Есім қойдық еліктеп...
Тақырыбымызға тұздық болсын. Мақалаға кіріспес бұрын көзбен көрген мына бір жағдайды айта кетуді жөн санадым. Жаңа ес толықтырып, етек-жеңімізді жинаған кезде мектеп қабырғасынан қанаттанып шығып, арман қуып қалаға аттандық. Мыңдаған өзіміз қатарлы жастардың ортасына оқуға түсіп, жатақханаға жайғастық. Өзіміз сияқты студенттердің ортасы. Барлығы жас, әзілге, қызыққа тоймайтын уақытымыз. Бір-бір үйдің еркелері. Өз бетінше өмірге бейімделе қоймағаны қаншама. Әсіресе ер балалар жағы үшін тамақ дайындап, кір жуу секілді жұмыстар ауырға түсіп жатады. Осындай сәттердің бірінде менімен бір бөлмеде орналасқан Арман есімді жігіттің әрекеті бәрімізді қызықтыратын. Жатақханадағы қыздардан да дәмді етіп тамақ әзірлеп, өзге де қыз балаға тән жұмыстарды тап-тұйнақтай ететін бұл жігіттің қолынан келмейтін дүние жоқ еді. Десе де өте тұйық, қатарластарына қарағанда тым ересек көрінетін.
Бірде сөйлесіп отырып:
– Арман, осы өнердің барлығын қайдан үйрендің? – дедім.
– Арманым көп еді. Бала кезде дәрігер болуды армандадым. Өйткені анам жиі ауыратын. Медицинаны оқып, сырқатына ем тапсам дедім. Сабағым да өте жақсы болды. Бірақ сол арманыма жете алмадым. 5-6 сыныптарда жүргенімде әкем мен анам бірдей қайтыс болып, нағашыларымның қолында өстім. Ес біле келе өзім де жұмыс жасап, ақша табуға тура келді. Біреудің қолына қарап отыруға ұялдым. Олардың да балалары бар. Балаларын киіндіріп, қамтамасыз ету қажет. Сол уақыттарда құрылыста да, мейрамханаларда да жұмыс жасадым. Жаз мезгілдерінде даяшы, аспаз болдым. Бәрін сол кезде үйрендім. Бәлкім, ата-анам жанымда болғанда арманыма жетер ме едім, – деп көп ашыла қоймайтын досымыз жанар жасын бізге көрсетпей сығып алды.
Дәл осы тұста әжемнің мына бір әрекеті есіме орала кетті. Бірде жақындарымыздың біреуі «Әже, сүйіншіңізді дайындай беріңіз, балалы болдым. Есімін сізге қойдырсам деп едім. Шүкір ғой, балаларыңыз жақсы. Немерелеріңіз де ұялтпайтындай болып өсіп келеді. Ырымдап өзіңіз бір есім қойыңыз» дей келгенде, «Құтты болсын балам, кішкентайдың бауы берік болсын! Бірақ балаға ат қою үлкен жауапкершілік қой. Ол қалай болар екен?...» деп ойланып қалған болатын. Осы бір оқиға көз алдыма еріксіз оралды. Бәлкім, Арманның есімі өзгеше болғанда көкейіндегі көздегені мәңгілік арман болып қалмас па еді?
Расында жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жастардың әке-шешесі, ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты солар қояды. Үлкендердің айтқаны бұлжытпай орындалатындықтын, міндетті түрде солар ұсынған ат қойылады. Бүгінгі уақытта жастармен келісе отырып, бала есімін үлкен кісілер таңдайды. Ауылдың беделді азаматы сәбиді қолына алып, азан шақырып, ағайын-туыспен бірге таңдалған есімді сәбидің құлағына қайталайды.
Міне, дәл осы кезде үлкен жауапкершілік көзделген. Сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін немесе айқайлап тұрған есімдерден аулақ болған жөн деп білген. Себебі есім адамның тағдырына, болмысына әсер ете ме деген сауал төңірегінде тіпті ғалымдар да зерттеу жүргізген. Антропонимика ғылымы осы мақсаттапайда болған. Ғалымдардың зерттеуінше, адам аты оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, тұла-бойы да соған сәйкес көркемделе түседі.
Балаға ат қою рәсімін үлкендерге сеніп тапсыруда зор мән жатыр. Себебі хадисте де «Ахирет күні сендер өздеріңнің және әкелеріңнің есімдерімен бірге аталып, шақырыласыңдар. Сондықтан балаға жақсы есім таңдаңдар» делінген. Осыған орай небір жиһангер, пайғамбар есімдерін беретін адамдарды да кездестіріп жүрміз. Бірақ олардың есімдерін әке-шешелері көтере алмайды деп, бала ержеткенше еркелетіп басқаша атап жүреді. Осы қаншалықты дұрыс?
Жалпы балаға ат қойғанда барынша мағынасы бар есімдерді қойған дұрыс. Әр ата-ананың үміті мен болашағы балада ғой. Сондықтан оның жақсы болып өсуі негізінен тәрбиесіне қарайды. Еліміз егемендік алып, тілімізге, дінімізге ден қоя бастаған бүгінгі уақытта Алланың көркем есімдерін қойып жатқан жандар бар. Бірақ есте болу қажет. Ол есімдердің алдына «Абд» қосымшасын тіркестірген дұрыс.«Абд» мағынасы «құл» дегенді білдіреді. Мәселен, Абдулкарим болса – Жомарттың құлы, Абдурахман – Аса мейірімдінің құлы деген мағынаны білдіреді. Шетелдік мағынасын өзіміз түсінбейтін есімдерді қою, оларға еліктегеннен гөрі діннен алынған, өзіміздің халыққа таныс, мағынасы терең аттарды қоюды жөнді деп санаймын, – дейді.
Расында барша қазаққа өзінің болмысымен, ұстанымымен, қазақылық қасиетімен жақын таныс Зейнеп Ахметова мағынасыз, шет елдерден алып қойылған есімдер жайлы: «Қазіргі кезде қазақтың ат қоюы өз бағытын жоғалтып барады. Олай дейтінім, өзіміздің ардақтыларымыздың емес, шетелдің танымал адамдардың есімін беру, біз үшін мағынасы жоқ әртүрлі аттарды қою белең алуда. Диана, Тансу, Даяна, Алсу, Дамир деген сияқты қазаққа жат жеңіл аттарды қоюға әуестеніп кеттік. Одан кейінгі көңіл қынжылтарлық нәрсе – өзіміздің әдемі есімдерімізге келсін-келмесін «а» әрпін жалғап жүргендігіміз. Анарымыз – Анара, Жанарымыз – Жанара болып мәнін жоғалтып жүр. Ең сорақысы, ауызекі тілде айтылғаны былай тұрсын, құжаттарын солай толтырып жүргендер де баршылық. Сосын әп-әдемі аттарды екіге бөліп жазу «сәнге» айналды. Айталық, Алтын-Ай, Айдар-Бек деген сияқты... Мұны өздерінше жаңалыққа балап жүргендер бар, бірақ шындап келгенде, бұл да соқыр еліктеу ғой. Сондықтан есіміміздің дұрыс аталуы мен жазылуына да мән беру керек. Кеудесінде кішкене болса да ұлттық намысы бар, өзінің халқын, ұлтын мақтан тұтатын әрбір ата-ана баласына ойланып барып ат қойса екен деймін. Жаңа туып жатқан сәби ештеңеден хабары жоқ, өзін қалай атаса да бәрібір, ол біліп жатқан жоқ, бірақ есейе келе бала өз атының қандай мағынаға ие екенін білуге талпынады. Сондықтан ат қоюдағы үлкен жауапкершілік ата-анада. Баласының өмір бойы көтеріп жүретін есімі болғандықтан алдымен ата-анасы бұған бейжай қарамай, барлық жағын ескеруі керек» деп айтқанын жақсы білеміз.
Бірақ бүгінде еліктеуден ес жинап, қазақылыққа бет бұра бастадық. Толықтай болмаса да бағытымыздың анықталып, қазақылығымыздың бүтінделе түскені біз үшін қуаныш. Оған бірден-бір дәлел бүгінгі таңда балалардың халықтың ардақтысы болған тұлғалардың есімін алуы. Бұл – ол адамдардың атын ұмыттырмау, қайтадан жаңғырту, ұрпақтың есіне салу секілді үлкен маңызға ие.
Түйін: Расында өмірге келген баланың ныпсысы онымен бірге өмірінің соңына дейін бірге кетеді. Оның салмағын да бала көтеріп, ерсілігін де, естілігін де сезініп өтетін біздің бүгінгі балаларымыз. Сондықтан тереңірек ойланып, ғұмырына бағдаршам боларлықтай есім ойлағанымыз абзалырақ. Біз бұл мақаланы жазу барысында әлдекімнің есімін дұрыс немесе бұрыс деуден аулақпыз. Тек ат қою мәдениетін де қалыптастырсақ деген ойды қозғамақ болдық. Әйтпесе ақын Айтуар Сабыров айтқандай:
«Кім едің сен, айналайын, Қарлығаш па ең, Гүлсім бе,
Кім болсаң да бақытты бол, еш уақытта күрсінбе?!» деп барша қазақтың бақытты болуын тілеп келеміз.
О. ЖОЛДАСОВ