Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Табысты оқу жылы

Табысты оқу жылы

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деген екен қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов.  Расымен де, кез келген ұлтты өркениетке апарар жолдың бастауында білім мекені – мектеп тұрады. Мектеп – балалар болашағын қалаушы, белгілі бір тұлға етіп қалыптастырушы, сапалы біліммен қаруландырып, келешегін айқындап, өмірге бейімдеп беретін үлкен жауапкершілігі бар орын. Осындай жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап келе жатқан білім ұясының бірі – №262 мектеп-гимназия.
Биылғы оқу жылындағы үлкен ерекшелік мектебімізге мемлекет және қоғам қайраткері, тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Премьер- Министрі болған Ұзақбай Қарамановтың есімі берілді. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Қай уақытта да мектеп түрлі оқыту технологияларын пайдалана отырып, өзін үнемі жан-жақты дамытуды білетін білікті, білімді, көшбасшы ұстаздарымен маңызды.
Он жылдық тарихы бар мектеп-гимназияда 106 мұғалім шәкірттерге білім нәрін беруде. Әр мұғалім үлкен ізденіс үстінде еңбек етеді. Білікті және түрлі идеясы бар Айгүл Смағұлқызы «Отбасылық оқу күні» жобасы бойынша ізденіс жұмысын Алматы қаласында республикалық идеялар фестивалінде таныстырып, нәтижелі еңбегімен арнайы Алғыс хат иеленді. Ізденіс эстафетасын жалғастырған Жанар Қуанышқызы мен Қырықбай Ұзақбайұлы Шымкент қаласындағы «Жаңару жаршысы І» республикалық форумында тыңғылықты жұмысымен арнайы марапатталды. Түрлі жұмыстарымен ізденіс көшін жалғаған ұстаздар Ж.Қуанышқызы, Қ.Ұзақбайұлы, Ж.Қарасайқызы Қызылорда облысы Шиелі ауданында өткізілген республикалық семинар-кеңесінде Алматы қаласынан келген әріптестермен тәжірибе алмасты.
Жылда мұғалімдерге қолдау жасап, мәртебесін арттырып, көңілдеріне қуаныш ұялататын пән мұғалімдерінің олимпиадасы, жүйріктер додасы– ұстаз үшін тағы бір таптырмас мүмкіндік. Биылғы география пәні мұғалімдері пән бойынша олимпиадада Р.Қалимағамбетұлы ІІІ орын мен қаржылай сый-сияпатқа ие болды. Ұстазбен бірге ізденісте жүру, талап қойып, бірлесе шешім қабылдауға үлес қосу – басшының басты міндеті.
Мектеп директорының орынбасарлары да жетістік үлгісін өздерінен бастап келеді. Айтар болсақ, Ж.Қуанышқызы –«Үздік бейіндік орынбасар-2019» І орын, Ә.Ембергенова –«Табысты мұғалім академиясы» байқауынан ІІ орынды, А.Жұмаева облыстық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары байқауынан ІІІ орын иеленсе, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған облыстық байқауда А.Айжарыққызы «Үздік жетекші» бағамына ие болып, байқау жеңімпазы атанды.
Әр істе де ойы мен идеясы озық мектеп тренерлері жаңа мазмұнға ие маңызды шаралар ұйымдастырып, қашықтан оқыту кезеңінде де тынымсыз әдістемелік жұмыстар жүргізді. Өзгені оқыта жүріп, өздері де шыңдалуда.
Қызылорда қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығы тренері Е.Оспанов, Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мұғалімі Ж.Ажибаева және №262 мектеп-гимназия ұстазы, мектеп тренері Жанар Қарасайқызы «Ауыл мектебі» жобасы аясында қашықтан оқыту негізінде кері байланыс берудің тиімді жолдары жұмыстарын көрсетті. Бұл – үлкен жауапкершілікті міндеттейтін маңызды жұмыс.
Осы уақыт аралығында мектеп-гимназия жетістік биігінен төмендеген емес. 2018 жылы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Креативті көшбасшы – 2018» мектеп басшылары мен орынбасарлары байқауында бас жүлде иеленген болатын. Бұл үрдіс жалғасын тауып, биылғы оқу жылында аудандық білім бөлімінің мектеп басшысы мен жас маман арасындағы «Екі жүлдыз» шығармашылық байқауынан тағы да бас жүлде биігінен көрінді.
Жыл сайын «Алтын белгілер» эстафетасын білімді шәкірттеріміз толастатқан емес. Биылғы оқу жылында да оқушылар А.Жеткерова, Г.Асанова, М.Зейрхан бұл эстафета тізгінін жалғады. Мұның өзі – түрлі идеяға, әдістемеге бай ұстаздар еңбегінің нәтижесі.
Бірлескен іс-әрекет, тиімді оқыту үдерісі, көшбасшылар ізденісі, тренерлер шығармашылығы белсенді түрде жүзеге асқан жағдайда ғана өнімді жұмыс болатынын осындай іс-әрекеттер дәлелдеп-ақ тұр.
Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін әрбір адамда мақсат болғаны абзал. Солардың бірі – ұжымда ортақ ұстаным мен құндылықты қалыптастырып, ұстаздарға қолдау көрсету, қандай жағдайда болмасын олармен бірлесе отырып әдістемелік көмекті тиімді ұйымдастыруды реттеп отыру. Нақты айтқанда, сенім арта білу  діттеген мақсатқа жетудің бірден-бір жолы болмақ. Мақсат – табысты оқушы, табысты мұғалім, табысты басшы, табысты мектеп атану үшін еңбек ете білу.  Осы мақсаттарға жету үшін шынайы іс-әрекеттің маңызы зор. Шынайы жауапкершілікпен жұмыс жасау арқыла ғана көп нәтижеге қол жеткізуге болады.
Руслан СИСЕНОВ,
№262 мектеп-гимназиясының директоры
07 маусым 2020 ж. 571 0