Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қалжалы әйелден – олжалы ұл

Қалжалы әйелден – олжалы ұл

Жалпы қазақ халқы ертеден жас босанған ананың күтіміне ерекше мән берген. Бала дүниеге келген сәттен ана мен баланы 40 күн бойына күтіміне алып, ауыр жұмыстарды, қажет болған жағдайда үй тірлігін де жасатпаған. Арнайылап қой сойып, жас еттен ыстық тағам жасап, қалжалаған. Кей кезде үлкен ағаларымыздың шаруаға әлі келмей жатса, құрдастары қалжыңдап: «Анаң қалжа жемеген бе?» деп айтып жатады. Шаруаны бітірген соң ағамыз жолдастарына: «Құдайға шүкір, анамыз қалжа жеген» деп, бір марқайып қалушы еді. Қазіргі таңда «қалжалау» дәстүрінің мән-мағынасын түсінетіндер де, дәстүрді ұстанар жандар да аз. Жалпы қалжалау туралы не білеміз? 40 күн күтінудің қандай пайдасы бар?
Қалжалау – ата-бабадан келе жатқан салт. Оның өзіндік сыры, бөлек қыры бар, жөн-жоралғысы бөлек. Бойына біткен баланы 62 тамырын идіріп, аман-есен дүниеге алып келу оңай емес. Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, толғатқан ананың буын-буыны босап, әлсірейді. Ойы мен көңілін үрей басады. Бала дүниеге келген соң да 40 күн бойы өмір мен өлім арасында болады. Сондықтан барынша ықыласпен көмектесіп, көңіл бөлген абзал. Ол – барлық ене мен күйеуге арналған үлкен жауапкершілік. Қалжаның күнделікті астан айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналған. Екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын қой еті.
Ал қалжа жегізу қалай жүзеге асқан? Алдымен, жаңа сойылған қойдың етінен ұсақтап турап сорпа дайындалған. Оны енелер келіндеріне ішкізіп, терлеткен. Қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің тісін тигізбей, қолымен мүжіткен. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатайғанша керегенің басына іліп қоятын болған. Ол баланың мойны тез қатайсын деген ырымға саяды.
Жалпы келінге қалжа жегізу – үлкен міндет. Өйткені, қалжаланған әйелдің сүті нәрлі әрі жеткілікті болады. Өзінің де кетірген күш-қуатын қалпына келтіруге көмектеседі. Жас бала да тез ет алып өседі. Тіпті, ертеректе қалжа жеген әйелге «ындыны жарыған» деп айтатын болған. Ондай әйел өмірде тапшылық көрмей, басқалармен санаспай өмір сүреді деп сенген. Керісінше, қалжаны жемеген немесе аз жеген аналар 1 баладан артық бала сүйе алмайды деп қорыққан. Кейбір балалардың тамаққа сұғанақтығын көрсе, «шешесі қалжаға тоймаған» деп қағытып отыратын болған.
Имамдардың сөзіне сүйенсек, қалжа жегізу – сауапты іс саналған. «Кедейдің кедейі де әйеліне қалжа жегізген» деп айтатыны осы себептен болса керек. Егер ер адамның қалжа жегізуге шамасы келмесе, ауқатты жандар қалжалаған. Осылайша, сауапты істен құр қалғысы келмеген. Айта кететін тағы бір жайт, егер қыз бала дүниеге келсе 1 қой, ер бала дүниеге келсе 2 қой сойылатын болған.
Жазушы Зейнеп Ахметова өзінің «Күретамыр» кітабында қалжа туралы: «Кейбір өңірлерде қалжаны келіннің төркіндері әкелген. Сол секілді ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. «Қалжасы үзілмесін» деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені, бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланысты болған. Бүкіл мүше-мүшесі салдырап жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді. Кездейсоқ кезігетін түрлі ауру-сырқауға қарсылық қуаты артады, сүті нәрленіп, құнарланып балаға жұғымды әсерін береді. Сәби күн санап ет алып, ширай түседі. Әйелдің денесіндегі ұйыған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады» делінген.
Міне, осындай маңызды дәстүрімізді жалғастыру, оны қайта жаңғырту біздің қолымызда. Ырымшыл халқымыз «қалжасы жарасқан әйелден – қанжардай ұл өседі» деп, жас келінін барынша күтіп, 40 күн қалжалаған. Сіздің де балаңыз қажырлы болсын десеңіз, келініңізге арналған ақсарбасыңыз дайын болсын.
ӘЛНИЯЗИНА
24 сәуір 2023 ж. 408 0