Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жүрегі алтын аралдық

Жүрегі алтын аралдық

Әлқисса, адамзат баласының жеткен жетістігі болсын, жиған дүниесі, тіпті еткен еңбегінің жемісі басқалармен бөліскенде ғана тәтті болатынын қазақ халқы әлімсақтан білген. Әр адам ең болмаса күніне бір рет түймедей жақсылық жасаса, әлем де нұрлана түсері хақ. Біздер басқаға қалай пайдалы бола аламыз? Қолыңда болса дәулетіңмен бөліс, жетім-жесірге қарайлас, мүгедек жанның қолын ұзарт, мүмкіндік бер! Дәулетің өзіңнен артылмаса ақылыңмен көмектес, сырқат жанның, жарымжанның көңілін сұра, ең болмаса біреудің бетіне шынайы жымия қарап, жан жылуын сыйла. Бір амал қыл да, адамдардың жүрегіне қуаныш ұялат! Ол әрқайсымыздың қолымыздан келеді. Бірақ өкінішке орай бұл сөзді терең түсіну баршамызға мүмкін болмай келеді.
Сондықтанда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ұстанымды жүзеге асыратын «Алтын жүрек» премиясы дәстүрлі марапатқа айналып үлгерді. Ұлттық премиясы меценаттар қатарының көбейіп, елімізде игі істердің қарқын алуына түрткі болып келеді. Міне, ауданымыздың азаматшасы, қолы ашық, жүрегі жомарт, жүрегі алтын жан биыл дәл осы марапат төрінен көрінді.
Анығырақ айтсақ, 35 жыл бойы ұлағатты кәсіп ұстаздықтан қол үзбеген білім саласының біліктісі, қайырымдылық дейтін асыл қасиетті жанына серік еткен Бақытгүл Елюбаева қоғамдық-ұлттық «Алтын жүрек» премиясын иеленді.
Республикалық қайырымдылық қоры ұйымдастырған шара Алматы қаласында өтіп, қоғамдық ұлттық номинация салтанатты түрде табыс етілді. Бақытгүл Кәрімқызы:
– Қазақта «оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді ғой. Сол себепті қайырымдылықпен айналысып келе жатқанымды барынша жасырын ұстаймын. Шындығына келгенде, басы-қасында жүрген азаматтар болмаса, менің осындай шарада бой көрсетіп жүргенімді ешкім білмейді десем де болады. Бірақ соңғы 15 жылда расымен мектептегі балаларға қайырымдылық жасап, оқу құралдарымен, өзге де қажеттіліктерімен қамтамасыз етіп жүрдім. Мұнан бөлек аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларға да азық-түлікпен де, ақшалай да қамқорлық жасап келдім. Міне, осының өтеуі болар, «Алтын жүрек» премиясы бұйырды. Бұл марапатқа облыс көлемінде 3 адам ұсынылса, ауданнан тек мен ғана алдым, – дейді.
Иә, марапат төріндегі Бақытгүл Елюбаева қызметте де табысты болған жан. 2018 жылы «Ұстаз – білім шырағы» атты республикалық байқауының жеңімпазы болса, «Білім жолы – нұрлы жол» топтама жинағына үздік мақала үшін 1 дәрежелі дипломмен марапатталған. Астана қаласының Білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Арал ауданы әкімінің Алғыс хатымен, Алматы қаласы республикалық ғылыми-әдістемелік «Білім әлемі» журналына үздік мақала жариялағаны үшін арнайы дипломмен, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен, одан бөлек 35 жылдық еңбек өтілі уақытында көптеген марапаттарға ие болған ол «Активные методы обучения на уроках русского языка» атты әдістемелік кітаптың авторы.
Тағы бір айта кетер нәрсе, ұстаздықтан бөлек шығармашылықтан да алыс емес жан. «Тарихымды танысам деп жыр жазам» атты аймақтық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдесі мен «Ұлы даланың Ұлы тұлғасы» Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай өткізілген жазба ақындар мүшәйрасында І орынды жеңіп алуы соның анық дәлелі.
Мемлекеттік қызметте ерекше еңбегі үшін «Мейірім», «Ұлағатты ұстаз», қоғамға айрықша еңбегі үшін Қазақстан Республикасының құрметті азаматы төсбелгілерімен қатар Қазақстан Республикасының "100 жаңа есіміне" енген кейіпкеріміздің жетістігі жайлы айтып тауыса алмаймыз.
Қазақта «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген терең мағыналы тәмсіл бар. Ендеше жүрегі алтын жанның алдағы уақытта жақсы жаңалықтарын бөлісіп отырамыз деп сенейік.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
03 маусым 2023 ж. 391 0