Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тәшенов қолтаңбасы қалған құжат

Тәшенов қолтаңбасы қалған құжат

Өз басым бұл тақырыпқа қайта оралып отырған жайым бар. Осыдан он төрт жыл бұрын Арал аудандық «Толқын» газетінде «Тағзым» айдарымен заманында республика ЖоғарғыКеңесіне қос мәрте депутат болып сайланған бұрынғы Абай атындағы, кейін Қарақұм кеңшарының сауыншысы Аяр Оразалиеваның еңбек жолы мен іс-қызметі турасында «Халық қалаулысы» атты тарихи-танымдық мақалам жарық көрген еді. Сол тұстағы көзі қарақты оқырманымның есінде болар немесе болмас. Мәселе онда емес. Ең бастысы, бүгінгідей ұшқыр уақыт алға зымыраған, қоғамдық құрылымға сай заман өзгерген, ұрпақ алмасқан (аға буын азайған, жас ұрпақ өсіп, жетілген) кезеңде орталықтан шалғайда жатқан еспе құмды Қарақұмның қойнауында тұрмыс кеше, отбасы тіршілігі мен бала тәрбиесін қатар ала жүріп ерен еңбектің үлгісін танытқан, ел байлығын арттыруға сүбелі үлес қосқан еңбек озатының есімі ұмытылып қалмаса екен, уақыт талабына орай жаңарып, жаңғыртылса деген ниеттен туған батыл қадам болатын.
Орайы келгенде айтпағым, өткен жиырмасыншы ғасырдың екінші дүниежүзілік (1939-1945ж.) соғысынан кейінгі күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіріп, ілгерілете дамытуға бағытталған бүкіл халықтық өрелі іске кең байтақ қазақ даласының әр қиырындағы жалын жүректі, құрыш білекті еңбек адамдары: шиелілік атақты күріш өсіруші, қос мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, нақ осындай жоғары атаққа Мойынқұмда мыңғырта мал өсірген, дала маршалы, аға шопан Жазылбек Қуанышбаев, жетісулық дала академигі, білікті шаруашылық басшысы Нұрмолда Алдабергенов, ақ тарының атасы атанған байғаниндік Шығанақ Берсиевтің, тағы басқа жандардың атақ-даңқы жер жарды, миллиондаған адамға үлгі етілді. Олардың адал еңбегін бағалап, құрмет көрсетуде үкімет те аянып қалмады. Көбінің омырауы орденге толды. Енді бір тобы қала, аудан, облысты айтпағанда, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне, бірлі-жарымы тіпті Одаққа (КСРО Жоғарғы Кеңесіне) халық қалаулысы атанып, депутат болып сайлануының өзі үлкен мәртебе, зор абырой саналатын. Ер еңбегі елге мақтан болған дәуірде осы алқалы топтың қатарынан көрінгендердің бірі ғана емес, бірегейі жоғарыда сөз еткен ардақты апайымыз Аяр Оразалиева еді. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен ержүрек қазақ аналарының қатарынан қарапайым еңбегімен ойып тұрып орын алған Аяр апамызға ел-жұрты үлкен сенім көрсетіп, Қызылорда облысы, Арал селолық округі бойынша 1952 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің үшінші шақырылымына депутат етіп сайлайды. Ерен еңбегінің арқасында бағы жанған, жұлдызы жарқыраған, мәртебесі өскен қатардағы сауыншы, ақ басты Алатаудың бөктеріндегі әсем Алматыға жыл сайын екі рет сапарлап, мемлекеттік маңызы зор заңдарды қабылдауға, ұлтымыздың небір жақсы жайсаңдарымен дидарласып, тіпті дастархандас болғаны жайлы небір қызықты әңгімені бала кезімізде үлкендердің аузынан жиі еститінбіз...
Бақыты баянды болғандықтан әрі Жоғарғы Кеңестің іс-қызметіне көзі қанықты, ең бастысы етек-жеңі кең Арал ауданы еңбекшілері мен сайлаушыларының өзіне білдірген сан алуан аманатын мінсіз орындап, көпшілік көңілінен шыққандығы болар, араға төрт жыл салып Жоғарғы Кеңестің төртінші шақырылымында Республика Парламентіне екінші мәрте депутат болып сайланды. Әңгіменің қисынына қарай айтарымыз, 1955 жылғы шақырылымда нақ осындай мәртебеге Аралдық жерлесі, Қамыстыбас балық шаруашылығының балықшысы Әлсейіт Жұбаниязов ағай да ие болады. Араға төрт жыл салып барып 1959 жылы бесінші шақырылымның нәтижесімен Аяр апаның депутаттық іс қызметін ауылдасы «Қарақұм» қой шаруашылығының шопаны Манадин Жұқашев жалғастырады. Ұрпақ сабақтастығы осылайша өрбиді. Әңгімемізге тұздық болсын деген ниетпен заманында Жоғарғы Кеңеске аралдық халық қалаулылары қатары бертінде алтыншы шақырылым бойынша Арал балық комбинаты Қуаңдария базасының балықшысы Күлпаш Бисенова, сегізінші шақырылыммен «Аралсульфат» комбинатының тұз қаптаушысы Патсайы Қарабекова, жетінші шақырылым нәтижесімен Арал ауданы Авань балық зауытының балықшысы Нарғали Демеуов, тоғызыншы шақырылым бойынша Арал балық комбинаты Қуаңдария базасының балықшысы Дүйсенбі Қалабаевпен толыққанын айту біздер үшін парыз (Депутаттар есімі облыстық «Сыр өңірі тарихы» кітабынан (А.Атамұра, 1998 ж273-276 бет алынды) саналды.
Қадірменді оқырман! Өткен ғасырдың екінші жартысында «Еңбек әлемнің әміршісі», «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген қағидамен өмір сүрген, елдік құрмет пен асқақ абыройға бөленген, нақты істің адамдары атанған аға буын өкілдерін (арасында аралдықтар да бар) сөз етемін деп, негізгі тақырыбымнан сәл ауытқуға барғаныма ғафу етіңіздер! Еңбегі жанып, бағы өрлеп Республика Парламентіне қос мәрте депутат болып сайланған, 2023 жылы туғанына бір ғасыр толып өткен Аяр Оразалиева апайдың ұрпақтары қолында сақталған құжаттар топтамасымен танысып, зерделеу барысында халық қалаулысының үшінші шақырылымдағы (1955ж.) №106 және келесі сайлаудағы (1955ж.) №225 депутаттық билеті көшірмесі көзіме оттай басылды. Алғашқы депутаттық билетті куәландырып, қол қойған Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің аты-жөнін жыға ажырата алмадым. Ал оның есесіне, екінші билеттегі төраға қолы аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке тиесілі екені тайға таңба басқандай аңғарылды. Өзінің іскерлік қабілетінің арқасында 1952-1955 жылдар аралығында көршілес Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы міндетін ыждағаттылықпен атқарып, өңірдің экономикалық және әлеуметтік өрлеуіне қол жеткізген Жұмабек Тәшеновке 1955 жылы жоғарғы сенім көрсетіліп, КСР ЖоғарғыКеңесі Президиумының төрағасы қызметіне сайланады. (Сөз жоқ, сол сессияға қатысып, дауыс бергендердің қатарында депутат Аяр апай мен Әлсейіт ағайдың да болғандығы ақиқат). Бірыңғай қызметтік ілгерілеу мен өрлеуге қол жеткізген Жұмабек Тәшенов арада бес жыл өткен соң 1960 жылы қаңтар айында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасы қызметіне тағайындалады.
Ұлтымыздың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен Алаш қайраткерлері, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой», «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты,күші қанатты қырандай мен жастарға сенемін» – деген жыр жолдарымен рухтанып өскен Жұмабек Ахметұлы (1915-1986ж.) сол тұста мемлекеттік жоғары лауазымдық қызметін атқара жүріп, Одақтың әпербақан басшысы Н.С.Хрущевтің Қазақстанның солтүстіктегі Тың өлкесіне бағындырылған бес облысын Ресейге, Оңтүстіктегі бірнеше ауданды Өзбекстанға, Маңғыстауды Түркменстанға қосу туралы ұйғарымына заңдылық тұрғыдан қарсылық білдіріп, ата-жұртымыздың тұтастығын сақтап қалады. Кеудесін оққа тосқандай көзсіз ерлікке барған Алашжанды, ыстық қанды азамат мансапты қызметінен төмендетілсе де жасымайды. Биік рухын көзі жұмылғанға дейін сақтап қалады. Міне, осындай арыстан жүректі Ж.Тәшенов сынды азаматтың қолы қойылған, аудандық музейден орын алатын, жоғарыда біз сөз еткен Аяр апамыздың құжаты (депутаттық билет) қадірін білгенге құндылығы жоғары тарихи жәдігер саналатынына кәміл сенімдіміз.
Иә, сонымен ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген Аяр Оразалиеваның туғанына жүз жыл толып өтті. Заманында халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен жақсы мен жайсаңдарымызды жиі еске алып отыру басты парызымыз саналса керек.
Қараша Қараман,
Журналист
Алматы облысы
04 қаңтар 2024 ж. 851 0