«Біз шаншар» салты туралы білесіз бе?
Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай ел. Бұл халқымыздың мәдениетті, тәрбиелі ел екендігінің айғағы. «Ұлт дәстүрі – заңнан биік» демекші, салтын ұлықтаған ел – мықты әрі тұғыры биік ел. Қазақ елі ертеден өз ұрпақтарына ғасырдан-ғасырға өсиет еткен ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, орынды жөн-жосықпен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп жеткізген. Ұлттық тәлім, салт-сана сабағы адамгершілік тәрбиесінің аса сенімді әрі ғажайып жол екенін көрсетті. Олай болса, әдет-ғұрыпты – қазақ халқының мызғымас заңы деп қабылдаған жөн. Ендеше сол салттың бірі – біз шаншар туралы айта өтсек.
Жақында пойызға екі әжемен бірге мініп қалмасым бар ма?! Жол қысқарсын деп өзара әңгіме айта бастады. Сонда әңгімеден әңгіме шығып бірі: «қазір біздің уақытымыздағы «біз шаншар» салтын қайтадан дәстүрге енгізсек болар еді. Сонда «оң жақта отырған қыздар» азаяр еді» дегенін құлағым шалды. Шамалыдан соң әңгімелерін қойып, шайға отырған сәтте жаймен ғана «біз шаншар» салты туралы сұрағаным бар.
«Қыздар балиғат жасына толып, оңы мен солын таныған кезде өмірлік жарын кездестіріп, оған тұрмысқа шығуы, отбасынан жыраққа кетуі – табиғат заңдылығы. Біздің жас кезімізде қазіргі жастар секілді қыз-жігіт болып жүру, қол ұстасып қыдыру деген мүлдем болмайтын. Олай еркін жүру, біріншіден өзіңе, кейін ата-анаңа, әулетіңе, ол аз десең ауыл-аймағыңа сын-етін. Сондықтан біздің сол кезде қатарымыздағы құрбыларым, көп әжелерің осы салт арқылы тұрмысқа шыққан. Жігіттер де бұл салттан аттап, сүйген қызын ата-анасының, өзінің рұқсатынсыз алып қашуға бата алмаған.
Біз шаншар – қызы бар үйге жасалатын үлкен құрметімен де танымал. Назданып, бойын түзеп келе жатқан, балиғат жасына жеткен қызы бар шаңыраққа тосыннан бірнеше салт атты қонақ келеді де, осы рәсімді жасайды. Еліміз өте қонақжай халық қой. Босағасын аттаған кез келген кісіге арнайылап мал сойып, қонақ етеді, қанша уақыт жатса да баптап, күтеді, ерекше көңіл бөліп, сый көрсетеді. Қонақ өз несібесіндегі асын жеп, қымыз-қымыранын ішіп, әңгіме-дүкен құрады. Өзінің елін, жерін таныстырып, әулетінен хабардар етеді. Жақыннан танысады, жайланып жайғасады. Және жай отырмай үйдегі бойжеткен қыздың ісін бағып отырады. Оның көрегенділігін, сыпайылығы мен қонақ күтуін бағалайды. Келген қонақтың да ұзақтап, қонып қалуын үй иесі жақсыға ырымдайды. Көңілі жайланған қонақтар қайтар сәттерінде үйдегі жайланған орындарына немесе төсенішке біз қадап кететін болған. Онысы «таныстығымыз туыстыққа ұлассын, Құдай қосқан мың жылдық құда болайық» деген ниеті еді. Бүкіл әулеттің абыройын арқалап келген, ақ ниетін білдірген қонақтың көңілін түсінген үй иесі қамданып, қазақтың ары қарайғы салт-дәстүріне қамдана бастайды» деді әженің бірі.
Еліміздің өткеніне тереңінен бойласақ, тарихына көз жүгіртсек осындай көптеген тағылымды дәстүрлермен таныса түсеміз. Дана халқымыздың өзі жасаған осы әдет-ғұрыптарды, жөн-жосықты біліп, оны үйрену және қарапайым өмірде қолдану – ағайынды адастырмас сара жол. Қарап отырсақ, қазақтың қаншама қызықты, біз естімеген дәстүрлері бар. Қазіргі таңда шынымен де қыз-жігіт болып жүрген жастарға құдалықтың басын осылай бастауға мүмкіндік берсе, қандай жарасымды болар еді деймін. Тіпті, қазір көп еститін «оң жақта отырған қыздардың» санын азайтуға да мүмкіндігі болар ма еді, кім білсін?! Ең қызығы, халқымыздың әрбір дәстүр-салтын білген сайын, «шіркін, неткен жақсы салт еді» деп таңдай қағатынымыз өтірік емес.
Г. ӘЛНИЯЗИНА