Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Күміс

Талмаусырап жатқан Күміскөзін әлсіз ашқанда төңіректегі аппақ реңге боялған көрініс тіптен қорқытып жіберді. Ол өң мен түстің арасын ажырата алмай ұзақ жатты. Қайда өзі, соңғы рет не болып еді? Тұруға ыңғайланып қозғалып еді, шекесі шым ете қалды. Жоқ, тұруға әлі ерте сияқты. Тек  жүрегі соғып тұрғанын, өзінің тірі екенін білген соң көңілі орнына түсті. Әлсіз сығырайған көздерімен төңіректі барлай қарайды. Өзінен аулақта қойылған керуетте бүрісіп біреу жатыр. Түн мезеті. Бірақ уақытты шамалай алар емес. Сырттағы көше шамының сәулесі жартылай ашық тұрған терезеден бөлмеге еніп кетіпті. Төңірек шынымен тастай тыныштық па? Әлде бұның құлағы керең болып қалған ба? Ештеңе естілер емес.
Күміс тағдырдың тауқыметін біркісідей татты-ау. Кімге өкпе артып, несіне өкінсін. Тағдыр салды, бұл көнді. Басқа амалы қайсы? Алғыр, пысық болып бой түзеген қыз, 8 баланың ішінде өзінің тік мінезімен дараланып, ата-анасының «оқу оқыған қызға тән ба? Одан да совхозға барып жұмысшы топқа қосыл» деген қақпайына қайыспай қарсы тұрып, Ақтөбе асып, техникалық училищеге құжат тапсырды. Мектепте алдына жан салмай оқыған қыз өзі армандаған дүкеншінің оқуына оңай түсіп еді-ау. Өмірбегін де сонда жолықтырған. Жүрісі нық, сөзі мығым қызға сол кеште сұқтанып-ақ қарап еді. Күміс те өзіне қадалған оқ көзден көп нәрсені аңғарды. Олар ортақ достарының отау құрған тойында танысып еді. Араға апта салып Өмірбекпен кездейсоқ кездесіп қалды. Жігіт те бұны жазбай таныды. Іздегені алдынан тілемей-ақ табылғандай. Жүзі жадырап сала берген. Сол күннен бастап өзара ұшырасып қала беруі жиілей түсті. Бір-біріне армандары мен мақсатын тізбектеген қос пенденің ойы ылғи бір арнада тоғысып қала беруші еді.
Сәуір айы, ауа-райы тәуірленіп, төңірек көк күртесінің ілгегін ағытып, құстардың әні мен жылы самал ескен бір түні Өмірбек Күмісті қапелімде алды да қашты. Күміс ренжіді. Бірақ өкінген жоқ. Көп назданғанымен, келісімін берді. Өмірбек ауылдың баласы әрі үйінің кенжесі екен. Қарт анасы мен үш әпкесі бар. Бұлар шаңырақ көтергенде ең алдымен сол үш қыз қуанды. Теңдерін тауып кеткен тілекші қыздар қарт анасының жайын ойлап, жиі келіп, ас суына қолғабыс беріп отырушы еді. Келін келген соң өздері өскен шаңырақтың шырайы кіретініне шын көңілдерімен қуанды. Күмістің әкесі қаталдау еді. Қызының ойда-жоқта кешірім жібергеніне ызаланса да әдептен озбай, құдаларына қойдың басын көрсетіп, кешірімін берді.
Той ауылда үйдің ауласында өтті. Күндіз үлкендердің батасын алып, беташар рәсімі өткен соң, кешке Өмірбектің достары мен құдашалар келіп жастардың тойы болды. Ол кездің сәні мас болу. Өмірдің де достары бұл күні ащы суды аз ішкен жоқ. Қатарластарынан кештеу отау құрған соң бәрі бұл тойды асыға күтсе керек, «Омка бақытты болыңдар», «Жарайсың досым, сендердің денсаулықтарың үшін», «Мә родной, аққудай аруды қолыңа қондырып отырған сен бақыттысың. Бізге ұқсап қайыстай қара қатын алмай»  деген сарынды масайраған достарының арынды дауыстары жарқын шығып жатты.
Күміс өзін ыңғайсыз сезінсе де, жымиып отыра берген сол кеште. Ертесі жас келіннің қолынан шәй ішкен енесінің қуанышында шек болған жоқ. Қазір оған у берсе де қарап тұрмай қылғыта салатын сияқты. «Е, балам біз не көрмедік десеңші» деп шәй үстінде әңгімесін айтуға ыңғайланды. Күміс те бұл кезде қайнап тұрған самаурыннан шәйнегін толтыра әкеліп, жанына жайғасқан еді.
– Өміртайым әкесін дұрыс көрген де жоқ. Өзі әкеден жалғыз еді. Тура 25 жасқа толған шағында ауырмай-сырқамай мені жесір атандырды да кете барды. Әлі есімде жаз мезгілі болатын. Егін басынан «басым ауырып тұр» деп келді де ас-суын ішпестен жатып қалған. Содан түс ауды. Тұратын түрі жоқ. Әншейінде бір сағаттан артық ұйықтамайтын оның 4 сағаттық түскі ұйқысы таңқалдырған соң оятуға барғанда..., - деп көзіндегі жасын ақ жаулығының ұшымен сүрткен енесі өксігін ішіне жұтып, үнсіз ұзақ отырды. Осылай 4 баланы қалай жеткізгенін, енесі мен атасын арулап көміп, елдің алғысын алғанын, Өмірбекті оқытамын деп күні кешеге дейін қырман басында жалданып, маусымдық жұмыс істегенін, бәрін-бәрін баяндады. Күміс іштей енесіне риза болып қалды. "Заты әйел адам осынша күш, қайратты қайдан алады" деген сонда іштей. Себебі өз үйінде анасы бұл есін білгелі тек үй шаруасымен ғана айналысушы еді. Ал әкесі түзде. Анасының бірде-бір рет жұмыс істегенін көрмепті.
Бір аптадай ауылда болған соң екі ғашық қолы ұстасып қалаға келді. Өткені екеуінің де бітпей қалған оқулары, алынбаған дипломы бар болатын. "Жазға иек арта оқуларын аяқтаған ерлі-зайыпты өздеріне енді не істейміз?" деген сұрақ қойды. Әлбетте Күміс қалада қалғысы келді. Қалада оған жұмыс оңай табылады. Ал Өмірбектің бар ойы ауылға кету. Сонда барып әкесінің қарашаңырағында тұру болды. Бұл тақырыпта екеуі көп айтысты, тартысты. Бір-біріне өз уәждерін айтып, томсырайып ығына жығыла қоймағаны үшін ренжісіп те алды. Ақыр соңы не керек, ауылға қатынайтын тұмсықты сары автобустан жол сөмкесін арқалаған екеуі түсіп, ауылдың батыс шетіндегі ескілеу үйге қарай аяңдап келе жатты.
Олар бақытты еді. Көп күттірмей тұңғышы өмірге келді. Оның ер бала болғаны тіпті әке жүрегіне медет. «Алла сәтін салса менің әйелім жалғыздан туған жалғыз деген атымды жойып, атқамінерлерімді көбейтеді» деп шаттанды. Кейін тұлымшағы желбіреген ерке қызды туып берген Күмістің өмірі ханшайымдардікіне ұқсас өтіп жатты. Енесі бар демесең келінге зәбірі жоқ, жаны жайсаң, құдайдан тілеген адам еді. Өмірбегі де «Күмісім» деп бұның асты-үстіне түсіп еркелетіп отырады. Өзі совхозда тракторшы болып істеді. Күміс ауылдағы үкіметтің дүкенінде сатушы болған босанған соң бала күтімімен үйде отырып қалды.
Елде дүрбелең басталып, совхоз, колхоз тарады. Жаппай жұмыссыздық белең алды. Қапелімде Өмірбек жұмыссыз қалды. Зейнетақы да уақытылы төленбей бұлар тарыға бастады. Киімді қойшы, ішер асқа зар болды. Үкіметтің дүкендерінің сөрелері босап, жекеге өтіп жатты.
Бірде Өмірбек достарымен бірге Қарақалпақстаннан тауар тасып сатпақ ниеті бар екендігін, онда бір зауыт жабылып, өнімдерін су тегін бағада халыққа таратып жатқанын, оны мұнда әкеліп 4 есе бағаға сатуға болатынын айтты. Сөйтіп, қорадағы сауып отырған бұзаулы сиырды сатып, ақшасын қалтасына салып алып аттанды да кетті. Араға апта салды. Өмірбектерден хабар-ошар жоқ. Ай да зымырап өте шықты. Көрдім-білдім деген кісі болсайшы. Енді кәрі кемпір мен жас келіншек уайымнан азып-тозып кетті. Үйелмелі-сүйелмелі екі бала бірі үш, енді бірі бір жаста. Хабарсыз кеткен үш досын іздеп сыныптастары да жан-жаққа хабар салды. Бірақ бес ай өтсе де, нәтиже болмады. Бұлар күлуді ұмытты. Сөйлеуді де азайтты. Ертелі кеш теңселіп ой түбінде жүретін жас келіншекті демеуі үшін көпті көрген қарт ана қатаюуы керек болды. Іздестіруді тоқтатпады. Бірақ табылған Өмірбек жоқ. Тіпті жер қақ айырылып, ортасына түсіп кеткен бе дерсің. Бірде іргелес тұратын Сапар деген досы бұл отбасының күйіне бей-жай қарап отыра алмай, бір кездері әскерде болған досын сағалап Қарақалпақ жеріне достарын іздеуге аттанды. Бұл кезде жылға таяп қалған еді. Бар үміт енді Сапарда. Сапар Өмірбекті жетелеп алып келетін сияқты. «Біз бұны іздеп жүрсек, бұл бір бай қатынның қолына кіріп алыпты» десе ше. Жоқ, Өмір олай жасамас. Бірақ... Осы уақыт ішінде санасын сан мың ой мазалаған Күмістің жорамалы да осылай сан құбылып еді ғой.
Кешке таяп көрші әкеліп берген арпадан қарап ботқа жасап, талғажау етуді ойлаған Күміс тысқа шығып отын алып келе жатқан. Қарақұрым жиналған халықтың осылай қарай беталып келе жатқанын байқады. Даланың қара көлеңкесінен ештеңе жөндеп көрінбейді. Тек орта жақтағы Сапардың жүзін төмен салып келе жатқанын танып қалып ойбайына басты.
Иә, Сапар Қарақалпақ жеріне барғанда мына сырға қанық болды. Шекара асып өтпек болған үш дос қарақшылардың қолына түсіп қалады. Олар бұл үшеуін тонап, өздерін егін басына құлдыққа сатып жібереді. Өмірбек өз қожайынының дегеніне көнбегені үшін алған соққысынан тіл тартпай кеткен. Қалған екеуі арып-ашып артынан іздеп барған Сапармен туған еліне әзер дегенде оралады.
Күміс осылай отбасылық бақыттың тәтті дәмін татып та үлгермей жатып, жесірліктің қамытын киді. Кәрі енеде ес қалмады. Баласының өлімінен соң ақыл есі кеміп кетті. Езіліп отыра берсе қайғысы жеңілдемейтінін, әркім өз сара жолымен жүре беретінін анық түсінді. Түсініп қана қойған жоқ, белді бекем буып, ердің орнын өзім басам деген шешімге келді. Содан бері жан-жаққа қарауға мұрша бермей қайғысы мен қуанышы, қиындығы мен қызығы қатар өрілген 20 жылдың қалай өте шыққанын өзі де аңдамай қалыпты-ау. Бәрі де күні кеше ғана болғандай. Өзінің қартайғанын, кешегі 25 жастағы жап-жас қайратты келіншек емес, сүйегі саудыраған денесі толып, көз жанары солған, әжімі тереңдеген кәрі әжеге айналғанын енді түсінді. Оны түсіндірген де осы жайт еді.
Ол жолдасы қайтқан соң ауылдағы дүкенді меншіктеп алып, төркінінің көмегімен дүкен ашты. Епті келіншектің кәсібі де дөңгеленіп кетті. Құдды Тәңір де жыртық үйді жарылқағысы келгендей. Әлде екі періштенің несібесі ме, әйтеуір тұрмыстары түзелді. Ұлы 15-ке шыға ескі үйдің сыйқы кеткенін түсініп үй салуды бастады. Ауылдағы тілеулес қайын әпкелерінен іргесін аулақ салмай, Өмірімнің қара шаңырағы ғой деп үйді де сол ауласынан көтерген. Ұлына мектеп бітірген соң төрт жыл заңгерлік мамандықты оқытты. Қызын да қалаған мұғалімдік оқуын ақылы негізде оқытып, дипломын алып беріп, ұзатты. Ұлы Мақсаттың мінезі момын еді. Әкенің еркектік қайсарлығын көрмеген соң ба қайдам, біртоға азамат болды. Мардымсыз жалақыға жұмысқа орналасып еңбек етіп жүрді. Таңдауы түскен аруын жетелеп әкелгенде, Күміс те қарсы бола қоймады. Бірақ әдің-гүдің келіні кейде ісімен, кейде сөзімен енесінің жақпаған қасиетін шағып қалып отыратын. Көнбеске қайран бар ма? Соқыр мен мылқаудың кейпін киген Күміс бірінен соң бірі өмірге келген үш немересіне көзі қуанып, көңілі жұбанып, өмірін жалғастырып жатты.
Бірде қараңғы көшемен келе жатып, беті ашық құдыққа түсіп кетіп ес-түссіз қалған. Жедел ауруханаға жеткен соң да есін жимай көп жатқан еді. Саудыраған кәрі сүйегі бірнеше жерден сынып, жүріп-тұру арман болып жүргенде, енді керең болып қалдым ба деп қорыққан. Жоқ құлағы естиді екен. Енді қартайған шағында келіннің ащы тілімен безенген сөзін естіп, төсекке таңылып, мүсәпір болатынын есіне алғанда жанарынан тамған тамшылар, аурухананың ақ жастығын суландырып тастады.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ

24 желтоқсан 2023 ж. 967 0

Ұқсас жаңалықтар: