Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ілімге ұмтылған, білімге құлшынған...

Ілімге ұмтылған, білімге құлшынған...

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Ата-анадан кейінгі балаға білім мен тәрбие беретін сол ұстаз.Ел игілігі үшін еңбек етіп, жарқын болашаққа қарымды қадам жасаған ұлағатты ұстаздың өмірі қиындық пен қуанышқа толы.Мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет. Ұстазды құрметтеу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әрбір тәрбиеленушінің борышы. Бүгінгі әңгімеміз білім саласының ардагері, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», білікті ұстаз Күнімкүл Кенжебайқызы Ерімбетова туралы болмақ.
1948 жылы 2 мамырда Арал қаласында дүниеге келген Күнімкүл 1966 жылы қаладағы №15 қазақ орта мектебін ойдағыдай бітіреді. Сөйтіп арман жетегінде Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың шет тілдері факультетіне түсіп, аталған оқу орнын 1970 жылы «ағылшын тілі пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдайды. Сөйтіп жас маман ұстаздық жолының алғашқы баспалдағын аудандағы №59 Қарақұм орта мектебінде бастайды. Алдындағы аға буын ұстаздарынан үлгі алған жас ұстаз көп ұзамай-ақ өзіне тәжірибе жинай бастады. Содан кейін қаладағы №220 орта мектепке ағылшын тілінен сабақ беріп, жас буынды білім нәрімен сусындатты. Осы тұрғыда Күнімкүл Кенжебайқызы:
– Осы тұста атақты академик Зейнолла Қабдоловтың: «Шәкіртім деп иелену үшін, алдымен олар сені ұстазым деп құрметтеуі тиіс» дегені ойыма оралды.Ұстаздың да ұстаздық мәртебесін көтеретін оның шәкірті екені белгілі. Мектепке сегіз жылдық сыныпты бітірген оқушылардың қабылдануына байланысты мектептің 1972-1973 оқу жылында алғашқы бітіруші түлектерінің 10 «Б» сыныбының жетекшісі болдым. Ұстаз еңбегінің қайтарымы шәкірттерінің өмірден өз орнын табуына негізделсе, сол жылғы түлектерімнен Тараздағы филология ғылымының профессоры Сәмен Құлбарақов, Арал аудандық қаржы саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан Болатбек Жасақбаев, денсаулық сақтау саласында аға медбике болып еңбек еткен Сәулеш Ерімбетова және аудандық емханада жоғары санатты медбикелік қызмет атқарған Күлмараш Әбішованы айрықша атап өткенді жөн көрдім. Сонау сексенінші жылдары өзім жетекшілік еткен сыныптағы алғыр шәкіртім, марқұм Систан Өтепбергенов болатын. Ол №220 орта мектепте ағылшын тілінен сабақ берді. Систан өте білімді еді, мектеп оқушыларының түрлі іс-шараларда жүлделі орындарды иеленуіне ықпал етті. Аралға келген шетелдік әріптестермен іс-тәжірибе алмасып, Данияда аудармашылық жұмыстар істеді, – деп шәкірттерін асқан тебіреніспен мақтан етті.
Таланты ғалым әрі публицист В.А.Сухомлинский «Мұғалім – зор тұлға,ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» дегендей, ел ертеңі саналатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда Күнімкүл ұстаз қажымай-талмай еңбек етті.
Білімді де білікті ұстаздың еңбегі де лайықты бағаланып отырды. Жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі жемісті еңбегі үшін 1975 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанып, төсбелгісін кеудесіне тағып, кәсіподақтар, облыстық кеңес пен облыстық комсомол комитетінің, 1982 жылы облыстық халық ағарту бөлімі мен жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері облыстық комитетінің және 1989 жылы Қазақ ССР халыққа білім беру министрлігінің Құрмет грамоталарын еншіледі. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, білімпаз ұстаз 1999 жылы жоғары атақ – «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ұстаз жетістігі – бүкіл ұжымның жетістігі. Өзінің отыз сегіз жылдық ұстаздық өмірінде мұғалімнің бір сәтке де тоқтап қалуға болмайтынын сезінген. Сол бір жылдары №220 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Күнімкүл Ерімбетованың атқарған игі істері мен марапаттарын саралай отырып, тынымсыз ізденістерін анық аңғарамыз.
Міне, нағыз ұстаз осындай жан-жақты болуы керек. Ол тек өз ісінің ғана маманы емес, бүкіл жұртшылықтың айнасы іспеттес. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абайдың сөзі ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктегендей. Осы турасында Күнімкүл ұстаз:
– Аудандық білім бөлімін 20 жылдай уақыт басқарған «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім» Ебейсін Исаев ағайдың пайым-парасаты жоғары, нағыз педагог еді. Себебі алғашқы мектепке жіберілген ұстаздардың білімі терең, тәжірибесі озық, ұйымдастыру қабілеттері жоғары болатын. Мектеп кәсіподақ ұйымын басқарған Болат Махатов ағаймен әріптес болдым. Ағайдан сабақ өткізу әдістері мен пәндік кабинеттерді жабдықтау ісінде де көп үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Мектепте ағылшын тілі және 1973 жылы лингафон кабинеттері жабдықталды. Оның жетекшілігі маған тапсырылды. Республикадан №220 мектепке «Үлгілі тірек мектеп» атағы берілді, аудан шет тілі мұғалімдерінің жүктемелік орталығы болды. Мектепте жұмыс жасаған кезімде шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, сарапталған 10 «А» сыныбында оқу сабақтарын жүргізіп, тәжірибе алмастым. Ағылшын тілі мұғалімдерінің ассоциациясының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында түрлі сайыстар, конкурстар өткізілуіне басшылық жасап, зерттеу жұмыстарымен де айналыстым. Оқыту мен тәрбиені тығыз ұштастыру жөнінде сынып жетекшілерінің әдістемелік бірлестігінде, ауданаралық оқуда «Оқушыларды саналы тәртіпке тәрбиелеу тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасадым, – деді білікті ұстаз Күнімкүл сол бір кездерді еске алып.
Ұстаздың осыншама қадір-қасиетке, құрметке бөленуі өзін қоршаған ортамен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым- қатынас жасауында деп білеміз.Сол іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын жұмыстарға жетеледі, іске батыл кірісуге септігін тигізіп отырды.
Біз де ұстаздық жолында аянбай еңбек етіп, шәкірттерге тәрбие берудің озық үлгісін көрсеткен ұлағатты ұстазға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз.

К. МАХСҰТ 
05 тамыз 2023 ж. 501 0