Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тұрсынбек Кәкішев – менің ұстазым

Тұрсынбек Кәкішев – менің ұстазым

Әрине, сонау КазГУ-дің филология факультетінде оқып жүргенде маған ұстаз болған жалғыз Кәкішев емес, сол кездегі әдебиет пен тіл әлемінде атағы дүрілдеп тұрған ғалымдар Мәулен Балақаев, Рабиға Сыздықова, Әзиза Нұрмаханова, Мырзатай Серғалиев, Мархабат Томанов, Рымғали Нұрғалиев, Бейсембай Кенжебаев, Ыдырыс Маманов, Зейнолла Қабдолов, Лениншіл Рүстемов, Кәкен Аханов, Жанпейіс Қарақұсов, Нұралы Өсеров, Орынбасар Төлегенов, Ханғали Сүйіншалиев, Мұхамеджан Қаратаев, Белгібай Шалабаев, Мырзатай Жолдасбековтер әртүрлі пәндерден дәріс берді. Зейнолла Қабдолов дәл Мұхтар Әуезовтей маңғаз еді. Әуезовтың талай лекциясын тыңдаған төл шәкірті.
– Әуезов кейде екі пар, төрт сағат бойы лекция оқығанда аудиторияда шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнайтын, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын қопара сөйлеп, арасында денесін сәл көтеріп қалып, осыны көкіректеріңе құйып алыңдар дегендей, саусақтарын аудиторияға қарата шертіп жіберетін еді – дейді Қабдолов.
Қабдолов лекция оқығанда біз де сол Әуезовты тыңдап отырғандай әсер алушы едік. Кейін Қабдолов ұстазы Әуезов жайлы «Менің Әуезовым» деген үлкен естелік кітап жазды. Өзі қазақ тілінің құрмалас сөйлемінен сабақ беретін профессор Орынбасар Төлегеновпен түйдей құрдас еді. Бүкіл лекция бойы басыңқы, бағыныңқы деп Орынбасар ағамыз әбден миымызды ашытатын. Бірде сол Орынбасар ағамыздың соңғы лекциясынан шықсақ, Қабдолов ағамыз да көрші аудиториядан лекция оқып шығып келе жатыр екен. Бәріміз топ болып көшемен келе жаттық. Орынбасар ағамыз әлі сол басыңқы, бағыныңқысын қоймай лекциясын оқып келе жатыр. Сонда Қабдолов:
– Ореке, осы күніге жүз сөйлеген кісі өледі дейтін еді, сіз қалай әлі тірі жүрсіз? – деді.
Бірақ оны пысқыратын Орекең жоқ, әлі сөйлеуін қоймай келеді. Профессор Рымғали Нұрғалиев шағын денелі, әдеміше кісі еді. Әдебиет теориясынан, Абай әлемінен көп әңгімелейтін. Ал, Сұлтанғали Садырбаев өте сырбаз,тәттілеп сөйлейтін шырайлы кісі болатын. Ауыз әдебиетінен дәріс берді. Мұрын жыраудан докторлық қорғаған,жыраулар жөнінде көп айтатын. Профессор Мархабат Томанов "Орхон-Енисей жазба тілі"дегеннен лекция оқыды. Біз алғаш рет "Орхон-Енисей" жазбасы дегенді сол кісіден білдік. Көне дәуірдің тас тілдерін сөйлеткенде басқа әлемге кіріп кеткендей болатынбыз.
Диплом қорғау кезінде көкшетаулық Тұрсынбай, нөкістік Еркебай деген жігіттермен бірге жаттым. Еркебайдың жетекшісі академик Мәулен Балақаев. Мәулен ағамыз қазақ тілі тарихынан дәріс берді. Дачасы бар, әйелі орыс, мінезі жұмсақ жақсы адам еді. Демалыс сайын дачаға барамыз. Өйткені ағамыздың өзі шақырады. Әйелі бір сөмке етіп тамақты толтырып береді, өзі дачаға бармайды. Дачадағы мұздатқышта да тамақ толып тұрады. Соны кешке дейін ішіп-жеп рахаттанамыз. Мәулен ағамыз мықты бағбан екен, жеміс ағаштарын бір-бірімен будандастырып, неше түрлісін өсіріп қойған. Гүлдердің де неше түрі жайқалып тұр. Ағамыздың өзі күні бойы бақшада бірдеңелерді шұқылап жүргені. Өзі шешен ұлтына ұқсайды. Бірде: «ағай, осы сіздің фамилияңыз қалай Балақаев болған?» дедік, Балақаев деген фамилияны қызық көріп. Сонда ағамыз:
– Ой, балалар, мұның өзі қызық, әкемнің аты баста басқа болған, сонау шапқыншылық заманда әкемнің ауылын жау шауып, әке-шешесін бірдей өлтіріп кетеді. Жау үйде есі әлі толық кірмеген жас бала менің әкемді өздерімен бірге ала кетеді. Жолда басқа ойлары болды ма, кім білсін, әкемді қазақы бір ауылдың тұсына келгенде тастап кетеді. Баланың шырылдап жылаған дауысымен әлгі ауылдың бір адамы тауып алып асырайды. Баланың аты, әке-шешесі кім, қай жердікі, ешкім білмейді, бала да айта алмайды. Содан жас балаға біразға дейін «балақай» деп жүріп, ақыры «Балақай» атанып кетеді. Асырап алған адамдар әкемді өсіріп, үйлендіреді. Содан туған мен Балақаев болмағанда енді кім болам?! – деп бізді күлдірген жарықтық.
Дипломды үшеуміз де 5-ке қорғадық. Әрине оған Мәулен ағамыздың ықпалы болғанын сездік, өйткені ол комиссия мүшесі, зор беделге ие еді.
Профессор Кәкен Аханов тіл біліміне кіріспе деген қалың кітаптан сабақ берді, өзі осы кітаптың авторы. Өте ауыр сабақ болатын. К.Аханов төртбақ келген, толық шомбал кісі еді. Ешкімді ренжітпейтін кеңпейілді адам еді.Бір сессия лекция оқығаннан кейін оның орнына шәкірті Лениншіл Рүстемов деген жас жігіт келді. Негізгі қызметі Оқу минстрлігінде, универститетке қосымша келіп лекция оқитын. Өмірден жас кетті, артында біраз ғылыми еңбектері қалды. Ал, профессор Бисембай Кенжебаев қазақ әдебиетінің қалыптасуы жайында бір сессия дәріс оқып, кейін оның орнына бір жас жігіт келді. Мінезі жайдары, өте жұмсақ бұл жігіт емтиханда бірде-бірімізді құлатпады. Бұл бүгінгі ғалым Мырзатай Жолдасбеков еді. Араб тілінен сабақ берген Нұралы Өсеров отыздан енді асқан уыздай жас жігіт болатын. Темекі тартады, аздап ішетіні де бар.
Жігіттер дейтін ол: «қырыққа толғанша ішемін, темекі тартамын, қырыққа толған күні бәрін де біржола та қоямын, бес уақыт намаз оқимын, ораза тұтамын, таза дін жолына түсемін, ғалым боламын» дейтін. Шынында да, ол уәдесінде тұрып, кейін ислам ілімінің үлкен ғалымы болды, дін тақырыбында жазылған бірқатар кітаптары жарық көрді.
Кешегі экс-министр, экс-депудат Гүлжан Қарақұсованың әкесі Жанпейіс Қарақұсов деген ағамыз КПСС тарихынан берді. Университет бойынша осы пәннен беретін жалғыз адам. Журналистикаға да лекция оқиды. Әйелі татар, жақсы адам болатын. Ағаға еріп үйіне барғанымызда бізді тамақтандырмай жібермейтін. Ақын Елеусіз Кенебаев журналистикада оқып жүргенде осы ағамыздың сабағынан құлапты. Енді не істеймін деп жүргенде курстас жігіттері:
– Әй, Елеусіз, сен оны қонаққа шақырып, азаматтығыңды көрсетсейші деп ақыл беріпті. Сонан Елеусіз ағамызды ертіп ресторанға бармай ма, сонда Жанпейіс ағамыз:
– Әй, сені жұрт осы ақын дейді ғой, ақындығыңды көрейін, маған арнап осы отырысымызда бір өлең шығаршы депті. Сонда Елеусіз блокнотының бір бетін жыртып алып:
Дегенде, Қарақұсов, Қарақұсов,
Отырмыз ресторанда арақ ішіп.
Арақтан сен бір озған азбан едің,
Ізіңде мен бірерген бала күшік, – деп жазып ағамыздың алдына қойыпты. Ағамыз Елеусізге қатты риза болып, әкел зачеткаңды деп ештеңе сұрамастан төртті қонжитып қойып берген екен.
Төртінші курста мен әскерге кеттім. Әскерден келіп оқуымды одан әрі жалғастырайын деп университетке барсам, оқу бағдарламасында біраз өзгеріс болып кетіпті. Біраз пәннен емтихан зачеттарды тапсырып кеткен болып шықтым,есесіне бірсыпыра пәннен қарыздар болып қалыппын. Соның бірі профессор Тұрсынбек Кәкішев беретін қазақ әдебиетінің сыны болды. Сұрастырсам, университетте бұл пәннен сабақ беретін басқа мұғалім жоқ екен. Оқу бөлімі саған бұрын Кәкішев берген сол кісіге барасың деп жолдама жазып берді. Ағайыма сәлем беріп, жағдайымды айттым.
–Қай жерденсің? – деді ағайым.
– Аралданмын.
– Аралдан болсаң өзіңнің жерлесің Нұрпейісовтің "Қан мен терін" айта ғой деді. Қан мен терді ертеректе мектепте жүргенде оқығаным бар еді, қара басқанда енді есіме түссейші. Еламан, Ақбала деген кейіпкерлері, балықшылар өмірі жайлы екені еміс-еміс есіме түседі, арғы жағын білмеймін. Абдырап отырып қалдым.
– Оқымапсың, ағаңның кітабын тауып алып оқып қайта кел деді ағайым. «Қалай есіме келмеген» деп өзіме-өзім ұрысамын. Кітапты тауып парақтап шыққаннан-ақ бәрі есіме түсті. Ағайыма қайта келдім. Бірақ ағайым ештеңе сұраған жоқ, «әдебиетке жақын жүрем десең, ең алдымен өзіңнің жерлестеріңнің кітаптарын оқып жүр» деді де, зачеткамды алып қол қойып берді. Тұрсынбек ағамыз лекция оқығанда әлемді кезіп кететін едік, лекциясы сондай тартымды болатын. Әдебиетке қатысы болмаса да кейде дүние жүзіндегі ескерткіштік тарихи орындарды, әр елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын әңгімелеп кететін. Оның сырын кейін ағамыздың «Жаяу салдың серуендері» деген үлкен кітабын оқығанда түсіндім. Сөйтсем, ол кісі Қазақстанды былай қойғанда, дүние жүзінің көптеген елдерін аралаған жиһанкез саяхатшы екен. Атақтары дардай үлкен адамдар болғасын мысы басты ма, әлде жастығымыз ба, қайдам, кезінде солардың лекциясын күнде тыңдап, етене араласып жүрсек те ойымызға келгенді сұрауға батылымыз жетпепті. Тек бірге Рымғали Нұрғаливтан – ағай, ұлы Мұхаң (Мұхтар Әуезов) Абай жолын жазғанда Құнанбайды неге жаман образ етіп көрсетті, Құнанбай соншалықты жаман адам ба еді, – деп сұрағанымызда, Рымғали ағамыз:
– Ұлы Мұхаң Абай жолын жазғанда баста Құнанбайды жаман етіп көрсетпеген. Өйткені Құнанбай романда көрсеткендей өмірде жаман адамболмаған. Рас, Құнанбай қатал болған, өйткені дәуірі солай еді, бірақ барынша әділетті болған. Балаларына жақсы тәрбие берген, отбасына, айналасына, ағайын-туғандарына жұғымды болған, жоқ-жітікке қарасқанда кейде мырзалығында шек болмаған. Ұлы Мұхаң Құнанбайды, сол дәуірді жамандамаса бұл кітаптың шықпайтынын білген. Өйткені Кеңес үкіметінің саясаты, цензура оған жол бермейтін еді. Мұхаң амалсыз көнген. Абай жолы баста төрт томдық болған, бірақ цензура тура жартысын кесіп тастаған. Ұлы Мұхаң осы үшін өмір бойы өкініп өтті. Соған қарамастан "Абай жолы" әлем әдебиетінің ең озық үлгілерінің қатарынан орын алды, – деп жауап берген.
Қайран ұстаздарым, бүгінде олардан Мырзатай Жолдасбековтен басқасы бұл өмірде жоқ. Жандары жайсаң, пейілдері кең сондай жақсы адамдар еді.Студенттерге барынша қамқор болып жүретін. Қуаныштысы, арттарында кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық тәрбиелік мәні зор мол мұралары қалды. Олардың еңбектерін бүгінде мектептерде, оқу орындарында, ғылым әлемінде күнделікті пайдаланып, игілікке жаратып келеді.
Осындай ғұламалардан тәлім алған біздің курстың студентерінен Мархабат Байғұт үлкен жазушы болып шықты. Ол көп жылдар Қазақстан Жазушылар Одағының оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филалын басқарды,біраз кітаптардың авторы. Созақтық Ескермес Жақсымбетовтің де Жас алаш, Ана тілі, тағы басқа баспасөз беттерінде мақалалары жарияланып келеді. Еркебай Нөкіс университетте үлкен ғалым болды. Басқа да бірқатар қыз-жігіттер әдебиет пен тіл білімінде қалам сілтеп жүр.
Талай ұрпақ алмасар,
Талай шаштар ағарар.
Бірақ өмір жалғасар,
Ұмытылмас ағалар,– деп Сейіл Боранбаев ағамыз айтқандай тау тұлғалы ағалар ұмытылмас.

Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ
13 наурыз 2024 ж. 862 0