Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қойнауы құпияға толы өлке

Қойнауы құпияға толы өлке

Тарихы тасқа басылған ерте заманнан-ақ адамзат баласына мекен болған Арал өңірінде бүгінгі күнге дейін ауыздан-ауызға жеткен әңгімелердің кейіпкеріне айналған жұмбақ әрі тылсымы терең жерлер өте көп. Сол мекендер жайлы бүгінгі ұрпақ не біліп жүр?! Кешегісі ұмыт бола бастаған тұста осы тақырыпта қалам тербеп, келер ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат еттім.
Осындай тылсымға толы, қаншама жылдар бойына құпиясын қойнына жасырып жатқан көрікті, тарихи мекендердің бірі–Құланды түбегі. Арал ауданының орталығынан 200 шақырымнан да алыс жерде ор­на­ласқан сайын даланың сайы мен қыры, бұйрат-бұйрат топырағын естір құлаққа ес болатын талай әңгімелердің арқауы. Бір кездері Төбебұлақ атанған ауылда Ұлы теңіз тартылып, бүгінде табаны кепкен Арал теңізінің түбектегі тұсында Изенді деген жер бар.
Изенді – Құланды түбегінің Барсакелмес аралына барынша жақын жанасқан, таспен тұмшаланған тау-тасты тұмсығы. Бұл жерді Изенді түбегі деп атаған екен. Қасында осы мүйісті қарауылдау үшін жаралғандай, айбаты айналасын өзіне еріксіз қарататын, мұздай киінген сарбаздай тіп-тік, сүңгісі аспанмен тілдескен, ал жағасын ақжал толқындар көмкерген Шулыған шыңы бар.
Изенді – балықшылар үшін, тек қана балықшылар үшін ғана емес, бүкіл Арал ауданы, Қарақалпақстанның Мойнақ, Үшсай, Қоңырат, Нүкістердің және Шал­қар ауданының Батыс аймақтарының ес білетін ересектері үшін де ерекше жер, ерекше теңіз айдыны атанды. Осы жерде екі ай арасында теңіздің ешбір жерінде кездеспейтін шөмәйке балықтары ойнайды екен. Шөмәйке негізінен теңіздің тастақ жерінде уылдырық шашады. Ал Изенді, Шулыған шыңы өзгеше бөлек тасты болып келеді. Семіз шөмәйкелердің алапат көпшілігі сондай, теңіздің астына сыймай, қобырлаған қозғалыстың арты мөп-мөлдір теңіз суын сап-сары лайға айналдыратын. Теңіздің астына сыймай тығылысқан балықтар екі-үш метр биіктікке секірген кезде, теңіздің үсті енді бу мен балықтан көрінбей, кәдімгідей қалың бұлтқа айналатын болып­ты. Балықшылар бұл құбылысты көңілдері қоштанып, «балық бұлты» деп айтып отыратын көне көз қариялар.
Ауыл үлкендері бұл жерге атақты жазушы Тарас Шевченко жер аударылып келген екен дейді. Тіпті балаларға арналған тынығу лагері болып, сонау Украинадан демалуға оқушылар келген. Қазірде соның бәрі – аңыз. Бірақ, Изендінің кереметін Құландының төл тумасы, ақын С.Құттыбаевтың:
Изенің де, құсың да, балығың да,
Иек артып иірілген ағыныңа.
Бала кезде-ақ бұл жердің қастерінің,
Қона жатып жеткенбіз анығына.
Негізінен Аралдың асты қайыр,
Дірілдейтін бетінде асыл Айым.
Изендіні сағындым,
Қалам алдым,
Өлең жазбай мен енді басылмаймын.
Изенді жақ шың, құзды терең келер,
Шөмәйкені еске алсам елеңдер ем.
Уылдырығын шашқан соң шатқал тасқа,
Ойнағанын бұлт сынды өлең дер ем.
Су астында көптігі – бұлт жүргендей,
Балықшыға бұл ырзық құт жүргендей.
Аулайтындар келгендер әр ауылдан,
Шағалалар шаңқылдар көк тілердей.
Өзгеше бұл құбылыс білгендерге,
Беймәлім-ді ауылда жүрген бізге.
Шөмәйкелер тек қана
Изендіде,
Ойнайды екен осылай бір мезгілде.
Балық-балық, бұл жердің мұнайы бар,
Жер үстінде көмірдің сыңайы бар.
Кең қолтығын мал жайлап, газ атқылап,
Өркендесін өр өлкем лайымда, – деген жыр жолдарынан анық байқай аламыз.
Жоғарыда айтып өткен Изендінің жанындағы Шулыған шыңы да талай тарих пен оқиғаны омырауына жасырып жатыр. Теңіз кемеріне келіп, арнасына толып тұрған тұста Шулыған шыңы судың ортасында еңсе тіктеп тұрады екен. Бұл біздің естуіміздегі бергі уақыттарда болған оқиға дейді. Бірақ, бұл шың ел аузындағы Арал теңізінің бірнеше рет тартылып, қайта қалпына келгеніне де куәгер дейді. Себебі, теңіздің шалқыған кезеңінен бұрын да Шулыған шыңы дәл қазіргідей еспе құмның ортасында, сайын даланың төсіндей төбесін көкке шаншып тұрғаны жайлы да ел ішінде жиі айтылады.
Ал, Шулыған атауы қалай берілді? Осы жөнінде де көптеген әңгімелер ауыл ішінде таралып кеткен. Қайсысының астарына үңілсек те, Шулыған атауының негізгі шығу төркіні «шулаған» сөзіне әкеліп тірейді.
Бірі Шулыған шыңының басында құс базары болған екен деседі. Мүмкін базар, мүмкін құстардың көп жиналатын тұсы шығар. Әйтеуір, осы жердегі құстардың шулаған дауысына байланысты осылай аталған дейді.
Ал мына бір дерек те «шулаған» сөзі аясында өрбігенімен, алдымызға жаңа бір тың ақпарат тартады. Айналасы шалқыған теңіз, жағаға ұрғантолқыны ақ көбік шашқан уақыттарда Шулығанның тік жартасы «ажал жұтқан» аумаққа айналған екен. Аралдың айдынында алаңсыз жүзген кеме әлгі баршамыз білетін “Титаник” алып кемесі секілді Шулығанға соғылып, адамдары аман қалмайды. Сол сәтте суға кетіп жатқан адамдардың шуына байланысты “Шулыған” деп атапты.
Шулыған атауы төңірегінде алыпқашпа әңгімелердің бірі төмендегіше көрініс табады. Жалпы, қазақтың көптеген жер-су атаулары аңыздарға байланысты қойылып жатады емес пе? Бұл тұста та да осыған ұқсас аңыз бар. Ерте заманда қыз бен жігіт шыңның басынан құлапты делінеді. Міне, сол қыздың дауысы әлі күнге дейін Шулығанның маңынан естіледі екен. Кім білсін? Бәлкім, рас та болар. Неде болса тарихы терең елміз ғой.
Құланды ауылына бара қалсаңыз, тағы бір кеңес беремін. Адамның қолынан келмейтін керемет дүниенің куәсі болуды армандап жүрген болсаңыз, табиғат-ананың тамашасына бөленуге үлкен мүмкіндік туады. Жазық даланың төрінен көптеген киіз үйлерге кезігіп, бірақ ішіне кіре алмай қайтасыз.
Бұл сөзіміз Үйтас аумағы жайындағы аз ғана дерек. Жалпы, Үйтас тарихы жайлы деректер мүлде жоқ десек те болады. Қалай, қашан пайда болды? Бұл жайлы ақпарат таба алмадым. Бірақ, Үйтас аталуы құмды жазықтықтағы тастардың көрінісіне қарап қойылғанына күмәніміз жоқ. Дөңгеленіп, төңкеріліп жатқан алып тастар шынымен-ақ сырттан қараған жанға кәдімгі киіз үйді айна-қатесіз елестетеді. Тіпті, есігін іздеп кіруге ниет қыласыз деп әсірелесек те болатындай. Алланың шеберлігінде шек бар ма?!
Иә, біздің айтқанымыз–шалғайдағы ауылдың шағын ғана тарихы. Табиғаты бай түбекте әңгімемізден тыс қалған әлі талай тылсымға толы мекендер бар.

Амангүл Абуева,
Құланды ауылы
02 желтоқсан 2022 ж. 527 0