Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғибратқа толы 80 жас

Ғибратқа толы 80 жас

Адамдарда кездесетін аса маңызды қасиеттерді мақсат тұтқан құрылыс ісінің жоғары білімді білгірі, аудан құрылысшылар ардагерлерінің төрағасы, жоғары санатты құрылыс бақылаушысы, қала, аудан көлеміндегі құрылыстарда қолтаңбасы қалған Ә.Молдағұлова және А.Шалманов көшелерінің көше комитетінің төрағасы, 80 жастың биігіне шыққан қазыналы қария, арда туған азамат Қуантқан Аташбаев жайында сөз сабақтасақ дейміз.
Кейіпкеріміз Қуантқан 1943 жылы 15 наурызда Арал ауданы, Ауан елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Аташбай Сағымбайұлы 1907 жылы Ауан елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Аташбай ата жастайынан зерек және қолөнеріне бейім болып ер-тоқым, жүген, үзеңгі, қамшыларды жасайтын шебер болған екен. Алты жасында ауылда мектепке барып, мұсылманша сауат ашады. 1942 жылы Нәжен Бадыраққызына үйленіп, отау құрады. 1938-1942 жылдар аралығында Шығанақ түбегіндегі балық қабылдау пунктінің меңгерушісі болып абыройлы еңбек еткен. Сағымбай атадан Алашбай, Аташбай, Жаппасбай, Қапарқожа туады. 1941 жылы соғыс басталғанда Жаппасбай мен Қапарқожа соғысқа аттанады. Жаппасбай Белоруссия майданында болып, жеңісті Польша жерінде қарсы алып, елге жарақатсыз оралады. Ал Қапарқожа 199-атқыштар полкінде соғысып, 1943 жылы ауыр жарақат алып елге оралады. Аташбай Сағымбайұлы 1942 жылы маусым айында Отан қорғау жолында соғысқа аттанады. Дәл осы кезде адал жары Нәжен анамыздың құрсағында 6-7 айлық бала болған екен. Соғысқа аттанар алдында "Нәжен, егер ұл бала босансаң, есімін Қуантқан қоярсың. Алла жазса, соғысты жеңіспен аяқтап, аман-есен оралып қуанармыз ба екен" деген ақ ниеттен шыққан сөзін аманат етіп қалдырған екен.
Астраханда екі ай әскери дайындықтан өтіп, Сталинград шайқасына жібереді. Көп ұзамай Аташбай атадан хат келеді. Бұл хат соңғы хабар болатын. Аташбай Сағымбайұлы 1943 жылы Сталинградты азат ету жолындағы қанды шайқаста ерлікпен қаза табады.1943 жылы наурыз айында Сағымбай ақсақал дүниеге келген нәрестенің есімін әке аманаты бойынша "Қуантқан" деп азан шақырып қояды. Дүниеге келген бауыр еттен жаралған, өмір жолын жалғастырушы баласының іңгалаған алғашқы үнін есіте алмай, аймалап әке мейірімін төге алмай ішінде кеткен әке арманы қандай өкінішті. Алланың үкіміне не шара?! Анасы Нәжен Бадыраққызы сол кезде небары 21 жаста екен, жесір қалған аяулы анаға да оңай болмағаны анық. Ана жылылығы, ана мейірімі дегендей, барлық тауқыметтің бәрін жеңу Нәжен ананың қолынан келді. Қалайда Қуантқанын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, балапандай баптап, жұмыртқадай шайқап, бетіне жел тигізбей перзентін үкілеп өсірді. Ер азаматтармен қатар еңбекке араласты. Ауан балықшы жұмысшылар кооперативінде кеңсе сыпырушысы, дүкен меңгерушісі болып 28 жыл мінсіз қызмет етті. Ошағы оттан түспеген, ағайын-туыс, жекжаттарды жақындастыра білген, елдің құрметті анасына айналған аяулы ана болған деседі. Өмірдің қиындығын жеңе білген елінің ардақ тұтқан Нәжен анамыз 1978 жылы дүниеден озды.
Анасының ақ сүтінен нәр алып есейген Қуантқан Аташбайұлы өзінің зеректігі мен алғырлығының арқасында еңбекке ерте араласты. 1960 жылы Ауан орта мектебін бітіріп, Нүкіс қаласындағы су шаруашылығы техникумын 1963 жылы бітірген. Ташкенттің жобалау институты филиалында инженер-жобалаушы болып қызмет атқарды. Әскери борышын Ақтау қаласында үш жыл құрылысшылар гарнизонында құрылыс шебері, кейін бастығы болып борышын өтеді.
Туған жерге оралысымен 1967 жылы аудандық халыққа қызмет көрсету комбинатында прораб, 1968 жылы Арал құрылыс басқармасында ПМК, Арал ауыл шаруашылық мекемесінде, Арал аудандық тұтынушылар кооперациясында, Арал кеме жөндеу зауытында прораб, аға инженер, 1990-2000 жылдар аралығында Аралавтокөлік мекеме директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қолға алған істі басқарып, тіршілігінің қайнар көзіне айналдыра білді. Өндірістен қол үзбей 1978 жылы Қазақ политехникалық институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірді.
Сөзі өтетін біреу хакім Абайдан «Жарысу деген не?» деп сұрапты. Сонда данышпан ашық есіктен көкжиекке көз жібере ойланып отырып «Жарысу –менен неге озады деп етектен тарту емес, менен неге озады деп өзін-өзі қамшылау, намысын жану» деп жауап беріпті. Данышпан атамыз айтқандай Қуантқан Аташбайұлы да өзін-өзі қамшылап, намысқа тырысып жарысудың тиімді жолын басшылыққа алып, іскерлік қабілетін дамыта білді. 2000-2006 жылдар аралығында халқымыздың тарихынан сыр шертіп, қаламызға сән беріп, сырттан келген қонақтарымызға мақтанышпен көрсете алатын «Қыз Жібек», «Әбілқайыр хан» аллеялары, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында салынған биіктігі 20 метрлік «Даңқ» алаңы, орталық алаңдағы «Рәміздер» алаңы, сонымен қатар «Халыққа қызмет көрсету» ғимараты, аудандық өкпе аурулары диспансері, «Арал» мейрамханасы, «Арал» қонақ үйі ғимараттарында қолтаңбасы қалды. Жоғары білімді, білгір құрылыс инженері, жоғары санатты құрылыс бақылаушысы және аудан әкімшілігінде штаттан тыс бақылаушы болып абыройлы қызмет атқарған. Қуантқан қаланың қай көшесімен жүрсе де, оның ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған қолтаңбасы менмұндалап тұрғаны анық.
Пайғамбарымыздың хадисінде «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі – ізгі әйел» деген екен. Сондай-ақ 1967 жылы Гүлдәрі Төлепбергенқызымен бас қосып, отау құрды. Гүлдәрі өнегелі өмір белестерінен тәлім алып, қазақ қыздарына тән қазақы салт-дәстүрлерді бойына сіңіре білген, ауданымыздағы медицина саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, жоғары санатты білімді, білікті, білгір инфекционист, терапевт, хирург болған дәрігер. Төрт перзентін дүниеге әкелген ізгі әйел-ана.
«Өмір дегеніміз – екі есікті үй екен, бірінен кіріп, кідірместен екінші есігінен шығып кетесің. Бар болғаны сол» деп бабаларымыз айтқандай, Гүлдәрі 1984 жылы небары 41 жасында ауыр науқастан дүниеден озды. Ардақты, аяулы ана, адал жар, қаншама адамға қуаныш сыйлаған, көптің құрметтісі бола білген Гүлдәрінің қазасы жұмыр басты пенденің бәрінің қабырғасын қайыстырғаны бар. Сол қимастарының бірі аралдықтардың гимніне айналған «Аралым – айдын шалқарым» атты өлеңнің авторы Әбілхан Маханов ағамыздың «Биік адам» (дәрігер Гүлдәріге) деген өлеңінде:
Күннің жылы шуағындай, сөзің шипа сырқатқа,
Жанған үміт шырағындай, жатқанда жан құрсауда.
Сіз бердіңіз ғазиз жанға теңдесі жоқ қуаныш,
Арайлап атқан әрбір таңда, айтам сізге мың алғыс.
Есімің де сізге лайық, аталыпты Гүлдәрі,
Бар дәріні не қылайын, әр лебізің –шын дәрі.
Құрметтейік асыл жанды, адамға өмір сыйлаған,
Есте сақтап мәңгі, көшкенімше дүниядан, – деп әділ баға берген екен. 2014 жылы Гүлдәрінің қайтыс болғанына 30 жыл толуына байланысты балалары анасына ас беріп, Құран бағыштатып, еске алғандары бар. «Жаратқанның пендесіне берген сыйы, оның артында қалған жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы» деп Шығыстың ұлы ойшылы Сағди айтқандай, Гүлдәрі Төлепбергенқызының артында өшпестей із қалдырған "үлкен жүректі адам жанының сақшысы" десе жарасады.
Енді Қуантқанның өзіне сөз берсек:
– Қазақ халқының біртуар ұлы Д.Қонаев: «Өмір деген осы бүгін бар, ертең жоқ. Сен кетті екен деп, өмір-өзен ағысын өзгертпейді» демекші, өмір, тіршілік бір орнында тұрмайтыны белгілі. Ол кезде баламның үлкені Нұрхан 16 жаста, кенжеміз Жаңабек 6 жаста. Осындайда бірге туған бауырыңның болғаны қандай жақсы. Інім Әзілхан, келінім Шолпан "папа, сізді жалғыз тастамаймыз" деп екеуі үйге көшіп келіп, үйге, балаларға ие болғандары бар. Тағдыр айдап Күлмаш досымның арқасында Шамшагүлмен таныстым. Бір көргеннен сабырлы, салмақты, өнегелі, тәрбиелі ортадан шыққаны белгілі болды. Бір-біріміздің мінез-құлқымызды байқап, үш-төрт айдай жүрдік. Сөйтіп бір-бірімізді ұнатып үйленуге шешім қабылдадық. Сонымен балаларымды, іні-қарындастарымды және келінім Шолпанды қатыстыра отырып, ойымды айттым. Барлығы да менің шешімімді мақұлдаған соң, оларға ризашылығымды білдірдім. Сөйтіп Шамшагүл Құлмағамбетқызына үйлендім. Шамшагүл өзіме де, балаларыма да жайлы болды. Балаларға өз анасындай қарап, жоғары білім алып беріп, үйлендіріп, бөлек отау тіктірді. Екеуінде де жар таңдауда маңдайлы болғаныма Аллаға мың да бір шүкіршілік етумен келемін. Алланың қалауымен 1986 жылы Әділбегіміз дүниеге келді. 1991 жылы Ақтоты атты қызды болдық, – деп ағынан жарылған Қуантқанның жан дүниесін айтпай-ақ түсінуге болады.
Аналар туралы қанша ардақтап жазсақ та артық етпейді. Ғұлама жазушы М.Әуезовтің тілімен айтқанда: «Қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі мейірбан әйел. Қазақ әйелі – бар бақытын некелі ердің талайынан күткен әлемдегі ең адал әйел. Ұлттың – ұйытқысы. Ұрпақтың – анасы. Солай болған, солай бола береді. Болмаса қисыны жоқ, неге десеңіз бұл әйелдің бойында сиқырлы, құдды өзгеше қасиеті бар. Оның аты – сұлулық. Жан сұлулығы, тән сұлулығы. Ол рас. Әлемдегі ең сұлу әйел қазақ әйелі» деп бағалаған. Осы теңеулердің барлығы Шамшагүлдің бойынан табылады. Отбасының ырысы мен ынтымағын жарастырған, ауызбіршіліктің ұйытқысы, ошағы оттан түспеген, барлық балаларына бірдей адалдықтың эталонындай болған келіндерінің тәлімгер ұстазы бола білген аяулы ана, әже десе жарасады.
«Бейнет пен зейнет қатар жүреді» дегендей, Қуантқан Аташбайұлы 2006 жылы құрметті демалысқа шықты. Зейнеткерлікке шықтым деп пештің қуысында қалған жоқ. Қоғамдық жұмысқа бел шеше араласты. Аудан құрылысшылар ардагерлерінің төрағасы ретінде жас құрылысшыларға өзінің мол тәжірибесін үйрете білді. Өзі тұратын Ә.Молдағұлова және А.Шалманов көшелерінің көше комитетінің төрағасы ретінде көшенің тазалығы, тәртібі, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларын білетін сол көшенің ағасы іспетті. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін, өтініштерін және ауданда жасалуға тиісті өзекті мәселелерді жоғары мінбеде басшыларға жеткізуден жалыққан емес. Оның нәтижелері де болғанын көше комитеті төрағаларының басшысы ретінде жақсы білемін. Қуантқанның адамгершілігі мен Алланың берген жайсаң мінез-құлқы, турашылдығы, ешкімнен жалтақтамай айтар сөзін айтуы, қарапайым адамдардың және даналық сөздерді тыңдай білуі, аға алдында пейілді, кіші алдында мейірімді болуы дос-жарандармен туған-туыстар арасындағы сыйластық, «мыңжылдық» деген қағиданы есте ұстауы Қуантқан ініміздің бойынан табылатынына тәнті боламыз.
Тағы да сөз кезегі Қуантқанда:
– Әкем туралы дерек іздеп, талай жерге хат жаздым. Ақыры, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай, оның Сталинград майданында қаза тапқаны туралы хабар алдым. «Боздақтар» кітабынанда таптым. Волгоград қаласынан 60 шақырым жердегі Вертячи селосында жерленгенін біліп, жолға шықтым. Вертячи селосының қақ ортасында «Бауырластар» зираты бар екен. Оның сыртын темір шарбақпен қоршапты. Ортасына 40 мәрмәр плита қойылған. Әр плитада жиырма адамның аты-жөні жазылған. Сол плитаның екінші қатарында «Сағынбаев Аташбай 1943 жылы Сталинград майданында қаза тапқан» деген жазу көзіме оттай басылды. Бұл жазуды оқығанда, бойымдағы толқыған сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Білетін Құран аяттарын зорға толқып оқып, іргесіне ауылдан анамның қабірінен алынған топырақты қойдым. Қасынан бір уыс топырақ алып, елге қайттым. Ес біліп, етек жиғалы осы бір істі мақсат тұтып жүр едім. Осылайша мен де әке алдындағы перзенттік парызымды өзімше орындап қайттым, –деген еді.
«Құс өліп, балапаны қалса, қияғы қалады. Ат өліп құлыны қалса, тұяғы қалады. Әке өліп бала қалса, мұраты қалады» деп даналарымыз айтқандай, Қуантқан да әке мұратын жалғастырған, тектілігінің тамыры терең, бұтағы бүтін, жапырағы жасыл.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Қазақ баласының басынан сипамаған» деген болатын. Бұл сөздің астарында тәрбиелік мәні жатыр. Өйткені «Басын сипау, ер баланы аяп мүсіркеу сезімін туғызады, бала үнемі төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ер баланы арқасынан қаққанда батылданады, жігерлендіреді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Ал, қыз баланы кететін бала ғой деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр талайы қалай болады?» деп басынан сипаған деген екен. Батыр бабамыз айтқандай, ұлдарының арқасынан қағып, қыздарының басынан сипап өсірген. Ұлдары ұялтқан жоқ, қыздары қызартқан жоқ. Әрқайсысы бір-бір отаудың иесі болып, тәуелсіз еліміздің тұғырын бекемдеп жүрген жарасымды жайсаң жандар екенін білеміз. Ұрпақтары бүгінде әр салада абыройлы еңбек етіп, өсіп-жетілген бір қауым елге айналды. Бүгінде Қуантқанның Гүлдәрі мен Шамшагүлден тараған 6 перзенті 6 шаңырақ құрып, 15 немере, 5 шөбересі, қаншама жекжат-туыстары бар.
"Жүгіріп шығар төбе көп, асу бермес, шың қиын, Қартайған шалдар елде көп, ақсақал-абыз болу тым қиын» демекші, 80 жастың биігіне шығып, айтары бар ақсақалға айналдың, Алла тағала сені абыздыққа жеткізсін дей отырып, Шамшагүл екеуіңе зор денсаулық, отбастарыңа амандық, көрінген ұрпақтарыңның қызығына тоймай, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпағыңа еге беріңдер деген тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
25 сәуір 2023 ж. 424 0