Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарапайым болғанға не жетсін...

Қарапайым болғанға не жетсін...

Ішкен асы алдында, ішпегені артында бақуатты өмірге сүргенге не жетсін. Күнделікті тоя тамақ жей беруде, пенденің Тәңіріне деген тәубесін азайтады. Сондықтан болар Алланың Елшісі дүйсенбі мен бейсенбіде ауыз бекіткендігі. Асқазанында ас жоқ адамның тәубесі тілінде, иманы жүрегінде бекиді екен.
Адам, шіркін, келген баршылыққа тез бауыр басып, басынан кешкен қиыншылықты тез ұмытып, қолдарына кішкене сəттіліктің бақ — жұрнағы қона қалса, екі аяғы аспаннан салбырап түскендей, тəубə мен тобасынан лезде жаңылып, кеудесін көкке көтеріп шыға келетіні қызық деймінде...
Ауылда өмір-бойы тұрып, малдың арасында өскен бір апамыздың жалғыз баласы үлкен қызметке ілігіп, сол баласының қолына қалаға көшіп кеткен ол бір-екі жылдан соң ауылға қыдырып барғанын да ошақта жанып жатқан тезектің иісіне мұрнын шүйіріп, қабағын тыржитып:«фуу иісі неткен жаман, не жағып жатсыңдар?»- деген екен... «Тезек қой апа» деп жауап бергендерге сол апамыз:«ол не тезек деген»- депті. Содан бəрі:«малдың қиы, анау-мынау» деп əрең дегенде «түсіндіріпті» дейді-мыс...
Сол апамыздың өзі бағып өскен малдың «боғын» ұмытып кетті дегенге сену қиынның қиыны-ақ енді. Келісетін шығарсыздар?
Жақында тағы сол əжептəуір қызметтің басын ұстап отырған бір туысымның əйелі босанып, ұл тапқан. Содан қоңырау шалып құттықтап жатырмын.Рақметін естіп, қал-жағдай сұрасқан соң, «қалжа қашан бересіңдер?» деп сұрадым.
Өздеріңіз де білесіздер, қазақта жас босанған əйелге, бір малды қалжа атап сойып, жас ет жегізіп, жас сорпа ішкізіп, баланың мойыны бос болмасын деп сол малдың мойнын жегізіп, содан соң баланың мойыны қатқанша деп мойын сүйекті үйдің ішіне іліп қояды...
Бұл да бір халқымыздың қалыптасқан атасалтының бірі. Мына біздің қазақта «мені туғанда да анам, ұл тудым деп қалжа жеген» деген намысты сөз соған қарап айтылған болса керек.
Сонымен не керек телефон құлағында тұрған туысқаным:«что такое вообще қалжа деген» демесі бар ма? Содан түсіндірген болдым. «Ее, бірден солай демейсіңбе?» деп ақжарқын кейіпте даңғырлай күлген сабазым, əріқарай анау-мынауды айтып, телефон тұтқасын орнына қойды.
Оны да шын білмеген екен деп ойлайын десем,төртінші баласы өмірге келіп жатыр. Дəстүрді білмейді дейін десем, өзі қайнаған қазақи ортада өсіп, тəрбиеленген жігіт.Жас дейін десем, жас емес.
Сол сияқты қарапайым ортада бойжетіп, жоқ пен барды бірдей көріп өскен талай келіншектердің, ақшасы көп, қызметі талай жанның қолын қусырып, алдына апарардай азаматтардың əйелдері атанып алып, орынды жерде орынсыз тіл қатып, шалқайып-тасып жүргендерінде көріп жүрміз.
Бұл не сонда? Пенде деген шіркіннің, «адами» деген саф ойының арзандауы ма? Әлде уыс-уыс ақша мен арты қуыс қызметтің буы ма? Біле білген адамға, басқа қонған бақ деген ұшып кетер құспен бірдей емеспе? «Бақ келді деп таспа» дейді екен қазақ. Мұнымен басқа қонған бақты да қадірлеп, қастерлей білмесе оның да киесі ұшып, иесі жоғалып кететінін айтса керек. «Бақ кейде тауып, кейде ауып қонады». Тауып қонсын, ауып қонсын, келген бақты бағалап, жақсылықты жағалап, үлкенді ағалап, кішінің маңдайынан сипап, жоқшылыққа көмектесіп, баршылыққа мүдделесіп, мейірім мен қайырымның сəулесін жан-жағына жарқырата шашып жүргенге не жетсін?!
«Қызмет – қолтықтың кірі, ақша – жоқтықтың пірі, дүние – боқтықтың бірі» демекші, өлгенде сол боқ пен кірді көріне көтеріп əкеткен ешкім жоқ.
Сондықтан байлығың тасып,ақшаң тау болып үйіліп жатса да, қарапайым тұрып, қарапайым жүргенге не жетсін деймінде тағы. Ең бастысы Тəңірге тəубəміз бен тобамызды айтып жүруді ешқашан ұмытпайық, ағайын!
Мақсат Сқақов
(Әлеуметтік желі парақшасынан алынды)
31 қазан 2023 ж. 1 299 0