Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мұрағат саласының майталманы еді...

Мұрағат саласының майталманы еді...

Ыбыраш ағамыздың кір жуып, кіндік кескен, омырауын мамырдың майда желіне тосып, табанын тасқа тілдірген туған жері – Қамыстыбас теміржолшылар стансасы. Ол осында туып өсті. Ержетті, есейді.
Кейін ат жалын тартып мініп, жиырма жас жалын жастықта өзінің еңбек жолын Жақсықылыш қыстағындағы орта мектепте пионер вожатый болып бастаған. Сонан білім нәрімен тояттауды аңсаған жас жігіт ел асып, жер асып, асқар Алатаудың баурайындағы әсем шаһар Алматыға сапар шекті. Жолы болып оқуға қабылданды.
Сол тұста ұлан-байтақ Еуропаның талай таңғажайып кішігірім мемлекеттерінің бірнешеуі қойын-қолтығына емін-еркін сыйып кететін байтақ қазақ даласына түрен түсіп, тусыраған топырағына ту тігілген.
Осы кезеңде Ыбекең Алматы ауылшаруашылығы техникумын ойдағыдай бітіріп, туған ауылына қайта оралды. Сөйтіп, ұлттық банкте үйренуші есепші болып біраз еңбек етті. Мұнан кейін қабілетті жас аудандық комсомол комитетінің нұсқаушылығына жоғарылатылды. Комитет тапсырмасымен аудан жастарының арасында жиі болатын Ыбыраш ағамыз сірә да бұл жұмыстан бір күндері қол үземін деп ойламаған шығар. Комсомол комитетінен басқа жұмысқа ауысу ойында жоқ еді. Қайнаған қызу еңбек ортасындағы қыз-жігіттерге үйренісіп қалған.Жастықтың алау арманы, үкілі үміті бойын билеген, жүрегіне шоқ тастаған Ыбекең оларды көпке шейін қимай жүрді.
Ақыры болмады. Жасы үлкен жанашыр ағаларының сілтеуімен 1958 жылдың ақтүтек ақпан айында аудандық мұрағатқа жұмыс ауыстырды. Бұрын сырттай құлағы шалғаны болмаса, бұл мекеменің ішкі жұмыс жайын білмейді екен. Ертелі-кеш бөлмеге еріксіз қамалған кісідей ақ қағазды ақтарасың да жатасың.Әйтеуір алғашқы келген адамға таңсық жұмыс.Бума-бумасымен кәдімгідей еденде быттасып жатыр. Сонан ертелі-кеш шөмеле ішінен ине іздеген кісіше шұқшиясың.
Аудандық мұрағатқа 1917 жылдан бергі сан қилы дүниелер жинақталған екен. Әсіресе, Ыбыраш ағамызды сонау 1921 жылғы аласапыран аштықта Еділ бойындағы еңсесі түскен елге Арал балықшыларынан көмек сұраған Ленин хатына іспен жауап қайтарған алғашқы Арал Совдепінің төрағасы Төлеген Медетбаевтың қолтума хаты қатты қызықтырды. Бұл қымбат құжаттың аралдықтар үшін аса қастерлі екенін салғаннан аңғарды ол.
Жалпы, мұрағатта 30 мыңнан астам тұрақты құжат тіркелген. Ал оның үстіне жыл сайын 2-3 мың жаңа құжат қабылданады. Ендеше, оларды орайын тауып орналастыру аса ділгер шаруа. Оның үстіне әлгі баға жетпес қымбат құжаттардың талайы еден үстінде жылдар бойы шаңға бөгіп жатқанын қайтерсің. Мұны көрген Ыбекеңнің жүрегі қатты сыздады.
Ау, арпа ішінен сұрыпталып алынған бір түйір бидайдай құнды құжаттарды осынша аяқ асты еткенше, бұған арнайы текше жасап жинақтаған жөн болар. Адам жаны бұған қайтіп төзер. Сонан Ыбекең екі білекті сыбанып жіберіп қаладағы мекемелерге табанын тоздырып, әлденеше рет әке-көкелеп барып ақыры нешеме қабат текше соқтырды. Құжаттарды қайта ақтарып, төңкеріп, рет-ретімен жинастырды. Ол кездері 1986 жылға дейін Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының барлық құжаттары осы мұрағатта жинақталатын. Ал мұрағат үйі әрі тар, әрі ескі. Бұған лайықты ғимарат емес екендігі бірден көзге ұрып, көңілге қонбай-ақ тұрады. Аудан басшыларын жағалап көріп еді, сол кездері бұл мәселе жөнінде меселі қайтты.
– Сонда, –дейміз біз Ыбекеңе, – қандай құжат түрлері сақталады?
– Барлық колхоз, совхоздар мен мекемелердің құжаттары бар бізде. Оның ішінде халық санағы, депутаттардың, соттың, тағы басқа жерлердің құжаттарын қосыңыз бұған. Мұрағат – біле-білгенге жәдігер тарих орны боп саналады, – дейді ағамыз сөзін салмақтай шегелеп.
Біз білерде мұрағат жайлы Еуропада, Америкада құнды қазына ордасы іспеттес. Әттең, біздер әлі күнге жылдар бойы мысқалдап жинаған мұрамыздың қадір-қасиетін танып-білуге әлі орашолақтаумыз. Жөндеп көңіл бөлмейміз. Мұрағат құжаттары сары майдай сақтай білсең мәңгілік тарих.
Ыбыраш Махатов сол тұстары Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының алыс түкпірлерін талай рет аралады. Мақсаты белгілі. Арал қаласында қоныс тепкен ауданаралық мұрағат қорын құнды құжаттармен толықтыру. Сонда әр мекемеде инемен құдық қазғандай көзінің майын тауысып, тәулік бойы бума-бума қағаздарды аударыстырып жатқаны сол. Жинақталғанын сөмкесіне салып, дереу Аралға асығады. Осылай қырық жыл бойы мұрағат меңгерген Ы.Махатов өткен жылы облыстық дәрежедегі зейнеткер болып құрметті еңбек демалысына шықты.
– Мұрағат ісі – менің екінші ғұмырым, – дейді омырауында «Ерен еңбегі үшін», «Архив ісінің үздігі», «Жеңістің 50 жылдығы» медальдары жарқыраған Махатов ақсақал.
Қырық жыл... Сірә, бұл айтар ауызға оңай болар. Ал оның аржағында тәуліктер бойы қаққан қазықтай қалшиып сұп-суық мұрағат үйінде бума-бума сыры да, жыры да мол құжаттармен «сырласу» о кісі үшін жеңіл болмаған еді. Ағамыздың маңдайындағы әрбір әжім ізі соны аңғартқандай.
Құдай қосқан қосағы Қорғашова Роза апай екеуі үлгілі жанұя атанып, үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары оқу орнын бітірген мамандар. Үлкен ұлы Берік Алматыда құрылыс инженері қызметінде болған, қазір зейнетте. Тұрсын №64 мектепте, Шолпан №63 Ақбай мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, Бауыржан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Кенже ұлы Бақытжан подполковник, зейнеткер.
А. ҚАРЫМСАҚ
25 желтоқсан 2022 ж. 860 0