Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бала жүрегіндегі ұстаз

Бала жүрегіндегі ұстаз

Ұстаз деген ұлағатты есім кез келген адамның бойына дари бермейтін қасиет. Сондай ұлы есімді ұлағаттап жүрген ұстаз Бақытгүлдің бойынан ұстазға тән қасиеттерді көргенде ерекше сүйсінгендей болдық.
Арал қаласында туып, тасыған теңіз толқынына табанын тигізіп үлгерген Бақытгүл қаладағы №15 орта мектебін үздік бітіріп шықты. Отбасындағы төрт баланың үлкені болғасын ба, әйтеуір мамандық таңдаудағы әке-шеше ықпалы бұған жүрмей, өзінің жүрек қалауымен шешті. Сексен бірдің күзінде Ақтөбе педагогикалық институтының баспалдағын алғаш аттағанда-ақ өзінің бала күнгі арманының орындалғанын сезген. Бұған тағы кішкентай кезінен қалыптасқан балажандылығын қосыңыз. Адамның мамандыққа деген икемділігі жас кезінен-ақ қалыптаса беру керек екен. Сонда ғана өз ісіңнің шебері болатының анық. Басқаны қайдам, Бақытгүл солай ойлайды.
Қызығы мол студенттік өмір де өте шығып, сексен алтының жазында қолына "Орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі" деген дипломды ұстап, туған жеріне оралды. Сексен алтыны айтқанда, елең ете қалдық. Тәуелсіздікті аңсаған талай жастарымыздың жазықсыз қаны төгілген жыл барлық қазақтың жүрегін бір дірілдетіп өтері анық.
– Әйгілі сексен алтыда бітірген екенсің ғой.
– Иә. Бірақ студенттік өміріміз жазда аяқталып, замандастарымыз бен құрдастарымыздың ерлік істерге толы екпіндеріне ере алмай қалдық ғой.
Жүзінен өкініш табы сезілген Бақытгүлдің ұлтжандылығына ризашылықпен қарадық. Ұлтымен тілін құрметтеп өскен ол:
Тілімменен мақтанамын, өсемін,
Тамыр жайып өркендеймін, өнемін.
Мақтан тұтам өр рухты ұлтымды,
Бір сен үшін бар азапқа көнемін, – дейді.
Бұл оның өз жүрегінен шыққан өз өлеңі.
Аралдың №62 мектебінде өмір жолын бастаған жас ұстаз кейіннен №220 мектепте шәкірттерге білім нәрін себуге құлшына кірісті. Өмірінің көп жылын мектеп пен үйді жол қылатын ұстаздық өмірдің тынымсыз жылдары осылай басталған.
“Ұстаз болу – жүректің батырлығы” дейді. Қашанда батылдықты жанына серік еткен Бақытгүл ұстаз қазір Қызылжар елді мекеніндегі №81 орта мектебінде ауыл балаларын орыс тілі пәніне баулып келеді. Ұстаз еңбегі жеміссіз емес. Отыз жылдан астам ұстаздық жолында аудандық, облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп келеді. Соның бір айғағындай, “Ұстаз – білім шырағы” атты республикалық байқауда шәкірті, 9- сынып оқушысы Ақбота Жеткергенова екеуі Алғыс хатпен марапатталған. Сонымен бірге “Қашықтан оқытудың тиімді жолдары” деген тақырыпта өз жобасын қорғап, арнаулы марапатқа ие болды. “Білікті ұстаз қырағы –Тәуелсіздік пырағы” атты республикалық шығармашыл ұстаздардың 2019 жылғы байқауында жүлделі орыннан көрініп, Астана қаласына шақырылған. Нәтижесінде кеудесіне “Тәуелсіздік” медалі тағылды. Шығармашылық жұмысы ең үздік жұмыстармен бірге кітап болып басылып шықты.
Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осы орайда бәзбіреулерге ұқсап "жасым келді" деп жалқаулыққа ұрынбай, жастармен бірге жаңашылдыққа бой ұрудан әсте бір танған емес.
Ұрпақ тәрбиесіне бар саналы ғұмырын арнаған аяулы ұстаздар еңбегі қашанда бағаланып келеді. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те: “Жұмыста міндетін өте жақсы орындаған кез келген маман тиісті түрде ынталандырылуы керек. Бұл қызметтегі өсу ғана емес, белгілі бір жетістіктер үшін берілетін ақшалай сыйақылар немесе грамоталар мен төсбелгілер болуы мүмкін” дейді.
Осынау ұстаздық жолында талай мақтаулар мен мадақтарға ие болған Бақытгүл жақында ғана облыстық білім бөлімі кәсіподақ комитетінің Алғыс хатына ие болып, кеудесіне “Ұлағатты ұстаз” төсбелгісін тақты. Білім жолындағы шығармашылық ізденістері жарияланып тұрған республикалық “Білім жолы – нұрлы жол” атты журналдың мұқабасына суреті де жарияланды.
Мамандығы орыс тілі болса да, кішкентайынан қазақ тілін сүйіп өскен Бақытгүл 6-сыныптан бастап өлең жазумен айналысқан екен. Оқушылық кездерінде ақын-жазушылардың, әсіресе М.Шаханов, Ф.Оңғарсынованың шығармаларын күндіз-түні жата-жастана оқитын.
Ана тілім – тірлігімнің айбары,
Туған елдің бұзылмаған қаймағы.
Тіл – тірегі, тіл – жүрегі Отанның,
Тіл жойылса, ұлттан бақтың тайғаны,– дейді ақын-ұстаз өзінің ана тіліне деген құрметін білдіріп.
Арал аудандық шығармашыл ұйымның 2019 жылы өткізген “Тарихымды танысам деп жыр жазам” атты жазба ақындар мүшәйрасында №81 мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Бақытгүл Елубаева бас жүлдеге ие болды.
Ақын болу адам бойына әртүрлі сезім сырларын жүктейді. Айналадағы өмірді, табиғат құбылыстарын жүрекпен қабылдап, жүректен шығару, жас балаша шын қуанып, шын жылау ақынға тән қасиет. Туған жерін қашанда қадір тұтатын Бақытгүл сонау балалық шағындағы табанын тигізген теңіз толқындарын әсте бір жадынан шығарған емес. Оның мына бір шумақтары өзінің туған жеріне деген мәңгілік махаббатын білдіргендей.
Сәлем саған, ұлылықтың мекені,
Атақ пен даңқ абыройың жетеді.
Жырларымды жұпар иіс жидеңе,
Байғазы ғып байлап кеткім келеді, – десе, енді бірде:
Ұл-қызына Алла өнер қондырған,
Сыр даласы жайнап мәңгі құлпырған.
Айналайын, Сыр Анасы киелі,
Алты алашқа аңыз болып жаңғырған, – дейді.
Әу демейтін қазақ жоқ. Ал өзінің жүрегіндегі жасырын жатқан сыр мен сезімді жыр жолдарына айналдыру екінің біріне бұйырмаған бақыт.
Ұстаз қашанда ұстаз. Соның ішінде бала жанын дөп басып, қасына жақындата білу, әрбір баланың мінез-құлқына сай сөйлесу нағыз ұстазға тән қасиет. Ұстаз еңбегін жоғары бағалаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: “Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды”, – деп ерекше атады.
Біз әңгімелеп отырған №81 орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Бақытгүл Елубаева да осындай марапатқа ие болатын жан. Бәрінен бұрын, бізді оның ұрпақ тәрбиесіне деген құлшынысы, ізденімпаздығы мен тынымсыз еңбегі сүйсінтті. Қай жерде болмасын, ұжым құрметіне бөлену адам мәртебесін бір марқайтып тастайтыны анық. Өзің сыйлы болсаң, өзгелер де сені сыйлайды.
– Әрдайым маған қолдау білдіріп, жақсылығымды бірге бөліскен ұжым мүшелеріне әрдайым алғысым шексіз, – дейді Бақытгүл ризашылықпен.
Әне, тағы да таңмен таласа тұрып, кітап-құралға толы сөмкесін құшақтап, мектепке қарай асығып келеді. Мұнда оны білімге құмар ауыл шәкірттері асыға күтуде. Ақынжанды ұстаз Бақытгүлдің де бақыты – осы.
Жақсыбай МУСАЕВ,
№81 орта мектебі,
Қызылжар елді мекені
24 сәуір 2021 ж. 884 0