Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Киімнің киелісі – кимешек еді...

Киімнің киелісі – кимешек еді...

Қазіргі таңда жастардың киім үлгілеріне сән мен талғамына байланысты таңдау өте көп. Базарға немесе сауда үйлеріне кірсеңіз жаңа туған сәбиден бастап еңкейген қарияға дейін киімнің түрі толып тұр. Спорттық, күнделікті, кешкі, сәндік деп түрлі топқа бөлуге болады. Ал бұрын ше?
Қазақ елінің киім үлгісі десе есімізге кимешектің алғаш болып түсетіні рас. Сан мыңдаған жылдар бойы түсіне, ұзындығына, өнерлеріне қарап кимешек иесінің қоғамдағы орнын, жасын, тіпті қай жүздің адамы екендігін білуге болатын. Кимешек әжелеріміздің, аналарымыздың шашын, кеудесін, иығы мен арқа тұсын жауып, артық көздің сұқтануынан сақтайтын. Жиын-тойларда ерекше әдемілік беріп, өздерін сыйлататындай дәреже беретін.
Кимешек қазақтың дәстүрінің, мәдениетінің, менталитетінің көрінісі іспеттес. Әр өлкеге байланысты оның аты да шылауыш, бұрама жаулық, иекше деп өзгертіліп отырады. Кимешек көп жағдайда ақ жібек матадан тігілетін. Ол қазақ қоғамының салтанатын, тазалығын, мәртебесінің биіктігін білдіретін. Кимешектің иекті, маңдайды жауып тұратын тұсын «шықшыт» деп атайды. Алдыңғы тұсын «жақ» деп атайды. Көбінесе сары, алтын түстес жіптермен кестеленіп тігіледі. Ол әрбір киюшінің бас пішіміне қарай түрліше жасалады. Одан төменгі шашты, кеудені жабатын тұсы «құйрық» деп аталады. Оның етегіне күміс теңгелер, моншақтар салып тігеді. Ол ерекшелік береді әрі кимешектің етегі төмен басылып, желге ұшпауына жақсы. Әйелдің беті ашылған жерде ғана арнайы ойық болады. Ойықтың жиегі, мойынның екі жағы, кеуде тұсы кестеленеді. Оны «алқым шалу» деп атайды.
Ол заманнан бері қаншама жыл өтті. Сол әжелерімізбен бірге қазақтың кимешегі де кетті деуге болады. Тек кимешектің қызметі мен қадірі туралы естеліктер қалды. Жаулықтың өзі арнайы мерекелер мен спектакльдерде ғана киілетін болды. Барлық дәуір мен эстетикалық мәдениеттің көрінісі ел аналарымен бірге ұмытылды. Ең қызығы ертеде әжелеріміз, аналарымыз қаншама қиындықтар, көп тыйымдар болса да кимешекті тастамай кие алған. Кимешекке байланысты «киімнің пірі – кимешек», «ақ жаулық – таптырмас байлық» сында сөздердің болуы бекер емес.  Әлі күнге дейін дәстүр бойынша ананың жаулығын сыйлау, оны басынбау керек. Соның арқасында ежелден түркі елдері соғыстың, даудың алдын алған. Жаулықсыз ел анасын көрмеу үшін кері шегінуге мәжбүр болған. Осындай әйел киімінің атрибуты әлі де құнды ма? Кимешектің артықшылығы неде?
Біріншіден, жабық киімдер адам жанын да, тәнін де сақтаушы қызметін атқарған. Табиғаттың ыстығы мен суығынан, күн көзінің денеге өтуінен сақтаған. Екіншіден, ол гигиеналық тазалықтың белгісі. Үй шаруасында болсын, сырттағы мал шаруашылығында болсын қазіргі алжапқыш іспеттес болған. Әйел адамның көйлегінің ластануына кедергі болған. Үшіншіден, этикалық және эстетикалық артықшылығы. Ол баланы емізу кезінде кеуденің ашылуына, басқа да қимыл әрекет кезінде иықтың, арқаның ашылуына жол бермейді. Осылайша әйелге тазалықтың, қол жетімсіздіктің символын береді әрі ақ түс өңінің сұлулығын ашады.
Кимешекті кию арқылы әйел өзінің нәзіктігін, дәрежесін, өзгенің жары екендігін білдірген. Жаңа түскен келінге кимешек кигізу дәстүрі осының айғағы. Оған дейінгі жаста орамал, сәукеле сынды бас киімдер олардың көркін ашқан. Қазақ қоғамында қыз баласы жастайынан жалаң бас жүрмеген. Ал қазір ше? Діннің түрлі теріс ағымдарының көбейгені соншалықты орамал таққан қызды көрсек қорқатын заманға жеттік. Сондықтан қазіргі тілмен айтқанда «хиджаб» киген қыз баласын оқуға, жұмысқа кіргізбейтін болдық. Оның барлығы кимешектің, тақия мен орамалдардың дұрыс насихатталмауынан. Мүмкін бұрынғыдай ата-баба салтымен жас қыздарға орамал емес, оқалы тақия кигізсе бәрі де дұрысталар ма еді?
Не де болса сәбиі туғаннан оқалы тақиясын кигізген, өсе келе оны құндыз бөрікке ауыстырып, ұзатқанда сәукелесін тағып, келін болғанда кимешегі мен жаулығын ораған асыл бабаларымыз сол дәстүрін аяқ асты болады деп ойлады ма екен?! Тіпті, қазақ жерінде көне тарихтан сыр шертетін балбал тастарда да кимешек киген әйелдің бейнесін тасқа қашалғанын, онда болашақ ұрпақтың бабалар жолынан адаспасын деген ниеттің жатқанын қалай ұмытармыз. Шынында да, қарт аналар баяғы асыл әжелеріміздің соңғы асыл сынығы ма екен, әлде...?!
Г. ӘЛНИЯЗИНА

26 тамыз 2023 ж. 782 0