Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнегелі, өнерлі Өмірзақ еді...

Өнегелі, өнерлі Өмірзақ еді...

Уақыт шіркінге дауа жоқ. Екпіні қатты. Соққан желдей, аққан судай өтіп бара жатыр. Е, баяғының үлкендері «бір күнім босқа өтті-ау» деп бекерге налымаған екен. Әйтпесе хакім Абайдың:
«Уақыт – терең көл,
Замана – соққан жел.
Алдыңғы толқын ағалар,
Кейінгі толқын інілер,
Кезекпенен өлінер.
Бәрі баяғыдай көрінер...» деп, көңілін текке мұң торламаған шығар-ау.
Менің Өмірзақ Рүстемұлы Айтжановпен таныстығым сонау сексенінші жылдардың соңғы ширегінде, тоқсаныншы жылдың басында басталған еді.
Арал қаласындағы орталық алаңның арғы басында, бұрынғы еңбекшілер депутаттары Арал қалалық кеңесінің тәпелтек, төртпақ ғимараты, бергі басында аудандық «Толқын» газетінің редакциясы орналасқан кішкентай ғимарат.
Біраз уақыт басқа ауданда қызмет атқарып жаңа келген менің ауылда үйім де, күйім де жоқ еді. Сондықтан баспана мәселесімен біреулердің ақылы арқылы қалалық кеңесті торуылдауыма тура келген. Кеңес төрағасы Өмірзақ Айтжанов деген білікті, білімді жігітті құлағым шалғаны болмаса, жүзбе-жүз таныстығым тіпті жоқ болатын. Оның үстіне Алматыдағы политехникалық институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университеті) түлегі.
Бірнеше жыл аудандық энерго жүйесінде бас энергетик қызметін атқарған. Енді, міне, қалалық кеңестің қазанына еге болып отырған Өмекеңе бір күні өңмеңдей кіріп келдім.
Ол мен сияқты тосын келген бейтаныс адамға «кімсің» деген жоқ. Көзәйнегінің аржағынан сұқтанған, сұраулы жанарын маған қарай қадап, «осы сен пәленше емессің бе?» деп аңтарыла қарады. Мен басымды изеп, «оны қайдан білдің» деп едім, ол суықтау жымиды да келген шаруамды сұрады.
Біраздан соң мән-жайға қаныққан кеңес төрағасы маған сол кездері жинақ кассасы арқылы беріле бастаған суда алуға ұсыныс жасады. Оның айтуына қарағанда, бұл тұрмысымды түзеп алу қажетіме жарайтын көрінеді. Бірақ мен «судың да сұрауы болатынын» ескеріп, бірден бас тарттым. Өмірзақтың көмегі кейін мен үшін де, басқалар үшін де аз болған жоқ. Керек тұста келелі кеңесін беріп, азғантай ақылымызға ақыл қосқан арда азамат еді.
Сөйткен Өмірзақ осыдан біраз жыл бұрын отбасымен Алматы қаласына қоныс аударған болатын. Әйгілі Мұқағали ақын «Алатау, Алатау ғой біздерменен, жігіт пе үйде туып, түзде өлмеген» деп жырлағандай, 2011 жылы 18 наурызда, 57 жасқа қараған шағында бұл пәниден өте шыққан.
Асыл азаматтың сүйегін белгілі бизнесмен Ұзақбай бастаған іні-қарындастары туған топырағына әкеліп, жер қойнына тапсырды. Өмірзақ өмірден өткелі он үш жыл уақыт өте шығыпты. Өмірзақ достан кейін араға аттай алты жыл салып құдай қосқан қосағы Роза Жолмырзақызы да бұл жалғаннан бақилық сапарға бет түзеген болатын. Ұзақ жылдар Арал қаласындағы байырғы білім ұясы №14 орта мектепте шәкірттерге физика, астрономия пәндерінен дәріс берген, дәрежесі жоғары білікті ұстаз болатын ол.
Енді Өмекеңнің ғұмырбаянына келсек, ол 1954 жылы 28 мамырда Арал теңізінің бір қолтығында жатқан Ауан елдімекенінде жарық дүние есігін ашыпты. Оның есімі аралдықтар үшін жақсы танымал. Сонау тың игеру жылымен қабат дүниеге келген оның әкесі Рүстем Данабекұлы сол тұста Ауан балықшылар кооперациясының төрағасы болатын. Кейін бұл араның абызы іспеттес болған көкірегі қазына қартқа айналған еді. Анасы Ақкүміс Сербайқызы болса күллі Сыр бойы әйелдерінің арасынан алғаш рет Меккеге барып, «қажы» атанған абзал ана болатын. Отбасында екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі жандар еді екеуі. Өмірзақ ата-ананың тұла бойы тұңғышы болатын.
Теңіз қолтығындағы Ауаннан күндердің бір күні қоныс аударған отбасы Арал қаласына желкенді қайықпен көшіп келген болатын. Қаладағы Н.Крупская атындағы №14 орыс орта мектебінің табалдырығын аттаған сәттен бастап Өмірзақ үздіктер қатарынан көрінді. Білім ұясындағы қоғамдық жұмыстарға қашан қолына аттестаты тигенше белсене атсалысты. Бұл кейін оның өмірлік дағдысына айналды. Қазақ политехникалық институтын да үздік түлек есебінде тәмамдап, көш басынан көрінген. Орыс әдебиеті мен мәдениетінен танымы мол болса да, өз ұлтының қадір-қасиетін, салт-дәстүрін бойына төрт жасынан бастап сіңірген көрінеді. Тіпті қатарлары жыламай тамақ ішпейтін жаста болса, ол он жасынан бастап бағзы «Батырлар жыры» сияқты жыр-дастандарды Шығыс шайырларынша шабыттанып жатқа соққанда төңірегіндегі тыңдаушылары сілтідей тынып тыңдайды екен.
«Әке – балаға сыншы». Рүстем ақсақал тұңғышының бойынан бұғып жатқан өнер отын, қайраткерлік қалпын жазбай таниды. Өмірзақ сол тұста жаңадан есік ашқан әуез мектебінің баян сыныбын бітіреді.
Институтты бірге тәмамдаған курстас достары Алматыда қалып жатса да, оның бүйрегі теңіз жағасындағы туған қаласына бұрады. Сағынышпен оралып, елмен етене араласады. Оның да өзіндік себеп-салдары болатын. Өйткені өзінен кейінгі інісі Ұзақбай мен қарындастары Зеріп, Жамал, Зейнеш, Зәурештердің әлі буыны бекіп үлгірмеген еді. Сондықтан сүйген жары Роза екеуі қол ұстасып Аралға келген Өмірзақты туған ауданы құшақ жая қарсы алды. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері бола жүріп, жиырма жеті жасында бюро мүшелігіне сайланып, айды аспаннан бір-ақ шығарған. Бірақ ол аудан тұрғындарының, әсіресе жастардың әлеуметтік мәселелері бюрода талқыға түсіп жатқанда, жалпақ шешейлік танытпайтын. Тіс қаққан партократтардың бірінші хатшыға жалтақтағанын жаратпайтын. «Барды бар, жоқты жоқ» деп істің байыбына бару Өмірзақтың өмірлік ұстанымы болатын. Сол дағдысынан ол қайда, қай қызметте жүрсе де айнымады, адаспады. Шындық оның жарқыраған шамшырағы болатын. Өмекеңнің жүрер жолына, жан-жағына сол шамшырағы өзі өмірден өткенше жарық түсіріп өтті. «Асыл адам айнымас» дегендей, ол ақтық демі, татар дәмі таусылғанша осы дағдысынан айнымаған азамат болатын.
Бір жылдары аупарткомның уысынан азаттық іздеп шығып, кеңістікке құлаш ұрды. Бұл еліміз тәуелсіздігін жариялап, егемендігін алған тұсы еді. Сонда ғой бұрынғы Кеме жөндеу зауытында бас энергетик, бас инженердің орынбасары, Арал қалалық атқару комитеті кеңесінің төрағасы қызметінен біржола босанып шығып, «Арал мұнай өнімдері» АҚ президенті қызметін абыройлы атқарған тұсы. Айтқандай, ескі қоғам есіктен шығып, жаңа қоғам табалдырықтан аттаған, «тар жол тайғақ кешу» кезеңінде атқа мінген еді ол. Сол тұста ол сайлаушылар сенімінен табылды. Жеті мәрте аудандық, қалалық кеңестердің депутаты болып сайланып, өзіне сенім артқан көпшіліктің көңілінен шығуға тырысты.
Айтпақшы, Өмірзақ дос сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөзі тап соның өзіне қарата айтылғандай. Кез келген жерде сөзін тыңдата білді. Соған сәйкес өзі де орынды ұсыныс-пікірлерге құлақ асты. Осы арада оның жаңашылдығын, өзгеге ұқсамайтын өнер табыс иесі екенін де айта кеткен жөн болар. Ол кеме жөндеу зауытындағы қызметінде анау-мынау емес, тоқсан алты мәрте салалық қызметінде суырылып алға шыққан еді. Оның бұл өнертапқыштық табыстары сол кездергі КСРО өзен-теңіз флоты министрлігінің одақ бойынша жариялаған конкурсында жүлделі орындарға ие болғаны есімізде.
Енді Өмірзақ Рүстемұлының өнерге қандай қатысы бар деген сауалға жауап берейік. Өмірінің соңғы жылдарында «Атамекен-Холдинг» қаржы-өнеркәсіп тобы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін қалтқысыз атқарған болатын ол. Өмірзақ әндерінің тұңғыш тыңдарманы сүйікті жұбайы Роза марқұм болғанын осы арада айта кеткен жөн болар.
Қазақ поэзиясының хас шебері Қадыр Мырза-Әлінің «жүректен шықпаса жүрекке жетпейді» деген әйгілі сөзін сенімді серік еткен Өмірзақтың көңіл сарайынан талай әуезді әндердің қанат қаққаны белгілі. Сондай алғашқы әні «Балаларым» деп аталатын. Бұл әннің сөзін мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Иран-Ғайыптың жазғаны аян. Иә, осынау әуенді, әуезді әндердің баршасын дерлік Өмірзақ кіндік қаны тамған қасиетті Аралда дүниеге әкелген еді. Ат ауыздығымен су ішкендей алма-ғайып кезеңде жауапты қызметпен бірге жүрек түкпірінде тыным таптырмаған өнерді қалай қатар алып жүргеніне осы күндері таң қаламын. Шынын айтқанда, бұған уақыт тауып, көңіл бөлу мемлекеттік қызметшінің бойынан іскерлікті, тіпті, өлермендікті талап ететін. Сол қасиетті кіршіксіз ұстанған өнер иесінің жолы дара, даңғыл болатыны бесенеден белгілі.
Жоғарыдағы «Балаларым» атты алғашқы әнінің тұсауын сонау 1978 жылы республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналы кескені жадымызда. Ал осы әнге атақты композитор Еркеғали Рахмадиев жылы пікір жазып, ақ батасын бергенін де әлі күнге ұмытқан жоқпыз. Сол жылдары Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы «Қазанғап» атындағы ұлт аспаптар оркестрінің дирижері Сайлау Тілеповтың басқаруымен Өмекеңнің «Жиырма бес» атты әні орындалғанда зал толы көрермендердің қайта-қайта қол шапалақтағаны қайтіп естен шығар. Иә, онан бері де қырық жылдан астам уақыт алты қырдан асыпты-ау.
Алматы – халқымыздың рухани орталығы. Алатау етегіндегі әсем қала мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, қаржылық қазанымыздың түп қазығы іспеттес. Осынау үлкен шаһарға үй-ішімен үдере қоныс аударған Өмірзақтың таланты одан әрі таралып өсті, мәдени ортаға мәлім болды. Республикалық сахналарда әйгілі эстрада жұлдыздары Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Ақбота Керімбекова, Сүлеймен Ибрагимов және басқаларының орындауында Өмірзақ әндерінің өрісі кеңейді, тұс-тұсқа қанат қақты. Тап осы алып шаһарда талантты талант таныды. Ақын Шөмішбай Сариевпен ағалы-інілі адамдай жақын араласты. Екеуі де аралдық. Ел жайлы емін-еркін әңгімелеседі. Көп кешікпей Өмірзақтың Шөмішбай ақынның өлеңдеріне жазылған бірнеше әндері тыңдармандарға жол тартты. Сол сияқты Өмекең Кеңес Дүйсекеев, Ринат Гайсин, В.Питерц тәрізді сазгерлермен де шығармашылық байланыста болғанын айта кеткен абзал. Тіпті, әйгілі «МузАрт» тобы да Өмірзақ әндерін әуелете шырқағанына талай мәрте куә болғанымыз бар. Марқұм талантты тұлғаның «Бақыт құсым», «Немереме», «Ініме», «Әке толғауы», «Қызыма», «Қайран Арал» және басқа әуезді әндері сол жылдары Қазақ радиосы, Қазақ телеарналары арқылы кең байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне мәлім болған еді.
Әлі есте. Осыдан он алты жыл бұрын, дәлірек айтқанда 2008 жылы Астанада республика сазгерлерінің дүбірлете өткен конкурсында Өмірзақ Айтжановтың «Таңқалдырған Астана» атты тамаша әні «Хабар» телеарнасы арқылы үш жүзге жуық әндердің арасынан жұлдызы жарқырап, бас бәйгеге ие болған. Өмірзақтың сондағы қуанышын бөліскен Аралдағы жерлестері еді. Олар сонда былай деген еді: «Астананың мерекесі күні «Хабар» телеарнасынан Өмірзақтың «Таңқалдырған Астана» әнін естігенде қатты қуандық. Ауылда жүргенде оның осындай қабілет-қарымын байқамаппыз. Шығармашылық табысы шырқар шыңға шықсын».
«Туған жер адамзат баласы үшін киелі ұғым. Болса да өнер адамы үшін туған топырақтың жөні бөлек. Кезінде «Туған жерім» деп тебіреніп, «Қайран Арал» деп ән жазған болатынмын. Арал – ата-бабаларымыздың, әкемнің, анамның, бауырларымның, балаларымның туған топырағы, қасиеттті мекені» дейтін еді ол көзі тірісінде көңілі толқып.
Өмірзақ дос ақтық демі біткенше ата қуатымен, ана сүтімен өн бойына дарыған өнерге адалдық танытты. Азаматтық тұлғасын да ешқашан аласартқан жоқ. Асыл азаматтың артында қалған ұрпақтары – Әнуар, Қарлығаш, Гауһар, Дастандары тәуелсіз еліміздің игілігі үшін әр салада тер төгуде. Бәрі де зиялы, жоғары білімді, жүректеріне ізгілік ұя салған Жаңа Қазақстанның жасампаз жастары.
Қоғам қайраткері, өрелі өнер он бойына дарыған Өмірзақ Рүстемұлы Айтжанов тірі болғанда биыл жетпіс жастың желкенін керер еді. Ендігі жерде оның есімін Арал қаласындағы бір көшеге еншілесе, нұр үстіне нұр болған болар еді.
...Алматы-Ақтөбе жүрдек пойызы Арал теміржол вокзалына ылғи да сол кездері ымырт үйіріле алқынып жететін. Көзі тірісінде ол өзі туған шағын қаласына Алатау етегінен сағынып алып-ұшып жететін еді. Ол бұл пәниден өткен он үш жылдан бері әлгі жүрдек пойыз Арал қаласының үстінен күнде зымырап өтіп жатыр. Бірақ ол көрінбей кеткелі біраз жылдардың жүзі болды. Ылғи осы Аралға келген сайын Өмірзақ жүрегін туған жері – Арал туралы жаңа бір әуендер тербететін, тебірентетін. Енді тек асыл азаматтың мұңға толы сағынышты әуені құлағымның түбінде ызыңдап тұрғандай болады.
Т.АБЫЛАЕВ
30 наурыз 2024 ж. 634 0