Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 50 жыл басылыммен бірге

50 жыл басылыммен бірге

Жақсықылыш кентінде тұратын Қойбағар ағаның аудандық газеттен қол үзген кезі болған емес. Басқа қапылса да басылымға жазылуды сонау жас күнінен әдетке айналдырған. Сондықтан болар қалам ұстаған қауымды ерекше құрметтейді. Тіпті осы Аралға келген сайын «Бұл да менің бір үйім, пірлі шаңырағым» деп, редакцияға соғып тұратыны бар.
Сол ізбен бүгін ішке келді. Мақсаты газетке жазылу екен. Ағамыздың сонау 1969 жылдардан бастап газетіміздің тұрақты оқырманы екенін сонда білдік. Өзі саналы ғұмырын тұз саласына арнап, аудандағы маңдайалды мекемелердің бірі – «Аралтұз» АҚ-да абыройлы қызмет істеген. Сол салада түрлі қызметтің тізгінін ұстаған Қ.Аяқбаев мекемеден 2012 жылы кәсіподақ төрағасы қызметінен зейнеткерлікке шыққан.
– «Толқын» менің ағам ғой. Сондықтан соғып тұрамын. Халқымызда ағаны құрметтеу, сәлем беру үрдісі бар емес пе?! Сол себепті 90 жылдан әрі тарихы бар төл басылымға соқпай кетуге болмайды. Бұл менің өмірлік ұстанымым болып қалды. Сол сыйлағандығымның белгісі ғой, газетке 50 жылдан әрі уақыттан жазылып келе жатқаным. Таңдай білгенге «Толқын» мазмұнға ие маңызды басылым. Бұрынғының көзі біздерге бұл басылым айрықша ыстық. Бір бұрышына мақаламыз шықса марқайып, көңіліміз көтеріліп қалатыны тағы бар. Сондықтан болар менің таңдауым «Толқын». Бүгінгі жас буынға да бұл газетті оқуға кеңес берер едім, - дейді ардагер тұзшы Қ.Аяқбаев.
Иә, қандай да бір тұлғаның аты мен деңгейі қай жерде қызмет істегенінде емес, кім болғанында ғой. Бүгінгі кейіпкеріміз тұзшы болса «Толқынды» таңдай білді. Әйтпесе саласы шығармашылыққа жақын болса да басылымға бас имейтін, тіпті оның бағыты мен бүгінгі бейнесі ойына кіріп-шықпайтын жандар бар. Оның қасында әңгімеге арқау еткен Қойбағар ағамыз біз үшін құрметтеуге әбден лайық жан. Сондықтан болар аға келгенде аңқылдап, есті әңгімелерін тыңдап серпіліп қаламыз. Бұл жағыннан келгенде қазына кеуде, шежіре сандық үлкендерге баймыз. Солардың ақыл-кеңесін қаперге алып, қаламгер қауым салып кеткен сүрлеулі жолмен жүріп келеміз.
А. ҚАРАСАЙ
11 маусым 2022 ж. 641 0