Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәшһүр Жүсіптің қоштасуы

Мәшһүр Жүсіптің қоштасуы

Жақында Жезқазған қаласына жолым түсті. Бірер күн қонақ болған сәтімде көнекөз қариядан төмендегі әңгімені жазып алып едім. Мән- мағынасы бар шығар деген оймен қағаз бетіне түсіріп, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Қазақтың қасиетті жерлерінің бірі Баянауылды мекен еткен Мәшһүр Жүсіпті елдің бәрі жақсы білсе керек. Өзі дін жолын ұстанған, сөз асылын терген ақын атамыздың бірі. Ол өзінің бұл дүниеден өтерін бір жыл бұрын біліп, ағайын-жекжатына «Менің тірі кезімде бата беріп келіңдер. Үшімді, жетімді, қырқымды, жылымды беріңіздер. Содан кейін мен дүниеден өтемін. Бірақ та осының бәрін тірімде көзіммен көріп өтемін» – деп хабар салған екен.
Ағайын-туған, ел-жұрты оның тілегін орындап, малын сойып, саба-саба қымызын сапырып бата беріпті. Сонда жиылған көпшілікке Мәшһүр Жүсіп атамыз былай деген екен:
Қалмай ма әлі-ақ бір күн Мәшһүр өліп,
Ажалы жетіп, қаза жетер маңдай сөніп.
Азырақ тарқатсын іштің шерін,
Қызыл тіл тұрған шақта ілге келіп.
Жүзінде жалған дүние көп сөйледім,
Ақылға үлестіріп көп сөйледім.
«Дүние табыт болып біз де өлерміз,
Аталсын кейінгіге деп сөйледім.
Бекерге жібермедік келген шақта,
Пенде алмас Құдіретін берген бақта.
Денсаулық тірліктің арқасында,
Безейін бір азырақ тіл мен жақты.
Күн жатса, қасқарайып, шығады түн,
Пенденің толып жатыр мойнында мін.
Бәрі өліп жан біткеннің, тірілген соң,
Болады сұрақ-сауал қиямет күн.
Бір күн қияметің – елу мың жыл,
Құрылар сынақ көпір – сол жалғыз қыл.
Күн тұрар таза тас төбеңде,
Қиынын қияметтің осыдан біл!
...Осыдан соң Мәшһүр Жүсіп атамыз:«Ла иләһ иллалаһ Мухаммәдур расулуллах... Әумин!» деп дұға оқып, бет ашпаған екен. Оның бейіті Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылының Ұштаған деген өңірінде жатыр.
Жазып алған: А.Жұбанышов
13 ақпан 2024 ж. 979 0