Қазақ поэзиясының мәңгілік мұзарты

Мәңгілік тақырып саналған махаббаттан бөлек қайғы мен мұңды, қоғамның боямасыз болмысын сөзбей суреттей білген мұзбалақ ақынның жырларын оқырмандар назарына тарту етіп отырмыз.
Не жетпейді
– Не жетпейді?
Құлпырған маңайың гүл, –
Деп маған,
Ырза болмай, ағайын жүр.
Жаным барда, бойымда қаным барда,
Жырымнан жан ашуын алайын бір.
Бәрі де бар...
Басымда бәрі де бар.
Жан емеспін жарымжан дәріге зар.
Жетпейтіні – жүректің әні болар,
Бақыт, бақтың тарыдай дәні болар...
Қалғанының бәрі бар бір басымда,
Әлі талай жараймын қырды асуға.
Жетпейтіні – досым аз сырласуға,
Өмірім аз, жетпейді бір ғасырға.
Күрсінгенім болмаса анда-санда,
Көз жасымды қақым жоқ көл жасауға.
Аздығы да ғұмырдың алаңдатпас,
Міндетті емес ақындар көп жасауға.
Кім айыптап, сыртынан кім күледі,
Содан болар жырдың да жүнжігені.
Адам жырлап тұрғанда, заман жырлап,
Керегім де жоқ шығар кім біледі?!
Күрсінбеші
Тағдырыма тура келген серігім,
Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!
Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың.
Басқалардың барлығынан жерідім.
Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен,
Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.
Сен – жер болдың, нөсер болып төгілсем.
Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем.
Мен – түн болсам, сен – таң болдың жаңа атқан,
Мені – қола, сені – шойын жаратқан.
Мен – ашу да, сен – ақылсың нәрі аққан.
Сен – Адамсың, мен аждаһа зәр атқан.
Білемін ғой, білмейді деп жүрсің бе?
Түсінемін кеудеңдегі дүрсілге.
Оңашада, жұрт көзінен жасырып,
Күрсінбеші, жалынамын, күрсінбе!
Әлі екеуміз аттанамыз сан жылға,
Күрсінбеші, қуаныш көп алдыңда.
Күрсінбеші, жүрегімді тыңдашы,
Талай-талай кереметтер бар мұнда!..
Жасасаң қайыр, қарыз...
Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа,жарқыным!
Қарызғыпберсең, қажет те емесалтының.
Өгіз боп саған, өткерер менің жайым жоқ.
Өмірдің қалған тамтығын.
Ақ уыз берді, қарыз деп анам айтпады,
Мойнымда әлі, әкенің қарызы қайтпады.
Қарыз демей-ақ, қамқоршым болған дос қанша,
Қайтарар едім, қайтейін, мені байытпады...
Еліме мәңгі қарыздар едім қашаннан,
Өтермін қашан?
Кетермін қайда?
Қаша алман.
Қарыз деп айтпас, қайрымды мынау өмірге,
Қарыздар болып жасалғам.
Қарыз деп айтпа, жасасаң маған қайырым,
Қайтара алмаспын, белгісіз менің байырым...
Мен деген,жолдас, жарлының жалғыз тайымын,
Ағытып болмас айылын!..
Фото: besik.kz