Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балалы болу қандай бақыт!

Балалы болу қандай бақыт!

Жуырда аудандық "Толқын" газетінің кезекті 12 желтоқсан күнгі №98 санында Назерке Маратқызының "Балалы болу қандай бақыт" атты әңгімесін оқып, үстіміздегі жылдың наурыз айында балалы болған бір топ бақытты отбасыларды жазу мақсатында қолыма қалам алдым.
Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні, Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз еліміздің қасиетті табалдырығын аттаған 22 наурыз күні Алланың қалауымен өкіл әкем мен өкіл анамды таптым. Сонымен қатар қолыма қалам алуыма сеп болған Алладан перзент сұрап, тілегіне жеткен әкелер мен аналардың көңіл тебіренісін өкіл әке-шешем арқылы жеткізуді жөн көрдім. Президент жарлығымен мамырдың алғашқы жексенбісі әкелер күні, ал маусымның алғашқы күні аналар күні мерекесі болып биыл ерекше қолға алынып жатқанын айтуымыз керек. Иә, әке –асқар тауымыз, отбасының тірегі, арқа сүйері, қорғаны бола білген әкенің орны бір бөлек қой сірә да.
Сонымен, Айгүл Темірханқызын "өкіл әкем" деп қабылдауыма сеп болған 90 пайыз әкеме ұқсатқандықтан. Ал Нәзира анамды "өкіл шеше" деп қабылдауым да анам Алмаш Шарапқызына ұқсатқан соң осындай тоқтамға келдім. Әрине зерделі оқырман қыз баланы қалай әкем деп қабылдағанына таңдануы бек мүмкін. Алайда "жіңішке жолды дегенмен ерлермен теңдес қыз тумақ"... – деп ақындар жырлағандай, аудандық "Толқын" газетінде №2 (10861) 7 қаңтар 2023 жылы "Боямасыз болмыс" мақаламды шолып шықса, мені айыптамай, түсіністікпен қарайды ғой деген сенімдемін. Жалпы, құндылықтар заманға сай өзгеріп кеткен бе деген ойдан аулақ болыңыздар. Тарихқа көз жүгіртсек, әйел-аналардың атымен қалалар, ру аталықтары және қара қылды қақ жарған патшайымдар болып әйел-аналардың орны тарихтан өз орнын тапқанын айтуымыз керек. Ұлыстың ұлы күні 22 наурыз күнгі өз сөзінде Айгүл де "өкіл әке" болудың жолы қиын ғой, алайда басым қара жерге тигенше көтеремін деп өз пікірін жеткізді. Өкіл әкемнің әкесі Темірхан аға да құдды әкем Ержігіттен аумайды екен. Бірі Қарақұмның тентек ұлы болса, ал бірі Сексеуіл кентінің атайы тентектері болыпты. Әкемнің ата-анасы Қосуақ көкем мен Алмажан әжемнің бірінен соң бірі шетінеп, ержетіп, бойжете берген тұста 9 баласы қайтыс болып кете беріпті. Ал әкем тоғызыншы бала болған соң бұл да өліп қалар деп қорқып, бетін қақпай, алақанға салып өсіріпті. Ал Байроз атамыздың бәйбішесі Кәдірбай болса, тоқалы Талшын анамыз екен. Сол Талшын әжемізден Мейірімхан, Өмірхан және Үрімхандай үш бала дүниеге келіпті. Ал бәйбішесі Кәдірбайдан Темірхан ағамызды сүйіпті. Байроз атамен бірге туған бауыры Жахан ата Раушан ананың баласы Қанидың жұбайы Айна апамызды әңгімеге тарттық.
–Темірхан аға тентек мінезді азамат болып ержетті. Аузы дуалы, от- жалыны аузында, көзі ашық, билік айтып отыратын, қолынан келгенше ағайын-туысқа шерепетін тигізіп жүретін жанашыр жан. Осындай біртуар жандар болады өмірде. Қара қылды қақ жаратын өте тентек кісі болатын. "Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол" деген ғой Абай атамыз. Рухы тіріліп келгендей болды деп көзін көрген азаматтың бітім-болмысы бөлек еді,– деп есіне алды 75 жасты алқымдаған немере келіні Айна апамыз.
Ал өкіл шешем Нәзира апам жайлы Күнсәуле апа әңгімелеп берді.
– Жанбала деген қожа кемпірдің шалы Пірәліден Қаншайым мен Сәуле атты екі қыз, Әбу деген жалғыз ұлы болады. Ұлы Әбуден емші Қантай апа дүниеге келеді. Әулие әжесінің емшегін еміп өскен Қантай ападан елімізге белгілі жыршы-жырау Елмұра Манасқызы Жаңабергенова дүниеге келді. Ал ағасы Қанатбай бүгінгі таңда Аманөткелде тұрады. Қожа кемпірдің қызы Қаншайымнан Жомарт деген ұлы, Орын, Айсәуле және мен, Күнсәуле деген қыздары болды. Руы майдан, Жанқожа батырдың ұрпағы Жанбала есімді қожа кемпір әрі өңірімізге аты шыққан әулие, қасиетті әже болды. Осы әжеміздің бір қызы Қаншайымнан мен тарасам, екі қызының бірі Сәуледен жалғыз тұяқ Нәзира әжеміз дүниеге келіпті,– деп есіне алды.
Қарға тамырлы қазақ деп атам қазақ бекерден-бекер айтпаған-ау шамасы. "Береке қайда барасың десе, бірлігі бар жерге барамын" деген екен. Бірлігіміз жарасымын таба берсін. Иә, нағыз байлық ата-анаңның саған дарытқан тәлім-тәрбиесі ғой. Осы Нәзира әжеміз 22 наурызда полиция қызметкері, ұлы Исаның құдай қосқан қосағы, №262 мектептің ұстазы Гүлнұрдың құрсақ тойын жасады. Осы жолардың авторы Шарап, Асанқызы Алмаш анам да ишанның қызы болса, өкіл шешем Нәзира апа да әулие, емші қожаның қызы екен. Осы өкіл шешемнің бойынан тектілікті байқадым. Гүлнұр келінінің бойындағы өзгерісті байқап, абысын-ажындарын, келін-кепшіктерін шақырып, 22 наурыз күні құрсақ тойын жасады. Ас үйде жүрген келіні Гүлнұрды жанына шақырып алып, әңгімесін бастап кетті.
–Иә, Алла тағала нәрестені ең әуелі ана құрсағында ең бір қауіпсіз, мейірімге толы бір жерде жаратып өсіреді. Ол жерде жатқан бала үш түрлі қорғанмен қамтамасыз етіледі. Ал туылғаннан кейін әр балаға жеке-жеке асыраушы, қорғаушы, бақылаушы, тәрбиеші ретінде ананы нәсіп етеді. Туылған шақалақ аузын ашса болды, анасының омырауынан аппақ, тап-таза, жып-жылы сүт шығады. Сол анаға жылаған баланы жұбатқызады, кірлегінін тазалатқызады, ауырса емдеткізеді. Көрдіңіз бе, Жаратушы иеміздің жас балаға деген назарын, мейірімін? Ақиқатқа қарасақ, ешбір ата-ана баласының шын иесі емес. Олар баланы Алладан аманат етіп алады. Ақирет таңында ол бала үшін міндетті жауапқа тартылады,– деп келіндеріне өсиет-өнегесін айтқан кезде, бәріміз ұйып тыңдап қалыппыз.
Айлардың сұлтаны Рамазан айында өкіл әкем мен өкіл шешемді тілге тиек ете отырып, өмірге келген перзенттердің әкелері мен аналарына да тоқтала кетуді жөн көрдім. Әр періштенің екі қанаты болады –әкесі мен анасы. Олар барда балалар өмір көгінде еркін, бақытты өмір сүреді, биік, үлкен армандар армандайды. Бала сүю бақытына ие болған әкелер жайлы неге айтпасқа? Сәби келді дүниеге, бұдан артық бақыт бар ма әкеге де, анаға да. Осылайша өңірімізде қазақ баласына телінген асылдың сынықтары, тектінің тұяқтары дүниеге келуде. Ержігіт атаның шаңырағында ұрпақтар сабақтастығы сәтімен жалғасын тапты. Адам бойындағы барлық көркем мінездің жиынтығы текті деген бір ауыз сөзге тоғысқандай. Ол тіпті бір жағынан қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіну деген сөз. Текті елдің тегеуріні де мықты болады. Себебі айналасын жақсылыққа үндеп, ортасына ізгілік тартқан қауымның ұрпағы азбайды, ұлты тозбайды. Осылайша жаңа туған нәрестенің құрметіне сән-салтанатымен шілдехана бесік тойы жасалды. Аниса Найзабекқызын қырық қасық су құйып, кәделеп қырқынан шығару рәсімін Бадижамал әжесі жасап, нәрестенің бауы берік, ғұмырлы, дені сау, үлкен азамат қыз болсын деп ақ тілегін тіледі. Сол Найзабектей алыпты тауып берген үлкен әкесі Құрмансейіт, кіші әкесі Әбілсейіт, аналары Бақытжан мен Айымкүл аман болсын. Найзабек те, жан жары Камила да орта мектепті екеуі де "Алтын белгіге" тәмамдап, Ақтөбенің медакадемиясын грантпен оқып, магистратура оқуын екеуі АҚШ-та жалғастырды. Жуырда жас ғалымдар конференциясында Найзабек пен Камила келін медициналық "Студенттер ғылыми қоғамына қосқан үлесі үшін" төсбелгімен марапатталды. Жақында осы қос дәрігер Аниса атты нәрестелі болды. "Анисаң елден ерек, дара шықсын, бойында мол қуат пен баға шықсын. Білім-ғылым дейтұғын бір шың бар ғой, сол шыңның басына бала шықсын. Найзабек АҚШ көрген ұл еді ғой, бір биіктің шыңына ол да шықсын, АҚШ көрген әкеден туған қыздан әлемді танытуға дана шықсын, – деп АқНайзаның айтыскер ақын досы Айболат жырдан шашу шашты. Тұңғыш жиенін көрген Еркін құда мен Самал құдағайдың қуанышында шек болмады. Әбілбай, Қайыржан ағалары мен Саулеш, Бақыт жеңгелері де ақ тілектерін жолдады.
Ал Байроз атаның шөбересі Мұхтар Жахановтың шаңырағында да ұлан-асыр той болды. Перзент аңсап жүрген әкенің бірі Мұхтар, жұбайы Жақсыгүл алғашқы сәбиін Арнұрды осыдан он үш жыл бұрын өмірге әкеліп, алғашқы мүшел жасын тойлады. Ол №62 орта мектептің 7 сыныбында оқиды. Жас жұбайлар 13 жыл бойы екінші сәбиін зарыға күтті. Астанада емделіп, жасанды ұрықтандыру жолымен өткен жылы сәби сүю бақытына ие болды. Сол Әлинұрының тұсауын Астанадан келген қайнысы Серік пен келіні Оразкүлдің қызы Толғанай кесті. Әжесі Айна батасын беріп, ізгі тілегін арнады:
– Жеті баладан 20 немере, 4 шөберем бар. Құдайға шүкір, көрінген балаларымның қызығын көрсете гөр деп қасиетті ораза айында Алладан тілек тілеймін. 13 мүшел жасқа толған Арнұрым да, бүгін тұсауын кескен Әлинұрымның да дендері сау, өмір жастары ұзақ, әке-шешелерінің көз қуанышы болып, еліміздің белгілі азаматтары болсын деп ақ тілегін арнады. Иә, адамның бағы артындағы ұрпағымен бағаланады ғой. Періштелердің бауы берік болсын дейміз. Дүниенің тұтқасы еркекте, кілті әйелде, қызығы балада ғой. Тағдырға мойынсұнып, Тәңірге шын беріліп, бес уақыт намазын оқып, құдағайлар Бадижамал мен Фарида, Бақытжан мен Құндызай Алланың барлық әміріне көнді. Он жыл бойы ұл-қыздарының тілегін тілеп, Алладан бала сұрады. Алла тілектерін берді, тілек-дұғалары қабыл болып, корпоральді ұрықтандыру жолымен олар он жыл бойы емделіп, сәби сүю бақытына ие болды. Сөйтіп арманына жетті. Сексеуіл кентіндегі "Транстелекомда" жұмыс істейтін Ербол мен балабақшада тәрбиеші Гүлнар Ақниет атты қызды болды. Осы орайда Ерболдың анасы Фарида:
–Көзімнен аққан жасты тоқтата алмадым. Он жыл бойы ұлым мен келінімнен жасырынып жылай бердім, жылай бердім. Көптің тілегі қабыл болды ма, жаным, өзегім, немерем Ақниетім дүниеге келді. Балаларым қосағымен қоса ағарсын деймін десе, өз кезегінде Гүлнардың анасы, құдағайы Бадижамал да нәрестенің бауы берік болсын, күйеу балам Ербол мен қызым Гүлнар қосағымен қоса ағарсын. Фарида құдағайым мен Ерболат құдама ризашылығымды білдіремін. Аттай он жыл бойы сабыр сақтап, шыдап, күткендеріңізге алғысым шексіз,– деп ағынан жарылды. Қос құдағай да "арманымыз орындалды" деп ақ көңілмен риясыз жылағанымызды Алла көрген шығар, сабырлылығымыз бен шыдамдылығымыз жеңді деп құшақтасты.
Локомотив пайдалану депосының машинистері әкелі-балалы Мүтілда мен Жүсіпбектің де қуаныштарын айтып жеткізе алмаспын. Кенттегі №177 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Катя да он жыл күтіп, Әминасын құшағын алып шықты. Бұл отбасылары бұл қуанышты он жыл бойы күткен еді. Иә, Аллада берер қазына көп қой. Тек сабыр, төзім, шыдамдылық керек. Олар осылайша киелі отбасын сақтады. Алла тілектерін берді. Иә, Алланың құдіреті шексіз ғой. Осындай тәп-тәтті балапандарымыз көбейе берсін. "Құдайдың бұйырғаны өз уақытында болады. Ешқашан ерте, ешқашан кеш емес. Ең бастысы адамға сабырлылық пен сенім керек".
"Ұлттың ұлт болып ұйытылуы бесіктен басталатынына мән беру керек" деген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің құнды пікірін басшылыққа алып, құдай қосқан көршілерімде болған азан шақырып ат қою, шілдехана бесік тойлардың да куәсі болдым. Бақыттан басы айналған көрші әкелердің, жалпы қала тұрғындарының Ережеп, Рамазан айларында болған тойлардан да қысқаша репортаж жасап айта кетуді жөн көрдім.
"Көрші ақысы – Тәңір ақысы" деген тәмсілді мұрат тұтып, 80 жасты алқымдаған Аралдың Арапханы мен дәрігер Күлпаш әженің, Алшынбайдың қызы Ақалтынның және Гүлшаттың шаңырақтарында шілдехана бесік тойда бас қостық. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап халқымыз шілдехана бесік тойын, тұсаукесер сүндет тойын, алғашқы мүшел жасын атап өткен текті халық қой. Алладан шын тілесең армандар орындалады екен. Арманыңыздай болып осынау қасиетті айларда Арапхан ағаның, Ақалтын мен Гүлшаттың шаңырақтарында төрт қыздан кейін бірінен соң бірі шекесі торсықтай ұл нәрестелер дүниеге келді. Аудандық электр тарату мекемесінде инженер болып еңбек ететін Арапханұлы Аян мен ауданаралық аумақтық сот орындаушылар бөлімінің басшысы Ғалия да үкілеген Айша, Фатима, Карима және Айнамкөзден кейін шекесі торсықтай Әзиздей ұлды Арапхан атасы мен Күлпаш әжесіне сыйлады. Аталмыш жүйеде диспетчер болып еңбек ететін Мұратбек пен қаладағы №260 орта мектептің әлеуметтік педагогі Дананың шаңырағында Назым, Нәзира, Бекназ, Расима атты төрт қыздан кейін Байбарысты көру бақыты бұйырыпты. Ақалтынның шаңырағында зарыға күткен ұл бала болған соң, азан шақырып Мұратбек баласының есімін өзі қойды. Әкесі баласын қолына алып, құлағына жай ғана "Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, сенің атың Байбарыс болсын" деп үш мәрте айтты. Бала дүниеге келген кезде бірінші кірген сөз Алланың аты кірсін деген ниетпен жасады. Мысырдың патшасы болған Сұлтан Бейбарыстай болсын деген ниетпен сол есімді еншілегенін айтты. Мәнді-мағыналы бала дүниеге келген кезде берілген есім оның тұлға болып қалыптасуына үлкен әсер етері сөзсіз. Сондықтан перзенттерімізге осындай көркем есімді берейік. Осы қасиетті айда нәрестелі болған және бір Гүлшат көршімнің ұлы Райымбек батыр Атырауда "Тенгизшевройлда" вахталық жұмыста жүріп, нәрестелі болғанын естіп, жүрегі дүрсілдегенін жеткізді. Келіншегі Әйгерім аудандық диагностикалық емханада мейірбике болып еңбек етеді. Иә, әке деген сол. Ол Нәзігі мен Айымдай қос қызын жақсы көреді. Алайда шаңыраққа ие болып қалатын Нұрперзентім деп ұлын құшырлана сүйгенде іші-бауырың езіліп-ақ кетеді. Неге осы әкелер ұлды өте жақсы көреді екен деп қалың ойға шомдым. Әрине қазаққа тән түсіндіруге жатпайтын заңдылық қой біле білген жанға. Иә, иә, солай. Отбасында "ұл" деген кезде тегім жалғасады деп қуанған Аян, Мұратбек, Райымбектей әкелерді көрдім. Тау тұлғалы, тарлан мінезді Әзизім, Байбарысым, Нұрперзентім өмірімнің жалғасы мұрагерім деп қуанса, ал аналары Ғалия мен Дана, Әйгерім нәрестелерін құшырлана иіскеп, жұпары аңқыған алтыным деп жатқан бақытты сәттерінің куәсі болдым. Байбарысты Шариман апа, ал Арапхан ағаның немересі Әзизді Мария мен Ажар апалар , Нұрперзентті Әлия әжесі бесікке салып, тыштырма жасап, сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен кәмпит, өрік пешеней, құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп, "тышты, тышты" деп ырымын жасап, әйелдер бөлісіп алды. Өз кезегінде әжелері Күлпаш, Ақалтын, Гүлшаттар сый-сияпатын үлестіріп берді. Әулет үлкендері періштелердің бауы берік болсын, ұл-қыздардың артынан нәрестелер келе берсін, бақытты, ғұмырлы болсын деп ізгі тілек-баталарын беріп, болашақта биіктерден көрінсін деп жатты.
Иә, бір әулет ұлға зар, бір әулет қызға зар. Әрине әр анаға босану оңай емес, тек жақсылап күтінсе, еш қиындық туындамасы анық. Әкелері Найзабек, Мұхтар, Аян, Мұратбек, Ербол, Жүсіпбек, Райымбектің үкілеген үмітін балалары ақтайтынына бек сенімдіміз. Өз кезегінде әкелер де "Ұлым, қызым – үмітім, байлығым, барым – бақытым" десе, аналық мейіріммен кепкен тамырға нәр бітіп, Камила, Жақсыгүл, Гүлнар, Катя, Ғалия, Әйгерім, Даналар еміренді-ай кеп. Осындай жас босанған аналар мен асқар таудай әкелердің қуанышына куә болу да үлкен ғанибет екен, шіркін!
Адамның баға жетпес байлығы бала ғой. Мұхаммедәлиім де қашан "әке атанар" екен деп Алладан тіледім. Әлемнің байлығына тең келмейтін балаларымыз әрқашан аман болсын. Өмірдің қызығы балада ғой. Иә, Алладан шын тілесең арман орындалады екен Иншалла! Күнім, жұпары аңқыған алтыным Аймұхантайыма да әке болу бақыты бұйырсын деп тіледім. Асқар тауға балаған асыл әкелер, Тәңірдің берген перзенттерін махаббатпен өсіріңдер дегім келеді. Сондықтан періштелердің бауы берік болсын деп құтты болсын айта отырып, тәрбие тамыры отбасынан басталады, тәлім-тәрбиені бала кезден бойына сіңіру керек. Баланың болашағы жарқын болсын десек, оның жағдайын жасайтын әкелер аман болсын дегім келеді. Бала сүю бақытына ие болған әкелеріміз көп болсын. Иә, адамның бойындағы ең үлкен қасиет – имандылық. Ал ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Сондықтан Алланың берген періштелерінің ішінен болашақта ел тізгінін ұстайтын ғұламалар, қол бастайтын көсемдер, сөз бастайтын шешендер шығып, салиқалы ұрпақты Тәңірім әр әкеге, әр анаға нәсіп етсін деп ізгі тілегімді қосамын. Әр шаңырақта бесік тойы көбейсін! Балаларымыз, ерлеріміз, еліміз аман болсын!
"Перзентханаға ырым үшін бір затын қалдырып кету керек дейді. Мен шай ішкен кесемді қалдырдым" депті әріптесім Назерке әңгімесінде. Иә, "ақыл – жастан, асыл – тастан" деген тәмсіл бар ғой. Мен ол кезде осы жолдардың авторы осыдан 20 жыл бұрын жаным қысылғанда бұл ырым есіме мүлдем келмепті. Аллаға шүкір, Аймұхантайым ғұмырлы болып, дені сау бақытты болса екен. Мен Алладан, ешкімге де еш нәрсеге де мұқтаж емес Жалғыз Жаратушыдан Аймұхантайымды әрбір көре алмаушылардың жамандығынан қорғай көр, деп тілеймін. Иә, дүниеге дені сау сәби келсе, ең бақытты сәт осы емес пе, ағайын!
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
09 қаңтар 2024 ж. 836 0