Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қайраткер –70 жаста

Қайраткер –70 жаста

Қазақ халқы әуелден "Ырыс алды –ынтымақ" деп ел бірлігін басты назарда ұстаған. Бірлікті, берекелі қарым-қатынасты, атаулы мерекелерді жадынан шығармай жоғары қойған жомарт халық – ол қазақ халқы. Қандай қоғам болсын, абыройы асқақтап, халқы берекелі ғұмыр кешу үшін әрбір жекелеген адам әдептен озбай, адамгершіліктен аттамай, өзінің кемел келбетін қалыптастыруы тиіс. Кемеңгер, дана боп ешкім тумайды. Бірақ күн сайын өзін-өзі жетілдіре отырып, өз ісінің шеберлігін арттыра отырып, адам баласы өзін ақыл-ойдың кемел биігіне көтереді. Қадір-қасиетін толтыра береді. Кемеліне жеткен кемеңгерлікпен, даналықпен сөз толғайтын парасатты істің иегерімен кім болса да тілдесуге асығады. Осындай ақыл-ойдың кемел биігіне жеткен, кемелдікпен, даналықпен сөз толғайтын парасатты істің иегері тәуелсіздік жылдарында аймағымызды әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, Арал, Қазалы аудандары және Қызылорда қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшылығын абыроймен атқара білген "Құрмет" орденінің иегері, "Арал, Қазалы ауданының құрметті азаматы", үлкен жүректі, арда туған азамат, 70 жастағы Айтбай Көшербаев туралы айтамын.
Айтбай Елеуұлы 1953 жылы 21 тамызда Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын үздік бітірген. 1975-1989 жылдары инженер-гидротехник мамандығы бойынша «Кызылордаводстрой» тресінің №33, №30 жылжымалы мехколоннасында мастер, прораб, бөлім басшысы, бас инженері қызметтерін атқарды.1999-2001 жылдары Арал ауданының әкімі қызметін атқарды. Ол кездері қаржы тапшылығына байланысты жәрдемақы және зейнетақылар кешіктіріліп берілетін. Осы әлуметтік саланы қолға алып, аз уақыттың ішінде аталған төлемдер уақытылы беріліп тұруға қол жеткізгені бар. Және де жоқтан бар жасап, қазіргі қаланың көрікті келбетін жақсартуға да үлесі бар дедім. 2000 жылдары шетелден гуманитарлық көмек (азық-түлік) және Германиядан бір жуылған киім-кешектер келген. Бұларды аз қамтылған отбасыларға тарату керек болды. Қаланың өзінде 6 мыңдай отбасы ішінен аз қамтылған отбасыларды анықтау, қала, аудан ақпарат қызметкерлерінің қолынан келмейтіні белгілі. Сол уақытта аудан әкімі қаладағы көше комитетінің төрағаларын жинап кеңесін құрды. Кеңестің төрағасы етіп мені сайлады. Көше төрағалары аз қамтылған отбасыларды анықтап келген азық-түліктерді және киім-кешектерді әділдікпен тарату қолымыздан келгені рас. Әрине, сол отбасылар ішінде менің де жағдайым нашар деген ауқатты отбасылармен жаға жыртысып, ілгегіміздің үзілгені бар. Бүгінгі таңға дейін көше комитеті төрағалары ауызбіршілікпен көшенің тазалығы, тәртібі, әлеуметтік жағдайларымен қоса, жарық, газ, су төлемдерін уақытылы төлеп тұруға да ықпал жасап келеміз. Тұрғындардың талап-тілектерін, ұсыныстарын тиісті орындарға жеткізіп, оның нәтижелерін көрудеміз. Яғни Айтбай Елеуұлының салып кеткен сара жолынан айнымаудамыз деп айтқан дұрыс болар.
Айта кететін бір жайт, өткен жылғы қаңтар оқиғасында да пештің қуысында қалмай, көше төрағалары бір-бірімізбен хабарласып, көше тыныштығын сақтауға да көмегіміз тигенін айтып өткенді жөн көрдім. Келесі күні трассада жүк көліктерін шақырымдап ұстап тұрған жастарға аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Арал ауданының құрметті азаматы» Алдаберген Жоланов екеуміз барып, үлкендігімізді айтып, жүк көліктерін босатуға көмегіміздің тигені бар. Айтбай ініміздің ғасыр құрылысы атанған "Көкарал" бөгетін салуда алғашқы күннен бастап құрылыстың басында қостанып жатып, су шаруашылығының білгір маманы ретінде құрылыстың сапалы салынуына ерен еңбек еткені көз алдымызда. Кіші теңіз қалпына келіп, теңіз жағалауындағы тұрғындар ата кәсібі балық аулаумен айналысып, жағдайлары түзелуде. Бұл жерде Айтбай Елеуұлының Кіші Аралға жасаған толымды еңбегін атап өткен дұрыс болар. Бірінші кезеңнен кейін екінші кезеңнің басталып, теңізіміз қаламыздың жиегінде шалқып жатса деген әрбір аралдықтың үкілі үміті. Әрине Айтбай Көшербаевтың Арал ауданында жасаған қызметтерін толық баяндадым деп айта алмаймын, ойымда қалған игілікті істерін баяндадым.
Кемел адам дәрежесіне талпыну мына фәнидегі әрбір адамның міндеті болуы тиіс. Бұл ниеттегі әр адам өз деңгейінде кемелденудің әйтеуір бір сатысында жүреді. Кемелдіктің кім қандай дәрежесіне жетсе де, осы жолда күресудің өзі – зор бақыт, үлкен үміт.
Зиялы деп кімді атаймыз? Зиялы деген ерекше қасиетті, киелі сөз, атақ-абырой. Ол екінің бірі егіздің сыңары түгілі, мыңның бірінің де маңдайына сыя бермейді. Қандай жағдай болмасын, әрдайым халықтың қамын ойлайтын, сөзін сөйлейтін, жоғын жоқтайтын, мұңын мұңдайтын, халқымен бірге жылап, бірге күлетін, ханның алдында да, қараның алдында да ақты ақ, қараны қара, барды бар, жоқты жоқ, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп айта алатын, сын сағатында елі үшін басын бәйгеге тіге алатын адамды жұрт зиялы деп атайды екен. Міне, жоғарыда зиялы туралы айтылған сөз құдіреттері Айтбай Елеуұлының бойынан табылатыны анық. Ал зиялы деп кімді атаймыз деген сұраққа ол Айтбай Көшербаев лайық деп айтар едім. Яғни аймақ зиялы қауымының ішінен ойып орын алатыны сөзсіз. Оның ана сүтінен дарыған жайсаң мінезі, оның турашылдығы, айтар сөзін бүкпесіз айтуы, туыстар арасында болған қуанышқа ортақ болып, қайғысына ортақтасып келеді. Ата-бабаларына ас жасап, құран бағыштап, үлкендердің батасын алумен қатар, ағайын-туыс, жекжаттардың да іс-шараларынан қалыс қалған емес.
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тектілікті ту еткен Айтбай Елуұлына зор денсаулық, отбасына амандық, көрінген балаларының қызығына тоймай, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпаққа еге бер дей отырып, кемел 70 жасың құтты болсын деген ағалық тілегімді жеткізгім келеді.
А. ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
03 қазан 2023 ж. 1 300 0