Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Баласына 15 мың теңгесін қимайды»: Алименттің әлегі таусылар емес

«Баласына 15 мың теңгесін қимайды»: Алименттің әлегі таусылар емес

Бүгінгі күні екі жастың келіспеуінің соңы ажырасуға апарып жатады. Иә, тіпті кеше ғана бірін-бірі ұнатып қосылған жас жұбайлар көп ұзамай ажырасуға асық болып жататынын құлақ естіп, көз көріп жүр. Ал осы тұста шырылдай жүріп шырғалаңға түсетін бүлдіршін тағдырын ойлайтын жан бар ма? Ананы жалғызбасты ететін, безбүйрек әке екені анық. Дегенмен тәуелсіз елімізде заң бар. Әділдік арқылы әр адам өз құқығын қорғап қала алатыны да рас.
Өткен 2022 жылы ең төменгі алимент мөлшері бір балаға 15 мың теңгені құрады. Алайда балаға алимент төлеуден жалтарып жүрген ер азаматтар да жоқ емес. Осы орайда алиментті кімдер ала алатындығына тоқталып өтелік. Біріншіден, кәмелетке толмаған балалар, кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балалар, сонымен бірге ерлі-зайыптылардың біріне және бұрынғы ерлі-зайыптылардың біріне, кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауына беріледі. Алимент негізінен еңбекақыдан, қосымша ақылар мен үстеме ақылардан, сонымен қатар зейнетақы төлемдерінен, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардан, кәсіпкерліктен түсетін кірістерден ұсталады. Сондай-ақ алимент төлеу туралы келісім Кодекстің 157-бабына сәйкес, алимент төлеуші мен алушы арасында жасалады. Егер олардың бірі әрекетке қабілетсіз болған жағдайда сол адамдардың заңды өкілдері арасында жасалады екен.
Алимент төлейтін әкенің немесе ананың отбасылық жағдайы өзгерсе, екінші рет үйленіп балалы болған кезде және де денсаулық жағдайына байланысты қаражат қажет болған жағдайда алимент төлемінің көлемін азайту туралы сотқа арыз жаза алады. Дегенмен алимент төлеуді мүлдем тоқтату мүмкін емес. Егер некесіз туылған баланың әкесі анықталған жағдайда оны босанғанға дейін де, одан кейінгі кезеңдердің ішінде өзін асырау жөніндегі шығындарды өтеуді сот тәртібімен талап ете алады.
Көп жағдайда екі жақтың бірі алимент төлеуден бас тартып жатады. Мұндай кезде сотқа өтініш беріп, алиментті мәжбүрлі төлеткізуге болады екен. Сонымен бірге жауапкер ері немесе әйелінің тіркелу орны бойынша міндетті түрде сотқа арызбен жүгінуі қажет. Егер ата-ана ата-аналық міндетін орныдаудан толық бас тартса, соның ішінде алимент төлеуден бас тартар болса, ата-ана құқығынан айырылады.
Қазіргі кезде алимент төлеуден қашып жүргендер баршылық екендігін айтқан болатынбыз. Елімізде үш айдан астам алимент төлемей жүрген азаматтардың аты-жөнін жинақтайтын арнайы «Қамқор» атты ақпараттық қызметі бар. Осы тұста алименттен қандай жағдайда босатылатындығын да айта кеткеніміз жөн. Тек баланың бұрынғы әкесі одан бас тартса және ол баланы екінші әкесі асырап алған жағдайда ғана соттың асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бірінші әкесі алимент төлеуден босатылады.
Қасиетті кітабымыз Құранда: «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие, алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» делінген. Міне, отбасындағы әкенің рөлі мен орнын осыдан-ақ байқай беруімізге болады. Мұның барлығы сайып келгенде тәрбиеден басталары анық. Егер шаңырақ басында «Жетімін жылатпаған қазақ» екендігімізді әрдайым еске салып отырар болса, сонымен бірге өз қанынан жаратылған ұрпақ қадірін ұғындырар болса, «көкек әке» атауы болмас та еді. Ақ жаулықты аналарымыз сот жағалап жүрмес еді. Әр бала бақытты болуға лайықты екенін ұмытпағанымыз жөн.
А. НҰРЛАНОВА
10 қаңтар 2023 ж. 368 0