Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сәбиді аңсаған, сынақтан шаршаған...

Сәбиді аңсаған, сынақтан шаршаған...

Менің Әсем жеңешем. Әсем десе әсем. Алла оған көркем етіп мінезді де, жомарт жүректі де, кең пейілді де берген. Мен оны әлі күнге дейін сағынамын. Кейде онымен тілдескім келеді. Бірақ қазір қайда жүргенін де білмеймін. Сіздерге түсінікті болу үшін әңгімемді әріден бастайын.
Мен оқуымның 3 курсында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тәжірибе алмасу үшін Алматы қаласындағы ірі оқу орнында оқуымды жалғастыратын болдым. Бұрыннан Алматы деген алып шаһарда оқымағаным үшін іштей өкініп жүретінмін. Сонда оқитын құрбыларым қаланың сұлулығын айтқанда қызығушы едім. Магистратураны сонда оқимын деп өзімше алдыма мақсат қойғам. Міне, оқу орнындағы бағдарлама менің сол арманымды орындауыма септігін тигізді. 3 курстың алғашқы семестрін Алматыда оқитын болдым. Бір жағынан қуандым, бір жағынан қорықтым. Қуанышым белгілі. Қорқынышым – мұнда жаныма жақын туысымның болмауы. Анамның алыс туыстары бар болатын. Ол кісілерді мен сырттай ғана білетінмін. Менің 4-5 жастағы кезімде біздің ауылда тұрып, кейін Алматыға көшкен. Солардың Талап деген балалары қала орталығында әйелі екеуі ғана тұрады деді. Анам інісімен сөйлесіп, мені пойыздан күтіп алып, үйіне апарып, кейін жатақханаға орналастыратын болып келісіпті. Ағам өте бауырмал адам екендігін білемін. Ауылға қыдырып келгенде үйде қонақ болған. Бәрімізге Алматының базарлығы деп сыйлық әкеліп, бір қуантып тастаған. Жүйткіген пойыз әп-сәтте маған арман болған қалаға да келіп аялдады. Айтқандай-ақ мені Талап ағам күтіп алды. Маңдайымнан сүйіп, айналып-толғанып жүр. Қобалжыған жүрегім жайлылық тапқандай болды. Жүктерімді көтеріп машинасына сала жүріп ауыл-елдің амандығын, жаңалығын сұрап, екеуміздің арамызда ағалы-қарындасты жылы қарым-қатынас орнап кетті.
Тап-таза тас жолмен зулап келеміз. Шынымен де қала сұлу, көркем. Кептелісі болмаса алыстан мұнартқан таудың көрінісі, биік, майыса ырғалған ағаштар, зәулім ғимараттар, қайнаған тіршілік, ерсілі-қарсылы ағылған көліктер, сан ұлттың өкілдерімен ұшырасу бәрі керемет! Ағамның көлігі жаңадан салынған көп қабатты үйдің алдына келіп тоқтады.
– Ал қарындасым, біз осы үйдің бірінші қабатында тұрамыз. Үйде жеңгең күтіп отыр. Анау есіктің сол жағындағы түймешеден 16 санын басып, қоңырау жіберсең есік ашылады, – деп жөн сілтеді де, өзі жүктерді реттестіремін деп тыста қалды. Мен ұяла-ұяла үй қоңырауын бастым. Есік «шылдыр» етіп ашыла кетті.
Мұнтаздай таза подъезге енгенімде оң жағымдағы есіктің кілті бұралған дыбыс естілді. Сонда қарай бағыт алдым. Мені жайдары жүзді толықша келген, ұзын бойлы әдемі келіншек күтіп алды. Бұл менің Әсем жеңгем. Екеуміздің таныстығымыз осылай басталды. Ас үйде дастарқанды жайнатып, неше түрлі тәтті тағамдар дайындап қойыпты. Мені күткені осы ілтипатынан-ақ байқалып тұр. Таныстық орнап, бірге отырып ас іштік. Жеңгем ашық мінезді. Маған өзін бір шәйдің басында-ақ толық таныстырып тастады. Өзі Семейдің қызы, ата-анасының сүт кенжесі екен. Жақында анасы өмірден өткен. Осыны айтып көзінің жасын сығып алды. Қарт әкесі Алматыда әпкесінің қолында. Өзінен үлкен екі әпкесі, бір ағасы бар екен. Бір әпкесі Түркияда тұрады. Бір байқағаным, бауырларының бәрі кәсіппен айналысады. Жеңгемнің де Алматыдағы ірі сауда орындарының бірінде сауда нүктесі бар. Аға құрылыспен айналысады. Бізбен шәй ішіп болған соң ағам жұмысына кетті. Жеңгем екеуміз оңаша қалдық. Дастарқан басын жинауға көмектесіп, мен де жеңгеме өзім туралы, ауылдағы туыстар туралы айтып жүрмін.
– Негізі кеше ағаң сені үйге алып келемін дегенде мен қыз бала болған соң ағаңа келісім бердім. Былай мен оңтүстіктің адамдарын жақтырмаймын, – деді.
Мен мұны естіп қысылып қалдым. Ішім біртүрлі күй кешіп, алай-дүлей болды. Сонымды байқады ма жеңгем: «маған енем көп ақырет берді», – деп сөзін жалғады.
Оңаша үйде тек екеуміз енді емін-еркін әңгіме-дүкен құруға кірістік. Жеңге маған төсек-жабдық ұсынып, бір бөлмені дайындап берді.
– Келін болып түскен күнімнен бастап енеме бір жақпадым, – деді ол тағы. Мен ол кезде ене мен келіннің қарым-қатынасынан бейхабармын. Үндемедім. Сонда да ол себебін білмейтін енесінің суық қарым-қатынасы туралы маған айтып, өкпе-ренішін жеткізді.
– Мені ағаңнан ажыратқысы келеді, – деді
– Неге? – дедім мен аңтарыла.
– Өйткені мен бала тумайды екенмін, – деген жеңгемнің көзінен жасы парлай кетті. Осы сөзді естігенде жаным ашыды жеңгеме. Себебін сұрауға батпадым.
– Ағаңмен шаңырақ көтергеніме 7 жыл болды. Мен әлі бала көтере алмай жүрмін. Ішпеген дәрім, қаралмаған дәрігер, емшім, жасамаған ырымым қалмады. Шетелде де емделдім. Бірақ бәрі нәтижесіз. Ағаңның да, менің де денсаулығымыз жақсы. Аллаға құлшылық етіп бес уақыт намазымызды үзбей, дұғамызды жасап, жұмыр басты пенденің қолынан келер әрекетті жасап жүрміз. Бірақ болмай жатыр, – деген Әсем жеңгем өзінің ең ауыр мұңын да маған жайып салды.
Сол күннен бастап мен оның сырласы, көмекшісі, тіпті қасындағы қызындай болып кеттім. Оқуыма орналасып, жатақханадан орын алуға құжат дайындап жүргенмін. Жеңгем:
– Нәзок, жатақхананы қайтесің, біздің үйде тұра берсеңші. Үй алыс демесең, тура сенің универіңнің алдына дейін баратын автобус осы жерден жүреді, – деп қиылды. Жеңешемнің қиыла сөйлеп тұрғанын көріп, мен оның көңілін жыққым келмеді. Таңертең ертемен тұрып, 3 сағат уақытымды кептелісте өткізіп әрең дегенде жететін болсам да, аға-жеңгемнің қасында қаламын деп шештім.
Күз айы. Алматының құбылмалы ауа райы аяқ асты нөсерлетіп сала береді. Сол сәтте күн шақшия шыға келеді. Жеңгем мені қыдыртып, қаланың көркем жерлерін көрсетті. Сауда орындарына апарып алмаймын дегенімді тыңдамай үстіме киімдер әперді. Арасында «южандардың бәрі жаман деген менің көзқарасымды сен қыз өзгерттің. Мен енді оңтүстіктің екі адамын жақсы көремін, бірі ағаң, бірі сен» деп қояды. Ол кезде біз телефонға тәуелді емеспіз, әлеуметтік желінің қаптаған заманы емес. Демалыс күні үйде құр отырудан жалығып, ағам мен жеңгем жұмыстан келер кезде неше түрлі тағамдар дайындап дастарқанды жайнатып, үй ішін тазалап, кірлерді жуып, бәрін ретке келтіріп қоямын. Ана жақтан анам қоңырау шалған сайын «жеңгеңе көмектес, шалжиып жатып алма, кісінің үйінде қызметіңмен жағасың» деп құлағыма құйып тастаған. Алматының кеші ерте батады. Қас қарайып, күн ұясына батқанда ағам мен жеңгем де жұмыстарынан келеді. Ең бірінші ағамның мұрнына дәмді тамақтың иісі барады.
– Ау, менің қызым бүгін қандай тамақ дайындап қойған? Асқазанымды шулатып жіберді ғой, – деген жарқын дауысы естіледі. Ал жеңгем болса:
– Мә, Назок, мына жердің кілемін щеткалап қойғансың ба? Мына диванның орнын ауыстырыпсың ғой, неге ауыр заттарды көтергенсің, үй әдемі болып қалыпты, – деп мәз болады.
Мұндайда мен төбем көкке жеткендей қуанып қаламын. Дастарқан басында қызықты әңгімелер айтысып, асымызды ішеміз. Ылғи жеңгем екеуміздің күбір-сыбырымыз таусылмайды. Бірде жеңгем үйге ерте келді. Өзі қуанышты.
– Нәзок, қарашы, – деп маған бір затты көрсетті.
– Бұл не?
– Иии, жарты бас қыз, осыны білмейсің бе? Мен басымды шайқадым.
– Бұл жүктілікті анықтайтын тест, – деп ондағы екі сызықты көрсетіп маған мәз болды. Әдетте әйел ағзасында болатын ай сайынғы өзгеріс белгісі жеңгемде екі күнге кешіккен соң жеңгем тест алып көрсе, оған "жүктісің" деген белгі көрініпті. Мұны маған түсіндіріп бергенде мен де қатты қуандым.
– Шамалы уақыт өтсін, сосын айтам ағаңа, – деді. Мен шын қуандым. Сол күні екеуміз киноға бардық, бақта қыдырдық, өзімізше бұл қуанышты атап өттік. Жеңгем қиялдап баласын қалай бағатынын, оған не алатынын, қандай есім беретінін армандап келеді. Бірақ бұл қуаныш көпке созылмады. Таңертең сабаққа жиналып жатырсам жеңгем дәретханадан жылап шықты. Мен шошып кетті. Не болды деп сұрап жатырмын.
– Нәзок, мен жүкті емес екенмін. Бүгін келіп тұр, – деп еңкілдеп жылап жіберді. Шын аяп кеттім. Жүрегім езілді. Мен де оған қосылып жыладым. Сосын ол біраздан соң:
– Сендердің универде екіқабат болып қалып, жігіті алдап кеткен қыздар бар ма? Ондайды байқамадың ба? – деп сұрады.
– Жоқ жеңеше, мен оны қайдан білемін. Өзім мұнда келгенім кеше ғана. Маған біреу келіп мұңын шаға қояды дейсіз бе?– деймін.
– Иә, сен білмейсің ғой. Бірақ қарап жүрші. Сондай тағдыры талқан болған қыздар өздері белгілі болады ғой, мұңға батып, жылап-сықтап жүреді. Егер көріп жатсаң маған айтшы,– деді.
– Оны қайтесіз?
– Өзім қамқорлығыма алып бағып-қағамын, сосын босанған соң баласын асырап аламын, – деді.
– Ағам бұған не дейді? – деймін мен, жеңгемнің ерсілеу айтылған әңгімесін жақтырмай. Осы сөзді естіп ол тағы да бір нүктеге қадалып ұзақ үнсіз отырды.
– Ол қарсы болады. Әйтпесе, баяғыда асырап алар едік қой, – деді тұнжырап.
Жеңгемнің бір баланың тырнағына зар болып жүргенін көріп қатты жаным ашыды. Кейде кейін балаларым болса бір баламды жеңгемнің бауырына берер едім деген ақымақ, әлде сауапты іс пе, ойға келетін. Осы адамдардың балалы болуы үшін қолымнан инедей іс келетін болса, бәрін жасауға дайын болдым. Жеңгем қанша қиналып жүрсе де, қабақ шытып үйдегі аураны бұзбайтын. Аға екеуінің бір-біріне деген ыстық ықыластарын көріп қызықпау мүмкін емес. Аға «Асимогім» деп еркелетеді. Жеңгем бар тәттісін алдына тосып оны күтеді.
Бірде жеңгем мені базардағы сауда орнына алып барды. Мен орысша мүлде қақпаймын. Оған баста жасырмай айтқам, ауыл баласы болған соң тілімнің шорқақ екенін. Ал алматылықтар орысша сөйлеседі. Қазақ болса да. Менің қасымда жүріп сауда жасап, орысша үйренесің деді. Ақшаларды санап үйретті. "Үйде жүргенде екеуміз орыс тілінде сөйлесейік" дейді. Ол маған сұрақ қояды. Мен түсініп тұрсам да жауап қайтара алмаймын. Сосын былай жауап бересің деп айтқызады. 4 айда әжептәуір тіл сындырып қалдық. Зат алатын орындарын көрсетті. Кейде маған "ана жерден ала кел" деп жұмсайды. Осылай жүріп уақыт та зыр ете қалды.
Жаңа жыл қарсаңы. Мен жүгімді жинап, ауылға қайтуға дайындалып жүрмін. Мұндағы сабақ бітті. Әрі қарай өзім түскен қаламда оқуымды жалғастырмақпын. Мен қайтамын дегенде жеңгемнің де, ағамның да көңіл-күйі түсті.
– Нәзок, мүмкін осында оқи берерсің-а, – деді жеңгем.
– Қой, олай болмайды. Онда тек ақылы негізде ғана оқи аламын. Ал мен грантта оқып жатырмын ғой, – дедім.
– Оқу ақыңды біз-ақ төлеп берейік.
– Жоқ, жеңеше, рақмет. Мені 4 ай бақтыңыз, қанша жақсылық жасадыңыз.
– «Балалы үй базар» деген рас екен. Сен келгелі үйге тіршілік келгендей болды. Саған бауыр басып қалдым. Ата-анаң сені жақсы тәрбиелепті. 20 жаста болсаң да балалық пәк пейілің қалмаған, – деп мені құшағына қатты қысты.
Ол мен қайтатын күні вокзалға дейін қимай шығарып салып, сөмкемді базарлыққа толтырып қайтарды. Кейін тек телефон арқылы сөйлесіп тұрдық. «Жазда Алматыға кел, базардан тағы бір орын алып сені сонда қоямын, айлығыңды беремін» дейді жеңгем әр хабарласқан сайын. Мен «иә, барамын» деп мәз қылып қоямын. Шын барғым келген, бірақ ата-анам жұмыс істеуіме қарсы болды.
Сол қоштасудан кейін мен жеңгемді көрмедім. Ағам екеуі 12 жыл бір шаңырақ астында тұрды. Ақыр соңында бала болмаған соң екеуі екі жаққа келісіммен кетісіпті. Кейін мен отбасын құрып, тұңғышымды өмірге әкелген соң ағайындарымыздың қуанышына ортақтасып барған тойда ағамды көрдім. Ол мені көріп қатты қуанды. Ұзақ әңгімелестік. «Жеңешең қазір Түркияда. Сонда кәсібін жалғастырып жатыр. Оны қимаймын. Сағынамын. Бірақ амал қайсы? Кейін мейлі асырап алсақ, алайық дегенмін. Барақ ол "сенің өз қаның болуы керек. Оған сенің мүмкіндігің барда мен қиянат жасай алмаймын" деп қарсы болды. Бастапқыда қатты қиналғанмын. Қазір сәл де болса ес жиып қалдым. Асимоктың орны ерекше ғой» деген аға тамағына тығылған өксікті маған білдірмегендей болды. Мұны естіп жүрегім жылап жатты. Мен кейін телефон ауыстырып, жеңгемнің нөмірін таппай қалдым.
Кейде біз үйдегі бұзықтарымызға ананы бүлдірдің, мынаны шаштың деп жазғырып, жазалап жатамыз. Шын мәнінде өміріміздің шырайын келтіріп отырған сол тентектер екен ғой. Олар болмаса өмірдің мәні кетіп, қызығы таусылады екен. Қазір сол Әсем жеңгем қайда екен деп ойлаймын кейде. Мені есіне ала ма екен? Қалай өмір сүріп жатыр екен? Желіден іздеп көргенмін. Бірақ таба алмадым. Қайдасың, Әсем жеңешем?

Н. МАРАТҚЫЗЫ

04 шілде 2023 ж. 431 0