Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақы қасиеттеріміз бен әдет-ғұрпымыздан ажырамайық

Қазақы қасиеттеріміз бен әдет-ғұрпымыздан ажырамайық

Өткен-кеткенімізді және бүгінгі тұрмыс-тіршілігімізді еске алып, ойланып бір көрейікші...
ххх
Қазақ халқы қашанда ар-ұятты ту етіп көтерген, өзіне де өзгеге де мейірімі төгілген, үлкенді аға, кішіні іні тұтатын парасатты, иманды, барды қанағат ететін салихалы, тәлімді, тәрбиешіл ұлт болған ғой. Бір-біріне жүрек түкпіріндегісін жайып салатын ашықтығы, барын дастарханы мен қонағының алдына тосатын дархандығы, көңілі түскенге жалғыз тоқтысын сойып тастайтын жомарттығы, аталы сөз айтқанға астындағы атын түсіп беретін мәрттігі тағы бар. Рас па, рас. Оны бәріміз білеміз.
Ертеректігіні былай қойғанда, күні кешегі екінші дүние жүзілік соғыс кезінде ата мекендерінен зорлап көшірілген шешендер мен қарашайлардың, түріктер мен күрттердің, кәрістер мен қалмақтардың бірде бірін жатсынбай, нанының жартысын бөліп беріп, үйінің төріне шығарды емес пе?!
Одан кейін лек-легімен келген тың игеруші түрлі ұлттар Қазақстанды өз үйлеріндей еркін сезінді. Оларға табысты жұмыс, жайлы пәтер, лауазымды қызметтер берілсе де, бұл қалай деп іштарлық көрсетіп, күйінген қазақ болған жоқ. «Ел аман жұрт тыныш болса, болды. О, жаратқан осы бергеніңе шүкіршілік» деп өзінің қоңторғай тірлігіне тәубе етті. Бұл да қазақтың пейілінің кеңдігінен шығар. «Көңіл сыйса бәрі сыяды» деп текке айтпаған ғой.
Халқымыз бойына дарыған, өзіне ғана тән жақсы қасиеттерінен айырылғысы келмеді. «Жаным арымның садақасы» деп ар-ұяттан аттамады. Асыл қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа дарып, жарасымды жалғасып келе жатқандай еді. Бірақ, жолынан жаңылды. Қазіргі қазақтарды қаймағы бұзылмаған сол қалпында деп айта алмас едік. «Қазақылық тек ауылдық жерлерде ғана сақталған» дейтінбіз сонау бір жылдары. Олай деуге себеп те бар болатын. Ал қала қазақтары қаптап кеткен орыстармен, басқа да орыс тілді ұлттармен араласып, орысша оқып, олардың әдет-ғұрыптары мен тірлік-тіршіліктерін өзімізге тән әсіреқызылдық пен еліктегіштігіміздің арқасында қабылдап алып, шалақазақтана бастадық. Туған-туыс, дос-жарандардан оқшаулану, сөз көтермеу, кекшілдік, ұлттық салт-дәстүрлерге шекеден қарау, ұлттық намыстың тапталуы белең алды. Қала халқының бауырмалдығы, өзгеге сенімі жоғала бастады. Ұрлық, бұзақылық, мейірімсіздік, имансыздық етек жайды. Адамдар қатыгездене түсті. Шала қазақтар көбейді. Қаладағы қазақ мектептерде үзіліс кезінде оқушылардың орысша сөйлесіп жүргенін де көрдік. Бұл жәйттер негізінен қала қазақтарына тән еді.
Иә, бұрынырақ солай болған. Ал қазір ше? Қазір қала мен ауыл тұрғындары арасындағы айырмашылық жойылды десе болады. Жойылып қана қоған жоқ. Ауылдағы ағайындар қалалықтарыңнан да асып түсті ме деп қаласың, Бүгінде ауыл адамдарының да бір-біріне деген сенімі азайған. Олар қазір бұрынғыдай ашық-шашық отырмайды. Айдаладағылар да қымтанады.
Бірде бір ауылда болғанда шаруа қожалығы басшысы мен малшысының айтысының үстінен түстік. Сөйтсек, малшы басшысының өрісі кең, жайылымы шүйгін шалғайдағы бір жайлауға көшіп баруға келіспей отыр екен. Айтатын сылтауы-жалғыз үй отыра алмайды. Ұры-қары қарақщылардан қорқады. Шындығында бүгінде жапандағы жалғыз-жарым малшы ғана емес, үлкен ауылдағы адамдардың да сескенетін жәйттары көп. Ұры-қары ұрлап қана кетпейді, байлап тастап, тартып та алудан тайынбайтын болған жоқ па?
Ертеректе ауыл қазақтары есіктеріне құлып салу дегенді білмейтін. Не тіреп, не байлап кетсе, басқаға сенбегендіктен емес, үйде адамның жоқ екендігін білдіру ғана болатын. Бала кезімізде өз көзімізбен көргенбіз. Өзіміз де үйде адам жоқта ойынға кететін болсақ, бірдеңемен тірей салатынбыз. Ал, қазір шаңқай түсте де есігімізді іліп аламыз. Бұрынғыдай есік алдына ыдыс-аяқ, құрал-саймандарын қалдыра салмайды. Көзің тайса, сыпырып кетеді. Самаурын, тағы басқа темір-терсектерді сондайларды қабылдайтын жерден табасың.
Ауылдық жерлерде қасқарайған соң, жалғыз-жарым жүрудің қауіпті болғаны қашшан. Тонап не соққыға жығып кетеді. Қорғанысз адамдарды тонаушылар-жастар. Сонда бұл олардың бойынан адамгершіліктің жойылғанын көрсетпей ме. Әрине, бәрінің емес. Осындайлардан сақтану үшін ауыл адамдары бейсауыт жүрмейтін болды. Ауласын да, есігін де, қорасын да бекітіп, құлыптап ұстауға мәжбүр.
Сонау бір жылдары жоқ-жұқа адамдарға, үйі өртеніп далада қалғандарға, мемлекет малын жоғалтып, басына іс түскендерге ауыл адамдары қолма-қол көмек көрсетіп, асар жасап, жылу жинап қатерден аман алып қалушы еді. Қазір бұл қасиеттерден де айрылдық. Өзгеге жанашырлық, басқаның қасіретін сезіну, қиын жағдайға қалғандарға қол ұшын беруді ұмыттық. Тіпті, қиналғандарға қарызға да ақша бермейді. Әркім өз жайын ғана күйттейді. Осылайша қазақы мінез, қасиеттерден алыстап барамыз.
Қазір әсіресе жастар үлкендер мен әйел затын сыйлауды қойды. Иә, әйелдерден де, оның ішінде жас қыз-келіншектерден иба азайып барады. Аталарының атын атамау, қайнылары мен қайны-сіңілілеріне жарасымды жанама ат қою, үлкендерге иіліп сәлем беру, жасы үлкеннің жолын кесіп өтпеу сияқты ізеттілік былай тұрсын, ескерту жасасаң оқты көзімен атып, дауыс көтере кетуі, қарсы кездесе қалса, жол берудің орнына тайраңдап қағып кете жаздайтыны қаншама. Кейбір ауыл әйелдерінің карта ойнап, арақ ішетін, жас қыздардың мас болып, темекі тартатыны масқара. Қалада бұған көз үйренген. Болашақ ұрпақты тәрбиелейтін аналардың түрі осындай.
Осыларға ақыл айтып, жөнге салуға ұйытқы болады деген қарттарымыз өздері олармен бірге ішіп-жеп, секеңдеп билеп, «ойын» ойнап жүр. Жастармен жағаласып (65-85-тегілер) орын бермей, жұмыс істеп жүргендер кейбір мекемелерде қаншама. Қоғамдық ұйымдарды да тізігіндеп алған. Бұл олардың жүретін жері ме? Жоқ. Жұмыс істеп те қарық қылмайды. Барады, келеді. Еңбекке деген ынта, қабілеттері төмендеп, бойларын енжарлық билейді. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Содан да тек жеке шаруаларымен айналысып жүреді. Бұлар сырт көздің мазағы болып жүргендерін біле ме екен. Бұл әдемі қартаюға жатпайды. Ерсі қылықтар. Әдемі қартаю дегеніміз, «жасарын жасап, асарын асағаннан» зейнеткерлікке шыққаннан кейін қызметтерін ізбасарларына табыстап, ағайын-туыстарының ортасында болып, жас ұрпақтарын тәрбиелеу. Аталы сөздерін айтып, жөн сілтеп, қазақы әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрмізді жеткізіп, ұрпақ сабақтасығына дәнекер болуы. Ондай кісілік келбетімен қошеметке бөленіп жүрген азаматтар баршылық.
Шәйіне қататын сүті жоқ болса да, қант-шәйін де, басқасын да көршілерінен ала салатын. Күнде азанмен аман-саулық сұрасатын. Не деген ыстық ықылас. Ал, бүгінде көршілер арасында ондай алыс-беріс, бір-бірін өзімсіну, аралас-құралас болу деген ұмтыла бастаған. Әркім өз қара басының қамын жеп, күйкі тірліктің жетегіне ерген.
Еңбек дегенннен шығады, неміс ғалымы Карл Маркспен бірігіп атақты «Капиталды» жазған Фридрих Энгельс «Адамды адам еткен-еңбек» деп тұжырым жасаған еді. Мәніне терең үңілсек, өте дұрыс қағида екеніне көзің анық жетеді. Тіпті, адам бойындағы асыл қасиеттер де осы адал еңбектен туындайтын сияқты. Мінез де. Өйткені, өзінің айлық жалақы алып отырған міндетті жұмысын беріле, жан-тәнімен алаңсыз атқаратын адамдар мен жұмысына ықылассыз, енжар қарап, шала-шарпы істейтін, жұмыс уақытының көп бөлігін жеке пайдасына жұмсайтын, еш жерде жарытып жұмыс істемеген адамдардың мінез-қылықтарында көп айырмашылық бар екені аңғарылған зерттеушілерге. Бірінші топтағылар көркем мінезді, жайсаң, парасатты, байсалды, қарапайым, қанағатшыл, азаматтығы, адамгершілігі мол, екінші топтағылар дөрекі, парықсыздау, мақтаншақ, өркөкірек, менмен, екіжүзділеу, сатқындыққа бейімдеу, сұрампаз, атаққұмар болып келеді екен. Мұндай адамдар әр ортада, әр ұжымда бар. Кейбір мекемелерде ауызбіршілік пен еңбек өнімділігінің төмен болуы осындай кереғарлықтан.
Міне, осынау қасиетті еңбектің де қадірін қашырып алдық. Еңбек етуге құлықсызбыз.Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп ақша тапқымыз келеді. Жұмыс болса болғаны, болмаса үйде жатамыз. Іздемейміз. Сондай-ақ өмір бойы тұрақты жұмыс істеген адамнан әр жұмыстың басын бір шалып, өмірінің ширегін үйде жатып өткізгендер бағаланатын болды ғой қазір. Өте өкінішті. Еңбекпен бірге адамдардың да бойынан қадір-қасиеттер кете бастады біртіндеп. Фридрих Энгельстің «Адамды адам еткен еңбек» деген тұжырымының астарында «Сені адам ететін де, адами қасиеттерді бойыңа сіңіретін де еңбек» деген ұғым жатқанын білдік бір сөзбен айтқанда.
Қазір көптеген адамдар жұмыстың ең оңай жолын тауып алған. Еркегіміз де, әйеліміз де, кемпір-шал, қыз-қырқын, жігіттеріміз де базарда сауда жасап нәпақа тауып жүр. Әрине, күнкөрістің қамы. Кіналамаймыз. Бірақ, әркім өз орнында жүрсе деген ой ғой біздікі.
Сол жұмыстың жоқтығынан, өзара шуақты қатынастың болмауынан көптеген адамдардың өзінен басқаға сенімі жоғалып, қатігез, оспадар, мейірімсіз болып барады. Бұған теледидардағы атыс-шабыс, үрейлі фильмдер мен сайқымазақ, күлегештердің оспадарсыз скечтерінің де әсері бар шығар. Біз еліктегіш халықпыз деп, сол мінезімізді мақтан тұтып, жат қылықтарды тез қабылдай қоятынымыз онша жақсылық емес.
Әлеуметтік желіде көрсетіп жатқан кейбір қазақтардың тойларын қараңыздар. Жаның түршігеді. Асабалары өңкей сайқымазақтар. Ауыздарына не келсе соны айтады. Бұған сол той иелерінің де кінәлары бар. Себебі, асабаларды дұрыс таңдай білулері керек. Оларға тойдың тәртібі туралы алдын ала ескертулері қажет. Мейрамханадағы қазақтың тойларынан шаршап шығасың. Талай ұлттың тойларын көріп жүрміз, ең дөрекі өтетін той қазақтікі. Амал не, қынжыласың да қоясың. Жалпы, біз той мәдениетін өнегелі қалыпқа түсіргеніміз абзал.
Жә, әуелгі қаузаған мәселемізге көшейік. «Көрші ақысы-қиын» дейді халқымыз. Қазір көршілердің де қарым-қатынасы сатулы. Сонау бір жылдары кейбір үйлердің дастархандарында ас-аухаттың тапшылығы білінбей жатушы еді.
Бүгінде рухани өсуіміз де тежеліп, кері кетіп бара жатқандай. Оны көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар көріп, біліп ой тоқып жүрген де шығар. Тым майдаланып барамыз. Жоғарыда айтқандарымыз да сол ішкі рухани дүниеміздің маңызының төмендеуінен туындаған. Ал, рухани жүдеушілік-адамды адамгершіліктен ада етуге апаратын төте жол. Адамгершілік адам бойындағы ең жақсы қасиет. Басқа қасиеттер осы қасиеттен тарайды. Әттең, арамызда адамгершілігін жоғалтып алғандар қаншама...
...Қала қазақтарының да, ауыл қазақтарының да тұрмыс-тіршілігін бұрынғыдай бір қалыпты етіп жатқан сияқты көрінуі мүмкін. Жайбарақат. Себебі, бүгінгі көрініс оқиғаларына көздері де, еттері де үйренген. Өмір осылай өте береді деп ойлайды. Бірақ көп нәрсені-кейбір керемет қазақы әдет-ғұрыпты ұмытып, жақсы қасиеттерінен айрыла бастағандарын естеріне алмайды. Еске енді түсіріп жатырмыз. Осыған да шүкір. Айтпақшы, рухымыз, намысымыз, ар-ұятымыз қай деңгейде екен?
Осының бәріне заман кінәлі демей, әркім кінәні өз бойынан іздеп, одан арылуға тырыса, құба-құп. Заманға аудара салу, ол ақталудың амалы ғана. Қоғамдық формация өзгергенмен, адам өзгерген жоқ. Тек пейіл-ниетімізді өзгертіп алдық. Өзіміз. Енді оны қалпына келтіру де өз қолымызда. Егерде осы бағытпен әрі қарай кете берсек, дүбәралықтың, мәңгүрттіктің ауылы алыс емес. Оның белгілері де көріне бастады Бұл қауіпті. Ұлтымызға сын. Сол сындарлы сәттен сүрінбей өтіп, өшкенімізді жандырсақ, қандай ғанибет болар еді.
Қазақ деген ұлы халықтың өзіне тән қайсарлығы да бар еді ғой. Осы асыл қасиеттеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды жігерлілік танытып, қайта оралтсақ, қазақ өнегелі де үлгілі халыққа айналатыны сөзсіз. Өзіміз де. Кезінде солай болғанбыз да. «Ештен кеш жақсы».
ххх
Өткен-кеткенімізді және бүгінгі тұрмыс- тіршілігімізді көз алдымыздан өткізіп, ойланып бір көрейікші, ағайын!
Шымкентбай Жылмағанбетов,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
P.S. Қазақтың ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрпы, өмір салттары туралы тәуелсіз басылымдарда сыни мақалалар жариялағанмын. Бүгінгі тақырыптағы қарапайым мақаламды өзімнің 13 жасымнан серігім әрі сырласым болған (қай жерде жүрсем де) «Толқын» газетіне жолдап отырмын. Оқырмандарға рахметім шексіз.
24 маусым 2023 ж. 291 0