Құланды құпиялары

Осындай тылсымға толы, қаншама жылдар бойына құпиясын қойнына жасырып жатқан көрікті, тарихи мекендердің бірі–Құланды түбегі. Арал ауданының орталығынан 200 шақырымнан да алыс жерде орналасқан сайын даланың сайы мен қыры, бұйрат-бұйрат топырағын естір құлаққа ес болатын талай әңгімелердің арқауы. Бір кездері Төбебұлақ атанған ауылда Ұлы теңіз тартылып, бүгінде табаны кепкен Арал теңізінің түбектегі тұсында Изенді деген жер бар.

Изенді – балықшылар үшін, тек қана балықшылар үшін ғана емес, бүкіл Арал ауданы, Қарақалпақстанның Мойнақ, Үшсай, Қоңырат, Нүкістердің және Шалқар ауданының Батыс аймақтарының ес білетін ересектері үшін де ерекше жер, ерекше теңіз айдыны атанды. Осы жерде екі ай арасында теңіздің ешбір жерінде кездеспейтін шөмәйке балықтары ойнайды екен. Шөмәйке негізінен теңіздің тастақ жерінде уылдырық шашады. Ал Изенді, Шулыған шыңы өзгеше бөлек тасты болып келеді. Семіз шөмәйкелердің алапат көпшілігі сондай, теңіздің астына сыймай, қобырлаған қозғалыстың арты мөп-мөлдір теңіз суын сап-сары лайға айналдыратын. Теңіздің астына сыймай тығылысқан балықтар екі-үш метр биіктікке секірген кезде, теңіздің үсті енді бу мен балықтан көрінбей, кәдімгідей қалың бұлтқа айналатын болыпты. Балықшылар бұл құбылысты көңілдері қоштанып, «балық бұлты» деп айтып отыратын көне көз қариялар.
Ауыл үлкендері бұл жерге атақты жазушы Тарас Шевченко жер аударылып келген екен дейді. Тіпті балаларға арналған тынығу лагері болып, сонау Украинадан демалуға оқушылар келген. Қазірде соның бәрі – аңыз. Бірақ, Изендінің кереметін Құландының төл тумасы, ақын С.Құттыбаевтың:
Изенің де, құсың да, балығың да,
Иек артып иірілген ағыныңа.
Бала кезде-ақ бұл жердің қастерінің,
Қона жатып жеткенбіз анығына.
Негізінен Аралдың асты қайыр,
Дірілдейтін бетінде асыл Айым.
Изендіні сағындым,
Қалам алдым,
Өлең жазбай мен енді басылмаймын.
Изенді жақ шың, құзды терең келер,
Шөмәйкені еске алсам елеңдер ем.
Уылдырығын шашқан соң шатқал тасқа,
Ойнағанын бұлт сынды өлең дер ем.
Су астында көптігі – бұлт жүргендей,
Балықшыға бұл ырзық құт жүргендей.
Аулайтындар келгендер әр ауылдан,
Шағалалар шаңқылдар көк тілердей.
Өзгеше бұл құбылыс білгендерге,
Беймәлім-ді ауылда жүрген бізге.
Шөмәйкелер тек қана
Изендіде,
Ойнайды екен осылай бір мезгілде.
Балық-балық, бұл жердің мұнайы бар,
Жер үстінде көмірдің сыңайы бар.
Кең қолтығын мал жайлап, газ атқылап,
Өркендесін өр өлкем лайымда, – деген жыр жолдарынан анық байқай аламыз.
Жоғарыда айтып өткен Изендінің жанындағы Шулыған шыңы да талай тарих пен оқиғаны омырауына жасырып жатыр. Теңіз кемеріне келіп, арнасына толып тұрған тұста Шулыған шыңы судың ортасында еңсе тіктеп тұрады екен. Бұл біздің естуіміздегі бергі уақыттарда болған оқиға дейді. Бірақ, бұл шың ел аузындағы Арал теңізінің бірнеше рет тартылып, қайта қалпына келгеніне де куәгер дейді. Себебі, теңіздің шалқыған кезеңінен бұрын да Шулыған шыңы дәл қазіргідей еспе құмның ортасында, сайын даланың төсіндей төбесін көкке шаншып тұрғаны жайлы да ел ішінде жиі айтылады.

Бірі Шулыған шыңының басында құс базары болған екен деседі. Мүмкін базар, мүмкін құстардың көп жиналатын тұсы шығар. Әйтеуір, осы жердегі құстардың шулаған дауысына байланысты осылай аталған дейді.
Ал мына бір дерек те «шулаған» сөзі аясында өрбігенімен, алдымызға жаңа бір тың ақпарат тартады. Айналасы шалқыған теңіз, жағаға ұрғантолқыны ақ көбік шашқан уақыттарда Шулығанның тік жартасы «ажал жұтқан» аумаққа айналған екен. Аралдың айдынында алаңсыз жүзген кеме әлгі баршамыз білетін “Титаник” алып кемесі секілді Шулығанға соғылып, адамдары аман қалмайды. Сол сәтте суға кетіп жатқан адамдардың шуына байланысты “Шулыған” деп атапты.
Шулыған атауы төңірегінде алыпқашпа әңгімелердің бірі төмендегіше көрініс табады. Жалпы, қазақтың көптеген жер-су атаулары аңыздарға байланысты қойылып жатады емес пе? Бұл тұста та да осыған ұқсас аңыз бар. Ерте заманда қыз бен жігіт шыңның басынан құлапты делінеді. Міне, сол қыздың дауысы әлі күнге дейін Шулығанның маңынан естіледі екен. Кім білсін? Бәлкім, рас та болар. Неде болса тарихы терең елміз ғой.
Құланды ауылына бара қалсаңыз, тағы бір кеңес беремін. Адамның қолынан келмейтін керемет дүниенің куәсі болуды армандап жүрген болсаңыз, табиғат-ананың тамашасына бөленуге үлкен мүмкіндік туады. Жазық даланың төрінен көптеген киіз үйлерге кезігіп, бірақ ішіне кіре алмай қайтасыз.

Иә, біздің айтқанымыз–шалғайдағы ауылдың шағын ғана тарихы. Табиғаты бай түбекте әңгімемізден тыс қалған әлі талай тылсымға толы мекендер бар.
Амангүл Абуева,
Құланды ауылы
Құланды ауылы