Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қос ауданға қадірлі Шора ақсақал

Қос ауданға қадірлі Шора ақсақал

Адал еңбек қашан да ердің еңсесін жоғары көтеріп, абыройға бөлейді. Бүгінде ел құрметіне бөленіп жүрген ардақты азамат Шора Искаковтың өмір және еңбек жолы кейінгі жас буынға молынан үлгі. Ауданға қарасты Қамбаш стансасында теміржолшының отбасында дүниеге келген талапты жас алғашқы еңбек жолын Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Қойтас ауылында есепші болып бастап, одан кейін әр жылдары Қазалы аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы, Қазалы аудандық кино кеңесінің бас есепшісі және бастығы болып еңбек еткен. Одан Қазалы аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық мекемесінде қойма меңгерушісі болып еңбек етті. Бұны неге айтып отырмыз. Себебі қазіргі таңда кейіпкеріміз Шора ақсақал туған жерден жырақта жүріп, ер мойнына артылған азаматтық абыройдың ақ туын тік ұстап келеді. Тағдыр талайымен айдынды өлкеден үдере көшкен қауымның ел қатарлы өмір сүруі бір бөлек те, барған жерде ел өміріне қатысты шаруалардың шекпенінде ширап, сайдың тасындай іріктелу бөлек әңгіме. Кейіпкеріміз сондай сүрлеуден шығып, табаны күректей қырық жылдан әрі уақыт қоғам өмірінің түрлі салаларында еңбек етті.
Осыдан 30 жыл бұрын Шора Искаков отбасымен Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданына қоныс аударып, мұнда да еңбектің ерен үлгісін көрсетті. Алғашқыда аудандық қазынашылық басқармасында ревизор-тексеруші болса, оған 2007-2012 жылдары аудандық мәслихаттың депутаты ретінде қасиетті өңірдің дамуына сіңірген қажырлы еңбегін және қосыңыз. Халық қалаулысы болып сайланған жылдары Шәкең аудандағы бірқатар түйінді проблемалардың тінін тарқатуға атсалысты. Жалпы ауданның дамуында Шора Мәжінұлының айқын қолтаңбасы бар деп сеніммен айта аламыз. Сайып келгенде, кейіпкерімізді қос ауданға қадірлі азамат деп айтуға болатын шығар.
Елден жырақ жүрсе де кіндігі туған жерге байланған талай перзенттің елге келгендегі ең алғашқы толқынысы бөлек болары сөзсіз. Елге еркелеп, балалық арманның көкжиегіне құлаш сермеген жандардың туған жер төсіндегі балалық болмысы мен сөзбен айтып жеткізуге келмейтін сағынышқа толы әсерлі сәттерді әңгімемізге арқау еттік.
Осыдан 60 жыл бұрын соғылған соңғы қоңырау Аралқұм ауылындағы №61 мектептің 8 сыныбын бітірген сыныптастардың есінде сақталып қалыпты. Сол сағыныш желкені болар тарыдай шашыраған түлектерді туған жер төсінде қауыштырған. Мектептің ішінен танымдық мұражай жасақталып, онда көненің көзі болған тарихи жәдігерлер мен өткеннен сыр шертетін тарихи дүниелер топтастырылған.
Мұражайдаауылдың және тұтастай алғанда, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты азаматтардың жеке фотосуреттері мен олардың өнегелі өмір жолдары туралы мәліметтер қойылған. Мұражайдың көркі экспонат емес пе?! Ауыл тұрғындарынан жәнемектепоқушыларынанауылөмірінежәне өңір тарихына қатысты ескі сырт киімдер, ардагерлер тұтынған заттармен қоса олардың медальдары және тағы басқа марапаттары ментұрмыстықбұйымдаржинақталып,осында қойылған. Онда Ұлы Отан соғысының және бейбіт өмірде еңбек майданында шыңдалған қадірлі азаматтардың өміріне арналған «Ешкім де, ешуақытта ұмытылмайды», ал мектептің құрылутарихынан «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты стендтері бар. Мұражай қоры әлі де толықтырыла түспек.
Тәрбиелік мәні зор салтанатты шарада туған ауылына құрметпен шақырылған еңбек ардагері, Жуалы ауданының құрметті азаматы Шора Искаков жүрекжарды құттықтау сөз сөйледі. Мектеп басшылығы ардақты азаматқа құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына зерлі шапан жапты. Қонақтарға арнап мерекелік ақ дастарқан жайылды. Дастарқан басында ауыл мен мектеп өміріне және ел-жұрттың амандығына қатысты тағылымды әңгімелердің тиегі ағытылды. Бір сөзбен айтқанда, Шора Мәжінұлы туған ауылынан жақсы әсермен және көтеріңкі көңіл күймен оралғаны анық.
– Мен туып-өскен жер қазіргі таңда «Аралқұм стансасы» деп аталады. 250 түтіні бар ауыл үлкен шойын жолдың бойында орналасқандықтан осылай аталса керек. Әкем 40 жылға жуық уақыт аталған стансада еңбек еткен құрметті теміржолшы болатын. Оның 28 жылында станса бастығы болып қызмет істеген кісі. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысса, ал анам Қызғалдақ Байменова тылда еңбек еткен. Екеуі отбасында барлығы 11 перзент тәрбиелеп өсірген ұлағатты ата-ана. Мен бұл әулеттің екінші перзентімін. Бауырларымның көбісі қазір осында тұрып, еңбек етуде. Барлығы теміржолда жұмыс істейді. Ауыл – алтын бесік. Қазір ойлап отырсам, ауылдан кеткеніме да жарты ғасырдан асып кетіпті. Осыншама жылдан кейін жалпы тәуелсіз еліміздің дамуына сіңірген азды-көпті еңбегімді елеп-ескеріп әрі өмір және еңбек жолымды осындағы өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету үшін шақырып, құрмет көрсеткен ауылдастарыма және мектептің басшылығына алғысымды білдіремін. Жас ұрпақтың болашағы жарқын болып, ел мен туған Отанына аянбай қызмет ете берсін. Жолдары ашық болсын деген аталық ақ тілегімді жеткізгім келеді,– дейді еңбек ардагері Шора Мәжінұлы.
Еңбекте озат болып, өзінің асқақ азаматтық ұстанымымен көпшілікке танылған ардақты азамат Шора Мәжінұлы 30 жылдан бері Жуалы ауданында тұрып, қасиетті өңірдің дамуына еңбек сіңіріп келеді. Ол әр жылдары «Қазақстан мәслихаттарына – 20, 25 жыл» мерекелік медальдарымен, ауданның және облыстың Құрмет грамоталарымен, басқа да мерекелік медальдармен марапатталды. «Жуалы ауданының және Жамбыл облысының құрметті ардагері» сынды атақтары да Шәкеңе тиесілі марапаттар. Ауданға сіңірген ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, 2022 жылы Шора Искаковқа «Жуалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Шора Мәжінұлы «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының жанындағы билер кеңесінің алғаш құрылған күнінен бастап, қоғамдық институт жұмысының жандануына белсене араласып келеді. Бүгінде аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылы билер кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметін абыроймен атқарып келеді.
Елдің кәдесіне жарап, туған жерден жырақта жүрсе де азаматтық болмысын айқындай білген жанның біз білетін бір қыры осы еді. Туған жерге деген сағынышын сарылта жеткізген перзенттің әсерлі сәтіне куә болған біздің бір ұққанымыз «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін бабалар тәмсілінің өміршең екендігі. Біз осыны ұғындық. Өзге елде болмысы биік, елге елеулі азаматтың туған жерге бір перзент ретінде табан тіреуін кішілік пен кісіліктің белгісі деп ұғындық.
А. БИСЕНОВ
18 шілде 2023 ж. 482 0