Сіз бұл шөптің емдік қасиетін білдіңіз бе?

Ментол парфюмерия, косметика, кондитер, тамақ өнеркәсібінде, тіс ұнтағы мен пастасын жасауда қолданылады. Жүрек ауруына қарсы қолданылатын валидол дәрісі де осы ментолдан алынады. Бұл өсімдік маусым мен тамыз айларында гүлдейді. Жер-Ананың адамға берер сыйы мол ғой, шіркін! Бір ғана жалбыздың өзінің емдік қасиеті жүзден асып жығылады. Жалбызбен тұндырылған шәй жүрек ауруының барлық түріне, бүйрек ауруына, бауыр мен өт жолының қабынуына таптырмас ем. Бұл өсімдіктің ұнтағын сары маймен араластырып ішке қабылдаса демікпені басып, өкпе, тыныс жолдарын тазалайды. Сондай-ақ көп терлейтін адам жалбыз тұнбасын ішсе, оң әсер береді екен. Іштің кебуін басып, қуықтың қабынуын жазады. Бас ауруы жиі мазаласа, ыдысқа жалбыз жапырағын салып, үстіне қайнап тұрған су құйып, біраз уақыт тұндырғаннан кейін ішер болсаңыз мазаны кетірген аурудан айығып, ұйқыңыз тынышталады. Жалбызды тек ішке қабылдап қоймай, дене жарақатын емдеуде де пайдаланса болады. Терідегі жара ұзақ уақыт жазылмай, арты іріңдеуге соқтырып жатса жалбыз тұнбасын таңу арқылы емдеп алуға болады. Сондай-ақ антисептикалық қасиетке ие жалбыздың ішек жолдарын тазартуда айтарлықтай пайдасы көп. Ауыз қуысындағы зиянды бактериялардан да тұнбамен шаю арқылы арылуға болады. Өт айдауда, асқазан ауырғанда, жүрек айнығанда, ас қорытуда мәселе туындағанда пайдаланса, көп көмегі тиетінін айтады мамандар. Ауыз уылғанда, қызыл иек қабынып қанағанда, тіс ауырғанда, тамақ ауырғанда пайдасы зор. Сонымен бірге жалбыз косметологияда да қолданылады. Бұл шөптен жасалған бетке арналған маскалар құрғақ теріні ылғалдандырып, нәр береді. Бет теріңіз тым құрғақ болған жағдайда тұнбаны салқындатып бетіңізге қойсаңыз, нәтижесін бірден байқайсыз. Ал майлы тері үшін тұнба суымен сүртудің өзі жеткілікті. Адамзат тіршілігінде өсімдіктер дүниесінің маңызы өте айрықша. Мал бағумен ықылым заманнан айналысқан қазақ халқы шөптердің, жалпы өсімдіктердің емдік қасиеттерін ертеден білген. Сөйтіп, ел арасында ауруға шалдыққан адамдарды осындай дәрілік өсімдіктермен емдеу ілгеріден-ақ тараған. Дәрідәрмек жасау ісінде өсімдіктердің алатын рөлі аса зор.
К.МАХСҰТ