Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлгілі ұстаз, білікті басшы

Үлгілі ұстаз, білікті басшы

Жас ұрпақтарды біліммен  қаруландырып, ұлттық рухта тәрбиелейтін, келешек  ел басқарып, жер-суына  иелік ететін елін гүлдендіріп, мерейі мен мәртебесін  көтеретін, жасампаз азаматтарды  шыңдайтын киелі  алтын ұя, ол – мектеп. Ал мектептің  даңқын  шығаратын  ұстаздар қауымы  екені белгілі. Кемеңгер, дана болып ешкім тумайды. Бірақ күн сайын өзін-өзі жетілдіріп, өз ісінің шеберлігін арттыра отырып, адам баласы өзін ақыл-ойдың кемел биігіне көтереді, қадір-қасиетін толтыра береді. Кемеліне жеткен кемеңгерлікпен, даналықпен сөз толғайтын парасатты істің иелерімен кім болса да тілдесуге асығатыны рас. Тілдесуге тұрарлық, өзін-өзі жетілдірумен қатар, өз ісінің шебері атанған, республикалық, облыстық, аудандық білім салалары бойынша түрлі марапаттың иегері, аудан айтулы білім ордаларының бірі №59 Қарақұм орта мектебін 20 жыл абыроймен басқарып келе жатқан, аудандық мәслихат депутаты Шарбану Жанкүшікова туралы айтарымыз бар. Шарбану Бәйділдақызы 1970 жылы 18 қарашада Арал қаласында дүниеге келген. Арал қаласындағы №13 орта мектепте оқып, білім алған. Әкесі Байділдә сол кездегі Калинин колхозында артельде жұмыс жасаған. 1942 жылы 19 жасында Сталинград, Новочеркасск, Дондағы Ростов, Курск, Белгород, Харьков жерлерін азат ету жолындағы ауыр ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткені үшін «Қызыл жұлдыз», «Дәрежелі Отан соғысы», «Гвардия» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіуде Арал қаласында, Бөген, Ұялы, Қамбаш, Сексеуіл, Қарақұм ауылдарында барлығы 45 жыл сауда кооперациясында, оның 25 жылында сауда кооперациясының төрағасы болып, халықтың қара қазанын қайнатқан соғыс және еңбек ардагері. 1960 жылы Мәскеу кооператив институтын тамамдап экономист мамандығын меңгерген. Бейбіт күннің кезіндегі ерен еңбегі ескеріліп, бірнеше марапаттарға ие болған 2010 жылы 88 жасында дүниеден озды.
Анасы Балғибат Өтепбергенқызы 1935 жылы дүниеге келіп, салиқалы,өнегелі өмірдің барлық сатысынан өткен, ана сүтімен дарыған жайсаң мінезі,үй шаруасын дөңгелете ұстаған, сегіз перзентін дүниеге әкелген,алтын құрсақты Батыр ана.  Аяулы ана 85жасында қайтыс болды.
Шарбану Бәйділдақызы 1978-1986 жылдары Арал қаласындағы №14 орыс мектебінде, 1986-1988 жылдары №59 Қарақұм орта мектебін оқып бітірді. Мектепті бітірісімен сол мектепте зертханашы болып бір жыл жұмыс жасап, 1989-1994 жылдары Гоголь атындағы Қызылорда пединститутының  орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап, сол жылы №59 мектебінде орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып орналасты. Біліктіліктің арқасында 1999 жылы тәрбие ісінің меңгерушісі ал, 2002 жылдан бастап  мектеп директоры болып 20 жыл бойы  абыройлы еңбек етуде. Мектеп басшысы ретінде оқу-тәрбие процесін, түрлі шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру шаралары ойдағыдай атқарылуда. Біліктілікті арттыру мақсатында әр кезеңде курстарға қатысып, заман талабына сай үнемі өзін-өзі жетілдіру жолдарын алдына қойған маңызды мақсаты екені белгілі.
Мектеп тарихына көз жұгіртсек 1938 жылы шаруашылықтардың бірігуі нәтижесінде Арал ауданы «Алға» колхозында бастауыш мектеп  ашылды.Колхоз орталығы 1945 жылы Абай Құнанбаевтың 100 жыл толу құрметіне Абай атанған. 1949-50 жылдары жалпыға бірдей жеті жылдық,ал 1961-62 жылдары сегіз жылдық мектепке өзгерді. 1965 жылы он жылдық болып ауыстырылды. 1988-89 жылдары он бір жылдық мектепке айналды. Мектептің алғашқы басшылары Аманбаев Тынысбай, Бакешов Қожабай, Есмамбетов жантуған, Есбергенов Сарқытбай, Сақтағанов Нұртуған, Нұрышов Берік сынды азаматтардың есімі ерекше аталады. Ал Шарбану Бәйгелдіқызы 2002 жылдн бүгінге дейін мектеп басшылығын абыроймен атқаруда.
Мектеп тарихында із қалдырған ұлағатты ұстаздар көптеп саналады. Солардың қатарында «Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ ССР Халық ағартуісінің озық қызметкері» т.б марапатталған, еңбектері құрметтелген сияқты ұстаздар қауымы бір шоғыр. Сөз өнерін,сөз мәнерін дәріптеген ұстаздар Дайрабаев Аманғали, Әйтімов Иманбай, Данабаев Қази сынды ел мақтаныштары бір бөлек. Олар «Қазақстан журналистер Одағының мүшесі» бола жүріп ұстаздық етті. Білім теңізіндегі ұлы көштің жылжыуына еткен еңбек, төккентердің өтеуі шәкірт жетістігінде.
Мектеп тарихында қырыққа жуық «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері шыққан.Өмірдің түрлі саласында өз жұлдызын жарқырата жағып жүргендері де бар.Онан бөлек,спортты серік еткен  шәкірттердің алды ССР спорт шебері Шакеев Бимырза, Шорабек Әлиұлы, Данабаев Көлбай т.б.әлемдік, халықаралық,республикалық деңгейде жүлдегерлер шоғыры бір төбе. Олардың қатары Досжанов Елеулі, Бижанов Диас, Тұрымбетов Азамат,Сақтағанов Еңбек, Саудаев Айдос, Қамбарұлы Дастан, Елеуліұлы Ринат және басқалармен бірге 2019 жылғы қазақша күрестен әлем чемпионы Сәлімгереев Нұрыммен толықты.
Кімге қарыздарсыз?- Оһо-о-о! бұл сұраққа Әнет баба өзінің шәкірті қаздауысты Қазыбек биге қойған екен.
– Аузы дуалы  айдарлы би атандың, сен бұл дүниеде  кімге  қарыздарсың? - десе шәкірті:
– Әуелі Аллаға қарыздармын! депті
– Сосын:
– Анама қарыздармын ол  мені  жарық дүниеге  әкелді.
– Сосын:
– Әкеме, ол мені өсірді,бақты, қақты, оқытты,тәрбиеледі.
– Сосын:
– Халқыма қарыздармын, халқым менің,қадіріме жетіп көтере білді.
– Тағы да:
– Ұстазым Әнет баба,сізге қарыздармын. Сіз менің көп нәрсеге көзімді аштыңыз» деп жауап берген екен.Сол Қазыбек би айтқандай,мектеп түлектері  де Аллаға, анасына, әкесіне, халқына және ұстаздарына деген өтеулерін абыройлы еңбектері арқылы көрсете білген.Қазіргі кезде де өзіме жақсы таныс азаматтар осы мектеп түлектері. Олардың қатарында Үргенішбай Қуатов білім саласының майталманы, ауылының жанашыры, еліміздің бүгінгі мен өткен тарихтарынан мағұлматтар беруде қаламы қолынан түспеген ардагер-ұстаз. Көлбай Данабаев ініміз аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы болып ауданымыздың өсіп, өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азамат. Асанбаев Арғынбай денсаулық саласының білгірі. Бес мәрте аудандық мәслихат депутаты болған кезде, сайлаушыларының өтініш-тілектерін жоғары орындарға қоя біліп,оның оң нәтижелері болғанын мен бес мәрте сайлау кезінде сенімді өкілі болып білген соң айтып отырмын. Бектемір Жұмағұлов аудан әкімінің орынбасары, Президент жанындағы мемлекетік басқару академиясының грант иегері.Абай Елеш ауданымыздың айнасы «Толқын»  газетінің бас редакторы болып абыройлы еңбек етуде. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай қазіргі «Толқын» газеті аудан тұрғындарының көзі, құлағы һәм үніне айналған мазмұнды газет екенін дәлелдеуде. «Арпа ішінде бір бйдай»демекші Байоразова Айгүл қызымыз елдің тыныштығын қорғау жолындағы ерен еңбегінің арқасында полиция подполковнигі қызметінде абыройға ие болуда.
2012 жылы мектепте 600 орынды екі қабатты жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Мектепте қазіргі таңда 59 педагог қызметкер, 435 оқушы бар.Мектеп жанындағы «Айгөлек» шағын орталығында 40 бала,МАД-тобында 17 бала тәрбиеленуде. Сонымен бірге малшы балаларына арналған 20 орынды интернат жұмыс жасайды. Жыл сайын бітіруші түлектер 80 пайызы грант иегері атанады. «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері шығуда,өздері қалаған жоғары оқу орындарында таңдаған мамандықтары бойынша білім алуда. Мектепте оқушылардың шығармашылық және интеллектуалды дағдысын дамытуға бағытталған жоспарлы шаралар жүйелі жүргізіледі. Жыл сайын өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада,ғылыми жоба жүлдегерлері түрлі деңгейде шығып отырады. Білім мен өнер егіз ұғым екенін ескерсек, қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, өмірден өз орнын тапқан, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген шәкірттер алтын ұя мектебіне әрдайым ыстық ықыласын білдіріп тұрады. «Туған жерге тағзым» аясында мектепке қаржылай демеу көрсететін шәкірттер қатары жыл сайын толығып отырады.Мектептің оқу-тәрбие процесімен қатар мектептің шаруашылық жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді. Жыл сайынғы ағымдағы жөндеу жұмыстары,пән кабинеттерін жабдықтау, отын-су мәселелерін шешу,көркейту-көгалдандыру сияқты жұмыстар жыл сайын мектеп басшысылығының назарында болады.
Пайғамбарымыздың хадисінде: «Бір адам бір ағаш отырғызып, ол ағаштың адам, аң-құсқа пайдасы тиер болса,тіпті ауаны тазартып тұрса да,ағаш қурап шіріп, кеткенге дейін оладамға сауап жазылатын болады» делінген. Сол секілді мектеп ауласына жаңа ғимарат салынғаннан бері 2013 жылдан бастап ағаштар,гүлдер егіліп келеді.Қазіргі таңда 2 мыңнан астам қарағай,алма, алмұрт,шие, өрік ағаштары жайқалып өсіп тұр.Сонымен қатар барлық мүмкіншіліктерді пайдалана отырып, шағын тәрбие орталығын (мини центр) ашып,ауыл бүлдіршіндерінің ата-аналарының алғысына бөленді.Биыл шағын орталықтың ашылғанына да 11жыл толады. Мектете «Ұстаздар аллеясы» салынған мұнда мектеп түлектері ағайынды Құрышбек пен Абай Қазбековтер демеушілік көрсетіп тұрады. Әрине, оның ішінде мектептің ардагер ұстазы болған аналары Дариха Зиманова да бар.Мектеп ұжымы мен түлектердің демеушіліктерінің арқасында ауылдың тарихи-өлкетану музейі ашылмақ. Шарбану Бәйділдақызы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық мәслихат депутатыболып сайланып, ауыл тұрғындарының өтініш, ұсыныстарын тиісті орындарға жеткізуде. Арал-Тоқабай-Абай тас жолы жұмыс орындалуға жақын болғанымен, 7 шақырымы бітпей қалғандықтан осыны шешу мәселесі күн тәртібінде.
Әл-Фараби: «Түсінген жанға ұрпақ тәрбиесі өте үлкен ұғым. Ұрпағы тәрбиелі қауымның ұлысы мықты,іргесі берік,шаңырағы биік,түлігі түгел,берекесі баянды,тірлігі байсалды болады.Бұл әлдеқашан дәлелденген аксиома» деген екен.Сондай-ақ,тарихы терең білім ордаларының бірегейі №59 мектеп ұжымының бала тәрбиесіндегі еңбектері баянды болуына ардагер ұстаз ретінде тілегімді білдіре отырып,ұстаздардың ұстазы атанған Шарбану қарындасыма ұзақ өмір,отбасына амандық,халық қалаулысы ретінде тұрғындардың өтініштерін орындау және жас ұрпақтарды білім нәріне сусындату жолында абырой биігінен көріне бер деген тілегімді жеткізгім келеді.
АманжолЖолмағамбетов,
Арал қаласы
16 қазан 2022 ж. 474 0