Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шөмішкөлдіктерге алғысым шексіз

Шөмішкөлдіктерге алғысым шексіз

Мен 2020 жылы Арал ауданы, Шөмішкөл ауылына келін болып түстім. Өзім Қарақалпақстан жерінің тумасымын. Ұлтым– өзбек. Жолдасым Әнуарбекпен Алматы қаласында танысқанмын. Сондағы дүкендердің бірінде бірге жұмыс жасадық. Арамыздағы сыйластық махаббатқа ұласты. Осылайша әп-сәтте Аралға келін болып шыға келгенімді өзім де байқамай қалдым.
Қазақ тілі мен өзбек тілі бір-біріне ұқсас болған соң бастапқыда Алматыда жүргенде тілді жақсы меңгеріп алғанмын. Жалпы екі халықтың да ортақ салт-дәстүрлері мен ұқсастықтары көп қой. Сондықтан маған қазақ отбасына келін болу аса қиындық тудыра қойған жоқ. Рас, бастапқыда климаттық жағдайға үйренісе алмадым. Қазір аз уақыт болса да жергілікті халыққа сіңісіп кеттім. Себебі мұндағы ауыл адамдары өте қарапайым. Мені жатсынып, жатырқамай құшақ жая қарсы алды. Білмегенімді үйретіп, түзеп, жанашыр болып жүреді. Ана-енем өмірден қайтқан. Біз қазір үлкен ағам мен абысынымның қолында тұрамыз. Бұл жақын адамдарым маған жанашыр бола білді. Абысыным сиыр сауу, құрт жасау, айран пісу – бәрін үйретіп, пысық келіншек етіп шығарды. Жуырда ғана тұңғышымды өмірге әкелдім. Бұл кезде де баланың күтімін үйреткен де абысыным. Жалпы ауылға келіп, білмейтін дүниемнің көп екендігін ұқтым. Қазақтардың әрбір ісі мен тұрмысына сіңіп кеткен салт-санасының астарында үлкен мән бар екендігіне көзім жетті. Ештеңе тектен текке жасалмайды екен.
Төркіндерімнің бәрі Өзбекстанда тұрады. Қазақстанда жалғыз өзім ғана. Сонда да болса туған үйім мен еліме көп бара бермеймін. Бір жарым жылда бір барып тұрамын. Қазір технология дамыған ғой, телефон арқылы амандық біліп отырамыз.
Мен ұлтым өзбек болса да, қазақ отбасының келінімін. Қазақ перзенттің анасымын. Өмірде адам баласы үшін аса қастерлі саналатын бағалы байлыққа осында қол жеткіздім. Өзімді аялайтын жан жолдасым бар. Жанымда мені қамқорлығына бөлеген жақындарым мен құшағын кең ашқан ауылдастарым жүр. Бесігімде сәбиім бар. Пенде үшін осыдан асқан бақыт бар ма?! Ал осы жақсылықты маған сыйлаған барша жақын жандарыма алғысымды айтқым келеді. Маған жасаған жақсылықтарыңыз бен мейірімдеріңіз өздеріңізге еселеп қайтсын.
Феруза Қалмұратова
28 ақпан 2023 ж. 355 0