Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ынсап пен ықылас

Ынсап пен ықылас

«Қанағат қарын тойғызады» дейді қазақ. Әу, біз қанағат қамын ойлаудан әлдеқашан озып кеткен ұрпақпыз ғой. Біз адамзат баласына әркез керек, оның ұлық ұстанымы болатын осынау бір аяулы сезімді ұмытып кеткен жоқпыз ба?
Баяғыда ата-бабаларымыз «Қазақ байыса қатын алады» дейді екен. Шүкір, соңғы жылдары байыған үстіне байып келеміз. Қорамыз толы мал, қалтамыз толы ақша. Бірақ сол өзіміздің таңсығымыздан гөрі өзгенің қаңсығы көзімізді көбірек қызықтырады. Мінгеніміз жалт-жұлт еткен шетелдік жеңіл автокөлік. Ішкеніміз мыңнан бір дертке шипа қымыз, шұбат емес. Керісінше құдайдан бір, адамнан екі сұрап алған денсаулығымыздың соры – арақ пен әртүрлі зиянды сусындар. Баяғы "Қазақ байыса қатын алады" деген қағида айдалада қаңғырып қалды. Оң жақта отырып қалған қыздар мен қырық жастың қырқасына шықса да «жыламай тамақ ішпейтін» «қызылшақалар» көбейіп барады. Оның үстіне базарлы нарық «ақшаң болмаса адырам қаласың» деген ащы талап қойды. Айта берсек, тіршіліктің тоқсан түрлі толғауы бар. Сол толғаудың «гөй-гөйін» тоқсаныншы жылдары әйел-аналар мен қыз-келіншектер көбірек тартты. Осы тұста ғой еркектердің қазанға қарап, әйелдердің базар жағалап ала қаптарын арқалап арқыраған пойыздарға мініп-түсіп жүретіні.
Сол кездері елде жаппай жұмыссыздық жайлады. Айлап-жылдап ақша жүзін көрмеді. Сөйтіп ел айлығы мен шайлығының зарын барынша тартты. Сонан ба, тепсе темір үзетін жігіттеріміз бәріне қолын бір сілтеп, бала-шағадан гөрі бас қамын күйттеп, қазан-ошақтың қасында қалды. Еркектерден гөрі қыз-келіншектер көнбістік танытып, нарықтың «нар кескен» нәубетіне қаймықпай қарсы тұра білді. Сол үшін де әйел-аналарға мың да бір рақмет. Бұлар барға қанағат тұтты, жоққа көзін сатпады.
Ынсап дегеніміз қанағат, ықылас дегеніміз ниет қой. Бөрік кигендерден гөрі орамал тартқандардың ынсабы молырақ екенін сол жылдары көрдік. Әлі де көріп келеміз. Ықыластары да сол шамалас. Барды базарлайтын, жоққа сазармайтын кезең осы ынсап-қанағатымыз мол, ықыласымыз түзу, адал болсын, ағайын!
Т. Нұржан-Балта

Фото: tirshilik-tynysy.kz
04 қаңтар 2023 ж. 530 0