Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрығына құт қонған

Құрығына құт қонған

Еңбек адамды абыройға бөлейді. Соған орай бабаларымыздың «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек бәрін де жеңбек» сияқты мақал-мәтелдерін онан әрі тізе берсек, жүздеп саналады.
Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдарынан «Еңбекқорлықты ұлт қасиетін айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деген сөзін оқып, терең ойға қалдым. Сонан жас ұрпаққа тәлім-тәрбие болсын деп жылқышы атамның өнегелі өмірі, еңбек жолы жайлы жазбаққа бекініп отырмын.
Менің атам Байдәулетұлы Жұбай Саздыда 1883 жылы дүниеге келіп, осы өңірде өмір кешкен қарапайым еңбек адамы. Құрығына құт қонған, адал еңбегімен абыройға бөленген атақты жылқышы болатын.
Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын тарих сахнасынан шығып, келмеске кеткен кеңес үкіметі өткен ғасырдың жиырма сегізінші жылдары байларды тәркілеу саясатын жүргізген. Осы тұста Арал ауданындағы ауқатты байлар, олармен бірге белгілі дін өкілдері де ұсталып, алды ату жазасына, арты өздерінің көздері көрмеген, аяқтары баспаған басқа аймақтарға жер аударылды.
Осы суық хабар құлағына бұрынырақ тиген бабамыз Байдәулет бай Қызылқұм арқылы Қарақалпақ еліне қашуға бекінеді. Сол үшін бір күн кешкілік кіндігінен тараған ұлдары Мақи мен Жұбайды оңаша шақырып алып:
– «Шырақтарым, ел басына күн туды деген осы. Ендігі жерде біз туып-өскен байтақ даламызда тыныштық бола қоймас. Сондықтан бассауғалауға мәжбүрмін. Қане, бұйырған күні Қарақалпақ асайық», – депті.
Екі баласы елде қалғанды жөн көріп, еншісіне тиген бірер бас малдарын еншілеп, әкелерін ұзақ сапарға шығарып салыпты. Байдәулет бабамыз қасына кіші әйелі Ұлбосын мен одан туған бес жастағы Ұзақбайды ертіп алып, сол кеткеннен мол кетеді. Бұл – шамамен 1929-1930 жылдары болуы керек.
Көп ұзамай кеңес үкіметі күштеп елде колхоздастыру науқанын жүргізді. Жұбай атамның кіндік қаны тамған Саздының айналасындағы ата жұртын паналаған жұрт амалсыз колхозға мүшелікке тартылады. Солардың қатарында ағайынды Мақи мен Жұбай аталарым да қолдарындағы әкелері еншілеріне берген малдарын ортаға салады. Сөйтіп, колхозға мүшелікке кіреді.
Бұл кезде нақтырақ айтқанда, Сазды табанында Мұрынши ауылдық кеңесі ұйымдастырылып, ел адамдары жаңа тұрмысқа бейімделе бастайды. Жер көлемі 3724 шаршы шақырымды құрайтын ауылдық кеңесте жалпы халық саны 1921 адам, соның 1313-і колхоз мүшесі, 68-і жеке қожалықтардың иесі болғандығын айғақтайды мұрағат құжаттары.
Әңгіменің басында бабам Байдәулеттен Мақи мен Жұбай есімді екі ұлы болғанын айттым. Менің әкем Жанділда Жұбаймен бірге туған Мақидың кіндігінен өрбиді. Бірақ мен Жұбай атамның тәрбиесінде көбірек болдым. Жылқышы атамның ауылына жазғы демалыста барып қолымнан келетін, өзіме тапсыратын шаруаны тап-тұйнақтай атқарып, атамның ризашылығына бөленетінім есімде. Сол кездері о кісінің еңбекқорлығы, адамгершілігі туралы ауылдастары көп айтушы еді.
Ауылдық кеңес құрамындағы Мұрынши-1, Мұрынши-2, Таушағыл, Мырзақұл, Жантақты, Сазды, Тоғызтабан, Ескене елді мекендерінен келген қонақтардың үлкен-кішісі Жұбай атаммен ақылдасатын.
Сәл кейінірек Сазды колхозы құрылып, Жұбай атам жылқы малын баққан еді. Ал Сазды колхозы негізінен 1947 жылы Сазды Жігер, Жаңаталап сияқты бұрынғы майда колхоздардың ізімен ірілендірген көрінеді. Колхоз сол уақыттары түйе, жылқы, мүйізді ірі қара малдары сияқты қоғам дәулетіне басымдық беріпті.
Атамыз сол кездері өзінің адал еңбегімен абырой биігінен көрініпті. Әр 65 биеден жыл сайын 65 құлыннан алып, еңбек көрсеткіші еселеп өсе түсіпті. Бұл сол кездері облыс бойынша жоғары көрсеткіш болуы керек. Мұрағат деректерінен байқағаным, соғыстан кейінгі жылдары елу шақты еңбек озаттары жоғары үкімет марапаты – Социалистік Еңбек Ері атағына бірінші рет бесеуі бұл атаққа екінші мәрте ұсынылыпты.
Соның бірі – Сазды колхозының аға жылқышысы, менің атам Жұбай Байдәулетов болатын. Бірақ бұл жоғары марапат атама белгісіз себептермен берілмей қалыпты. Оның нақты себебін мен кейін ержете келе байдың баласы болғандығына байланысты шығар деген ойға бекідім. Өйткені, сол кездергі солақай саясат солай болатын еді ғой. Есесіне үкімет атамның жанқиярылқ еңбегін ескерген болуы керек, бір жылдан соң сол кездегі жоғары марапат – Ленин орденін омырауына тақты. Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысқан ауданымыздағы санаулы еңбек адамдарының бірі болатын атам.
Қашан қайраты қайтып, ат арқасынан түскенше алдындағы қоғам малын шығынсыз өсіріп, құрметті демалыста жүрсе де қарап жүрмейтін. Ауыл арасында тайлаққа мініп жүретін атам сонау Саздыдан совхоз орталығы – Шижаға мен аудан орталығы – Арал қаласына 80-90 шақырым жол жүріп, шаршамай-шалдықпай атпен келетін.
Ат үстінен түспей Қосымов көшесіндегі апамның үйіне келгенде «Осы арада менің бір балам тұрушы еді» деп қос көзі кіреуке тартса да, адаспай үйдің маңайына ат басын тірейтін. Сәлем берсең «көзім дұрыс көрмей тұр, кімнің баласысың» деп түп-тұқиянымызға дейін сұраушы еді.
Менің әкем Жанділда 1964 жылы өмірден өткен соң мен көбіне Саздыдағы Жұбай атамның үйінде болатынмын. Қызының балалары, жиендері болып 7-8 бала жазда мал азығы үшін жаппай қол орақпен қара шөп оратынбыз. Қалың құмның ішіне техниика кіре алмайтын. Біз жалаңаяқ, жалаңбас сол табаннан күнұзағына шөп орып жүретін едік. Ол шөпті күзде ферманың механизаторлары атамның қорасына тау-төбе етіп тасып, жинап беріп кететін.
Жұбай атам қоғам малын баққан тұста Арал ауданының атақты еңбек озаттары, Социалистік Еңбек ерлері Көшербай Дәрібаев, Өтеген Қазанғапов, Жүсіп Кенжебаев, Жүзбай Есболов, Балекеш Ермағамбетов, Құдайберген Сманов сияқты майталмандармен сырлас, сыйлас адам болғанын әлі күнге мақтан етемін. Бұл кісілер де атам сияқты құрықтарына құт қонған, қоғам дәулетін еселеп, жылқы баққан, аты аңызға айналған, ұрпақтан-ұрпаққа танымал, ерен еңбек иелері болатын.
Жұбай атам 1978 жылы маусым айында тоқсан бес жас жасап, мәңгілік сапарға аттанғанда мен оқуымды тәмамдап, диплом қорғап жатқан болатынмын. Өзінің ақтық аманаты бойынша атамды ағайын-туыстары, ауылдастары болып, Шижаға елді мекенінің оңтүстік-шығыс жағындағы төбедегі қорымға қойған. Қазір оны «Жұбай төбе» деп атайды ауыл адамдары.
Атамның екі әйелінен 3 ұл, 3 қыз болған. Үлкені Ержан Ұлы Отан соғысына қатысып, хабар-ошарсыз кеткен. Күзембай деген баласы соғысқа қатысып, елге аман-есен оралып, колхозда бригадир болады. Кейін 1964 жылы қайтыс болады. Кенже ұлы Нұржан «Арал» совхозында механизатор болып еңбек етіп, 45 жасында өмірден өтеді. Қазір қара шаңырақта Жұбай атамның немересі Ерлан бала-шағасымен бірге тұрады. 6 перзент тәрбиелеп отыр. «Адам ұрпағымен мәңгі жасайды» деген осы.
Атамыз қазақ «Жиен жақсы жалды болса, нағашы жақсы малды болса» деп бекерге айтпаған-ау деп ойлаймын. Себебі, Жұбай атамның үш қызынан туған жиендері бар. Атамның жасы ұлғайған тұста бір қызы Алуа апамыз совхозда мал маманы болып қызмет атқарып жүрген ұлы Қожабай екеуі нағашысын қолдарына алып, жұрттан кем қылмай бағып-қаққанын сол ауылдың үлкендері жақсы біледі. Оның үстіне Саздыдағы соңғы тұрған үйін ауылдастары жаңғыртып, қайта салып бергенін қалайша ұмытарсың. Сол үшін де ауыл адамдарына рахмет айтамын әлі күнге.
Атамды ауыл адамдары әулие, көріпкел, алдын болжайтын адам деп жолын кесіп өтпеуші еді. Сол кездегі көнекөз қарт адамдардың айтуына қарағанда о кісі қаншама жыл қоғам малын баққанда ешқандай шығын болмапты. Ит-құсқа, ұры-қарыға алдырмапты. Ел ішінде телі де, тентек де болады емес пе. Алдындағы малына қол сұғып, көз алартқандар болса, ондай арам пиғылды жандардың арты дұрыс болмаған көрінеді.
Жақсыдан шарапат. Туған жиені Қожабайға Жұбай нағашысының әруағы қолдап мал бітті. Бүгінде ұлан-ғайыр далада жиеннің төрт түлік малынан жер қайысады. Тіл-көзден аулақ. Қожабай жиен өмірден өтсе де, Жұбай атамның жиеншарлары Әділ мен Жасұлан әке дәулетіне дәулет қосуда. Сөйтіп, «Қожабай» шаруа қожалығына ағайынды екеуі иелік етіп отырған жайы бар.
Мемлекет басшысының жоғарыда біз тілге тиек еткен мақаласындағы «Еңбекқорлықты ұлт қасиетін айқындайтын асыл қасиетіне айналдыруға тиіспіз» деген сара сөздерді басшылыққа алған жас ұрпақтың бүгіні жарқын, келешегі кемел болмақ. Өйткені, жасампаздықтың тұтқасы ұлы еңбекте тұрғанын әркім білуге тиіс.
Қазіргі таңда Сазды елді мекенінің төрінде Жұбай атамның жиеншарлары Әділ мен Жасұлан өз қаржылары есебінен нағашыларының есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында мұсылмандар үйінің құрылысын жүргізуде. Амандық болса, екі-үш айдың көлемінде ауыл халқының игілігіне берілетін жаңа мешіттің салтанатты түрде ашылуын Сазды елді мекенінің үлкен-кішісі асыға күтуде.
Өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінің бүтін болса, ертеңің анағұрлым жарқын болмақ. Еліне еңбегі сіңген, халқына құрметті Жұбай ата есімі ендігі жерде ұрпақтарымен бірге жасай бермек.
Ендеше баба рухын ұлықтап жатқан ұрпақтарының бастарына баянды бақ-дәулет, имандылық істеріне береке-бірлік тілеймін.
Әбен Жанділдаев,
зейнеткер
Арал қаласы

22 тамыз 2023 ж. 465 0