Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық құндылықты дәріптеген ақын

Ұлттық құндылықты дәріптеген ақын

Арал аймағы – өнер мен құт қонған киелі мекен. Бұл өңірде сонау бір кездері 16 Еңбек Ері өмірге келсе, Нұртуған, Нұр¬ма¬ғанбет, Жа¬ңа¬берген, Дәріқұл, Жап¬парберді сын¬ды от ауызды, орақ тіл¬ді шай-ыр¬¬лар мен Зейнолла Шү¬кіров, Әбді¬жә¬міл Нұрпейісов сынды ақын-жа-зу¬шылар мен қаншама өнер саңлақ¬тары туып-өсіп, өркен жайған.Солардың бірі – айтыстың ақтаңгері Бекұзақ Тәңірбергенов еді.Ол 1958 жылы Арал ауданының Октябрь ауылдық кеңесінде өнерлі отбасында жарық дүниеге келген. Жас шағынан әкесі Жақсанға еліктеп, домбыра тарту мен ән-жыр айтуды үйренеді. Сөйтіп жүріп, есейе келе өзі өлең шығарып, мектеп, ауыл сахналарында өнерімен таныла бастайды. Аудандағы түрлі өнер байқауларында жүлделі орынды еншілеп, өнер айдынына қадам басады. Көп ұзамай талантымен дараланған жас жігіт аудандық мәдениет үйіне қызметке қабылданып, өнердің қыр-сырына қанықты.
Бекұзақ Тәңірбергенов белгілі айтыс ақыны Әбілхан Махановтың назарына ілігіп, оның талантын мойындаған шәкірті әрі жақсы термеші де бола білді. Оның орындауындағы Кердері Әбубәкір, Тұрмағанбет, Нұртуғанның термелері еліміздің телеарналарында көрсетіліп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен бірге ел-жұрт сүйіп тыңдайтын «Асубұлақ аруы», «Шолпаным», «Аралым» секілді әндердің авторы.Осылайша суырыпсалма ақындығымен де ерекшеленген Бекұзақ көптің көзайымына айналды, ел қошеметіне бөленді.
"Жігітке жеті өнер де аз" дегендей, сонау 1987 жылы облыстық ақындар айтысына қатысса, 1988 жылы Алматыда өткен тұңғыш Наурыз мерекесіндегі республикалық ақындар және Жанқожа, Тама Есет батырлардың асында өткізілген ақындар айтысында жүлделі орындарға ие болды. Ал 1988 жылы Алматыда өткен республикалық телеайтыста бас жүлдені еншілеп, аймағымыздың мәртебесін асқақтатты.
Бекұзақ Тәңірбергеновтің туған жері – Аралға деген сағынышы мына өлеңінен айқын аңғарылады.
Ақ туын адалдықтың кірлеткем жоқ,
Ойымнан туған жерім бір кеткен жоқ,
Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқымның жүрегінен жыр кеткен жоқ,–деп жырлаған екі ауыз жалынды жыры бүкіл тыңдаушы көрерменнің жүрегін елжіретті. Бүгінде бұл жыр Арал халқының қанатты сөзіне айналды десек те болады.
Ол елімізге белгілі айтыскерлер мен ақын-жазушылар Махамбетқали Тұрсанов, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов, Асқар Кіребаев, Әнес Нарымбетов, Мешітбай Құттықов, Серік Сейітмағанбетов сынды және де басқа өлке тарихына өзіндік үлестерін қосқан өнер адамдарымен етене араласып, тығыз қарым-қатынаста болды.
Айтыскер ақынның осындай жеңіске жетуіне тумысынан дарыған талантымен бірге бабасы Нұртуған шайыр мен әкесі Жақсан жыраудыңтигізген ықпалы зор болды. Оның өлеңдері, терме-толғаулары 2001 жылы «Тұмар» баспасынан «Дүния, саған не дейін..?» деген атпен жинақ болып жарыққа шықты. Сонымен бірге ақынның екінші ғұмыры шәкірттерінің, ұрпағының арқасында жалғасын тауып келеді. Белгілі ақын Талғат Тілеулесовтің бастамасымен «Жыр ғұмыр» атты өлеңдер және естеліктер жинағы мен ән-термелері жазылған үнтаспасы, сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен «Аралдың табанынан су кеткенмен, Халқымның жүрегінен жыр кеткен жоқ» атты жыр жинағы жарық көрді.
Сонымен қатар ақын атын есте қалдыру мақсатында осыдан 20 жыл бұрын Арал қаласының кіреберісіндегі көшеге аты берілді. 2020 жылы туған ауылы Шижағада жаңадан бой көтерген мәдениет үйіне Бекұзақ Тәңірбергеновтің есімі беріліп, жас буынға өнеге боларлықтай игі іс атқарылды. Осындай тума талант иесінің мол мұрасын насихаттау, есімін ұлықтау бағытында облыстық ақындар айтысы, жыр кештері, басқа да іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұрады. Осындай бір іс-шара аясында мәдениет үйінде Бекұзақ Тәңірбергеновке арналған ескерткіш тақта да ашылды. Бұл шаралардың ұйымдастырылуына аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Аққұм ауылдық округі тұрғындары да үнемі атсалысып келеді.
Жаратылысынан ақындық пен жыршылық өнер бойына дарыған аса дарынды, өнерлі жан, дәстүрлі айтыс өнерінің танымал өкілі Бекұзақ Тәңірбергенов осыдан 21 жыл бұрын 14 маусымда ауыр сырқаттан бұл фәнимен қош айтысты. Артында жан жары Жаңагүл мен өмірінің жалғасындай болып ұлы Ұлықбек пен қыздары Гүлмира, Мөлдір қалды. "Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі" дегендей, бүгінде ұлы Ұлықбек аудандық, облыстық, республикалық мүшәйраларда жүлдегер атанып, әкенің арман-тілегін орындап жүрген талантты ақын.
Ал бауыры Айбек те әкеден дарыған текті өнердің шырақшысы атанып, алдыңғы буыннан үйренген өнердің қыр-сырын кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында еңбек етіп жүр.Республикаға танымал жырау, жыршы, бірнеше дастандар мен толғаулардың авторы, халықаралық, республикалық жыр додаларының жеңімпазы атанған Айбек Тәңірбергенов:
– Біз әкеден туған 14 ағайындымыз.Бауырларымының бәрі де өнерден құралақан емес. Ал олардың ішінде халықтың көзіне түскен алдымен Бекұзақ болатын. Ағамның жолымен мен де үлкен сахнада танылдым. Әр қазақтың үйіндегідей біздің үйдің төрінде де домбыра тұрушы еді. Ағам Бекұзақ пен ұстазым Сұрағанның тәлім-тәрбиесін көп алдым. Сол жандардың ықпалы болар, 1988 жылы ең алғаш рет облыста ұйымдастырылған комсомолдар айтысына қатыстым. Міне, менің өнермен сабақтасқан өмір жолым осылай басталған еді. Өнерге деген қадамыма сеп болған Бекұзақ бауырым – шоқ жұлдыздай жарқ етіп, өнер әлеміне шығып, бүгінде халықтың ұранына айналған сөздерді қалдырған біздің әулеттің ғана емес, тұтас бір елдің мақтанышы десем болар. Бүгінде Арал ауданында Бекұзақты еске алу шаралары жиі өтіп тұрады. Бекұзақ Тәңірбергенов атындағы дәстүрлі байқау өткізу де жүйелі түрде қолға алынуда, – деп еске алған еді бір сұхбатында..
Бүгінде Бекұзақ Жақсанұлын үлгі тұтып, өнеріне еліктеген шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде ұстаз есімін ұлықтап, жырын айтып, өнерін ел ішіне насихаттауда. Демек, өнер иесінің жыры уақыт өткен сайын жадымызда жаңғырып, ұрпақ ұлағатының бар екендігінің нағыз дәлелі бола бермек.
К. МАХСҰТ 
28 қаңтар 2023 ж. 431 0