Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әби ұстаз әулеті

Әби ұстаз әулеті

Қат-қабат қабырғасы адам қанымен боялған баяғы кеңестік жүйенің беташары болған қанды Қазан төңкерісі жеңіске жетіп, сонан жыл өткенде ол әйгілі Азамат соғысына ұласады. Араға екі жыл салғанда ел іші әбден титықтайды. Тап осы кезеңде, нақтырақ айтқанда, 1923 жылғы 12 қазанда №10 ауылдың (қазіргі Бөген ауылдық округі) шығысындағы Қосуақ елді мекенінде дүниеге келген Әби Пірекешов теңіз жағалап тіршілік еткен балықшылар әулетінен болатын.
Көзін ашқанда көргені ауыл алдындағы «Батпақты» көлі. Осы ауылда үш сыныптық бастауыш білімді бойына сіңірген баланы ағасы Дүйсен Пірекешов қолынан жетектеп әкеліп Бөген қыстағындағы ол кездегі №20 Бөген жетіжылдық мектебіне табыс етеді. Әбидің ағасы Дүйсеннің көзі ашық, көкірегі ояу кісі. 1921 жылғы Лениннің әйгілі хатына орай 14 вагон су маржанын жөнелткен Арал балықшыларының алғы сапында жүрген белгілі белсенді болатын. Аға ақылымен 1919 жылы ашылған осы білім ұясын бітірген Әби әкеміз одан әрі Бөген колхозында жұмысшы болып қарапайым еңбек жолын бастайды. Мұнан соң сол кездегі маман мұғалімдердің жетіспеушілігіне байланысты 1942 жылға дейін өзі білім алған мектептің бастауыш сынып шәкірттеріне сабақ беруіне тура келеді. Бұл ретте жас ұстазға тәжірбиелі мұғалімдер көмекке келеді, өздерінің бұл салада білгендері мен түйгендерін үйретеді. Сонымен Әбидің болашақ ұстаз болсам деген бойындағы кішкентай ұшқынды байқап, Қызылордадағы пединститутта сырттай оқуға кеңес береді. Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, 1942 жылы жас ұстаз қолына қару ұстап алғы майдан шебіне аттанады. Сөйтіп осы соғысқа дайындықты қалмақ даласында бастаған Әби Пірекешов осы жерде жасақталған атқыштар полкінің құрамында алғы майдан шебінен бір-ақ шығады.
Аспаннан бомба, жерден зеңбірек оқтары жаңбырша жауған қанды майданның төрінен бір-ақ шыққан бөгендік жауынгер басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған жауға қарсы шабуылмен Украина, Белоруссия, Венгрия, Польша және дұшпан ордасы Германияны азат етуге қатысады.
Төрт жылға созылған қанды қырғын 1945 жылы жеңіспен аяқталғанмен құрамында Ә.Пірекешов бар гвардиялық полк мемлекеттік шекараның тыныштығын күзетуге қондырылады. Сонан 1949 жылы омырауында «Отан соғысы», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Маршалл Жуков» жауынгерлік орден-медальдары омырауында жарқыраған Әби Пірекешов елге бір-ақ оралады.
Сол жылы Қызылорданың педучилищесіне оқуға қабылданған Әби ұстаз бұл оқу орынын 1950 жылы бітіреді. Әуелі Қызылжар колхозында, сонан кейін 1951 жылдан бастап өзінің ұшқан ұясы №20 Бөген мектебінде қырық жыл бойы балықшы балаларына сапалы білім, саналы тәрбие беріп, 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Ұстаздық қызметтен қол үзбей жүріп облыс орталығындағы Н.В.Гоголь атындағы жоғары оқу орынын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша сырттай тәмәмдайды.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Әби Пірекешов ұстаздық еткен ұзақ жылдарында шәкірттер жүрегіне ұлтымыздың ұлы тұлғалары – Абай Құнанбаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Ыбырай Алтынсариннің даналық сөздерін дән қылып еге білген еді. Соның жемісі болар Әби сияқты ұлағатты ұстаздан тәлім алған профессор Манасбай Қожанов кезінде Өзбекстанның төрт дүркін чемпионы атанған бокстан КСРО спорт шебері Жақас Бламағанбетов Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, атақты боксшы Серік Қонақбаевтың ұстазы Кеңес Омаров, белгілі жазушылар Сайлаубай Жұбатыров, Қуаныш Жиенбай, «Боран» ғарыш зымыранының конструкторы Оңғарбай Қазыбаев және басқаларының есімдері егеменді елімізден тысқары мемлекеттерге де кеңінен мәлім. Бұл ұстаз еңбегінің өлшемі болатын.
Әбекеңмен сонау жылдары Бөген орта мектебінде бірге қызмет атқарған Қызылорда қаласында тұратын зейнеткер ұстаз Бақыт Дәуренбекова апай аға ұстаз туралы былай дейді:
«Ол кісі бала зердесінің бағбаны болатын. Мектепте ағаймен бірге қызметтес болдым. Сонда оқушылардың аузынан «Әби ағайдың сабағында ертегі тыңдағандай боламыз» деген сөзді жиі еститінбіз. Бұл ағайдың сабақ берудегі таптырмас тәсілі еді. Ол кісі барынша сабырлы, ағысы жуас өзен сияқты, ешқандай балаға дауыс көтермейтін, мінезін қас-қабағымен ұқтыратын, адамгершілігі зор ұстаз болатын».
Білім саласының қайраткері, ардагер ұстаз Әділхан Әбдікерімов аға ұстаз Әби Пірекешов жайлы төмендегідей әңгімелейді:
«Бір жылдары білім ұяларында көрнекі құралдар арқылы ашық сабақ өткізу тәсілі болатын. Бұл ретте Әби ағайдың ашық сабағы сол кездегібіз сияқты жас ұстаздарға үлгі болғанын осы күндері кейде ойлап отырамын. Мейлінше қарапайым, мінезі салмақты, мәдениетті жан болатын. Мереке күні дастархан басында бас қосқан ұжымдастар арасында жасы ең үлкеніміз Әби ағай болса да әуелгі сөзді өзінен екі жас кіші мектеп директоры Садық Жұмағұлов ағайға беретін. Бұл Әбекеңнің кішіпейілділігі болса керек».
– Бұрынғы данышпандар «Жас мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген ғой. Әби ағай осының соңғысына лайықты ұстаз болатын. Мен осы ағайдан тәлім алған, білім алған шәкірт екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Бір кездері Қазақ мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша ойдағыдай тәмәмдап, өзім ұшқан алтын ұя мектебімде бірнеше жыл ұстаз болып, Әби ағаймен бірге қызмет атқаруға тура келген. Сонда ұлағатты ұстаз қызметке жаңа кіріскен маған өз білгенін үйретіп, бұл саладағы көп жылдық тәжірбиесімен бөліскенін қалай ұмытайын,- дейді Қызылорда қаласындағы №253 орта мектептің ардагер ұстазы Қазына Боранбаева.
«Мұғалім – мектептің жүрегі» деп әйгілі Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов тап Әби Пірекешов сияқты ұлағатты ұстаздарды айтса керек. Айтса айтқандай, сабақ үстінде де, мектептен тыс мезгілде де шәкірт жүрегіне жол тапқан Әби ұстаз ауылдағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан жан еді. Әсіресе ата-ана мен мектеп арасындағы өзара байланыстың өзегі іспеттес болатын. Сол дағдысынан 1985 жылы алпыс екі жасында өмірден өткенше жаңылмай өткен көрінеді ауыдастарының айтуынша.
«Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады» деген дегдарлы сөз тектен-тек айтылмаса керек. Себебі Әби ұстаздың әкесі Пірекеш заманында дәулеті тасқан, салтанаты жарасқан сақи әділ би адам бопты. Ел ішіндегі, ағайын арасындағы дау-шарды дұрыс шешім қабылдап барып шешіп отырады екен. Кешегі өткен ауыл үлкендері «Әби әкесіне тартқан. Сөзіне ісі сай. Сол замандағы ел-жұрт «Пірекеш айтса болды» деген сөзі мәтелге айналып кеткен көрінеді» дейді екен.
Әби ұстаздың анасы Жәмила әжеміз де өзі өмір кешкен қоғамда көзге түскен кісі екен. Яғни, тегін адам болмапты. Қайбір жылы ұрпақтарын үйдегі көнесандықтың түбінен әжелерінің 1939 жылы бірінші шақырылған еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық кеңесінің депутаты болғанын айғақтайтын қызыл күрең түсті мандатын тауып алыпты. Қазір бұл бала-шағасының қолдарында қымбат мұра ретінде сақтаулы тұр.
Әби ағамыз өмірлік серігі Ақжан Дәулетқызы екеуінің ұрпақтары бұл күнде егеменді еліміздің тұс-тұсында Жаңа Қазақстанға еселі еңбектерімен, тату-тәтті тіршіліктерімен өз үлестерін қосуда. Барлығы да бір-бір үй, берекелі отбасының ұйытқысына айналып, бір қауым елге айналады. Ержеткен, есейген немерелерінің алды мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тың Оксфорд университетінде, берісі Мәскеудегі Ломоносов атындағы, бірқатар еліміздің жоғары оқу орындарында заманауи білім алып жүр. Бәрі үбірлі-шүбірлі. Бәрі жоғары білімді. Әби ұстаз бейне жапырағын жайған үлкен бәйтерек іспеттес.
Еліне еңбегі сіңген, үстіміздегі жылы туғанына 100 жыл толған майдангер ұстаз Әби Пірекешовтің есімі Арал қаласындағы не болса өзі туып-өскен Бөген ауылындағы көшелердің бірін еншілесе нұр үстіне нұр болар еді. Бұған ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолдары әбден лайықты деп санаймыз.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Арал ауданының құрметті азаматы,
Қызылорда облысының құрметті ардагері

25 қазан 2023 ж. 913 0