Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тамсанып жүріп өмірге, таңданып кеткен

Тамсанып жүріп өмірге, таңданып кеткен

Мансапты қызмет атқармағанымен Бимұрат Үсеновті аралдықтар өте жақсы білетін. Бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнап, қаншама буын ұрпақтардың алтын ұяларынан қанаттанып ұшуына, еліміздің парасатты-пайымды арда азаматтары болуына, туған жердің нағыз тастүлектері атануына бір кісідей үлес қосты. Өз мәніндегі тамаша ұстаз, ұлағатты педагог атанды. Бойында бала жанын жіті танырлықтай дара қасиеттері болатын. Адами бітім-болмысында, ой-сезімінде баланың жан әлеміне жақындық сезіліп тұратын. Биағаң жүрегінде сақталып қалған тазалықты, адалдықты, пәктікті, адамшылықты, ақтықты қаншама өмір өткелдерінен өтсе де ешқандай кір шалдырмай сақтап, ата жасы ақсақалдыққа дейін алып келді. Алқа-қотан отырыстарда көсіліп бір сөйлегенде, есіліп бір естелік айтқанда жүрегінің түбіне дейін көрінетін. Көкірегіндегі қай нәрсені де жас балаша салдырап, бәрін ақтарып салып, алғаусыз көңілмен жүретін. Біз таныған Биағамның елден, жұрттан, басқадан айрықша бір қасиеті мына өмірге, айналасына, адамдарға әрдайым тамсана қарап, түйедейді де, түймедейді де таңғала қабылдап, жылт еткен жаңалықтан өзгешелік іздеп, таңдайын қаға, соған бар ниетімен құлай үңіліп, суыртпақтап сыр аңдап, ой түйіп қарайтын. Сол өзі көргенді өзгелер де көрсін дейтін, тіпті көрмей, көңілі сенбей жүргендерге әрі-беріден соң балаша ренжіп, көңілі пәс те болып қалатыны бізге қызық болып көрінетін.
Бимұрат Үсенов ағаның ұстаздық ұлағатын, тәлімгерлік қасиеттерін шәкірттерінен талай мәрте естіп-білсек, ал жүйрік қаламынан шыққан түрлі-түрлі деректі көркем туындыларын біраз жылдар бойы жергілікті газеттерден оқып, сырттай бұл кісі туралы қанық болатынбыз. Жазғандарын сол кездегі өзім редакторлық еткен «Арал ақиқаты», «Сыр айғағы» газеттеріне де үзбей басып тұрдық. Бір қаланың ішінде болса да ол жазғандарын хат арқылы жіберетін. Сөйтіп жүргенде біреу арқылы атақты жазушы Сәбит Мұқановтың 60 жылдығына байланысты шыққан кітапты жерден-көктен таба алмай іздеп жүргенін айтып жіберіпті. Құдай оңдағанда әлгі кітап бізде бар болып шықты. Неге іздеді екен деп қарасам, әскерде жүрген Н. бөлімшесінің жас солдаты Б.Үсенов елімізде аты дүркіреп тұрған жазушыны туған күнімен құттықтап хат жазған екен. Сол жазған шағын құттықтауы әлгі кітапта жүр.
Жасының үлкендігіне қарамай Биекең мектепке іздеп келіп, менімен өзі танысты. Бос сыныпта отырып екеуіміз біраз сағат сөйлестік, сыр ағыттық. Оқыған-тоқығанымызды, білген-түйгендерімізді ортаға салдық. Көкіректі кеулеп жүрген кейбір сауалдарға жауап іздестік.
Оңаша әңгімеден Биекеңнің бала шақтан әдебиетке құштар болғандығын, сөз патшасы өлеңге іңкәр жанын әлдилеп, қазақ ақындарының поэзиясын жата-жастана оқығандығын, Аралдың арқалы ақындары Зейнолла Шүкіров, Әмірадин Әленов, Мешітбай Құттықовтың соңынан іні болып ілесіп, жас ақын болып жыр өріп өскендігін білдім. Олардың әрқайсысы туралы Биекеңнің сағаттап айтары бар екен. Мектеп жасында әдебиет пәнінен Әмірадин ақынның сабақ бергені қандай тамаша! Ол ұйымдастырған жас ақындар үйірмесіне белсене қатысып, әдебиет әлемі туралы әңгімелерін құлағына құйып өскен. Білімдар ұстазына алғашқы өлеңдерін талдатқан. Пікірін білген. Ал Зейнолла ақын Аралда болғанда қанаттастарының қатарында жүретін ол талай-талай дүрмекті жиындарға қатысқан, жазған-сызғандарын сынатып та алған. Алыс-жақын жүріп Зәкеңмен үнемі хат алысып тұрыпты. Кейін сол хаттарын аудандық мұражайға өткізген екен. Сырбаз ақын Мешітбайдың шығармашылығын Биекең өте қадірлеп, төбесіне көтере мақтап, өлең-жырларының бірсыпырасын жатқа білетін. Қызығушылығы болғандықтан, өзінің айтуынша, ондаған жылдар бойы Мәкеңнің шығармашылығы туралы баспасөзде жарияланған барлық мақалаларды, пікірлерді жинақтап, бір альбомға жабыстырған. Кейін соны ақынның өз қолына табыс еткен екен. Біреу үшін шыр-пыр болып жүретін Биағаңның бұл да бір ерекше қасиеті.
Қазақ әдебиетінде талай жүйрік бар. Солардың ішінде Бикеңнің ең қадірлейтіні Алаштың арқалы ақыны Мұхтар Шаханов болатын. Оның шығармаларын дендей оқып, әр туындысы туралы ой-толғамдарын баспасөзде жариялап отырды. Ақиық ақынмен жазысқан хаттары да біршама. Сондай-ақ Биағаң Аралға табаны тиген халқымыздың үлкен-үлкен көркемсөз шеберлері, ақын-жазушылары О.Әубәкіров, Қ.Қайсенов, С.Мәуленов Қ.Мырзалиев, тағы басқаларды көргенін, сөйлескенін, тілдескенін, солармен бірге болған ғибратты сәттерін тамсана, тәттілеп әңгімелеп беретін-тұғын.
«Құрылтай» газеті жарық көре бастаған уақыттан бергі Биекеңмен автор ретіндегі байланысымыз тіпті жиілей түсті. Қаламынан шыққан дүниелерін газет беттерінде үздіксіз беріп тұрдық. Ал өзі бір-жар апта редакцияға бас сұқпай қалса, «Биекең қайда екен?» деп елеңдеп отыратын жайымыз болатын. Арасын ұзатпай Биағам да келеді. Биағам үнемі баяғыша тамсанып, таңғалып жүреді. Аудырап-даудырап сол тамсанған күйі редакцияға сөйлей кіреді. Амандасып, қолын аламын дегенше, көкірегіндегі тамсанысын жүрдемелетіп ағытып та болады-ау.
–Ойбай-ау, бала-ау, мына базардың бергі жағындағы «Наурыз» алаңындағы қызыл-жасыл гүл дегенің жүдә көркем ғой. Мұндай боп өскен гүлді ешқашан көрген емеспін. Көруге көз керек. Мұны еккен де тегін адам емес. Ал енді осыны неге жазбайсыңдар, – деп жаңалығын жеткізді.
Шынымен де «Наурыз» алаңындағы гүлзарға бас бұрып соққанымызда, тым ерекше екен. Күнделікті қасынан мың сан рет өтіп жүріп, осындай әсемдікке көз суарып жүріп, аса мән бермеппіз. Біз мың ойланып, сан толғанып жүргенімізде Бикеңнің өзі осы тамаша гүлдер туралы жақсы мақала жазып, газетке жариялады.
Биағам тағы бірде тамсанып келді. Аққұба жүзі алабұртып, бетінің ұшы қызыл шырайланып, жүрегіндегі аз-маз ренішін де қосып қояды.
–Ана бір жылдары Зейнолла, Әмірадин, Серіктер – Аралдың аңыз адамдары болатын. Ой, дүние-ай! Солардың бірі жоқ қазір! Оларды білмейтін адам болмайтын. Мектептер, мекемелер кездесуге, жеке адамдар үйлеріне шақырып, поэзияның от қазанын қайнатып жататын. Ал бүгіндегі ақын-жазушыларды ешкім де білмейді. Сен білерсің, мен білермін. Ау, бізде қарашы, өлең жазып жүрген ақын қыздар көп қой. Анау Бағила, мынау Санира, Назгүл, Нұргүлдер... Жергілікті жерде неге солармен кездесу, поэзия кештерін дүрілдетіп, жыр сүйер қауымды желпіндіріп бір өткізбейді. Дым қиындығы жоқ емес пе?! Осыған не қаржы керек, айтшы, – деп бір қызынып алған Биекең біразға дейін барады. Біз де өзімізше пікір қосамыз. Газетте жарияланып жатқан өлең-жырларымызды айтамыз. Биекең басын шайқап ол уәжімізге риза болыңқырамайды. Жұрттың поэзияға енжарлығына қарны ашқандай, көңілі қоңылтақ тартқандай күйде болады.
Қиядағыны қиялдайтын, алыстағыны армандаудан бір танбайтын Биекең тағы бірде тамсана отырып сөз қозғады.
–Әй, бала-ау, баяғы сырғалы бекірелер қайда жүр екен? – дейді жылы шырайлы қой көздері күлімдеп.
–Қай бекірелер? – дейміз алғашқыда ағаның сөз ләмін түсінбей, әңгіме ауанын аңдай алмай.
«Сендер осы не ойлап отырасыңдар. Соны да білмейсіңдер ме?» дегендей, бетімізге бір барлай қарап алып, Биекең әңгімесін жалғастырады:
–2005 жылы сәуірде Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Аралға келген жоқ па. Сол жолы Қосжарда, тоғанда екі бекірені сырғалап суға жіберді ғой. Сол Президент сырғалаған бекірелер бүгінде теңіздің қай түкпірінде жүр екен... Шіркін, сол сырғалы бекірелердің көзімен Арал теңізін, Көкарал бөгетін, балықшыларды суреттеп жазсаң қандай әдемі шығарма болатын еді... – Биекең қиял жетегінде отырып өзінің болашақ жазбақшы «Сырғалы бекіре» эссесінің құрылымын бізге жеткізіп жатыр.
Биағамның тамсанулары жүдә көп. Ағамызбен бірге біздер де ол айтқан әңгімелерге тәтті жеген баладай тамсанамыз. Айнала ғаламға, дүние әлемге, жақын-жуыққа тамсана қараудың өзі адамды елгезектікке, сезімінің сергектігіне бет бұрғызады екен ғой. Қолына қалам ұстайтын жазу адамына бұл бір керекті-ақ қасиет.
Жүрегіндегі әрбір сезімді, санасында туындаған жылт еткен ойды маңындағыларға сол сәтте жеткізгісі келіп тұратын Биағам үнемі қимылы жеңіл тартып елпілдейді де жүреді. Содан да болар мезгіл-мезгіл редакцияға, не үйге телефон соғады. Үйреншікті де дағдылы нәрсе болғандықтан қазір одан бір жаңалық еститініңді білесің.
–Бала-ау, блокнотың бар ма қасыңда, жазып қой. Бұл саған керек болады. Ақындар туралы көп жазасың ғой. Жарасқанның мына өлеңі керемет емес пе. Ойпырмай, қалай дәл берген!
Ақын кетіп барады көшеменен,
Екпінінен бір дауыл еседі ерен.
Жанарында найзағай семсер сермеп,
Кеудесінде қара бұлт көшеді өлең...Ноқтаға басы симайтын, анау-мынаудан өзін тыймайтын ақын дегендер осындай болады екен ғой. Ей, бұлардың мықтыларын көрдім ғой, Зәкеңнен бастап. Дәл осындай...
– Биеке, сіз де ақынсыз ғой, – деймін.
– Ой, қайдағыны соқпа. Қанша күшенсем де менен ақын шықпады. Баяғыда оқушы кезімде ұстазым Әмірадин «Ақын боласың» деп талай айтып еді-ау... Содан есек дәме үміттеніп, арқаланып айкезбе адамдай боп біраз жүрдік...
–Әлі ақын болып кетесіз ғой, аға!
–Әй, бала, «енді бізге той қайда, ас болмаса, енді бізге төс қайда, бас болмаса» дегенді естідің бе? Ақын болу үшін күнделікті күйбең тірлікті, пенделік ұсақтықты ұмыту керек қой. Таусылмайтын тұрмыс-тіршіліктен бір бас жоғары тұру керек. Ертеде Зәкең Аралға бір келгенінде: «Әй, Бимұрат, көрінбейсің ғой, қайда жүрсің?», деді. «Аға, үй салып жатырмын», дедім мен күмілжіп, олардың дүрмекті жыр додасына ілесе алмағаныма өзімді кінәлі сезінгендей қалыппен. Зәкең сәл кіділеніп: «Үй салғанша, өлең жазбайсың ба?! Сенен ақын шықпайды...» деп басын шайқады. Өзім де осыны біліп жүр едім...
–Аға, сізден ақын шықпағанмен, поэзияны түсінетін тамаша азамат шықты ғой.
–Мұның енді дұрыс, – дейді Биағам мойындағандай дауысы жұмсарып.
Осы күні блокноттарымды қарап отырсам, Биағаммен кездескен сайын оның айтқандарынан біраз жайларды түрткілеп жазып алған екенмін. Өзі айтқандай кейде сондай сөздерді, нақылдарды, мақал-мәтелдерді іске асырып, мақалаларымызда пайдаланып та қоямыз.
Биағам өмірге құштар еді. Жасы жер ортасына келсе де сол құштарлық жанына қуат беріп, жастарша ізденіп жүретін. Болашақ жазбақшы дүниелерінің ұзын сұлбасын «осы қалай болады?» дей отырып әңгімелеп беретін де, суыртпақтап пікір сұрайтын. Сөйтеді де қуақылана бір жымиып қойып:
–Бұл адам өмір дегеннің не екенін жетпіске келгенде енді-енді түсіне бастайды екен ғой. Өмірдің көп жайын осы күндері түсіне бастағандаймын. Кеше ғана жүрген Аманкелді (белгілі азамат, «Үмітті Арал» газетінің құрылтайшысы Трахановты айтады) де бар-жоғы бірнеше айдың ішінде кетіп тынған жоқ па?! Адам деген осы ғой. Аманкелдінің кеткенін көріп, мен сірә өлімнен қорықпайтын сияқты бір күй кешіп жүрмін, – деп тағы да бір әңгіменің ұштығын шығарады.
Өмірде қаншама өкініштер болды. Сол өкініштердің орнында жанымызда қожырланып жара тыртықтары қалды. Қаншама сұрақтар жауапсыз қалды. Оның жауабын қашан білеміз... Қаншама түйіндер шешілмеді... Шиеленісін қалай ағытамыз...Кешегі бір заңғарға биіктегендер аласа болды, кешегі бір аласалар зорайып биік болды. Көп жайдың жауабын осы күні тапқандай боп жүремін. Адамға қартайғанда келетін даналық дегеннің осы жетпістің желкенін кергеннен кейін-ақ келе бастайды екен ғой.
Сөйтіп отырып аяқастынан Биекеңнің көңілі босайды. «Мен өзі көңілшек адаммын» деп қойып жанарына іркілген жасын беторамалымен сүртіп тастап, бір уақыт үнсіз отырады. Кейде осылайша құдды бір балаша мінез танытып кететіні де бар еді.
Биағам туралы айта берсек әңгіме көп. Бүгін-ертең таусылмас. Еске түскен сайын ағамызды жымиып қойып еске алып отырамыз.
Қайран Биағамның арамыздан кеткеніне зулап жыл да өте шығыпты. Алайда ағаның албырт бейнесі көз алдымызда сол күйі тұр. Бірде болмаса бірде редакция есігін айқара ашып, бір әңгімені таңдай қаға тамсана бастап, таңғала әңгімелеп кіріп келетіндей болады да тұрады.
Е. ЗЕЙНЕТҰЛЫ
15 шілде 2023 ж. 512 0