Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мазар мансапқа тәуелді емес

Мазар мансапқа тәуелді емес

Байқап қарасаңыз, осы Аралдың өзінде алыстан менмұндалайтын биік мазарлар мен келбеті келісті кесенелер көп-ақ. Соған қарап, бізде де барын бейіт арқылы көрсеткісі келетін бәсекенің құрбандары көп пе деген ойда қаласың. Рас, фәни жалғанда жасаған ісі мен жүріп өткен өмір жолы арқылы өзгелерден дараланып тұратын жандар болған шығар. Алайда бай мен кедейді де, бүкір мен соқырды да көр теңестіреді емес пе? Сондықтан сынаққа толы өмірде адам боп өмір сүруден артық ештеңе жоқ шығар. Шынтуайтына келгенде, жердің бетіндегі биік мазарлардан астындағыларға түк пайда жоқ.
Хош... Диірмен тасындай дөңгеленген дүние бір орында тұрмайтынын ескерсек, әр адам өлмек үшін туылды. Демек өмір мен өлімнің арасындағы алшақтық бір тұтам ғана. Сол келте ғұмырда кім кесесі толғанша табыс пен мансапқа, байлық пен билікке жетеді, соның өмірі көпке үлгі боларлық болды. Жоқ, ол сондай абырой-атаққа біреудің жолын кесіп, ала жібін аттап немесе арын сатып жеткен шығар. Жоқ, ол айналасындағы пенделерге маңызды емес. Бастысы үлкен адам өмірден өтті. Болсаң сондай бол. Алайда оның ішінде нендей өкініш кетті? Оған ешкім мән беріп жатқан жоқ. Ынсапсыз байлық пен табысты кәсіпке ие болып қалған баласы «барды әкемнен аяймын ба» деп, байлықты оңды-солды шашады. Жұрт ас-садақаларда 200-500 теңге таратып жатса, бұл олардан асып түсіп адам басына 2000 немесе 5000-нан таратып жатады. Оның ойынша әкесі сондай құрметке лайық. Ойлап қараңызшы?! Осындай мақтанқұмарлықтың ақтық сапарға аттанып кетіп бара жатқан адамға қандай пайдасы бар? Егер сен тіріңде күнәні көп жасаған болсаң, жүрген жолыңда өзгенің көз жасына қалып, ақысын жеген болсаңыз ше? Артыңда қалған балаңның жасап жатқан әлгіндей әрекеті сізді неге жеткізеді? Тірісінде адамдар осы жағын ойлау керек сияқты.
Ұлы Абайдың өзі оныншы қара сөзінде: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан Құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың? Артымнан балам Құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім Құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған Құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?», – деді емес пе?! Ойланарлық сөз.
Жұртқа жағып, елге мақтанып істеген әлгіндей әрекеттердің марқұмға пайдасы жоқ. «Қазалы үйдің алдында азалы арыстан жатады» дегендей, мұндай жағдайда елге мақтанып есірген баланың ессіз әрекеті бұрындары қатаң сыналып, жөн-жоралғыдан аттап кеткен адам арнайы халық соты арқылы жазаға тартылған. Бай мен кедейдің арасындағы тепе-теңдік осылайша үстемдік құрып, ескінің жолы әркез ұранға һәм өмірлік ұстанымға айналған. Қазір жердің үстіндегі және астындағы адамға бірдей зәулім сарай салдырып, қолындағысын көрсетіп көсілетіндер көбейген. Ондағы бар ойы ел мақтасын, сүйсінсін дегені шығар. Алайда мұндай арзан атақ пен жалған абыройдың арғы өмірге барғанда еш көмектеспейтініне көз жеткізген абзал.
Әлемге әйгілі Apple компаниясының қожайыны Стив Джобас: «Орасан зор байлыққа кенелдім, бүкіл ел таныды. Әлемдегі теңдессіз компанияны басқардым. Сөйтіп қарасам, өмірдегі ең үлкен ақиқат – өлім екен. Өлімге қарай сапарға шығып бара жатыр екенбіз. Менің бүкіл жиған-тергенімнің қызметі – өлімге баруымды жылдамдатыпты. Басқа түк те емес екен», – депті өмірден өтерінің алдында. Расында біз ынсапсыз байлыққа кенеліп, өмірде нендей дәрежеге көтерілсек те, арғы өмірде жұмыр басты пенденің барлығы теңдей дәрежеде. Қайта байлыққа кенелмесе де, жұртқа қылған жақсылығы, өзгеге көрсеткен ізгі амалдарымен Алланың алдында өзгелерден бір саты жоғары болуы мүмкін. Сондықтан жалт-жұлт еткен алдамшы дүниеде жұрт мақтасын деп жарамсақтанбай, жұрт қатарлы кәде мен сыйды қанағат тұтсақ, ізгі амалдармен ізеті артқан пенделер қатарынан табылармыз. Бастысы, бұл өмірде тақ пен табыттың иесі болмайтынын ескерсек екен.
А. ҚАРАСАЙ
29 қаңтар 2023 ж. 611 0