Өмірі мен өнері өнегелі ұстаз еді...
Арал ауданына қарасты Қызылжар ауылы таланттар мен дарындылардың мекені екенін көпшілік мойындап та қойған. Шетінен сөзшең әрі өнегелі өнер иелерінің бағындырған белестері де жетіп артылады. Өнер саласынан бөлек ұстаздықтың шыңына шыққан дарабоздардың да легі аз емес. Аталмыш ауылдан жабы емес тұлпар, құладын емес сұңқар азаматтар табыла кетеді. Тек тектілікті де ту етіп жүрген ақсақалдар, ақ үрпек жасқа келген қариялар ауылдың алтыннан құнды қазыналары. Бейнетінің зейнетін көріп, шөберенің шүлдірлегеніне қызыққыш қариялардың жастық шағында жалынды болғанын білген кезіңде ішіңді бір жылылық жібітеді. Себебі тарих кім үшін де таңсықтығымен қызық. Естен кетпейтін есімдердің тізіміне ауыл тұрғындарының жартысынан көбін тізіп қоюға болушы еді. Бірақ бұл ауылда біртуарлар да сүттен шыққан қаймақтай болып іріктеліп келеді. Сол ауылдың бетке ұстайтын азаматтарының бірегейі болған шежіреші, ұстаз, марқұм Сайлау Абабүкіров хақында сыр тарқатқанды жөн көрдік.
Арал ауданына қарасты ауылда зейнеткерлікке ұстаздықпен шыққан Сайлау Абабүкіров те осы елдің марғасқа азаматтарының асылы еді. Елдің сыйлы ұстазы ел ағасына айналып, ақсақалдықтың ғажап үлгісін көрсетті.
Ғұмырында өнермен де, өлеңмен де өрнек өрген жанның өмірдерегіне үңілсеңіз де тәнті боласыз. Сайлау Абабүкіров 1952 жылы қаңтар айының 5 жұлдызы күні Қызылорда облысы, Арал ауданы, Райым ауылдық кеңесінің Қызылжар ауылындағы қарапайым зейнеткер шаруа Абабүкір Елдесовтің отбасында дүниеге келген. Білім баспалдағын 1958-1959 оқу жылында №81 Қызылжар 8 жылдық мектебінің бірінші сыныбына оқуға барып, сегізінші сыныбын 1965-1966 оқу жылында бітіріп шығады. Осы кезде білімін үзіп алмай жалғастыра береді. 1966-1967 оқу жылында Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебінің 9 сыныбында оқып жүріп, ауданның домбырашылар оркестрі құрамында мектеп оқушыларының облыстық байқауына қатысады. Арал ауданы бойынша облыстық домбырашылар оркестрі құрамына шақырылған 12 баланың бірі болып, республикалық оқушылар фестивалінде өнер көрсетті. 1967-1968 оқу жылында сол кездегі өмір қиындықтарына байланысты оқуын Арал аудандық сырттан оқу орта мектебінен 1969 жылы бітіріп шығады.
Еңбекке ерте араласқандықтан және Арал тұрғындарының ата кәсібіне кішкене кезінен-ақ епті болған жас жігіт 1968 жылы Райым балық ұжымшарына балықшы болып орналасып, еңбек жолын бастайды. Балықты азық еткен халыққа бұл сала қиын да емес еді. Бірақ балық саласында ұзақ жүрмейді.
Сол аралықта 1970 жылы Қазалы қаласындағы дене тәрбиесі мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық арнаулы білім беретін курста білім алады. Білімін жетілдіріп алған жас маман 1971 жылы аталмыш оқуды бітіріп шығады. Содан соң 1971 жылы Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінен мұғалім болып қызмет атқарып жүрді. Ұстаздыққа қадам басқан шақтан бері түрлі саланы өмірлік азық ете жүріп, рухани байлығын толықтырып отырады. Алғаш қызмет еткен ұжымда ұзақ тұрақтамай, 1973 жылы №81 Қызылжар орта мектебіне дене тәрбиесі мұғалімі болып ауысып, Қызылжар ауылында қызмет атқарады. Зейінді шәкірттер тәрбиелеген ұстаз зейнет жасына жеткенше абыройлы еңбек етіп, осы мерзім ішінде туған ауылының, туған жерінің мәдениеті мен спорт жұмыстарының өркендеуі үшін еш аянбаған. Бүгінгі күннің өзінде де «спорт» дей қалсаң ауыл тұрғындарының есіне осы С.Абабүкіров түседі.
Ұстаздың ең мықты қаруы ол – өнері. Сегіз қырлы жігіт Сегіз серіден бастап, Арал жырауларының көпшілік біле бермейтін ерекше терме дастандарын жатқа айтып отырады. Қыл қаламының сиясы да бір кепкен кезі болмаған. Шежіреден де шер тарқатып, тарихи шындық үшін зерттеуші де бола білді. Есімі естіге аян ердің еңбегін ел ескеруде. Өнер саласында көптеген аудандық көркемөнерпаздар байқауына, ауыл көркемөнерпаздарына, мектеп көркемөнерпаздарына жетекші ретінде қатысып, жүлделі орындарды да бірнеше дүркін қанжығасына байлаған. Осы жұмысы нәтижесінде облыстық, аудандық мәдениет бөлімінің, аудандық халыққа білім беру бөлімдерінің бірнеше мәрте мақтау грамоталарымен марапатталды.
Дене тәрбиесі мен спорт саласы бойынша көптеген жетістікке жетіп, тәрбиелеген шәкірттері аймақтық, ауандық спорт жарыстарында үнемі жүлделі орындардан көрініп келді. Жас ұрпақты тәрбиелеуде жеткен жетістіктері үшін аудандық, облыстық білім бөлімдерінің бірнеше реттік марапаттарын ауыл мұғалімі тынымсыз еңбегінің арқасында олжалады.
Салауатты өмір салтын құру, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берумен қатар сауықтыру, шынықтыру мақсатында «Қазақтың ұлттық ойындары» мен көнеріп келе жатқан ұлттық құндылықтар туралы зерттеу жүргізген.
Өз заманындағы тарихи тұлға, Шектінің биі, қол бастар сардары болған Сырлыбай би мен оның ұрпақтары туралы 1993 жылдан бері зерттеп, шағын кітап етіп бастырып шығарды. Сырлыбайдың қызы «Қыз Жібек» туралы зерттеулері аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарық көрді.
Ол жұбайы Рысты Оспанова екеуі жеті бала өсіріп, немере мен шөбере тәрбиелей алған бақытты ата.
1971 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі аралықта 34 жыл үзіліссіз ұстаздық еткен арда азаматтың еңбегі бүгінде ел аузында әлі айтылып жүр.
Сайлау – бірінші санатты ұстаз. Бұл атақты 2007 жылы 27 сәуірде қорғап шыққан. Қай мұғалімнің болсын ең бірінші еңбегі ол жетістіктерімен көрінеді. Біз де С.Абабүкіровтің алған асуларына шеру жасағанды жөн көрдік. Ең бірінші – Бөген ауылы. Сыр бойы мектептерінің аймақтық спартакиадасында, Шөмішкөл ауылы, Ү.Жүсіпов атындағы аймақтық спартакиадасында, Қазалы қаласы, Ж.Пірімбетов атындағы футбол турнирінде, Аманөткел ауылы, Б.Маханбетжанов атындағы аймақтық спартакиадаларында ІІ орынды иеленген. Оған қоса Арал қаласында өткен жеңіл атлетика жарысында ІІІ орын, Ә.Әбдікәрімов атындағы аймақтық спартакиадада ІІ орын, аймақтық футбол жарысында 8-сынып бойынша І орын, 6-сынып бойынша ІІ орын алса, аймақтық футбол жарысында 9-сынып бойынша І орын, ал 10 сынып бойынша ІІ орынды оқушылары еншілеген. Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі. 40 жылдық еңбек өтілімінде тізе берсең таусылмайтын жетістіктері жетерлік.
Тағы да атап өтейік, Арал қаласында өткен футболдан финалдық кездесу бойынша 9-сыныбы І орын, Сыр мектептерінің аймақтық спартакиадасында І орын, Арал қаласында өткен тоғызқұмалақ жарысында ІІІ орын, Шөмішкөл ауылында өткізілген Ж.Анапьяев атындағы аймақтық спартакиадада ІІ орын, А.Есмұрзаев атындағы облыстық футбол турнирінде ІІІ орын, Қарашалаң ауылында аймақтық тоғызқұмалақ жарысында І орынды шәкірттері жеңіп алған болатын. Барлығы дерлік осы ұстаздың тәрбиелеген оғландары.
Ұстаздың шәкірттері осы салада әлі күнге дейін тер төгіп жүр. Еркін күрестің шебері Едіге Маханбетов және Қайрат Қожанов, Жомарт Дінахметов, Гүлнұр Ібірашова, Дастан Кадиров, Жаңабек Юсупов, Ғалымжан Манасов, Алмасбек Жәлелов, Абай Сайлауов сынды шәкірттері спорт биіктерінен төбе көрсетуде. Дене тәрбиесінің мұғалімі болып қызмет жасап жүргендер де бар.
«Сайлау ағай» деп мақтан тұтатын спорт саласындағы шәкірттері бүгінде үлкен жетістіктерге де жетіп үлгерген. Қызылжар ауылында мектепке қарасты спорт нысандарынан бөлек арнайы жаттығатын күрес, бокс залдары мүлде жоқ. Жастардың бос уақыттарын өткізу үшін мектептің спорт залы ғана кей көңілдерге сәл жұбаныш. Соған қарамастан ауыл жастары өзге ауылдардан көш кері қалып қойған емес. Керісінше, өз ұпайларын еселеп жүр. Әсіресе футбол ойынында. Бұның бәрі спортқа деген көзқарастың дұрыс қалыптасуында болса керек.
Спорт саласынан бөлек, ғылыми жұмысы үшін тәрбиелеген шәкірті Арал қаласында «Сырлыбай би және оның ұрпақтары» ғылыми жобасын қорғап, І орынды жеңіп алды. Жемісті жобаға жетекшілік еткен осы С.Абабүкіров.
Қажырлы еңбек қашанда мадақтаусыз қалмайтыны белгілі. Нақтырақ тоқталып өтсек, ардагер ұстаздың алған алғыстары да ұшан-теңіз. Солардың бірі – Арал аудандық мәдениет бөлімінің және Арал аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталары. Арал аудандық білім бөлімінің дипломы, Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағы комитетінің Құрмет грамотасы, Арал аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамотасы, Қызылорда облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының Алғыс хаты. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының Құрмет грамотасы. «Самұрық ИИДО» қоғамдық қорының Алғыс хаты, тағы сол сияқты көптеген жетістіктерді жіпке тізе беруге болады.
Биік белестері жайында құба жондатқаннан гөрі ұстаздың заманы бір замандастарының пікірлеріне де құлақ түрдік. Жарасқан Әбдірашев атындағы мелекеттік сыйлықтың иегері, белгілі журналист, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаевтың мынадай бір өлеңі бар.
Алдына жан салмайды жүгіргенмен,
Зерттеп тарихтың сырын көрген.
Жаутаң көз соңындағы жас ұрпаққа,
Қырық жыл Қызылжарда білім берген.
Асса да 65-тен анда-санда,
Денесін шынықтырып, дүбірге ерген, – деп келетін шайырдың ұстазға арналған арнауы кейіпкеріміздің керемет кейпін ашып тұрғандай.
Сонымен қатар №81 орта мектебінің директоры Бағила Есенбаеваның «Сыр сандығыма үңіл сен» атты жинағына енген бір әдемі өлеңі бар.
– Ұжымыңда дарасың,
Сүйе білген саласын.
Спорт залың өзіңе,
Дәл тапқандай жарасым. – деп жырлапты. Алдыңғы буын ақын апаларына қарап өскен ауылдың жасөспірімдері де бақытты. Ағасына жыр арнаған қарындасы бүгінде мектеп мерейін әлдеқайда биікке көтеріп тастаған. Бірлігі бар елдің тірлігі тынымсыз алға басары сөзсіз.
№81 орта мектебінің мұғалімі Жақсыбай Мусаевтың ардагер ұстаз жайында жазылған мақаласы қолымызға түсті. Сонда өзінің әріптесі жайында тарқатып жазып, ұлағатты ұстазды жақсы таныстырған.
– Спорт десе қаны қызбайтын бірде-бір жан жоқ. Оның үстіне ат сейісіндей баптап, үкілеген шәкірттерің үсті-үстіне жүлде алып келсе, қай ұстаздың да, қай жаттықтырушының да мерейі үстем болатыны анық. Сондай жандардың бірі – №81 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сайлау Абабүкіров. Бүгінде оны Арал ауданының жұртшылығы кеңінен таниды. С.Абабүкіров осы кезге дейін талай шәкірттерді шыдамдылыққа баулыған бапкер.
Әрі ағамыз ізденімпаз ұстаз еді. Оның қай істе де болсын ерінбейтіні әріптестерін қайран қалдырады. Ол туралы мектеп директорының орынбасары болған Айгүл Тойбазарова «Сайлау ағайдың тындырымды істеріне ризамыз. Сабақ жоспарын бір күнде жібермейді. «Мынау сол кісінің сабақ жоспарлары», – деп қалың-қалың дәптерлерді ризашылықпен көрсетті.
Ауылдастары Сайлауды шежіреші дейді. Оның да жөні бар. Сырлыбай аталығы, Қыз Жібектің кім екені туралы зерттеу мақалалары талай газет-журналдарда жарық көрді. «Әу» деп ән салатын да өнері бар. Әртүрлі мақаммен домбырасын шертіп, баянын тартып, термелеткенде тыңдаған жұрт бір сүйсініп қалды. Қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген жігіті осы Сайлаудай-ақ болар. Оның үстіне бұған ағаштан түйін түйген ұсталығын қосыңыз, – дейді Ж.Мусаев.
Осы сұлу сөзден асқан қандай суреттеу керек. Ж.Мусаев інілік лебізін лағыл сөздерімен білдіргенін оқып, бір марқайып қалдық. Ұлағатты ғұмырында ұстанған ұстанымы айқын ардагер ұстаз атана білген Сайлау Абабүкіров қашанда ел мақтанышы. Артыма білім қалсын деп, зейнетке шықса да қолынан қаламын тастамаған ұстаз есімі елімен бірге жасай бермек. Ата жолын қуып жүрген жастардың бағыты айқын болғандықтан еш адаспас. Арда ғұмырында ақсақал болған Сайлау Абабүкіровтің бар болмыс, келбеті осы. Елім деген ерді ерінбей айтудан біз де жалықпаймыз. Оған қоса оның ақын немересі Айдар Сайлауовтың «Ата» атты өлеңі де оны ел есіне сап тұрады.
Атасының бал сөзін тыңдап алып,
Түрен салған секілді тыңнан анық.
Ішімдегі балақай, ата-ау саған,
Еркелейді, аунақшып, құмға барып.
«Айналайын» деуіңді доғармайсың,
Сөзіңменен көңілім толардай шын.
Еркелете бермеші өмір мені,
Сен бәрібір атамдай бола алмайсың.
Өзің ғой, дегдар, дара, жігерлі ерім,
Сырттың сырын, ішің-ақ білер дедің.
Ата-ау, сенің тәрбиең жібермейді,
Жүгенсіз шапқыласа жүгермегің.
Дүниенің тартып ап дүрмегін ой,
Жүрегінің іліп ап ілмегін ой.
Менің атам, дәрігер, ауырған жоқ,
Кемпіріне еркелеп жүргені ғой.
Мойымаған едің шын дауылға сұм,
Күтеді, ағайының, ауылдасың.
Ішімдегі балақай жылап жатыр,
Әже-ау, айтшы, атаға, ауырмасын!
Шаттық еді атамның шаңырағы,
Сәби көңіл соны іздеп сабылады.
Жыл өтсе де жүрегі жылап жатқан,
Жүрегім, ата-ау, сені сағынады, – дейді ақсақалдың немересі.
Желдей жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай. Арамызда жүрген жақсы адам өмірден өтіп кетсе де, көңілден ешқашан өшпек емес. Оның артында ұстамы жақсы ұрпақ, қабырғаны қайыстырған қимастық пен Алатаудай сағыныш қалады. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты жанның өмірден озғаны қабырғамызды қайыстырды. О бастан өлмек айқын. Бұл фәниде темір өзекті пенде жоқ. Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген ақсақалды өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны. Қызылжар ауылында, ақсақалдың қарашаңырағында жылдық асы берілмек. «Құдай» деп өткен азаматтың құдайы асы қабыл болсын!
А. ӘДІЛЖАНҰЛЫ
Фото: bilimainasy.kz