Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бала алдындағы парызыңа немқұрайлы қарама

Бала алдындағы парызыңа немқұрайлы қарама

Отбасы болған соң түрлі жағдайлар орын алып жатады. Некедегі екі адамның кейде жарасым таппай, өмір арнасының екі жағына бұрылып жататыны да бар. Мұндайда кәмелет жасына толмаған ортақ баласы болса ше? Әрине, заң бойынша ата-ана бала алдында теңдей жауапты. Сондықтан сот шешімімен балалар анасында не әкесінде қалған жағдайда, баламен бірге тұру құқығынан айырылған келесі қамқоршысы (әкесі не анасы) балаға материалдық жағынан қолдау көрсету керек. Бұл заңмен белгіленіп көрсетіліп міндеттеледі. Дегенмен де бала алдындағы парызын өтеуге асықпай қарызы қалтасына түсер қаржысынан асып кетіп жатқан жауапсыз ата-аналар көп. Бүгінгі әңгіме осы туралы болмақ.

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңда алимент бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат деген анықтама берілген. Біздің елде көп жағдайда баланы асырау үшін алимент төленеді. Сондай-ақ, ата-анасынан бас тартқан ересектер де алимент төлеуі мүмкін. Алайда қоғамда алимент төлеуден жалтарып жүргендер өте көп. Олар көбіне балаға алимент өндіріп алу үшін бұрынғы жұбайының арыз түсірмейтінін пайдаланады.
Статестикалы мәліметтерге көз жүгірсек бүгінде елімізде алимент бойынша қарыз көлемі 14 млрд. теңгеге жетті. Бұл мәселе сот орындаушылары мен құқық қорғау қызметкерлерінің бас ауруына айналып отыр. Өйткені борышкерлердің арасында маскүнемдер мен жұмыссыз жүргендерден бөлек, парызын орындағысы келмей, жұмыс берушімен келісіп, жалған құжат жасатып, жалақы мөлшерін азайтып көрсе¬тетіндері де бар.
Алимент мөлшері мен төлеу тәртібі отбасы мүшелерінің қаржылық міндеттемелері кодекстің 5-бөлімімен реттеледі. Қазақстандағы ең төменгі сома – бір балаға 15 мың теңге. Бұл – ең төменгі жалақының төрттен бір бөлігі. Яғни, бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы берілуі керек. Болашақта қаржылық және отбасылық жағдайға байланысты бұл сома әртүрлі болуы мүмкін.
Арал ауданында ағымдағы жылы алимент өндіру санатында сот орындаушылар өндірісінде 912 алимент өндіру санатында атқарушылық іс жүргізу қозғалып, оның ішінде 83 іс аяқталса, 830 құжат орындалу үстінде. Жалпы ауданда жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарып жүрген 19 борышкерге Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669-бабымен әкімшілік шара көрілген көрінеді.
– Жолдасыммен ажырасқаныма 15 жыл болды. Ол кезде балам 2 жаста болған. Қазір мектеп бітіруге таяу. Сот шешім шығарған соң бастапқы жылы ара-арасында алимент төлеп отырды. Бірте-бірте азайтып, соңында із-түссіз жоқ болып кетті. Мекен-жайы бойынша іздестіріп таба алмадым. Он бес жылға жуық уақыттан бері берешегі әжептәуір қаражат болып отыр, – дейді есімі жасырын болғанын қалаған жалғыз басты ана.
Алимент төлеуден жалтарып жүргендерге мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Яғни, шоттары мен мүліктері бұғатталады, ол шетелге шығу құқынан айрылады. Көлік құралдарын басқару құқығы шектеледі, сонымен қатар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес, сот 600 сағатқа қоғамдық жұмысқа, екі жылға бас бостандығынан айыруға жаза тағайындауы мүмкін.
Қазір пәтер құны азық-түлік бағасы мен коммуналдық шығындар қымбаттаған сайын, осындай жалғызбасты аналардың әлеуметтік ахуалы нашарлай беретіні анық. Одан қалды, баланы тәрбиелейтін алғашқы әлеуметтік институт отбасы екенін ескерсек, ата-ананың екі бөлек кетуі баланың психологиясына әсер етпей қоймайды.
– Бала үшін әке мен шешенің орны бөлек, ол екеуін де бірдей жақсы көреді. Алайда бір мәселе бар. Мысалы, ажырасып кеткеннен кейін бөлек тұратын әкесі не анасы баламен қарым-қатынасын үзеді. Мұндай жағдайлар көп емес, бірақ кездесіп жатады. Міне, осындай жайттар балаға қатты әсер етеді. Сондықтан да ата-ана ажырасып кетсе де, баламен қарым-қатынас үзілмеуге тиіс. Онымен жүйелі түрде кездесіп тұрғандары жөн. Мәселен, аптаның қай күні кездесу үшін белгіленді, сол күні тұрақты түрде жүздесіп, кездесу ұйымдастыру керек. Аспан айналып, жерге түссе де, сол келісілген уақытта баланың жанынан табылуы керек. Сол сәтте балада «қандай жағдай болсын, олар менің жанымда болады» деген ой, сенім қалыптасады. Ал егер де кездесу белгіленген уақытта келмей, келем деп алып жоғалып кетсе, оның үстіне жиі өтірік айтатын болса, бала да соған бейімделеді. Бұл оны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды. Сөйтіп, өзі де үйленіп, не тұрмысқа шыққан кезде, оған сондай адамдар жолығады. Өйткені оның психологиясы солай қалыптасты, сондықтан да өзінің әке-шешесіне ұқсайтын адамдарды тартып тұрады, – деді психолог Бану Әбілғазықызы.
Демек, бала әке-шешесінің жағымды не жағымсыз іс-әрекетін бейсаналы түрде қайталайтын болса, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің одан әрі өршуіне әкелуі ықтимал.
Иә, алимент қарызын болдырмаудың негізгі жолы ажырасушылар қатарын азайту екені айтпаса да түсінікті. Өйткені жылдан-жылға екі бөлек кеткен отбасылардың көбеюі тастанды сәбилер мен бауыр еті баласын тағдыр талқысына тастап, алимент төлеуден жалтарушылар қатарының өсуіне түрткі болып отыр. Сондықтан балаға әу бас¬тан ұлттық дәстүрлеріміз бен салт-санамызды насихаттап, отбасы құндылығын құлдыратпау қажет-ақ.
Н. МАРАТ
28 тамыз 2023 ж. 569 0