Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлағаттылықты ұстаздан ізде

Ұлағаттылықты ұстаздан ізде

Мектептің тірегі де, жүрегі де – білікті ұстаздар. Шәкірт санасына сәуле құйып, баланың болашағына бағдар беруші мұғалімдердің еңбегі де білім ордасының биік мәртебесімен айшықталатыны сондықтан. Талай шәкірттің асқақ арманын ақиқатқа, алға қойған мақсатын нәтижеге айналдырған, 1958 жылдан бастап көптеген шәкіртін кемел келешектің кілті болуына баулыған аудандағы іргелі білім ұяларының бірі – №71 мектеп. Сарыауыз бала­пандай бүлдіршін кезінен, есейіп ер жеткенге дейін ғылым мен ілім нәрін татып, тәлімді тәрбиені осы шаңырақтан көреді шәкірттер.
«Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп бекер айтпаған халқымыз. Әрбір бала өз кемесіне мініп, жарқын болашағына жол тарта­ды. Осы білім ұясына тарыдай болып кіріп, таудай болып шық­қан оқушылардың есінде ұлағат­ты ұстаздары мәңгілік сақталады, ауыздарында құрметпен айты­лады. Олармен бірге өмір сүреді. Қандай ғұлама болсын, жұрт би­леген басшы болсын, қарапай­ым еңбек адамы болсын ұстаз ал­дынан білім алып шығатыны шындық. Сондай шәкірттер жүре­гінен жол тапқан, оларға өмірдің ұлы жолын бағ­дар­латып, тәр­биелей білген ұс­таздардың бірі – Амандық Әйменова апай болатын.
Амандық апай ұстаз ғана емес, алтын құрсақты ана да. Қазақ әйелінің даналығы да, даралығы да осындай ғой. Ұстаз ананың басты міндеті өз балаларын тәрбиелеп қана қой­май, жүздеген жас түлектерді қанат­тандырды. Ана ұстаздарды алаш­тың анасы,  ұлттың анасы десек жарасатын сияқты. Ана ұстаз Амандық апай, міне, осындай жандардың қатарынан болатын.
Қазақтың дарынды ұлдары­ның бірі – Жүсіпбек Аймауытов: «Ұстаз - оқушыға сабақ беруі­мен, білім үйретумен шектелмей, маман иесі ғана емес, ол шәкірт­терінің алдағы өмірін көз алдына келтіріп, өз басынан кешірген тәжірибесіне таянып, келешекте жазатайым аяғын шалыс басып, өмірден соққы жеп, өкінбеске күні бұрын дайындап сақтанды­ратын сақтаушысы, қамқоршы­сы» деген болатын. Жаны жай­саң, жүрегі жомарт Амандық апай осы үдеден табыла білді. Ол мектеп партасында отырған шәкірттерін бөле-жармай жақсы көретін. Таң­ертең мектепке келгенде әрқайсы­сының көңіліндегі қаяуды, сезі­міндегі селкеуді көзқарасынан байқап отыратын. Жан жүрегімен солардың көңіліндегі болмашы нәрсені жібітіп, өзіне баурап алатын. Мейірімді де мағыналы сөз­дері шәкірттерінің көңілін жай таптыратын. Әрбір өсіп келе жатқан оқушыға тек білім беріп қоймай, басты назарда олардың жақсы адами тәрбие алуын назар­дан тыс қалдырмай, қадағалап, бақылап отырды.
Жақсы ұстаз болуы үшін екі нәрсе керек дейді ғой. Ол – терең білім мен үлкен жүрек. Балаға, шәкіртке деген шексіз махаббат­тың иесі болған ұстаз Амандық апай ұзақ жылдарғы ақ адал ең­бегінің мәуелі жемісін көруге жазып отырды. Халықта «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар емес пе. Жақсы шәкірттерінің үлкен биіктерден асқақтай көрініп жүруі ұстазының мақтанышына айналып отырды.
Ұстаз болу жүректің батырлығы,
Ұстаз болу сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу мінездің күн шуағы.
Азбайтұғын адамның алтындығы,– деп ақын жырлаған­дай, бүкіл болмыс-бітімімен ұстаз деген атқа лайық болған Амандық апайдың есімі шәкірттер жүрегі­нен үнемі орын тапты. Осы №71 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған ол «Ана тілі» деп аталатын қазақтың мәйекті, көркем, сұлу тілін жан-жақты үйретіп, бай да қазыналы әдеби­етін жандарына сіңірді. Олардың рухтарының асқақ болуына өзінің сүбелі үлесін қосып отырды. Қаз­ақ елінің тұлғалы азаматтарын қанаттандырады.
Ұстаз үшін сол кездегі бар бол­ғаны алты бөлмеден ғана тұратын мектеп ғимараты тарлық етпеді. Жыл өткен сайын бала саны ар­тып, оқу үш мезгілге созылса да, таңертеңнен кешке дейін мектепте болып, түрлі тағылымды да тәлімді шаралар өткізіп отырды. «Көш жүре түзеледі» дегендей, кейін мектеп ғимараты үлкейіп, ұстаз­дарға жаңа мүмкіншілік ашты. Сол жыл­дары білім саласына енгізіл­ген жаңалықтарды, әсіресе пән кабинеттерін жабдықтауда да Аман­дық апай тек алдыңғылар сапында болды. Болып қана қой­май, жас мұғалімдерге ақыл-кеңе­сін айтып, тәлімгерлік етті. Жас ұс­таздарға оқушылармен, ана-ана­лармен, әріптестермен тіл табыса білудің қандай үлкен мәні бар еке­н­ін жете сездірді. Олардың үлкен ұстаздық жолының тұсаукесерін жасап отырды.
Қай-қай еңбек те босқа кет­пей­ді. Ал ұстаз еңбегінің нәтиже­лері көзге жылдар өте келе айқын көрінеді емес пе. Өйткені оның алдынан оқып шыққан жастар кейін еліміздің тұлғалы азаматтар­ына айналады. Жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын Амандық апайдан білім алған жүздеген түлектер бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп жүр. Олардың қомақты да ауқым­ды, жемісті де нәтижелі өмір жол­дарына Амандық апайдың кіш­кен­тай да болса үлесі бар.
№71 мектептің алдыңғы қатар­лы ұстаздарының бірі, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері Төлеген Көптілеуов баста­ған қаншама мұғалімдер Аман­дық апайды өздерінің ұстазы, ақылшысы деп таныған. Демек, Амандық Әйменованы «ұстаздардың ұстазы» десек қателеспейтін сияқтымыз.
Қасиетті Құран кәрімде сауап үш жерде бар екенін айтады. Біріншісі – өткелі жоқ жерге өткел салғанға, екіншісі – шөлден құдық қазғанға, үшіншісі– бала оқыт­қанға делінеді. Бүкіл саналы ғұм­ырын қаладағы №71 мектеп­те ұстаздық етіп өткізген Аман­дық Әйменованың рухына қан­шама сауаптар жазылды десеңші?!
«Ажал пенденің өзінікі, өмір өз­генікі» дейді әйгілі Әйтеке би. Жақсы жан өмірден өтсе де, кей­інгілердің, өзгелердің жүрегін­де өмір сүре береді. Амандық апай­дың маңдайына осындай үлкен адами, кәсіби мол бақыт жазылған екен. Ол өмірден өтсе де, өзгелер оны маңдай терін сығып төккен, әрбір баланың болашағы үшін алаңдаумен өткен ұлан-ғайыр еңбегін ешқашан ұмытпақ емес. Әсіресе, өмір жолын дұрыс арнаға бұру­ға ұйытқы болған, түзу жолмен жүруге үйреткен шәкірттері.
Асыл ана, ұлағатты ұстаз Амандық апай өмірлік жолдасы, адал жары Әуес екеуі бақытты ғұм­ыр кешіп, әулет шаңырағын көтеріп, ұл-қыздар­ын тәрбиелеп, ұядан ұшырды. Кең ауқымды парасаты мен тереңнен ойлайтын пайымы мол әке мен ананың тәрбиесін көр­ген тәрбиелі, текті ұрпақтары елдің арқа сүйер белді азамат­тарына айналып отыр. Ал сүйікті ұлдары Мұхтар атты баласы бұл күнде көптеген еңбек баспалдақ­тарынан өзінің қажырлылығын, мақсаткерлігін дәлелдеп, Арал ауданы­ның әкімі қызметін абыр­оймен атқарды, туған жердің өркен­деуіне, дамуына қайрат­кер­лік қызмет етіп, ел-жұрттың көз алдында жүрді. Қазір көршілес Қазалы ауданының әкімі қызметін абыроймен атқаруда..
Бұл күндері Амандық жұм­ыс істеген мектеп орта мектепке ай­налған. Кейінгі толқын ұстаз­дар Амандық апай салып кеткен жолды әлі жалғастырып келеді. Ұстаз апайдың жағып кеткен шамшырағын кейінгі балалардың жүректерінде жағып жүр.

Жеткерген ЖАСАНОВ,
еңбек ардагері.
17 тамыз 2021 ж. 742 0