Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Ұлды аңсау

Біз қаладан тым шеткеректе орналасқан, жаңбыр жауса ми батпақ болатын, көктемде топырағы қар жауғандай аппақ сортаңға айналатын ауылда тұрдық. Соның ішінде мен тұратын көшені заманында түрік сериалы шыққан тұста ауылдастар «Қыналы қар» көшесі деп атап кетті. Себеп - біздің көшеге не асфальт төселмеген, не жарық шамдар орнатылмаған ауылдың шеті еді. Мал ұстайтын қорамыздан әрі жыңғылы мен шеңгелі басқан далалық. Көктем мен күзде біз мектепке әдемі аяқ киім киіп баруды армандаймыз. Ауылдастардың бәрінің сүйікті аяқ киімі резеңке етік болатын. Мектепке де резеңке етікпен барып, кіре берісте батпақ-батпақ болып мыжырайған етікті қалдырып, әдемі етігімізді киіп алатынбыз. Солай болса да біздің көшенің тұрғындары өте тату тұрдық. Үйде картоп таусылса да, сүт таусылса да шешем: «Ойбу Жақсыбикеден алып келші. Гүлназға барып келші» деп мені жұмсайды. Мен темір күрішкемді салдырлатып құстай ұшып барамын. Бұл менің ес білгелі әдетіме айналған. Үйдің үлкені болған соң ба еңбекке ерте осылай араластым. Кейбір қылықтарым тіпті есте жоқ. Есейген соң үлкендер айтып отырады.
Бала күнімде көршілерімнің үйіне бір зат сұрап барғанда әуелі сұрамай тұрып, сол заттарының бар-жоғын қарап алады екенмін. Сосын барып сұраймын ғой:
– Мамам «2 картоп бере тұрсын» деп айтты.
– Біздің үйде картоп бітіп қалған.
– Өтірік айтпа! Столдың астында толып тұр ғой, әне, көріп алдым – деймін ғой мен де алмай кетпеймінге салып. «Ай, ұят-ай» деймін қазір сол қылығымды айтып көршілерім күлгенде. Олар да бермеу үшін емес, менің сондай тәтті қылығымды көру үшін әдейі айтады екен.
Жарықтықтар, сұрап алған затыңды қайтар деп те айтпайды-ау. Өзі ішіп отырған сүтінің жартысын құйып береді. Өзінде қалған 3 картоптың екеуін салып береді ғой. Шіркін, ауылдағы осындай дархан көңілді ауылдастармды сағынам.
Ауылдың тойлары да ерекше еді ғой. Бір үйге келін түссе бар бала сол үйдің маңын торуылдап, сығалап жүреміз. Бізге бәрі қызық. Беті ашылып жатқан келіншектің бетін жауып тұрған орамалдың астына барып үңілеміз. Ал жастардың вечерінде лента кесу деген зор мәртебе еді.
Бірде көрші тұратын бәріміз «Әкөм» деп атап кеткен апамыздың жалғыз ұлы Жеңіс үйленді. Сонда лента кесу салтанаты маған бұйырмасы бар ма? Мамам:
Тілекпенен баталарың ақ болсын,
Екі жүрек бір-біріне жақ болсын.
Ағам адал жар болып,
Жеңгем үйге келіп қонған бақ болсын, - деген тақпақты жаттатып қойды. Сатырлатып жаттап алдым. Содан кеш басталып, жар-жар әні айтылып, екі жас ортаға шыққалы тұрғанда қолыма қайшы ұстатып, ауызыма микрофон тақамасы бар ма?! Ал келіп бақырып жылайын.Білмеймін, қорықтым ба, қобалжыдым ба. Адыра қалғыр бәрін ұмыттым. Жиналғандар қыран-топан күлкіге қалды. Тақпағымды айтпасам да, лентасын кестім.
Өзі нәзік, ақсары сұлу жеңгем бізді көп бауырлайтын. Есімі Гүлназ. Үйленген соң мама бірде «жеңгең ауырып жүр екен. Үйге тамаққа шақырып кел» деп жұмсады. Құстай ұшып барып келдім. Асқазаны ауырған ба деп топшыладым өзімше. Жеңгем құса-құса әл дәрмені таусылып, асқа тәбеті болмай, бір бөлмеде бүк түсіп жатып қалған екен. Анам арнайы сорпа дайындаған. Терлеп-тепшіп ішіп алды. Арада біраз уақыт өткенде оның іші томпайып шыға бастағанын байқадым.
Жеңгем айы-күні жетіп, өмірге ер бала әкелді. Атын Нұрболат деп қойды. Сол күні біздің «Қыналы қар» атанған көшемізде мас болмаған адам қалмаған шығар. Еркектер тұрмақ, әйелдерге дейін қуанышты жақсылап тойлады. Не керек, бізбен іргелес тұратын бұл отбасы бақытты өмір сүріп жатты. Әкөм немересін ойнатып марқайып отыратын. Артынан жеңгем кесте тігер қызын өмірге әкелді. Айтпақшы, жеңгем тұңғышын туған жылы менің де екінші інім өмірге келді. Және бізге қарсы тұратын Жақсыбике апам да екі қыздан соң ұл тауып, қауанышқа кенелді. Көрші үйдің үш баласы бір-бірімен ойнап, үш үйдің арасын тоздырды. Оларға жұрт «үш ноян, үш қоян» деп ат қойған. Өте бұзық еді үшеуі де. Бір күні әкеміздің мотоцикл сарайынан «автоль» деген майды ұрлап алып, үшеуі қап-қара етіп, беттеріне жағып алады ғой. Сөйтіп жаздық сарайға көшіп алған көршілердің аласа терезелерінен сығалап қарап, бір әжейдің жүрегін ұстатып тастай жаздағаны бар.
4 жаста болуы керек, нақты есімде жоқ. Ми қайнаған жаз мезгілі болатын. Гүлназ жеңгемнің төркіні бізден шеткерек көшеде тұратын ауылдастар еді. Ойын баласы Нұрболат шайтан арбасымен нағашыларынікіне тартып отырады. Ол кезде газ, тоқ шәйнек деген атымен жоқ. Тамақты отқа, шәйді самаурынға қайнатамыз. Нүркентай (Нұрболатты солай еркелетіп атап кеткенбіз)шайтан арбасымен қайнап тұрған самаурынға соғып, күйіп қалды. Баланың шырылдаған дауысын естіген кезде сасқан нағашы әжесі жүн одеяломен жапқан. Әп сәтте азан-қазан болып бәріміз үрпиіп қалдық. Жедел жәрдеммен аудан орталығына жеткізді. «Баланың денесінің 90 пайызын күйік шалған екен» деген әңгімені үлкендердің өзара айтып жатқандарынан естіп қалатынбыз. Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады демей ме? Бұл жаңалықты естіген әжесі Әкөмнің қан қысымы көтеріліп, екі көзі бірдей көрмей қалды. Бірде мамам, бірде Жақсыбике апам, бірде басқа көршілер ауруханаға тамақ апарып, баланың жағдайын біліп келіп жүрді.
Бір күні мамам жылап келді. «Жеңешеңнің қу жаны қалыпты. Ана бала көпке бармайды-ау. Үлкен адамша сөйлеп, жүректерін ауыртып бітіріпті. «Мені алып кетіңдер мен жазылам ғо иә. Жеңеше мен сені «мама» деп атайыншы» деп айқайлайды екен» деген маманың да жүрек тұсы шаншып, көз жасын сығып алды. Нүркентай бізбен өскендіктен біз Гүлназды «жеңеше» дегенге ол да жеңеше деп кеткен еді. Не керек, бір айға жетер жетпес баланың шетінеп кетті деген хабары келді. Бәріміз жыладық. Кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді балапанды ажалға қимадық. Әкөмнің көзі көрмегені аздай, екі құлағы да естімей қалды. Бұл жанұя бастарынан ауыр сынақ кезеңін өткеріп жатты. Әдетте ер адам әлсіз келеді емес пе? Ағам ішіндегі күйікті ішімдікпен басты. Және онысымен қоймай жеңешеме тиісетінді шығарды.
– Менің ұлымды сенің әкең мен шешең өлтірді. Солар қарамаған соң күйіп қалды, - деп тоқпақтайтын. Анаға өзегін жарып шыққан баласын жер қойнына тапсыру оңайға соққан ба? Біз ол кезде жеңгемнің басынан өткеріп жатқан қиындықтың «депрессия» деп аталатынын білген жоқпыз. Алла сынақтың артынан сый беріп, жеңгемнің аяғы тағы ауырлады. Бәріміз қуандық. Ай-күні жетіп қыз босанды. Шүкір дестік. Екі жыл салып тағы да қызды болды. Енді жеңгем ұл тапса екен деп бәріміз тілейтін болдық. Әр жүкті болған сайын «осы жолы ұл болса» деп күтеміз. Толғақ қысқанда менің анамды шақырып алады. Ол кезде телефон жоқ. Мама жедел жәрдеммен кетіп, жеңгем босанғанда қасында болып, кешке автобусқа үлгерсе үлгерді, үлгермесе ертесі бір-ақ келеді. Оны ауылдың кіре берісінен күтіп алып:
– Мама жеңеше не туды? - деп сұраймыз.
Мамам жәй ғана:
–Қыз, - дегенде көңіліміз түсіп кететін.
Не керек, Гүлназ жеңгем бірінен соң бірі 5 қызды өмірге әкеді. Бұл кезде бізде есейіп, мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскенбіз. Жазғы демалысқа келгенде ағам мен жеңгемнің тәтті қыздарының қылығын қызықтап жүретінбіз. Көршімізде кішкентай балалар көбейген. Солардың бәрін үй алдына жинап алып тақпақ айтқызамын, 13 жасқа толғанда әкем алып берген магнитофонды далаға шығарып қосып қойып билетемін. Бәрін тізіп отырғызып, қауын мен қарбыз беремін. Әкем егіншілікпен айналысатын болған соң қауын, қарбыз деген біздің гаражда толып тұратын. Әкем сатып пұл қылуды білмейтін. Бәріне тегін таратамыз. Түс әлегінде үйінен қашқан көршінің балалары «Тәти бар мә?» деп есіктен айғайлап, мамамды ұйықтатпайтын. Шешем:
– Сен де бала ұқсап, жұрттың сендей қыздары балалы болып отыр. Бар баланы жинап аласың. Өлейіндеп жүргенде түсте бір көз ілейік десек, бәрі зарлап келіп тұрады. Дым ұйықтай алмадым,- дейді.
Бірақ мен шығып бара жатқанда қорылы бүкіл үйді басына көшіріп жатқан. Айтсам: «Ұйықтап жатқан жоқпын, бәрін біліп жатырмын» дегені. Сол балалар ауылда не қызық көріп жатыр дейсің деп ауыл сыртындағы жыңғылдардан әрі «Жаңарық» каналы жанындағы Тал, теректің маңына майөпкі жасаймыз.
Гүлназ жеңгем студент атанған мені әр демалысқа келгенімде үйіне арнайы ас дайындап шақыратын. «Студентсің ғой үйдің тамағын аңсаған боларсың» деп тәтті дәмді ас беретін. Сондайда:
– Қыздарым қолғанатым болып келеді. Аллаға шүкір, Ботам (үлкен қызы) үйдің бар тірлігін жасайды. Әкөмнің жайы өзіңе белгілі. Қазір қанша жыл болды. Бұл бір мүсәпір адам ғой. Не көз, не құлақ жоқ. Бала мен ауру бағу оңай емес. Бірақ сол бір ұлдың жоқтығы жаныма батады. Өзім біреудің жалғызына тиіп отырмын. Ертең қыздар бойжетіп, өз ұясын табады. Сонда шаңыраққа еге болатын ұл керек қой. Оның үстіне ағаң да оны есіме жиі салып тұрады, – деп ішкі сырын ақтарды.
Не дерімді білмесем де:
– Жеңеше, әлі-ақ сіздің бір емес, екі ұлыңыз болады, уайымдамаңыз, – деп жұбатқан боламын.
Дипломымды алған соң жақсы қызметке бірден-ақ орналасып кеттім. Бір күні мама жүрегін қолына алып, сүйіншілеп қоңырау шалды.
– Айнәскө Гүлназ жеңгең ұл туды, ұл . Бәріміз маспыз. Той болып жатыр ауылда, - деп 40 жылдан соң өзі ұл тапқандай қуанды.
Мен де қуандым. Көзімнен бір тамшы жас ыршып түсті. Тап сол күні қалада спорт нысаны ашылып, лентасын кескен аудан әкімі лентаның бір бөлігін тасалау тұрған менің қолыма ұстата салған. Бұған ішім жылып қалған. Жақсылыққа балап, жан қалтама салып қойдым. Сол сәтте ойым осы нәрсеге түсті. Бір аптадан соң ауылға бардым. Қуанышқа бөленген отбасына құтты болсын айтып шығу үшін. Әкөмнің қолынан қысып, құлағына бар дауыспен айқайлап айтасаң кішкене естейтін. Солай жасап сәлемімді бердім.
– Ақұдай берген Ақнәскөм, біз қуанып жатырмыз ғой. Мен түс көрдім. Қолыма екі пышақ ұстап жүр екем. Құдай қаласа жеңешең тағы ұл туады,-деді. Жеңгем езу тартты. Содан кемпірлердің тәрбиесін алып өскендіктен мен де кемпір ұқсап:
– Жеңеше, сіз босанған күні спорт кешенінің ашылу салтанатында аудан әкімі мына бір лентаны қолыма ұстатып еді. Артынша сүйінші хабар естіген кезде сіздің балаңыздың бесігіне байлаймын деп едім. Не әкім болсын, не елдің атын шығарар спортшы болсын, - деп ырымдап бесігінің жоғарғы жағына байладым. Мұныма жеңгем қуанып қалды. Әкөм айтқандай жасқа жетпей жеңгем тағы аяғы ауырлап 7-ші перзенті ұл бала болып өмірге келді. Осылайша ұл аңсаған жанұяға Алла 5 қыздан соң 2 ер бала беріп, шаттықа бөледі. Өткен жылы жеңгем мен ағам қыздарының үлкенін құтты орнына қондырып, жиенді болды. Ал Әкөм 75 жасқа толып өмірден озды.
Қазақта ер баланың орны бөлек. Ол шаңырақтың егесі, ұрпақ өрбітуші ретінде танылады. Ал қыз бала жат жұрттық. Мен өскен шағын ауылдағы осы отбасында болған оқиға есімде қалыпты. Алланың құдіреті шексіз. «Беретін де, алатын да Алла» дейді ғой көпті көрген үлкендер. Тағдырдың сынына тап болған жандар сабыр ете білсе, сауабын екі еселеп алады екен.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
31 қазан 2023 ж. 1 341 0