Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жан дүниеңнің тазалығы – иманның жартысы

Жан дүниеңнің тазалығы – иманның жартысы

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы да келді. Бұл күн қазақ елінің ерікті ел ретінде қадір-қасиетінің артып, жаңа жылды тұтас ел болып мерекелейтін күніне айналды. Бұрын бұл күн күнтізбеде бүгінгідей аталып өтілмегенімен, бала күнімізде ауыл тұрғындары жиналып, көше бойында қазан асылып, келіндер бауырсақ пісіріп,«қыстан амандықпен шықтық» деп, дастархан жайып бас қосатын. Көктем келіп күн көзі жадыраған тұста әрбір шаңырақтың тұрғындары аман-есен бұл күнге жеткендеріне де шүкіршілік айтып, қауышып жатады. Осыған қарап адамның бір-біріне деген ықыласынан олардың рухани жан тазалығына қалай таң қалмассың?!
Адам – пенде, қашанда өзінің балалық шағы туралы білуге құштар. Олай дейтінім, біз кішкентай ойын баласы едік. Өзіміз тұратын шағын ғана көшедегі ауыл тұрғындары бір үйдің адамындай бауырласып кеткен. Олардың арасында санаулы ғана орыс отбасы да бар. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деп бекер айтылмаған ғой.
Бұл сөзге мысал ретінде айтарым, біздің үйге жасы сексенді алқымдап қалған көрші әжей күніге екі мәрте келетін. Біз кішкентай баламыз. Күнделікті таңертең және кешкі мезгілде отбасымыздың бір мүшесіндей дастархан басына жайғасып отыратын. Шай ішіліп болған соң үйдің кенжесі болғаннан ба екен, әкем мен анамның жанынан кете қоймаймын. Сол кезде байқағаным, көрші әжей шай іше отырып, дастарханнан жапқан нанды бір бөлек, түйірлеген кәмпит пен шекерді де кішкене ғана шүберегіне түйіп, сыртынан киіп келген күртешесінің қалтасына салып отыратын. Содан соң «балаларым күтіп қалды, қайтайын» деп, батасын беріп қайтып кететін. Бұл бір күнгі ғана емес, күнделікті әдеті еді. Анам күнделікті «әжеңнің сыбағасы» деп шайға тістерін алдын ала дайындап қойып, үйден шығып бара жатқанда жүгіре шығып қолына ұстатып жатады. Кішкене баламын ғой, әжейдің күнделікті бұл ісіне көзім үйренсе де, «не себепті сұраусыз қалтасына салып алады» деген ой мені мазалайтын. Менде «үлкендер бәрін біліп істейді» деген ой қалыптасқан. Сонда да күнделікті қайталанып жатқан осы бір жағдайға іштей жауап таба алмадым. Бір күні анамнан сұраған едім.
Анам: «Қазақ үйдің төрін үлкендер үшін сайлап отырады. Төрден үлкен кетсе, бақ-дәулет, ырыс кетеді. Бұл кісінің таңмен таласа келуінде үлкен мән бар. Әжеңнің тәттіден шүберегіне түйіп алып жатқанын көрсем де білмеген боламын. Баласы мен келіні бақилық болған. Үйінде немерелері бар. Тапқанын солардың аузына салғысы келеді. Барымызды балаларынан аямаған қазақ емеспіз бе, менің де тілегім, немерелері есейгенше әжейге Алла жүрім бергей» деп жауап берген еді.
Анамның бұлай түсіндіруінің де мәні бар деп ойлаймын. Себебі сонау елді аштық жайлаған кезде анам 9 жасар бала екен. Сол бір қиын-қыстау уақытта ауыл адамдарының жүрек жалғаған бір тілім нанды бөліп жеп, бірнеше адам бір тостаған асты бөліп ішкенін қинала есіне алып, қаршадай бала кезіндегі сол бір зұлмат жылдардағы естеліктерін айтып отыратын.
Осы бір кішкене мысалмен айтудың мен үшін ең маңыздысы – сол кездегі үлкендердің бір-біріне деген ықыласы, бірімен-бірі үйлесіп өмір сүруі. Ой саптаулары бірдей, мақсат-мұраты бір жандардың бір-бірін құрметтеп, сыйлауы – біз үшін жақсы тәрбиенің үлгісі. Олардың өнегелі өмір жолдары жас ұрпақ үшін тәрбие баспалдағы.
Иә, бұл күндері көрші әжейдің немерелері ержетіп, бір-бір үйдің иесі атанды. Оларды кездестіре қалсам, «ешкімнен кем етпей өсірсем болды» деген әжейдің бейнесі көз алдыма келеді. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген ғой. Әжейдің сол кездегі әрекетін балалықпен ұрлық жасады деп қателікпен қабылдаған екенмін. Көпті көрген қазыналы қарттар «көршің аш отырғанда тойып ас ішіп, оған қараспауды жат әрекет» деп, тіпті күнә санаған. «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен» деп, жақсылықтың қайырымы тек жақсылыққа жеткізетіні белгілі. Қашанда ауыл қариялары қазақи ұғымнан түйгенін дәріптеген. Жас буын да дініміз бен салт-дәстүрімізді сақтаса, адами парызын орындағаны болар еді.
Иә, адам баласы жақсылыққа тоймайды, болған сайын бола түссе екен дейді. Дүние жақсылыққа толуы үшін әр адам өзі жақсылық жасауы, мейірімді, кешірімді болуы шарт. Бүгінгі ұлыстың ұлы күні бір жағынан тазару күні. Адамның жан дүниесі таза болса, дүние де жаңарады.
К. ЗДЕНОВА
23 наурыз 2024 ж. 656 0