Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздық еткен жалықпас...

Ұстаздық еткен жалықпас...

Қаншама жыл ұстаздық етсе де, «шаршадым» демей өз ісіне шын берілген №81 орта мектебінің мұғалімі Елюбаева Бақытгүл шәкірт тәрбие ісінде биік белестерден көрініп жүр.
Ұстаз болу Бақытгүлдің бала күнгі арманы еді. Мектеп қабырғасында жүргенде әдебиетке жақын болды. Поэзия қыраны Мұқағалидің, Фаризаның өлеңдеріне жастайынан  қанығып өскен  ол балалық сезімге толы жыр шумақтарын қағаз бетіне шимайлаудан әсте бір жалықпайтын.
Қаладағы №15 орта мектепті үздік бітірген Бақытгүл Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институтының орыс тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Институт қабырғасында жүйрік әртүрлі студенттік кештер мен танымдық конференцияларға белсене қатысқан алғыр студент ұстаз болсам деген арманына  қол жетім сәт қалғанын сезінгенде ерекше шабыттанып кететін.
Өмірге келген әрбір адам ес біліп, етек жиғаннан кейін алдына үлкен мақсат қояды. Онсыз ол тұман күнгі адасқан жолаушыдай емес пе?! Арман қуған Аралдың қызы туған жеріне оралып, аудандағы №68, 220 мектептерде ұстаздық жолының алғашқы баспалдақтарын бастады. Ел арасында мұғалім беделінің белең алып тұрған шағында Бақытгүл өзі армандаған мамандығына құлшына кірісті. Алдындағы аға буын ұстаздарынан үлгі алған жас ұстаз көп ұзамай- ақ өзіне тәжірибе жинай бастады.
Өмір ағымы бір орында тұрмайтыны анық. Дәм-тұз айдап ауылдық жерден барып шыққанда Бақытгүл осыны ойлады. Қызылжардағы  №81 орта мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасты.
         Жүрген жерінде бала жүрегін жаулап алуды бірінші орынға қоятын Бақытгүл мұнда да шәкірттер мен ата- аналардың ықыласына бөлене білген. Ұстаз қаншама білімді, білікті болса да, әуелі шәкірттерінің құрметіне бөлене беруі керек.  Атақты академик Зейнолла Қабдолов: «Шәкіртім деп иелену үшін, алдымен олар сені ұстазым деп құрметтеуі тиіс», – дейді. Ұстаздың да ұстаздық мәртебесін көтеретін оның шәкірті. Бақытгүл де шәкірті Жеткергенова Ақбота екеуі республикалық «Ұстаз – білім шырағы» атты байқауда жеңімпаз атанып, Алғыс хатпен марапатталған.
         Бақытгүл  – ізденімпаз ұстаз. Өткен жылғы пандемия кезінде де қашықтан оқытудың әдіс-тәсілдері туралы ой түйген ол «Қашықтан оқытудың тиімді жолдары» деген тақырыпта жоба әзірлеп, марапатқа ие болды. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, 2019 жылы «Білікті ұстаз қырағы – Тәуелсіздік пырағы» атты республикалық шығармашыл ұстаздардың  байқауында өзгелерден дара шығып, Астана қаласына шақырылды. Ауыл мектебінің мұғалімі биік мінберден көрініп, кеудесіне «Тәуелсіздік» медалі тағылды. Сол сапарында шығармашылық жұмысы ең үздік жұмыстармен бірге кітап болып басылып шықты. Білікті ұстазға облыстық білім бөлімінің кәсіподақтар комитеті де өз марапаттарын ұсынып, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісін табыс етті.
Ауыл мектебінің қарапайым  мұғалімінің іс-тәжірибесі республика ұстаздарына үлкен ой салды. Орталықтан шығатын «Білім жолы – нұрлы жол» атты ұстаздар журналының мұқабасына Бақытгүлдің суреті жарияланып, танымалдығы бұрынғыданда кеңейе түсті.
Ұстаз жетістігі  – бүкіл ұжымның жетістігі. Осындай биіктерден көрініп жүрген Бақытгүлге әріптестері де тілектес. Мектептегі оқу-тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары Айгүл Тойбазарова да құрдасына деген мақтанышын жасыра алмады.
 –Жарайсың, Бақытгүл! Жасың келсе де жиырма бестегі жастардан қалыспайсың. Ұстаз деген осындай болу керек,– дейді.
Шынымен де Бақытгүл жасым келді екен деп жантайып жатқан емес. Зейнеткерлік жасқа табан тіреп тұрса да, ізденуден әсте бір жалықпайды. Өзінің отыз бес жылдық ұстаздық өмірінде мұғалімнің бір сәтке де тоқтап қалуға болмайтынын сезінген. Өйткені оның алдында келешектің ұрпақтары отыр. Мұғалім шаршаған екен деп олар өмірлік үлестерінен қала алмайды ғой. Сол себепті де Бақытгүл ешқандай да босаңсуға болмайтынын түсінген.
Биылғы оқу жылында ұлағатты ұстаз үшін қарбалас сәтімен басталды. Мектепке келген аудан ұстаздарының басшысы С.Жанназарованың қатынасы №81 орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Бақытгүл Елюбаеваны Астана қаласына  шақыртты. Тағы да Астана. Әріптестері ақ жол тілеп, Бақытгүлге қызыға қарайды. Қандай мақсатпен шақырылғаны қатынаста айқын тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласына орай педагогтар мен білім алушылардың арасында өткен «Қазақстанның жыл мұғалімі – 2021» атты республикалық байқауда жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Сонымен бірге осы сапарында  «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» атты төсбелгісін кеудесіне таққан Бақытгүл Астанада «Қазақстан» телеарнасынан сөз сөйлеп,  әріптестерін қуанышқа  кенелтті. «Қазақстанның жыл мұғалімі – 2021»  атты республикалық байқаудың жеңімпаздары материалдарының жинағы журналына жұмыстары енгізілді.
Осынау игі істер мен марапаттар аясында №81 орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің  мұғалімі Елюбаева Бақытгүлдің тынымсыз ізденістерін байқауға болады.
Сөзіміздің басында Бақытгүлдің жас кезінен-ақ әдебиетке жақын болғанын айтқан едік. Қолы қалт еткенде жүректегі сезім сырларын ақ қағазға жыр шумақтарымен түсіріп қоятыны бар. Оның мына бір жырлары өзінің туған жеріне деген мәңгілік махаббатын білдіргендей.
         «Сәлем саған, ұлылықтың мекені,
         Атақ пен даңқ абыройың жетеді.
         Жырларымды жұпар иіс жейдеңе,
Байғазы ғып байлап кеткім келеді», – дейді ол.
Туған жерін ту ғып ұстаған Бақытгүл 2019 жылы Арал аудандық шығармашыл ұйымның «Тарихымды танысам деп жыр жазам» атты жазба ақындар мүшәйрасында бас жүлдеге ие болды.
Міне, нағыз ұстаз осындай жан-жақты болуы керек. Ол тек өз ісінің ғана маманы емес, бүкіл жұртшылықтың айнасы іспеттес. Кезінде ауылдағы әрбір істің басында мұғалім жүретін еді. Қазір ғой мектеп реформасының құбылмалы кезеңінде мұғалім тек өз ісімен айналысуы керек дейді. Кезінде Бақытгүлдер қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін. Сонда да өз пәніне уақыт тауып дайындала білді.
Ұстаз деген ұлы есімді арқалаған әрбір жан еріншектікке бой алдырмағаны жөн. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абайдың сөзі ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктегендей.
Қанша дегенмен алпысында  Астанадан жүлде алған Бақытгүл Елюбаеваның ісі елуді еңсеріп, еңсесі түсетіндерге үлгі боларлықтай.
– Зейнет жасына жақын қалсам да шығармашылықпен айналысып келем,– дейді, Бақытгүл «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында ,
– Бүгінгі менің жетістігім өзімнің отыз бес жыл бойғы жинаған жұмыстарымның нәтижесі деп ойлаймын.
Орыс тілі пәнінің мұғалімі Бақытгүл Елюбаева шығармашылықпен айналысқан. 6 жүздей мұғалімнің ішінен іріктеліп, «Үздік педагог» мәртебесіне ие болған жан.
Мәртебең биіктей берсін Бақытгүл дейміз.  Бізде әріптесімізге тілегімізді білдіріп, ұстаз деген ұлы есімді құрмет тұтқан жанға сүйіспеншілікпен қарадық.
Жақсыбай МУСАЕВ,
№81 орта мектеп,
Қызылжар  елді мекені 
15 наурыз 2022 ж. 406 0