Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақытын еңбектен тапқан жан

Бақытын еңбектен тапқан жан

Қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Осы жылы түгел түркінің темірқазығы Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші жиынында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады», деген еді. Міне, бүгінгі әңгімеміз өз ісінің нағыз маманы, кеше ғана Арал өңірі балықшыларының VII слетінде «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын иеленген еңбекқор жан Ақшабақ Батимова туралы болмақ.
Атадан балаға беріліп келе жатқан балық кәсіпшілігі бұл отбасының да айнымас тірегіндей болған. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, біз әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміздің әкесі Аяш Батимов Арал мемлекеттік балық тресінің Ауан балық зауытында, Арал балық тоңазыту комбинатында балық қабылдаушы, Мергенсай балық қабылдау учаскесінде меңгеруші болып қызмет атқарған сыралғы балықшы болса, анасы Шамша Жетесова үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан ардақты ана болды. Біздің бүгінгі кейіпкерімізді Арал теңізінің толқынында туып, жағасында өскен балықшы ұрпағы десек болады. Содан да болар, Ақшабақ Аяшқызының су маржанына деген махаббаты алабөтен болды. Оны сонау теңіз тартылған, әсіресе, комбинат таратылған жылдары да бұл кәсіптен қол үзбегенінен, бағалы байлыққа саналған балық кәсіпшілігіне деген ықыласы айрықша болғанынан аңғарамыз.
Ол қарапайым отбасында 1956 жылдың ақпан айының 22-сінде Мергенсай елді мекенінде дүниеге келген. 1973 жылы қаладағы №13 орта мектепті ойдағыдай тәмамдайды. Бала кезінен балықшы болуды армандаған жас қыз 1975 жылы Ресейдің Астрахан қаласындағы Жоғары техникалық балық шаруашылығы оқу орнында білім алып, оны 1980 жылы "Балық өнімінің технологиясы" мамандығы бойынша тәмамдайды.
«Өткенсіз бүгін жоқ» демекші, тарихқа көз жіберсек, өткен ғасырдың 1960 жылдары «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің құрамында 22 балық колхозы, Қызылорда, Қазалы, Ақтөбе, Ауан, Бөген, Ұзынқайыр, Ұялы, Арал балық зауыттары, Қуаңдария және Бөген балық аулау мемлекеттік базалары болып, бұл шаруашылықтарда 10 мыңнан астам адам жұмыс істеген еді.
Міне, осындай аудан көлеміндегі іргелі өндіріс орны – «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігіне жұмысқа қабылданған жас маман Ақшабақ Аяшқызы алғашқы еңбек жолын бастайды. Мамандық таңдауда қателеспеген жас қыз аталған мекеме таратылғанша шебер, технолог, бас технолог, орталық зертхана меңгерушісі болып абыройлы еңбек етеді. Ол еңбек ете жүріп, жастар мәселесін де көтерді. Қоғамдық жұмыстарда ысылды. Сөйтіп, қағылез де еңбексүйгіш бұл қыздың талабы оңғарылды. Ыстау цехының комсомол комитетінің, кейін партия комитетінің хатшысы болып, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді. Насихатшы да болады. Бұл алғаусыз еңбегі ескеріліп, салалық басшылық тарапынан арнайы грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталады.
1996 жылың тамыз айында мекеменің белді маманы ретінде балықшылармен, басқа да мамандармен бірге «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» халықаралық дат-қазақ балықшылар жобасы негізінде тәжірибе алмасуға Дания еліне барады. Сол жылдың 1 қазанынан бастап даниялық балықшылармен бірге Тастүбек елді мекенінде болып, камбала балығын аулауға және оны өңдеуге бар қажыр-қайратымен, білім-білігімен кіріседі. Аталған жоба аясында екі жыл қатарынан Жанат Маханбетова, Шарипа Жұбаниязова сынды әріптестерімен бірге ерікті болып жұмыс істейді. Олар Арал балықшыларын ұйымдастырып, 1998 жылы «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігін құрады. Оған 1000-ға жуық мүше тартылады. Осы салаға деген жанашырлығын, қамқорлығын бағалаған балықшылар Ақшабақ Аяшқызын осы қоғамның тете президенті және президенті етіп бірнеше рет сайлайды. Осы турасында өз ісінің шебері Ақшабақ Батимова:
– Даниядағы «Тірі теңіз» балықшылар қоғамымен байланыс орнатып, «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» дат-қазақ жобасы негізінде Арал балықшыларына Дания балықшыларынан көптеген ақшалай (теңіздің басына көшуге жанар-жағармай,тамақтары, қайықтарын жөндеу үшін) және балық аулау үшін ау құралдарын, балық жинайтын тоңазытқыш контейнерлер алдық. Мен осы аталған жоба аясында басынан аяғына дейін балықшылармен байланысты ұйымдастырушы болып жұмыс жасадым. 2003 жылы балықшылардың камбаланы тапсыратын жері болмауына байланысты «Тірі теңіз» балықшылар қоғамының қолдауымен тағы да «Данида» халықаралық дамуды қолдау бағдарламасы көмекке келіп, қаладағы нан зауытын сатып алуға көмектесті, ал біз Арал балықшыларын ұйымдастырып, олар ерікті түрде әр ауылдан келіп жөндеу жұмыстарына көмектесті, келе алмағандары қаржылай көмектесті. Оған жұмысшылар жалдап, нан зауытын балық зауыты қылып, балықшылардың балығын қабылдап, өңдеп, жан-жаққа сатуға көмектестік. «Камбала балық» балықшылар өндірістік орталығына ЮСАИД қорының есебінен "МАШАВ" бағдарламасы арқылы балық мұздатқыш, мұз шығаратын, балық таситын машиналар алдық. Дүниежүзілік банктен «Теңізден дастарқанға дейін» жобамыз үшін қаражат бөлініп, Арал балықшыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалыстық,– дейді ол сол бір күндерді еске алып.
Білікті маман осы жұмыстармен қатар «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы да болып, бірнеше экологиялық жобаларды сәтті қорғап, еріктілермен де жұмыс атқарады. Бұл асқан жауапкершілікпен атқарылған жұмыс жоғарғы орындар тарапынан әділ бағаланып, «Камбала-балық» балықшылар өндірістік орталығының қызметіне ел назары ауды. Ақшабақ Аяшқызы «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің балық кәсіпшілігін дамытудағы оң нәтижелері үшін Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың қабылдауында болып, Арал балықшыларының атынан «Кіші Арал теңізі» үшін алғысын білдіру мәртебесіне ие болған еді. Балық шаруашылығы саласының майталманы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Мамандығы бойынша үздік» дипломымен, Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарын еншілеп, зор құрметке бөленді. Сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, «Алтын дән – 2006» облыстық мерекесінде "Үздік маман", облыстағы «Үздік кәсіпкер әйел», аудандағы «Жыл үздігі» атанып, мәртебесі асқақтады. Бұл аудан балықшыларымен ынтымақтаса еңбек етудің ортақ қайырымындай болды десек артық айтқандық емес. Сөйтіп батыл да өжет әрі өз ісінің шебері атанған білікті маман қай істе де қайсарлығын танытты.
– 2007 жылдың қазан айында Арал каласында жаңа балық зауытының іргесі қаланып, «Атамекен балық өнеркәсібі» ЖШС зауытына атқарушы директоры қызметіне шақырылдым. Зейнетке шыққанша осы зауытта атқарушы директор, директордың орынбасары, директор болып жұмыс жасадым. Зейнетке шыққасын да үш жыл бас технолог болып қызмет еттім. 2021 жылы білгенімді жастарға үйрету мақсатында Арал өңірінің балық өңдеуші әйелдеріне «Балық өнімдерінің өндірістік технологиясы» бойынша дәріс бердім,– деді Ақшабақ Батимова.
Жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп, оларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуден де жалықпаған тәжірибелі маман отбасында жолдасы екеуі екі бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде шаңыраққа екі келін түсіріп, төрт немереге ата-әже атанып отырған жайы бар. Иә, өнегелі тәрбие отбасынан басталады. Ата-анасы Ақшабақты жастайынан еңбекке баулып, адалдыққа тәрбиеледі. Сол тәрбиенің жемісі болар, бүгінде аналық ақылымен жанұя ұйытқысы болып, бақытқа бөленіп отырған сүйікті әже.
Біз де талай қиындықты бастан кешіп, қайраттылығы арқасында өмір талабына ерте бейімделген, қай істі де асқан жауапкершілікпен орындап, осындай биіктен көрінген балық өңдеудің хас шеберіне, сүйікті кәсібінің арқасында бақытын еңбектен тапқан Ақшабақ Аяшқызына ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, еңбегінің зейнетін көре беруіне тілеулеспіз.
К. МАХСҰТ 
24 қыркүйек 2023 ж. 1 586 0