Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жалғыздан жалғыз оралма!

Жалғыздан жалғыз оралма!

Қаланың ерке, ауқатты отбасының бойжеткен жалғыз қызы махаббатың бал дәмін татып, ит байласа тұрғысыз ауылдың келіні болып шыға келеді. Алғашы уақытта махаббаттың шарабына мас болған жас келін өзінің сүйген адамының жанында өзін шын бақытты сезіне бастайды. Жолдасы да бір әулеттің маңдайына біткен жалғыз ұлы екен. Қарт әке-шешесі бар.
Уақыт алға басқан сайын бұлақтан су тасу, тезек теріп ошаққа от жағу, самаурын қайнату, мал сауу сынды алғашқыда өмірі жасап көрмеген ауылдың қызықты болып көрінген тірлігі бара бара жалықтырып, ығырын шығара бастайды. Оның үстіне, енесі де сырқаттанып төсек тартып жатыр қалады. Өзінің жас перзенті бар. Науқас адамның бабын жасау, бала бағу, үйдің шаруасы қажытқан келін бірде төркіндеп келейін деп рұқсат сұрайды. Жолдасы қарттарға өзім қарайласа тұрамын деген уәжін айтып келіншегін төркініне жібереді.
Қыздарын сағынан ата-ана сағыныштарын басқан соң неге жолдасының келмей қалғанын сұрайды. Сонда қызы:
–Енем төсек тартып ауырып жатыр. Атамның да жүріп-тұруы қиындаған соң сол кісілерге бас-көз болуға үйде қалды, – деп жауап береді. Мұны естіген әкесі:
–Қызым, жолдасыңсыз сапарлатқаның дұрыс емес. Оның үстінде үйдегі қарттарың ауырып жатса тап осы кезде емес, кейін де келсең болатын еді ғой. Мұның шалалық болыпты. Сағынышыңды бассаң ертең еліңе қайт, қарағым, – деп орнынан тұрып кетеді.
Анасымен оңашада қалған қыз бар мұңын шағып, ботадай боздап, ажырасқысы келетінін де айтып салады. Мұны естіген анасы: «қызым, жолдасың ұра ма? Жағдайың жоқ па? Киер киімге, ішер асқа жарымай отырсың ба? Ешкімге сый-қадірің жоқ па?» – деген сұрақтарды қарша боратады. Бұл сауалдардың бәріне қыз басын шайқап жауап береді.
– Ендеше қызым мұны «тағдыр» дейді. Тағдыр айдап ауылдың жігітін сүйіп қалып бас құрадың. Қазақта «кіммен ағарсаң сонымен қарай» деген сөз бар. Жоқтан өзгені сылтау етіп, шаңырағыңды шайқалтсаң, түбі өкініш болады. Ең бірінші мына баланың жағдайын ойла, оған ана қаншалықты керек болса, әке де соншалықты қажет. Бала толық отбасында өскенде ғана өзін шын бақытты сезіне алады. Жас күнінде адам басынан түрлі қиындықтарды өткеріп сыналады. Бірақ уақыт бәрін реттейді. Бүгін қарттарды жылатып немересінен айырып, әкені баласынан жырақтатып алғаныңда «қайтып келген қыз жаман» деген сөзге ілігетініңді ұмытпа. Сондықтан ажырасамын дегенді ойламай, әкең айтпақшы ертең еліңе қайт, ботам, – деп сөзін түйіндеді.
Бөбегін кеудесіне қысып, жол үстінде келе жатқан жас келіншек ата-анасының айтқан ақылын өз ойымен саралап келеді. Шынында да, енді артқа қайтар жолдың жоқтығына, бағына жақсы күйеу, қайырымды қайын жұрт бұйырғанына шүкіршілік етті. Сол сапардан кейін соңғы кезде қабағы бір жазылмайтын жас келін жайраң қағып, қарттарын бағып, жолдасының бабын тауып, жылдар өте ұл-қызды өмірге әкеліп, берекелі шаңырақтың ақылшы анасына айналып шыға келді.
Н. МАРАТ
19 наурыз 2024 ж. 898 0