Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шөмішкөлде өзбек келін тұрады

Шөмішкөлде өзбек келін тұрады

Қайсыбір жылдары тағдырдың ауыр тауқыметін тартып Арал өңіріне жер аударылып өзге ұлт өкілдері келген болса, кейіннен теңіздегі тіршіліктің қазаны қайтып тұрған шақта қызмет бабымен қоныс тепкендер болды. Сол кездерден тұрақтап қалған, қазіргі таңда бір-жар ғана өзге ұлт өкілдері бар. Ал кейіннен тағдыр жолын Аралдың азаматымен байланыстырып, құтты мекенге келін болып түсіп, осында өніп-өсіп, тамырын тереңге жайып отырған түрі басқа болса да, тілегі мен жүрегі қазақ деп соққан, қазақ баласының анасына айналған жандар да бар. Сондай жанның бірі – Арал ауданы, Шөмішкөл ауылында тұратын Феруза Қалмұратова.
Феруза2020 жылы Шөмішкөл ауылына келін болып түсті. Өзі Қарақалпақстан жерінің тумасы. Ұлты – өзбек. Жолдасы Әнуарбекпен Алматы қаласында танысқан. Сондағы дүкендердің бірінде бірге жұмыс жасаған көрінеді. Арадағы сыйластық махаббатқа ұласып, өзбек қызы әп-сәтте Аралдың келіні болып шыға келеді.
– Қазақ тілі мен өзбек тілі бір-біріне ұқсас болған соң, бастапқыда Алматыда жүргенде тілді жақсы меңгеріп алғанмын. Жалпы екі халықтың да ортақ салт-дәстүрлері мен ұқсастықтары көп қой. Сондықтан маған қазақ отбасына келін болу аса қиындық тудыра қойған жоқ. Рас, бастапқыда климаттық жағдайға үйренісе алмадым. Қазір аз уақыт болса да жергілікті халыққа сіңісіп кеттім. Себебі мұндағы ауыл адамдары өте қарапайым. Мені жатсынып-жатырқамай, құшақ жая қарсы алды. Білмегенімді үйретіп, түзеп, жанашыр болып жүреді. Ата-енем өмірден қайтқан. Біз қазір үлкен ағам мен абысынымның қолында тұрамыз, – дейді Феруза.
Ол ауылдастарына дән риза. Өзіне жанашыр болып қолдау көрсеткен де сол ауылдың халқы. Сондай-ақ өзі келін болып түскен шаңырақтағы үлкендерді де ерекше құрметтейді.
– Бұл жақын адамдарым маған жанашыр бола білді. Абысыным сиыр сауу, құрт жасау, айран пісу – бәрін үйретіп, пысық келіншек етіп шығарды. Жуырда ғана тұңғышымды өмірге әкелдім. Бұл кезде де баланың күтімін үйреткен де абысыным. Жалпы ауылға келіп білмейтін дүниемнің көп екендігін ұқтым. Қазақтардың әрбір ісі мен тұрмысына сіңіп кеткен салт-санасының астарында үлкен мән бар екендігіне көзім жетті. Ештеңе тектен текке жасалмайды екен, – деген Феруза ағынан жарылды.
Оның төркіндері тегіс Өзбекстанда тұрады. Қазақстанда жалғыз өзі ғана. Сонда да болса туған үйі мен еліне көп бара бермейді. Бір жарым жылда бір барып тұрады екен. Телефон арқылы амандық біліп отыратын көрінеді.
– Мен ұлтым өзбек болса да, қазақ отбасының келінімін. Қазақ перзенттің анасымын. Өмірде адам баласы үшін аса қастерлі саналатын бағалы байлыққа осында қол жеткіздім. Өзімді аялайтын жан жолдасым бар. Жанымда мені қамқорлығына бөлеген жақындарым мен құшағын кең ашқан ауылдастарым жүр. Бесігімде сәбиім бар. Пенде үшін осыдан асқан бақыт бар ма? Ал осы жақсылықты маған сыйлаған барша жақын жандарыма алғысымды айтқым келеді. Маған жасаған жақсылықтарыңыз бен мейірімдеріңіз өздеріңізге еселеп қайтсын, – деген өзбек қызы жүрекжарды тілегін де жеткізді.
Қазақ қазақ болғалы өзгені өгейсітпей, құшағын кең ашқан бауырмалдылық қасиетімен танылған халық. Ал ол адам елдің ырысын еселеп, бақытын баянды ете түскен жан болса, оған деген құрмет тіптен басқа. Мақалаға арқау болған Феруза Қалмұратова да өзінің өмірлік бақытын Аралдан тауып, осында бақытты ғұмыр кешіп отырған жан.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
01 мамыр 2023 ж. 498 0