмкін болмай отыр. Алдағы уақытта табылады деген үмітіміз бар.
Аралдан шыққан белгілі тұлғаларды атағанда, атақты Ораз би Тәтеұлы туралы айтпай өту мүмкін емес. Ол – қазақтың ұлтжанды, бірегей тұлғасы. Тәтеұлы Ораз 1856 жылы қазіргі Арал ауданының Ақеспе-Сарыбасат ауылында дүниеге келген. Ол тумысынан ел-жұртының мұң-мұқтажын көксеп, әділ билік, төрелік айтуға бейім болды. Патша заманында Қабырға болысы боп екі мәрте сайланған.
Патша үкіметі құлап, уақытша үкімет орнаған ақпан төңкерісін қуана қарсы алған Ораз би Тәтеұлы қоғамдық өмірге белсене араласады. Орынбордағы съезде губернатор Эверсманды айыптап залдан қуғаны туралы Сәкен Сей-фуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазылған. Алаштың ардақтысы Ораз би халқы үшін ұланғайыр еңбек еткен. 1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбордағы бүкілқазақтық съезде Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов:
«Былтырдан бері шаршы топта сөйлеп, өзге де съездерге делегат болған, осы съезге де шақырылған, ардақты алаш ардагері, шешен Ораз Тәтеұлы опат болды. Мәжілісті марқұм Оразға дұға бағыштап басталық» депті. Сондай-ақ ақын Әкімәлі Қаржауұлы Ораз бидің қазасына деп қаралы өлең шығарған:
Қайырлы болсын қазаң, қаракесек,
Жуадай солды бүгін бір бәйшешек.
Алдыңнан осындай күн болды душар,
Қайтқанын Ораз бидің жара десек,
Сөнді ме жанып тұрған шамшырағың...
Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, елінің еркін болашағы үшін күресіп, тәуелсіздікті аңсаған, сол үшін де Алашорда үкіметін құруға көп еңбек сіңірген Ораз би Тәтеұлы есімін халық жадына қайта оралту алдағы күндердің еншісінде деп білеміз.
Қайбір жылы Ақтөбе қаласында тұратын бел¬гілі өлкетанушы Серікбай Төрекешов теле¬фон арқылы аман-саулық сұрасу барысында «Алашорданың офицері болған Бермұхамбет Сисекеновтің Аралда болғанын білесің бе? Айтпақшы, бір жағынан ол сендермен аталас болып келеді» дегені бар. Осы сөзден кейін осынау қайраткер туралы қарай бастадық.
Тағдыры талайлы, өмір жолы сандаған қиыншылықпен өрілген Алаш арыстарының айтулы ерлерінің бірегейі – Бермұхамбет Сисекенов. Мойнында екіжүзді Кеңес өкіметі жапқан үлкен жалалы айыбы бар болған. Ол – оның Амангелді Имановтың өліміне қатысы бар деген қауесет. Ал, шын мәнінде, Алаш офицері болған Б.Сисекенов кім еді? Ол 1899 жылы Ырғыз топырағында туған. Екі жылдық орысша гимназия бітіріп, орысшаға да, қазақшаға да жүйрік жас жігіт 1917 жылы белгілі «Қазақ» газетіне жұмысқа орналасқан. Тағдыр оны осылайша Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновпен таныстырды. Солардың ықпалымен Алаш партиясына өткен.
Патша өкіметі әскер қатарына жаппай шақыру жариялаған 1916 жылы әскерге алынады. Троицк қаласындағы әскери училищеде оқыған жігіт «урядник» шенімен қазақ атты әскер полкіне жіберілген.
Бермұхамбет Сисекенов аумалы-төкпелі 1919 жылдың көктемінен бастап Алашорданың Торғай атты әскери бөлімінің қатарында шайқас¬тарға қатысқан. Шені – вахмистр (кавалерия прапорщигі). Бұл оның Алашорда әскерін ұйым-дастырудың басы-қасында жүргенін көрсетеді. Кейін Лениннің: «Алашордашылар кеңес қызме¬тіне тартылсын, қудаланбасын» деген жарлығы шыққаны белгілі. Б.Сисекенов 1920 жылдан бастап Ырғыз милициясының бастығы, ревком төрағасы қызметтерін атқарған. Кейін де әртүрлі қызметтер істейді. 1929 жылдың тамызында ол Амангелді өліміне қатысты деген айыппен халық жауы ретінде ұсталып, Сібірге жер аударылған. Айдауда жүрген кезінде дәрігерлік училищені бітіреді. Елге оралған соң, медицина саласында болады.
1941 жылы Б.Сисекенов айыптылар батальонына алынып, майданның оқ пен от бораған ең алғы шебіне жіберіледі. Бес жыл қырғын соғыста оның өмірі үнемі қыл үстінде жүреді. Амалсыз арда ер жеңісті 1945 жылы 7-гвардиялық армияның 1000-атқыштар полкі құрамында Чехословакия астанасы Прага қаласында қарсы алған. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Майданда жүріп денсаулығы сыр берген Бермұхамбет 1946 жылы теңіз жағалауындағы Арал қаласына келіп тұрақтайды. Жаңа өмір, бейбіт тірлік кешуді ойлайды. Әуелгі кезде Арал мемлекеттік балық тресінде жұмыс істеген. Ал 1947 жылдың сәуірінен бастап Арал қалалық профилактикалық дезинфекция бөлімінде қыз¬мет атқарған. Балалары қаладағы №15 орта мектепте оқыған. Алайда қайда жүрсе де, үнемі НКВД-ның қатаң бақылауында, аңдуда болған ол талай-талай жан қиналысын бастан өткергені анық. Өкінішке орай, оның кейінгі тағдыры туралы ешқандай дерек жоқ. Қатыгез Кеңес өкіметі Алаш ардагерінің қолына қайта кісен салды ма екен деп ойлайсың. Ұлт ардагері Міржақып Дулатовтың тапсырмасымен Алашорда әскерін құру жоспарының басы-қасында жүрген Бермұхамбет Сисекеновтей қазақ офицерінің өмірі осылай талқыға түсті...
Өмір, тағдыры Аралға қатысты алашордашылар туралы біршама дерек 2008 жылы жарық көрген «Аза» кітабында бар. Кітаптың 164-бетінде Татиев-Рүстемов Жүсіпқали туралы мынандай мағлұмат жазылған.
«Татиев-Рүстемов Жүсіпқали Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының №5 ауылында 1900 жылы туған, кейін Арал қаласы, Буденный алаңы, №23 үйде тұрған, білімі бастауыш, партияда жоқ. 1933 жылы Қарақалпақстанға жаппай көшіруге қатысқаны үшін ОГПУ коллегиясы арқылы РСФСР ҚК-нің 58-11-бабымен 5 жылға бас бостандық еркінен айыруға сотталған. Жазасын Қарағанды лагерінде өтеп, 1936 жылы мерзімінен бұрын босаған. Кейін Арал аудандық шикізат кооперативі конторында нұсқаушы болып жұмыс істеген. Үйленген, әйелі–Апақан, баласы – Қойма.
Татиев-Рүстемов Жүсіпқали ірі байдың баласы. Әкесі патша өкіметі тұсында болыс болған, Кеңес өкіметі тұсында Жүсіпқалидың өзі де ірі бай болған, мал-мүлкі тәркіленіп, дауыс беру құқығынан айырылған. 1918 жылы ақтар армиясының қатарында болып, Кеңес өкіметіне қарсы шығып, ақтарға азық-түлік, көлік берген, олардың жол сілтеушісі болып, қызылдардың тұрған жерін көрсеткен. Азамат соғысы кезінде ол өзінің үйінде Алашорда партиясының комиссары Теміровті жасырған. Теміров халық жауы ретінде атылып кеткен. Татиев Алашорда партиясына мүше болып, алашордашы Қ.Сейдамлиновтің басшылығымен жұмыс істеген.
Татиев-Рүстемов Жүсіпқали Арал қаласында жасырынып жүріп, сол кездегі Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы, кейін ұсталған Қуатбай Бақтыбергеновпен және ұлтшыл (ол да ұсталып кеткен) Татиевпен тығыз байланыс жасап, олардан Арал қаласының тұрғындары арасында контрреволюциялық жұмыстар жүргізу туралы тапсырмалар алған. «Кеңес өкіметі жақын арада өмір сүрмейді, өйткені өкімет мүшелері алауыздықпен ыдырап жатыр және олар бірін-бірі өлтіруде, осыдан Кеңес өкіметінің тұрақсыздығы көрінуде» деп сөз айтқан. «Сталиндік Конституция – бұл халықты алдаушылық, оған сенуге болмайды, колхоз – бұл ойдан шығарылған нәрсе, одан қазақ халқына ешқандай пайда жоқ. Кеңес өкіметі колхоздар арқылы халықты тек аштыққа ұшыратады», – деген.
Осы қылмыстары үшін Татиев-Рүстемов Жүсіпқали Арал аудандық НКВД бөлімінің 1937 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен тұтқынға алынып, қылмыстық іс қозғалған.
Ақтөбе облыстық НКВД басқармасы жанын¬дағы үштіктің 1937 жылғы 20 қарашасындағы қаулысымен ол 10 жылға еңбек түзету лагерінде сотталған. Жаза мерзімін «Волгалагта» өтеуге айдалған.
Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының бөлім бастығының 1995 жылғы 11 желтоқсандағы қорытындысымен Татиев-Рүстемов Жүсіпқали Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі заңының негізінде толық ақталған».
Репрессия құрбаны болған Татиев-Рүстемов Жүсіпқалидың деректеріне қарап отырып, оның өз халқының басындағы ауыртпалықты көре білген және де азаттық үшін, еркін өмір үшін күресін тоқтатпағанын білеміз. Осындай алашордашы ретінде қуғындалып, істі болып, кейін тәуелсіздік алғаннан соң ақталған Смағұл Дүйсенов, Қуаныш Жұбанов, Тәжібек Ізмағанбетов, Қуатбай Бағыбергеновті айтуға болады. Олар өмірінің соңына дейін Алаш идеясына адал болып, қазақ елінің тәуелсіздігін аңсап өткеніне сенімдіміз. Жергілікті өлкетанушылар, әуесқой тарихшылар, журналистер Арал, Ақтөбе, Қызылорда архивтерінен іздестірсе, әлі талай Алашорда арыстарын тауып, кейінгі ұрпаққа қайта қауыштырар еді. Біздің бұл мақаламыз кейінгіге жолашар болсын деген мақсатта жазылып отыр. Айтпақшы, 1937 жылы 13 тамызда Арал аудандық партия комитетінің үгіт-насихат, мәдениет бөлімінің меңгерушісі Дүйсен Тәжібаев қамауға алынып, келер жылы ату жазасына кесілген. Ол туралы белгілі журналист Әділхан Бәйменов «Ленин жолы» газетінің 1978 жылғы 15 қарашасында «Кабинетінен қамауға алынған» деген мақала жариялаған.
Адамзат өз тарихында қатыгез диктаторлық режимдердің талайын кездестірген. Солардың ең жойқыны және мейірімсізі – кеңестік билік. Кеңес өкіметі кезінде қазақ халқы миллиондап қырылды. Большевиктердің аярлық саясатын жақсы білген қазақ қайраткерлері Алаш идеясын қолдап, сол жолда құрбан болған әрбір алашордашы – ұлт мақтанышы болуға лайық. Біздің айдынды Арал өңірінен шыққан немесе осы жерден кейін баспана тапқан ардагерлеріміз туралы кеңінен зерттеп, олар туралы ұрпағымыз барынша көп білуге тиісті. Олардың жалынды ғұмыры –Отанды шексіз сүюдің, Отанға адал қызмет етудің, азаматтықтың ерен үлгісі.
Ерғали Абдулла
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 
29 қараша 2022 ж. 1 006 0